Маңғыстауда керуен сарайлар болған ба?
Киелі Маңғыстау өлкесі кезінде алыс-беріс қызып тұрған керуен жолдары өтетін маңызды нүкте, ірі сауда орталығы болған. Керуен жолдары болған жерде әрине, керуен сарайлар болуға тиіс. Дегенмен, өкінішке қарай, Маңғыстау өңірінде бүгінгі күні жақсы жағдайда сақталып қалған мұндай құрылыстар, тіпті оның қалдықтарының өзі жоқ. Тек жекелеген мекендерде өте нашар жағдайдағы осындай құрылыстардың орны кездеседі. Әрине, олардың қазіргі жағдайы нақты бір мысалдар айтып, оларды үлгі ретінде көрсетуге мүмкіндік жоқ. Дегенмен қолда бар деректердің өзі Маңғыстау өлкесінің орта ғасырларда батыс пен шығыстың арасындағы аса маңызды сауда жолы болғанын, аймақта сауда керуендеріне қолайлы инфрақұрылым жасақталғанын дәлелдеп отыр.
Тарихи деректер орта ғасырларда Үстірт жазығы арқылы кемінде екі керуен жолы өткенін көрсетеді. Олардың екеуі де Орта Шығыс елдерін Еділ жағасындағы мемлекеттермен, одан әрі Шығыс Еуропа елдерімен байланыстырған. Бірінші жол торабы – Үргеніш қаласынан басталып Үстірт жазығына Қасқажол тік өрінен көтеріле отырып Барсакелмес сорының оңтүстігі арқылы Маңғыстауға жеткен, кейін бұл жол кемелер арқылы Каспий теңізімен төменгі Еділ жағаларына дейін барған. Ал екінші жол жазба деректерде «түріктер дарбазасы» деп аталады. Ол сол Үргеніштен бастау алады да Қарақұм арқылы Үстіртке көтеріледі. Бұл сауда жолы Ембіге келгенде екі тармаққа бөлінген, бірі хараздарға бағытталса, екіншісі бұлғарларға бет алған.
Бұл жолдар туралы тарихи деректер өте көп. Араб саяхатшысы Ибн Фадлан (921-922 жж) өз шығармаларында ІХ-Х ғасырларда Хорезмнен Волга жағалауларына(бұлғарларға) баратын жолдар туралы толық мәліметтермен сипаттама берген. Сондай-ақ саяхатшы Гардизидің (ХІ ғ.) Хорезмнен Үстірт арқылы печенегтерге сапарлап барғаны туралы жазған күнделіктері де осы күндерге дейін жетіп отыр. Онда саяхатшы Маңғыстау туралы көптеген қызықты мәліметтер келтіреді. Дегенмен Ибн Фадлан мен Гардизидің жазбаларында Маңғыстау өлкесіндегі керуен-сарайлар туралы айтылмаған. Демек, ІХ-ХІ ғасырлар шамасында Үстірт жазығында керуен жолдары қызу жұмыс істеп тұрғанмен, керуен сарайлар мүлде болмауы мүмкін.
Біздің өлкедегі керуен сарайлар, дәлірек айтқанда, бұл құрылыстардың қираған орындары туралы алғашқы мәліметтер тек кейін жазылған құжаттарда ғана пайда болды. Ресейдің тарихнамасында, осыдан 250 жыл бұрын П.Рычков атты саяхатшы Билюли (Белеулі) шатқалында керуеншілерге арналған мешіті мен құдығы бар алаң кездескені туралы айтады.
Ал ХІХ ғасыр басында тағы да ресейлік А.Левшин Шұрық пен Белеулі керуен-сарайлары туралы қысқаша мәліметтер келтірген. Сәл кейінірек, Үстірттің солтүстік топографиясын зерттеген Н.Алексеев Мыңсуалмас сайындағы қорғанның қираған қалдықтары туралы мынадай мәліметтер береді. «...олардың ішінде тек екеуі тамаша: біріншісі өте ежелгі кезеңмен белгіленіп, әр қыры 2 саженьге дейін созылған, биіктігі 1,5 сажень болатын тең төртбұрышты тастан көлемі 1,5 аршин мөлшеріндегі шаршы пішінді етіп қаланған. Екіншісі 20-30 жыл бұрын құрылған, төртбұрышты болып күйдірілген кірпіштен тұрғызылған, оның көлемі де біріншінікіндей дерлік...» Сонымен бірге Алексеев сол тарихи еңбектерінде біздің өлкедегі Куктем (Көптам) зираты туралы да жазған.
Тағы сол ресейлік, бірақ басқа зерттеуші В.Григорьев ХІХ ғасырдағы өз еңбегінде Үстірт үстінен Хива хандығына баратын керуен жолдарын сипаттай отырып, солтүстік-шығыс Үстірт шыңында орналасқан үш бекінісі туралы жазып, Ұшқан атада, Қосқұдықта, Көптамада, Самда ірі ғимараттардың қираған қалдықтары кездесетінін жазады. Осы еңбектердің барлығында дерлік, қираған ғимараттардың балшықтан емес, күйдірілген кірпіштен, оңделген тастардан жасалғаны келтіріледі.
Қазіргі болжамдар бойынша, бұл құрылыстар керуен жолдарында орналасқан кішкене елді мекендер немесе керуен-сарайларының қалдықтары болуы мүмкін.
Ал бертін келе осы қалдық, қирандыларды зерттеу тағы да қолға алына бастады. Мысалға, 2005 жылғы тамыз айында Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорықтың қызметкерлері Есетмола-Қырыққұдық-Онқұдық-Бесқұдық орындарында іссапарда болған. Бұл іссапардың мақсаты Үргеніш-Сарайшық керуен жолдарының Қазақстандағы бөлігін анықтау еді.
Зерттеулер Есетмола жерінде тарихшылар Қосқұдық деп атаған керуен сарайдың расында болғанын көрсетті. Ол нысан құрылысының үйіндісі әлі де сақталған.
Қосқұдық керуен сарайы және Есетмола қорымы Үстірт жазығының шетінде, Мыңсуалмас сайының солтүстік-батыс аяғында орналасқан. Құрылыс қалдықтарына қарап, алғашқыда оның қабырғалары тас топырақтан қаланғанын анық байқауға болады. Керуен-сарайдың қабырғалары қалыңдығы 15-25 см болған жақсы өңделген ірі әктастарды екі қатарға тік тұрғызып, ортадағы ішкі аралық шой тас-топырақпен толтырып тіктелген. Ескерткіштің сыртқы қабырғаларының қалыңдығы 1,5 м, ал артқы қабырғаның қалыңдығы 1,2 м.
Керуен сарайдың ішкі бөлмелерінің жоспары қазба жұмыстарын қажет етпей-ақ көрініп тұр. Кіре берістен сол және оң жақтарында көлемдері 5,7х5,7м болатын, жоспарда квадрат пішіндегі екі үлкен бөлме орналасқан. Бұл қабырғалардың биіктігі 2,5метрге дейін сақталуына байланысты төбелері жабылған күмбездердің қалдықтары жақсы байқалады. Бөлме қабырғалары 1,5х1,7 м биіктік көлемінде тік қойылған плиталардан құралған, күмбезді төбесі кірпіш тәріздес өңделген әктас плиталармен қаланған, бұл плиталардың орташа көлемдері 20х20х30х5 см. Кірер орындағы бөлмелер біріктіруші арқалармен безендіріп, терең емес куыс – текшелері болған. Текшелердің шет жақтарынан үшбұрышты шығыңқы дөңестер жасалған, бұл элементтер күмбездерді ұстап тұрған болуы мүмкін. Бұрыштағы бөлмелер төбелері басқаша болып келген. Жоғарғы құрылысы бұзылған бөлмелердің осы уақытқа дейін сақталуына қарағанда барлығы дерлік алебастрмен сыланған болуы мүмкін.
Керуен сарай кең көлемдегі төртбұрышты алаңы бар, оның көлемі 0,9 м болатын есік орындары шығады.
Ғимараттың шығыс қабырғасын бойлай, көлемде бөлме орналасқан. Бөлме шаруашылық жұмыстарына арналған болуы мүмкін. Бұл құбылыс алаңының қалыңдығы 1,6 м болған қабырғамен бөлінген, қабырғаның қақ ортасында ені 2,5 м кіру орны бар. Бөлме ішкі жағынан ені 3,6м. Бөлме кіре берістен, аралық төбені ұстап тұру үшін екі симметриялық қанатқа, жұпты төртбұрышты тромппен бөлінген. Қанаттардың әрқайсысы осы әдісте төрт секторға бөлінген. Бұндай конструкция ғимарат төбесі көп күмбезді болған деген болжам айтуға мүмкіндік береді. Екі бұрыштағы бөлмелер кішкене тарлау. Олардың өлшемі – 2,7х3,8-4 м.
Керуен-сарайдың оңтүстік-батыс мұнарасынан оңтүстікке қарай 126 метр қашықтықта, дабыл беретін мұнара ретіндегі, төртінші құрылыстың іргетасы орналасқан. Қазіргі сақталған биіктігі 0,3 м. Іргетасының өлшемі 6х6 м болып, тік тұрғызылған өңделген әктас плиталарымен қаланған. Мұнараның ішкі кеңістігі топырақпен және көлемі – 22х22х6 см күйдірілген қызыл кірпіш сынықтарымен толып қалған.
Ғимараттың солтүстік-шығыс жағынан 30 м қашықтықта кішкене арна сияқты бұлақ суын жинақтайтын тас-топырақты бөгет сақталған. Жарты дөңгелек тәріздес кескінделген бөгеттің ұзындығы 35 м, ені 2 м, ал биіктігі 1 метр. Мұның бәрі кезінде керуен сарайдың жұмысы толықтай жолға қойылғандығының дәлелі бола алады. Бұл құрылыс, елсіз шөлдегі жәй ғана оазис емес, маусымдар бойы көптеген жолаушыларға толыққанды қызмет көрсетіп келген арнайы орын болғаны анық дейді мамандар.
Сол сияқты зерттеушілер қазіргі Тұрыш елді мекенінің солтүстік-батыс бағытында 18 шақырым жерде жатқан Көптам (Белдеулі) керуен-сарайының қираған қалдықтарын да зерттеп көрген. Бұл керуен сарай үлкен табиғи шұқырда орналасқан, айналасындағы құдықтардың екеуі көміліп қалып, тек үшеуінде ғана суы сақталған. Топографиялық картада бұл орын Бесқұдық деп аталады. Бүгінгі күнде керуен сарайдың іргетасының қалдықтары, тасты-топырақты үйіндіден жақсы байқалады. Қабырғаның ішкі аралығы шой тас-топырақтармен толтырылған, арасында өлшемі 26х26х5 см қызыл кірпіштер кездеседі. Керуен-сарай қабырғаларының қираған үйіндісі қазіргі заман деңгейінен 1,4 м көтеріліп тұр. Ескерткіштің кіру орнының тастарын жергілікті тұрғындар кейіннен бұзып алғаны байқалады. Алайда топырақ астында көміліп қалған портал қуысындағы бір пилонының орнының құлаған бөлігі сақталған. Құлаған қабырға, іргетас негізінің шартты орнының 8 метр ұзындыққа созылып жатыр. Жұмыс барысында құлаған тас үйіндінің арасынан ақшыл-сары түсті пластикалық балшықтан күйдіріліп жасалған тимпанның сынығы табылды.
Шығыс мұнараның құлаған плиталары 4 м ұзындыққа созылып жатыр. Мұнаралар ішінде ешқандай бөлмелер болмаған.
Керуен сарайдың ішкі жоспары іргетастың қалдықтарынан байқалады.
Бұл дәлелдер Белдеулідегеніміз жоғарыда айтылған көптеген тарихи шығармаларда кездесетін Көптам керуен-сарайы деген тұжырымға жетелейді.
Ал жалпы, бұл керуен сарайларды кім, қашан салды дегенге келсек, бұған негіздемесі дәлелді болмаса да жорамал бар. Тарихтан белгілісі, Алтын Орда ханы Өзбек хан (1312-1340 жж.) тұсында қазіргі Еуразия даласында мемлекеттік сауда-экономикалық қатынастар қайта жанданған. Көптеген қалалар қайта жаңғырып, шапқыншылықтан алдындағы деңгейге көтеріле бастаған. Осы Өзбек ханның дәуірінде Еділдегі Сарай-Батуға сауда керуендері жолында көптеген керуен-сарайлар яғни, саудагер-көпестер тоқталатын қонақүйлері тұрғызыла бастайды. Біздің жоғарыда айтып отырған, Маңғыстау жерінде сақталған ескерткіштеріміз сол уақытта іргесі қаланған керуен-сарайлар немесе қонақүйлер болуы тиіс. Зерттелген нумизматикалық мәліметтерге сүйенсек, керуен-сарайлардың өмір сүруі XIV ғасырдың 70-жылдары, Әмір Темірдің Хорезмге қарсы жорықтарынан соң тоқтап қалады. Керуендер тоқтаған соң керуен сарайлар да ешкімге керексіз болып қаңырап, кейіннен мүлде қирап қалғанға ұқсайды. Дегенмен бұл ескерткіштер бүгінге дейін әлі ғылыми тұрғыда зертелмегенін ескерген дұрыс дейді ғалымдар.