Әлеуметтік желілерде сібір жарасы ауруы жұққан еттердің Алматы базарларында сатылымға шығарылып жатқандығы туралы ақпараттар шындыққа жанаспайды. Бұл туралы бүгін Алматы қаласы Ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы басшысының міндетін атқарушы, Алматы қаласының бас мал дәрігері Бауыржан Абызбаев мәлім етті.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта Алматы қаласының аумағында мал дәрігерлік-санитарлық сараптамасы бар 24 азық-түлік базары шоғырланған.
«Барлық әкелінетін жануартекті өнімдер, олардың ішіндегі ет және ет өнімдері қатаң түрде мал дәрігерлік-санитарлық сараптамадан өткізіледі. Сонымен қатар, Басқарманың мемлекеттік мал дәрігерлері қаладағы барлық ет өңдеуші кәсіпорындар мен сауда желілерінде күн сайын тексеру жүргізіп тұрады. Қаланың мал дәрігерлік-санитарлық қауіпсіздігін барлығы 35 мемлекеттік мал дәрігері қамтамасыз етеді. Олар қалаға жеткізілетін өнімдерге күнделікті бақылау жүргізеді. Бақылауды күшейту мақсатында басқарманың мал дәрігерлік-санитарлық сараптама зертханалары мен мемлекеттік мал дәрігерлері таңғы сағат 4.00-ден басталатын күшейтілген жұмыс тәртібіне көшірілді.
Алматы базарларына аптасына орта есеппен 240 тоннадан асатын мал шаруашылығы өнімдері жеткізіледі. Олардың басым бөлігі Алматы, Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарынан әкелінеді. Барлығында қауіпсіздігін растайтын ветеринариялық құжаттары бар.
Алматы қаласының аумағында бүгінгі таңда барлығы 2944 бас - ірі қара мал, 1759 бас - ұсақ қара мал, 569 бас - жылқы, 22 бас - түйе және 177 бас - шошқа тіркелген. Олардың барлығына биыл мамыр айында, жоспарға сәйкес, сібір жарасы ауруына қарсы егу жүргізілді. Бүгінгі таңда сібір жарасы ауруы тіркелген аймақтардан ет өнімдерін алып келу фактілері, сондай-ақ Алматы қаласы Денсаулық сақтау басқармасының ақпаратына сәйкес, тұрғындар арасында түйнеме ауруының белгілерімен ауруханаға жатқызылғандар тіркелген жоқ.
Алматы қаласы Ауыл шаруашылығы және ветеринария Басқармасы мен Алматы қаласы тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті қала тұрғындарына мал шаруашылығы өнімдерін базарларда және арнайы сауда орталықтарында сатып алу қажеттігін мәлімдейді. Сәйкесінше, ет өнімдерін жабайы сауда орындарынан сатып алмау қажет», - деді өз мәлімдемесінде Б. Абызбаев.
Айта кетелік, сібір жарасы жануарлардың аса қауіпті жұқпалы ауруы. Оның койға жұғатын түрін - топалаң, жылқыда - жамандат, ірі карада - караталак, түйеде - ақшелек, карабез деп атайды. Онымен адам да (түйнеме, күйдіргі) ауырады. Сібір жарасы кең тараған індет.