«Инновациялық технологиялар паркі» автономды кластерлік қоры «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін ұйымдастырушылардың қарауына 5 жоба дайындады. Бұл туралы аталған қордың бас директоры Санжар Кеттебаев мәлім етті.
«Қазірдің өзінде шамамен 5 жоба ұсындық. Дегенмен, олармен әлі жұмыстар жүргізілуде, әлі де шикілеу. Біз жұмыс істеп жатырмыз. Олар қазіргі уақытта ұсынылып, ЭКСПО іріктеу жүргізіп жатыр. Бірақ, олардың көрмеге ілігу, ілікпеуін біз әлі білмейміз», - деді ол Назарбаев Университеті аумағында өтіп жатқан Tech Garden Summer FEST технологиялық фестивалі аясында БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.
Оның атап өтуінше, аталған әзірлемелер энергияны сақтау, энергия үнемдеу, бірқатар процестерді автоматтандырумен байланысты жасалуда.
Мұнан бөлек, «Инновациялық технологиялар паркі» автономды кластерлік қоры Назарбаев университетімен бірлесе отырып тағы да бірқатар әзірлеме ұсынуды жоспарлауда. Сол үшін бүгінгі шара аясында «Инновациялық технологиялар паркі» автономды кластерлік қоры мен NURIS (Nazarbayev University Research and Innovation System) арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
«Біз ЭКСПО-да Қазақстанды лайықты түрде көрсету үшін Назарбаев университетімен энергетиканың жаңа материалдары бойынша күш-жігерімізді біріктіреміз», - деді С.Кеттебаев.