Әлібек ЖАҚАМБАЕВ, Алматы облысы Алакөл ауданының әкімі:
– «Ауылына қарап, азаматын таны» деген аталы сөзді алакөлдік азаматтарға қаратып айтуға болады. Оған нақты мысал, ауданнан шыққан ірі кәсіпкерлердің өңірді жаңғыртуға тартып жатқан инвестицияларынан көріп, көзайым болдық. Жалпы, аудан экономикасына қанша миллионның инвестициясы тартылды?
– «Мың рет естігеннен бір рет көрген артық» деген аталы сөз бар, ауызша айтсам мақтанғандай болармыз деп, журналистер аралап көрсін, барды бар, жоқты жоқтай жазсын деп мүмкіндік бердік. Көзбен көріп, көңіліңіз толған болса, сауалыңызға жауап берейік.
Жалпы, аудан экономикасына 8753,5 миллион теңгенің инвестициясы тартылды. Бұл 2015 жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 4230,3 миллион теңгеге, яғни, 193,5 пайызға артты. Мәселен, өткен жылы бұл көрсеткіш 133,3 пайыз болатын. Осы тартылған инвестициялардың 6511,2 миллион теңгесі бюджеттен тыс көздерге тиесілі. Жарты жылдың қорытындысы бойынша барлық салада тұрақты экономикалық өсім бар. Алматы облысының Жетісу өңірі аграрлық сала болғандықтан, оның бір үлесі бізге тиесілі. Сондықтан, аграрлық секторда 5618,7 миллионның өнімі өндірілді.
– Дағдарыстың дауылы тұрғалы әркім де тиын санауға көшті. Өндірген өнімді өткізу де оңай болып тұрған жоқ. Даладағы елдің күнкөрісі – ауыл шаруашылығы. Жер игеріп, мал өсірумен шұғылданатын шаруалардың жайы қалай, егістік көлемі қысқарып жатыр ма, керісінше, ұлғайды ма?
– Қазақ бұдан жаман күнде де тойға барған. Сенсеңіз, ауданда қазір жер игеремін, мал өсіремін деген халықтың қарасы көп. Бұқара жұрт қазір ұлтарақтай жер берсең, шаруа жасасам деп құлшынып тұр. Біз оларды екі қолды көтеріп қолдаймыз. Бұл дегенің – өзіңе де, өзгеге де жұмыс көзі. Ауданда жер игерудің көлемі жылдан-жылға өсіп келеді. Биыл 81 495 гектар жер игерілді, ел тізгінін ұстап отырғаннан кейін біз есепке жүгінеміз. Бұл 2015 жылмен салыстырғанда 2770 гектарға артық. «Қолы қимылдағанның аузы қимылдайды» демекші, 32831 га дәнді дақылдар, 35 653 га майлы, 10 242 га азықтық дақылдар, тәтті түбір 70 га картоп, көкөніс бақшасы 2699 гектарға себіліп, 3090 гектар пар көтерілді. Қазір дәнді-масақты дақылдар жиналып, гектарына 18 центнерден өнім алынуда. Таулы аймақтағы егін орағы әлі басталған жоқ. Биыл жауын-шашын мол, Алла бұйыртса, бұл көрсеткіш бұдан да жоғары болады деп болжап отырмыз.
Егістік көлемі ұлғайып, егін бітік шықты. «Малым – жанымның, жаным – арымның садағасы» дейтін халықпыз. Төрт түліктен өндіріліп жатқан өнімде өсім бар. Осы жартыжылдықта 5552 тонна ет, 17 046 тонна сүт өндірілді. «Сыбаға» бағдарламасы 91,4 пайызға орындалса, «Алтын асық» бойынша 800 бас мүйізді ұсақ мал сатып алуға жұмыстар жасалса, «Құлан» бағдарламасы 85 пайызға орындалып, 550 басты құрады. «Ырыс» бағдарламасы аясында 100 басқа арналған сүт фермасын құру жоспары жыл аяғына дейін толық іске асады. 400 бас ірі қараға және бір шаруа қожалығына 1000 бас ұсақ малға арналған мал бордақылау алаңдары пайдалануға берілді.
– Бұл жердің құлпыратын да жөні бар. Туризм бағытына келіп-кетуші көп, іргеңізде Қытаймен қарым-қатынас күнде жүзеге асып жатыр. Төріңізде күнде қонақ, Панфилов ауданы мен Алакөлдің бел ағашынан ат босаған емес. Үшарал қаласы да көркейіпті. Облыс әкімі жиналыстарда инвестиция тарту жағынан аудан әкімдерінің көбі таяқ жеп жатады. Бұл мәселе жағынан сіздерде проблема жоқ сияқты. Біз болған жерлердегі қай кәсіпкермен сөйлессек те, осы халық үшін, халықта болса, бізде болады дейді. Кәсіпкерлермен тіл табысу қиын емес пе?
– «Жылқы малы кісінескенше, адам баласы сөйлескенше» деген ғой. Ауданда кәсіпкерлік жақсы жолға қойылған. Біз мемлекет тарапынан осы кәсіпкерлерге қандай қолдау көрсету керек, бәрін көрсетіп отырмыз. Оларға жағдай жасаған соң, әрине, халыққа мойын бұрады. Олар өздерінің бизнес жоспарларымен келеді, жолы болса, суы болса, біз ыңғайына қарап резервке қойған жерлерімізден осыларға береміз. Себебі, кәсіпорын ашылса, ауданда бос жүрген азаматтар жұмыспен қамтылады және бюджетке салық түседі. Сол салық түскеннің арқасында жағдайымыз жақсарып тұр. Бүгінгі таңда ауданның кәсіпкерлерімен қоян-қолтық жұмыс жасаудамыз. Ауданның төңірегінде жүрген кәсіпкерлер емес, республикалық деңгейдегі кәсіпкерлермен де қарым-қатынасымыз өте жоғары. Себебі, біздің ауданнан шыққан кәсіпкерлерді айтып өтетін болсам, осы ауылдың азаматтары еліне, жеріне деген көңілі ерекше. Мысалы, Бауыржан Оспанов қазақтың маңдайына біткен мықты азаматтың бірі. Ол азаматтың ұйымдастыру қабілетті өте жоғары жаңа жылдың алдында ауданға келеді, бас қосып, өткен жылды қорытындылап, келер жылға не істейміз деп жаңа жоспарлар құрамыз. Ауданнан шыққан кәсіпкерлердің басын қосамыз, үлкен-үлкен жобаларды талқылаймыз. Ауыл шаруашылығындағы өндіріс, өңдеу саласындағы жобалар бар. Сол сияқты Сауат Мыңбаев та осы ауылдан шыққан. Ол кісі де еліне, жеріне көңіл бөліп тұрады. Сержан Жұмашев, бұлардың барлығы республикалық, мемлекетаралық деңгейдегі азаматтар. Мұрат Әділхан, Абылай Қалиасқаров деген азаматтар да қолдарынан келгенше жәрдемдерін аяған емес. Ал, енді жергілікті жұмыс жасап жүрген кәсіпкерлердің орны ерекше. Олар да өздерінің шама-шарқына қарай ауданға не қажет, бәріне қол ұштарын созады. Ертеңгі болатын дүниені алдын ала болжай біледі. Мысалы, Достық пен Үшаралдың, Талдықорған мен Өскеменге қатынайтын республикалық маңызы бар жолдар түбі бір жасалады. Оған не керек, асфальт керек, қиыршық тастар керек деп зауыт салып қойды. Біз оларға керекті нәрсесін шешіп беріп отырмыз. Олар өндіріс орнын ашты, халыққа жұмыс берді. Ертең жол салынса, соған керекті зат біздің ауданда бар. Ешқандай мәселе болмайды. Ауыл шаруашылығы сояның дақылдарын біз 25 000 гектар жерге ектік. Кем дегенде 20 центнерден алғанда 50 мың тонна соя бұршағының өнімін аламыз. Осы күнге дейін азаматтар оны тек қана сатып алып, басқа жақта өңдеуге алып кететін. Осы мәселені көтердік, ауданымызда май өңдейтін зауытты қойдық. Кем дегенде 3 мың адам аудандағы осы бір зауыттың төңірегінде жұмыс жасайды да, өнімді қайда өткіземін деген мәселе енді шаруаларда болмайды. Мал бордақылау алаңдарына да азаматтар малын өткізеді, сатып алады. Кәсіпкерлер ашқан ауданда 4 кірпіш зауыты бар, әрі арзан, әрі ақша өзіміздің қалтамызда қалып отырады.
Бір ғана Бауыржан Оспановтың өнегелі ісін айтуға да, кітап жазуға да болады. Бұл азамат тек өзімде ғана болса дейтін ішінен ішек айналмайтын жандардың қатарынан емес. Соның бір дәлелі, Лепсі ауылынан ара балын өңдейтін зауыт, Жыланды мен Лепсіге салған спорт комплексі, мұғалімдерге арнап салған баспаналары, олардың мемлекеттен алатын жалақысының үстіне әр мұғалім мен тренерлерге қосымша 150 мыңнан жалақы төлеп тұру, ауылдағы білімді жастарды өсіруі, сырттан мамандарды алып келіп, баспана салып беруі бұл енді жүздің біріне ғана бұйыратын бақ шығар. «Жұмыспен қамту – 2020» екінші бағыты осындай шағын кәсіпкерлерді дамытуға, микрокредиттер беріліп жатыр. Былтырғы жылы 97 миллион қаражат алып, 70 адамға бердік. Биыл 297 миллионға тапсырыс бердік. Себебі, 150 адам бізден сұраныс жасап отыр.
– Былтырғы жылмен салыстырғанда биыл аудан бюджеті қанша болмақ, салықтар мен бюджетке міндетті төлемдерді жинау қай деңгейде?
– Аудан бюджеті жайлы біз былтыр облыс әкімі алдында қорғағанбыз. Мәселен, былтырғы жылы 5 млрд 200 миллион болса, биыл 6 миллиардқа жеткізсек деген жоспарымыз бар. Облыс әкімі біздің алдымызға қойып отырған талабы – кем дегенде 15 пайыз өсім болуы керек. Себебі, мемлекеттен қаражат бөліп жатырмыз, жылдан-жылға соны жабу мәселесі туындайды, ертең өзіміз демеу қаржысыз (бездотационно) ауданға шығып кетсек деген мақсат қой. Алдағыны Алла біледі, осы қарқынды бәсеңдетпей ұлғайта берсек өзімізді-өзіміз толық қамтуға, еркін экономикалық аймақ болуға мүмкіндігіміз жетеді. «Генерал болсам» дейтін солдаттың арманы бізде де бар. Облыстағы үлкен ауданбыз, салықтар мен басқа да бюджетке міндетті төлемдерді жинау жоспары 97 пайызға орындалып, 2146 миллион теңгені құрады. Соның ішінде республикалық бюджет көлемі 452,3 миллион, жергілікті бюджет көлемі 1694 миллион, яғни, 105 пайызға орындалды. Меншікті салығымыз өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 802,2 миллион 102,3 салықтың берісі 2015 жылдың 1 шілдесімен салыстырғанда 15,6 млн теңгеге 181,3 пайызды құрады.
– Облыста Қытай мемлекетімен шектесіп жатқан Ұйғыр, Райымбек, Панфилов, Алакөл аудандары бар. Үш ауданда шекаралық бекет жұмыс істейді. Соның бірі – «Достық» бекеті. Мұндағы қарым-қатынас қай деңгейде?
– Панфилов ауданы, «Қорғас» шекара аймағын өзіңіз білесіз. Біз де Қытаймен көршіміз. Тура шекарада «Достық» бекеті тұр. Онда бүгінгі таңда 10 мыңға жуық жергілікті халық тұрады. Негізінен теміржолшылар, содан кейін кеденшілер мен шекарашылар. Күннен-күнге дамып келе жатыр. Жақында ғана Үкіметтің басшысы болып, өзі көріп кетті. Ол жақтағы жұмыстар тап-тұйнақтай десем өтірік болар, кемшіліктер де бар. Инфраструктураны дамыту мәселесі кенжелеп қалды. Ол мәселенің барлығын біз көтердік. Бүгінгі таңда ірі-ірі кәсіпорындар істеп тұр. «Достық Газ терминал» деген Қытайға газды көлікпен тасып газ беріп жатыр, одан кейін тағы бір үлкен мекеме – бетон зауыты 2017 жылы іске қосылмақшы. 100 гектар аймақ жерге астықты қабылдап, ары қарай шығару мәселесі де қолға алынған. Онда үш логистикалық орталық бар. Біреуі жұмысын бастап кетті, екеуі биыл жұмысын бастайды. Үкімет басшысының іссапарынан кейін облыстың басшысы қолға алып, Достықтың жолдарын жөндетіп, көшесін жарықтандыру, жаяу адам жүретін тротуарларды жөндеу барысында жобалық-сметалық құжаттарын беріп, қаражат бөліп, келер жылы инфраструктурасын жасағанға толық жағдайымыз бар. Кеденнің қаражаттарының барлығы, салықтың 33 түрі болатын болса, соның барлығы республикалық бюджетке түседі. Біз заңды бұза алмаймыз. Ал, жергілікті бюджетке түсетін төлемдердің, теміржолдың мүліктік салығын, транспорт салығын, отбасылық салымдары – бәрі өзімізге түседі.
– Елді мекендер төңірегінде кенжелеп қалған ауылдар бар ма? Болашақта осы ауылдарды реттеп алсақ дегендей...
– Бүгінгі таңда ауданда 24 ауылдық округ, 56 елді мекен бар. Біз бір ауылды артқа қалдырып, екінші ауылды дамытып отырған жоқпыз. Мысалы, бір ауылға суын жоспарласақ, екінші ауылға жолын, үшіншісіне мектебін, төртінші ауылға мәдениет үйін мемлекеттен бөлінген қаражатты рет-ретімен жұмсап отырмыз. 24 округтің алдында есеп беремін, халықтың арасында ұсақ-түйек мәселелер болады. Үлкен мәселені түсіндіріп айтамыз. Ауданның 2020 жылға дейін жоспарын жасағанбыз. Биылғы жылы екі округтің ғимаратын күрделі жөндеуден өткіздік. Бір ауылдық округке ғимарат салуды жоспарлап, қаражат бөлдік. Бүгінгі таңда халыққа не керек: бірінші – ауызсу, екінші – жол, үшінші – жарық. Басқа дүниені халық өздері еңбек етіп жасап алады. Бұрынғыдай зейнетақы жоқ, жалақы жоқ, анау жоқ, мынау жоқ деген мәселені халық қазір айтпайды. Еңбек етсе қарны тоятынын білді. Қазіргі заман талабына сай сұрайтындары, мысалы, қысты күні қар күреп беру, біздің ауа райы өте қолайсыз. Оны да жолға қойдық. Қар жауады, жауғаннан бастап көшені тазалаймыз. Жеке басының өздерінің өтініштері, реніштері барлар кездеседі. Ел, жер болғасын онсыз да болмайды.
– Ауданда балық шаруашылығы қалай дамуда? Балықты экспортқа қайда шығарып жатыр? Бұрынғыдай балық көп пе, азайды ма?
– Балықтың төңірегінде көптеген шешілмей жатқан мәселелер бар. Себебі, кезінде балық бақылаусыз ауланды ғой. Ресейден келіп, көлдің түбіндегі балықтың барлығын сүзіп әкетті. Табиғат қой, бір-ақ күнде қалпына келе алмайды. Ғылыми институттармен жұмыс жасап жатырмыз. Ауданда қазір 3 балық зауыты жұмыс жасап тұр. Мемлекеттен бөлінген лимит бар, соның төңірегінде балық аулайды. Шикізат керек қой, Аралдан, Каспийден, Зайсаннан да балық әкеліп, осы жерге өңдеу мәселесін қолға алдық. Бүгінгі таңда екі питомник жұмыс жасап тұр. Жылына 1-2 миллионға дейін малек жіберіледі. Оның да табиғи өсуі өте қиын. Сазан, судакты көбейсін деген ниетпен аулауға тыйым салдық. Қамысқала деген ауыл бар, түгел балықшылар тұрады. Оларға да түсіндіріп айттық. Қазір олар ауыл шаруашылығына қарай көшті. Себебі, балық көбейгенше олар қол қусырып отыра алмайды. Мемлекеттік бағдарламалар арқылы мал алып жатыр. Балық шаруашылығы жайлы министрдің алдына да, облыс басшылығының алдына да өзіміздің ойымызды, ұсынысымызды айтып келеміз. Шешілмей жатқан мәселе бар. Балық саласын дамытуға үлкен бағдарлама қажет. Себебі, бұрынғы кезде көл жағасында үлкен балық зауыттары болған, оларда балықты өсіру мәселесі, ғылыммен жұмыс жасады. Жылына қанша балық ұстау керек, қанша өсіру керек – осының барлығы бір-бірімен сәйкес келетін. Ол кездегі балықты екінің бірі ұстаған жоқ. Қазір екінің бірі балықшы, лицензия мен лимитті алады, содан кейін бригада болып Қытайдың ауын қойып алса алды, алмаса тіпті көлде ауларын тастап та кете береді.
– Қыр астында қылышын сүйретіп қыс келеді, бұл маусымға дайындықтарыңыз қалай?
– Сауалыңыз орынды, «қыс шанаңды жаз сайла» деген аталы сөз жадымыздан бір шыққан емес. Оның үстіне біздің өңірде Ебінің желі ұйытқыса, арқардың мүйізі сырқырайды. Жылыту маусымына 136 нысанға дайындық шаралары жүргізілуде. Оның 43 сұйық, 74 қатты, 19 нысаны орталықтандырылған жылыту желісіне қосылған. Бүгінгі таңда аталған нысандарға 17 56 976 литр сұйық отын және 10 798 тонна қатты отын, 3700 тонна мазут қорын әзірлеу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бір сөзбен айтқанда, қысқа сақадай саймыз.
– Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге көп-көп рахмет, еңбектеріңіз жемісті болсын!
Айтақын БҰЛҒАҚОВ,