«АБҚО» коммерциялық емес акционерлік қоғамы мемлекет пен мемлекеттік емес ұйымдар арасындағы өзара әрекеттесу механизмдерін жетілдіру және грант бөлуші ұйым жұмысының ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында құрылған. Ұйымның негізгі қызметі мемлекеттік және мемлекеттік емес гранттарды МЕҰ-ға бөлу және олардың іске асуын қадағалау. Сонымен қатар әлеуметті мәселелерді шешу үшін инновациялық тәсілдерді енгізе отырып, мемлекет, бизнес, мемлекеттік емес ұйымдар мен халықаралық ұйымдардың күштері мен ресурстарын біріктіретін, тұрақты даму үстіндегі ұйым.
Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының грант иегерлері бенефициарлар алдында есеп беремек. Ағымдағы жылдың басында Қазақстанның азаматтық секторында үкіметтік емес ұйымдарға грант ұсыну мәселесі бойынша біраз сын айтылған болатын.
Осыған орай, «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы грант алушылардың бенефициарлар алдындағы ашықтығын қамтамасыз ету үшін тұрақты түрде жаңа механизмдер енгізіп келеді. «Үкіметтік емес ұйымдарға грант беру және жүзеге асырылуының мониторингін жасау Ережесіне» өзгертулер енгізілді. Байқау комиссиясының тізімі жасалуда, сондай-ақ, грант алушылардың онлайн-есебі орталықтың сайтында жарияланды.
2017 жылдың 9-10 қарашасы күні сағат 10-00-де «Нұр Отан» Орталық аппаратының конференц-залында грант алушылар жобаның жүзеге асуы мен нәтижесі туралы есеп береді.
Жиынға ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі, ҚР Білім және ғылым министрлігі, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі, ҚР Энергетика министрлігі мен ҚР Мәдениет және спорт министрлігі өкілдерімен қатар, азаматтық сектор, қоғамдық кеңес, үкіметтік емес ұйымдар мен халықаралық ұйымдар өкілдері, 3 байқаудың сараптамалық комиссиясының мүшелері, грант иегерлері мен басқа да мүдделі ұйымдар қатысады.
Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі жанынан құрылған «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы 2017 жылы гранттық қаржыландыру саласында 12 бағыт бойынша 618,5 млн. теңгеге 57 жобаны жүзеге асырып жатыр.
Алаш айнасы