Алматы облысында аймақ басшысының орынбасары Ғалымжан Әбдірайымовтың төрағалығымен құрылысшылар күніне орай салтанатты жиын өтті. Жиын барысында құрылыс саласында ерен еңбегімен көзге түскен бірқатар азамат Құрметті құрылысшы, Құрметті сәулетші төсбелгілерімен марапатталды, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Құрылысшыларды кәсіби мерекелерімен құттықтаған әкім орынбасары өңірде құрылыс қарқынды жүріп жатқанын, бұл істерде қарапайым еңбек адамдарының еңбегі де зор екенін атап өтті.
«Облыстың әр аймағында, орталық қаласында бой көтеріп жатқан тұрғын үйлерді, әлеуметтік нысандарды, сәулетті ғимараттарды көргенде өңіріміздің өркендеп келе жатқанына куә боламыз. Құрыш қолды құрылысшыларды, сәулетшілерді, осы салада тер төгіп жүрген барша азаматтарды кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтап, еңбекте табыс, жаңа жетістіктер тілеймін», - облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Әбдірайымов.
Сонымен қатар, облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Өнербаев, облыстық құрылыс басқармасының басшысы Т.Бектасов, Қазақстанның және Орталық Азия Құрылысшылар одағының Вице-президенті А.Шормақов, Көксу аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Қ.Әдетбеков құрылысшыларды кәсіби мерекесімен құттықтап, әріптестеріне ізгі тілектерін жеткізді.
Салтанатты басқосуда құрылыс саласындағы жемісті еңбегі, жоғары кәсіби біліктілігі үшін бірқатар азамат Алматы облысы әкімінің Құрмет грамотасымен және Алғыс хатымен, ҚР Ұлттық Экономика министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің Алғыс хатымен, Құрметті сәулетші, Құрметті құрылысшы төсбелгілерімен, Қазақстан және Орталық Азияның Құрылысшылар одағы Вице-президентінің, Қазақстанның құрылысшылар қауымдастығының Құрмет грамоталарымен марапатталды.
Жалпы, 2016 жылы облыстық құрылыс басқармасының бюджеті 52,5 млрд. теңгеге жетті. Биылғы жылы 155 нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр, оның 79-ы осы жылы пайдалануға берілсе, 76-сы 2017 жылы да жалғасады.
«2020 жылға дейін Өңірлерді дамыту» бағдарламасы және инфрақұрылымды дамыту жөніндегі «2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында облыста 3 млн. 414 мыңнан астам шаршы метр, оның ішінде бюджет қаржысы есебінен 249,1 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беру көзделген. Соның негізінде 2020 жылға дейін 15 мыңға жуық отбасын баспанамен қамтуға мүмкіндік тумақ.