Бәйдібек ауданындағы Шыбық бел асуында қарлы боранда 200 метрдей жолды қар басып қалды.
Биіктігі 2 метрге жеткен қардың кесірінен жолда кетіп бара жатқан жедел жәрдем көлігіндегі жүкті әйел ауруханаға жете алмай, жолда қалады.
Ауданның төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы шұғыл шаралар қарастырып, жүкті келіншекті дер кезінде жергілікті емханаға жеткізді.
Айта кетейік, 10 желтоқсанға қараған түні оңтүстікке алғашқы қар жауып, теріскейге қатынас қиындай бастады. Төтенше жағдай қызметкерлері таңертең Созақ ауданына қарасты Одаманбұлақ асуының жабық екенін хабарлады. Онда көктайғақтың салдарынан көлік қозғалысы тоқтаған.
Сондай-ақ, Бәйдібек ауданындағы Шыбықбел асуы да жабық делінген болатын. Термез-Ташкент-Алматы тасжолында да көліктің барлық түріне қозғалуға шектеу қойылған еді. Ал түстен кейін «Қазақавтожолдың» баспасөз қызметі Жамбыл, Қарағанды және Оңтүстік Қазақстан облыстарындағы тасжолдардағы көлік қозғалысына енгізілген шектеу алынып тасталғанын мәлімдеді.
Тек Шығыс Қазақстан облысындағы «Алматы-Өскемен» тасжолының кей бөліктерінде жүк көліктеріне енгізілген шектеу сақталатыны нақтыланды.
nur.kz