Талдықорған қаласындағы «Жастар» демалыс саябағының ішінде орнатылған жарықтандырылған-музыкалық субұрқақтың құрылысы аяқталып, іске қосылды, деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Ашылу салтанатына қатысқан Алматы облысының әкімі Амандық Баталов мұндай субұрқақтың елімізде санаулы ғана екенін атап өтті.
Сәнді субұрқақ қалалықтар мен қала қонақтары үшін серуендеп, тынығатын орынға айналады. Оны көруге еліміздің түкпір-түкпірінен туристер ағылып келіп жатса, таңқалмаймыз, - деді өңір басшысы А. Баталов.
Түрлі әуенге түрлі қимылдар жасап билейтін субұрқақ сан қилы бояуға боялғанда ерекше сәнді көрінеді. Сондай-ақ су бетінде лазерлік жарықтар арқылы түрлі бейнелер мен суреттердің, фигуралдар мен жазулардың айшықталып көрінуі тамашалаушыларды тіпті ерекше күйге бөледі.
Субұрқақтың құрылысын «Анор» ЖШС жүргізген, сметалық құны – 218 млн. теңге. Судың биіктігі 12 метрге дейін көтеріледі.
Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.