Қазақстандағы жоғары білім беру саласы соңғы жылдары көптеген өзгерістерді бастан өткеріп, сан түрлі жолдардан өтті. Тәуелсіздік алған тұста елімізде 61 жоғары оқу орны жұмыс істеген, ал кейінгі жылдардағы дерек бойынша олардың саны 129-ға жеткен. Қазақстанның жоғары оқу орындары мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде жоғары оқу орындарының студенттер құрамын қалыптастырудың жаңа үлгісіне көшкені белгілі. Қазақстандық білім және ғылым жүйесі әрбір адамға сапалы білімнің қолжетімділігін арттырып, жоғары оқу орындарынан жаңа кәсіби дағдылар алуды, цифрлық архитектураны дамытуды, зерттеумен және шығармашылықпен айналысу мүмкіндігін жетілдіруді көздейді. Бұндай артықшылықтардың барлығы елімізде жасалып жатқан оң өзгерістердің арқасында болып жатқан үрдіс. Міне осылайша қоғам білім мен ғылымның рөлімен ерекшеленетін даму кезеңінен өтті, ол әлемдік үрдіс. Жоғары білім мазмұнына ауқымды талаптар қойып, сапалы өзгерістерге, оқу үдерісін жетілдіруге және білім беру бағдарламаларын қайта қарауға уақыттың өзі итермелеп отыр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кезекті жолдауында білім мен кәсіби дағды мамандарды оқытудың және қайта даярлаудың заманауи жүйесінің негізгі бағдары екенін атап өткен болатын. Қазіргі таңда адам ресурстарын даярлау сапасын арттыруға, тұлғаның, қоғамның және мемлекеттің қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталған білім берудің ұлттық моделі қалыптасты.
Дамыған мемлекеттің ең басты белгісі ғылымға ерекше көңіл бөлуі болып саналады. Өйткені бәсекеге қабілеттілік пен еңбек өнімділігін қалыптастыратын тек қана білім мен ғылым. Ал ғылымның дамуы – көп еңбектенуді қажет ететін ұзақ процесс. Қазіргі кезеңдегі жоғары білімнің ерекшелігі оның бәсекеге қабілеттілік стандартын, өмірдің әртүрлі салаларында инновацияларды генерациялауға және енгізуге дайындығына байланысты.
Сапалы жаңа білім беру парадигмалары жекелеген елдердің, аймақтардың және тұтастай алғанда әлемнің экономикасын қамтитын жаһандық өзгерістердің кеңірек процестері фонында қолданылуда. Әрбір елдің жоғары білім беру жүйесі, жеке мәселелері және оларды шешу жолдары мен өзіндік ұлттық ерекшелігі болады.
Жоғары білім берудегі жаңа тенденцияларды халықаралық тұрғыда қарастырған жөн. Қазір ғалымдарымыздың шетелге іс-сапарлары, шетел ғалымдарын дәріс оқуға шақыру қалыпты жағдайға айналды. Қазақстанға АҚШ, Франция, Ресей, Италия, Жапония сияқты көптеген елдерден жоғары білікті мамандар тартылды. Ғылыми негізсіз ешқандай университет сапалы білім бере алмайтыны дәлелдеуді қажет етпейтін шындық. Сапа теориялық білімнің іргелі негіздері ғана емес, сонымен қатар заманауи технологияны дамыту үшін перспективалық және өзекті білімге ие болуды білдіреді. Қазақстанда бүгінде инновацияны дамыту және инновациялық экожүйені құру, ғылымды қажет ететін экономиканы жасақтау бағытында елеулі жұмыстар атқарылуда. «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы арқылы еліміздің индустриялық-инновациялық дамуының Ұлттық жоспары жүзеге асырылуда. Бүгінгі цифрландыру дәуірінде тұлғалардың өзін-өзі дамытуы, жетілдіруі белсенді түрде жүріп жатқанын байқаймыз.
Инновация – прогрестің драйвері, ол идеядан басталып, елдің экономикалық дамуын ынталандыратын әлемдік өзгермелі үрдістерге әкелетін процесс. Бүгінгі таңда еліміздегі беделді ЖОО-лар әлемдегі технологиялық алпауыттармен серіктесе отырып мамандарды даярлау және инновациялық зерттеулер жүргізу саласында тығыз ынтымақтастық орнатқан. Ынтымақтастық аясындағы барлық бағдарламалар соңғы үлгілерімен қамтамасыз етілген. Ғылым және жоғары білім министрлігі әлемнің жетекші университеттерімен серіктестік орнатуға ден қойып отыр. Сол арқылы қазақстандық студенттердің академиялық ұтқырлығын дамытуды және ғылыми қоғамдастықты нығайтуды көздейді. Осы тұрғыда «Болашақ» бағдарламасының ауқымы кең. Бағдарлама аясында төрт жүзден астам ғалымымыз шетелдің айтулы жоғары оқу орындары мен үздік зерттеу орталықтарында тағылымдамадан өтуде. Ізденімпаз ғалымдарға халықаралық зерттеу орталықтарына барып білімін жетілдіру үшін жылына 500 мемлекеттік грант беріледі екен. «Болашақ» бағдарламасы арқылы тағылымдамадан өтуге жүз елуден астам мамандық түрі іріктеліп алынған. Осы уақытқа дейін бағдарлама бойынша он екі мыңнан астам маман әлемнің озық оқу орындарында білім алып келіпті. Осындай білікті мамандар еліміздің дамуына зор үлес қосатыны анық. Оларға арнап әруақытта бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі ұйымдастырылып тұрады. Білікті мамандарды өздеріне тарту үшін еліміздегі айтулы компаниялар өздеріндегі бос жұмыс орындарын жәрмеңке арқылы насихаттайды.
Ғылым және жоғары білім министрлігі ғылым мен жоғары білімді дамыту жолында түрлі жобалар дайындап, талқылау, сараптау жүргізу үстінде. Ауқымды жобалардың бірі ретінде ғылым мен жоғары білімді дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын айтуға болады. Бұл құжаттың басты мақсаты ел Президентінің жолдаулары мен бағдарламаларын іске асыру. Осы бағыттағы жұмыстар қарқынды жүріп жатыр.
Нұрлы Еділов