Алматы облысында әлеуметтік сала нысандары құрылысына зор көңіл бөлінуде. «Балапан» бағдарламасы және 2016-2019 жылдарға арналған ҚР-да білім және ғылымды дамыту мемлекеттік бағдарламасы ойдағыдай жүзеге асырылуда, олардың ауқымында жаңа, заманауи стандарттармен жарақтанған мектептер мен балабақшалар салынды. Облыста жыл соңына дейін тоғыз мектеп және жеті балабақша салынбақ.
Облыс әкімдігінде облыс әкімінің орынбасары Ғ.Әбдірайымовтың төрағалығымен құрылысшылар күніне орай салтанатты жиын өтіп, құрылыс саласында еңбек етіп жүрген бірқатар азаматтар Құрметті құрылысшы, Құрметті сәулетші төсбелгілерімен марапатталды.
Жиналғандарды кәсіби мерекелерімен құттықтаған облыс әкімінің орынбасары Ғ. Әбдірайымов өңірде құрылыс қарқынды жүріп жатқанын, бұл істерде қарапайым еңбек адамдарының еңбегі де зор екенін атап өтіп:
- Облыстың әр аймағында, орталық қаласында бой көтеріп жатқан тұрғын үйлерді, әлеуметтік нысандарды, сәулетті ғимараттарды көргенде өңіріміздің өркендеп келе жатқанына куә боламыз. Құрыш қолды құрылысшыларды, сәулетшілерді, осы салада тер төгіп жүрген барша азаматтарды кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтап, еңбекте табыс, жаңа жетістіктер тілеймін, - деді.
Сонымен қатар облыс әкімінің орынбасары Б. Өнербаев, облыстық құрылыс басқармасының басшысы Т.Бектасов, Қазақстанның және Орталық Азияның Құрылысшылар одағының Вице-президенті А. Шормақов, Көксу аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Қ. Әдетбеков әріптестеріне ізгі тілектерін жеткізді.
Салтанатты басқосуда құрылыс саласындағы жемісті еңбегі, жоғары кәсіби біліктілігі үшін бірқатар азаматтар Алматы облысы әкімінің Құрмет грамотасымен және Алғыс хатымен, ҚР Ұлттық Экономика министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің Алғыс хатымен, Құрметті сәулетші, Құрметті құрылысшы төсбелгілерімен, Қазақстан және Орталық Азияның Құрылысшылар одағы Вице-президентінің, Қазақстанның құрылысшылар қауымдастығының Құрмет грамоталарымен марапатталды.
Жалпы, 2016 жылы облыстық құрылыс басқармасының бюджеті 52,5 млрд. теңгені құрады. Биылғы жылы 155 нысанның құрылысы жүргізілуде, оның 79-ы осы жылы пайдалануға берілсе, 76-сы 2017 жылы да жалғастырылады.
«2020 жылға дейін Өңірлерді дамыту» бағдарламасы және инфрақұрылымды дамыту жөніндегі «2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» бағдарламасы шеңберінде облыста 3 млн. 414 мыңнан астам шаршы метр, оның ішінде бюджет қаржысы есебінен 249,1 мың шаршы м. тұрғын үй пайдалануға беру көзделген. Соның негізінде 2020 жылға дейін 15 мыңға жуық отбасын баспанамен қамтуға мүмкіндік тумақ.