"Абай жолының" қысқаша мазмұны. II том, "Тарауда"
Massaget.kz порталы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай Мұхтар Әуезовтің "Абай жолы" роман-эпопеясының қысқаша мазмұнына doodle анимациялы видеосаммари дайындады. Видеожоба ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен жарық көріп отыр.
Назарыңызға IІ томдағы "Тарауда" тарауын ұсынамыз.
"Абай жолының" қысқаша мазмұны. I том, "Қайтқанда"
"Абай жолының" қысқаша мазмұны. І том, "Қат-қабатта"
"Абай жолының" қысқаша мазмұны. І том, "Жолда"
"Абай жолының" қысқаша мазмұны. І том, "Шытырманда"
"Абай жолының" қысқаша мазмұны. І том, "Бел-белесте"
"Абай жолының" қысқаша мазмұны. I том, "Өрде"
"Абай жолының" қысқаша мазмұны. I том, "Қияда"
"Абай жолының" қысқаша мазмұны. ІI том, Тайғақта
"Абай жолының" қысқаша мазмұны. ІI том,  "Жайлауда"
"Абай жолының" қысқаша мазмұны. ІI том, "Еңісте"
"Абай жолының" қысқаша мазмұны. II том, "Оқапта"
"Абай жолының" қысқаша мазмұны. II том, "Асуда"
"Абай жолының" қысқаша мазмұны. II том, "Тарауда"
"Абай жолының" қысқаша мазмұны. II том, "Биікте"
"Абай жолының" қысқаша мазмұны. II том, "Эпилог"
Тарауда
Бұл тарау Абайдың бірнеше жолдасын ертіп, тоғыз болыстың сиязы өтетін Балқыбекке сапарынан басталады. Оның үлкен ұлы, іні құралпы Ақылбай да Мамырқаз атты досымен осы топта еді. Жастардың әзілдесіп, жарысып, ойнап жүргенін көріп, Ербол мен Абай да бір-біріне ыстық ықыластарын әзілмен айтысып қалды.
Артынша Ербол досына соңғы сайлауда Құнанбайдың үш баласы бірдей болыс болып сайланғанына қызығып та қызғанып жүрген елдің қарасы мол екенін жеткізді. Сөз  соңында ол қазіргі би-болыстардың, қала ұлықтарының пара алатынын да қосып айтты. Абай билердің, оның ішінде достары Оразбай мен Жиреншенің де өз жемсауы бар екеніне аңтарылып қалды.
Аттылар Балқыбекке келіп, өздері түсетін үйді іздеп көп жүрді. Тәкежанның да, Ысқақтың да үйіне соқпады. Шұбар болыс тіктірген үйлер жанынан өте бергенде Шұбар шауып келіп, бұл топты үйіне шақырған. Абай оған да бармады. Шұбар қыстап, қайта шақырмады. Тек ояз Лосовскийдің келе сала «Ибрагим Кунанбаевичті» іздегенін айтты. Абай «амандасамын» деген сөзін жеткізді де, Оспан тіктірген үйлерге түсті. 
Түс ауа Абай отырған сегіз қанат ақ ордаға тәмәм болыс жиналды. Бұлар көп сөзді емес, бәрі бір-бірін бағып отырғандар. Бір-бірінің үстінен арыз түсіргендер еді. Абай олардың құлқындарын тез сезіп, Байкөкшеге ән айтқызды. Әнші де ақын ішін білгендей, болыс-билердің жемірлігін термелетіп:
Кей жігітті пысық деп болыс қойсаң,
Қашан түсіп біткенше жеп бітеді... деп жалғағанда Абай қатты сүйсінді. Бірақ Оспан, Шұбар бастап, бүкіл болыс жиыннан Абай кетісімен Байкөкшені сыбап алды. Соңыра бәрі Абайдың мазағына наразы болып қайтысты.
Осы кеште Абай ояз Лосовскийге амандасқалы барып, кешкі шайының үстінен түсті. Ояз хәл сұрасып, Абайға арнайы шай алдырды. Оның есігін торуылдаған болыс-билер Абайдың ояз алдындағы абройын осылай сезіп, бұл сияздағы даудың бәрі тағы да Тобықты ішіндегі Ырғызбайға жығылатынын айтысып, мұңдасып қалды. Жұрт Құнанбай баласының үшеуін болыс еткен Абай деп білді. Бірақ ояз отауында мүлде бөлек әңгіме өрбіп жатыр еді. 
Абай Лосовскийге: «...бұл жиынға тек көріп қайтуға келген адаммын. Тіпті, қалыс кісімін», - деген. Лосовский бір ғана мәселенің шешімін ақылдасқысы келетінін айтып, қолына бір «приговорды» алып көрсетті. Ол Жанатаев атты осы елдің азаматының жалған болыстық мөрмен қалаға жолдаған приговоры болатын. 
Лосовский кінәліні кеңсеге алдырғанда, Абай оның Камали медресесінің шәкірті Көкпай Жанатаев екенін аңғарды. Приговор жөнін сұрағанда Көкпай іркілген жоқ: "Қылғаным &ndash жаманшылық. Еткенім &ndash кемшілік-таршылықтан. Бір жағымда Мамай, Бір жағымда Олжай. Екеуі де іргелі ел. Жақсы қоныс әрқашан солардікі. Ал біз Көкше атаның ұлдары, жүз үйлі ауызбыз. Тілімдей Бақанас өзенінің басында таршылықта отырған жайымыз бар. Приговорда осы сияз жері &ndash Балқыбекті сұрап едім. Бос жатады және осы тұсқа біздің ауыл ең жақын. Абай ағам оған куәлік бере алатын шығар" деп тоқтады. 
Расында, Балқыбек &ndash Тобықты, Сыбан-Найман, Керейдің орта тұсы. Осы рулар бір-бірінен қызғанып, ешкімді қондырмай отырған жер еді. Лосовский бәрін түсінсе де, Көкпайдың жазаланатынын айтып, Абайға бұрылғанда, Абай: 
- Жазалау керек. Тек ар жазасы бар жазадан ауыр жаза. Жігіттің іші сіздің алдыңызда өртеніп тұрғанына сенем. Біздің даланың оқып, талпынып жүрген баласы еді, - деп жауап қатты. Көкпай Жанатаев мұндай қылмысқа бармауға «өмірлік серт» беріп кеңседен шығып кетті. Мұны көрген жұрт: «Абақтыдан, айдалар жерден жұлып алды», - десіп жатты. Ұлық пен Абай достығы туралы аңыз осы түн Балқыбектегі әрбір үйде сөз болды. 
Келесі күн сиязға жиналғандар үшін аса күрделі күн еді. Төбе бидің кім болары бүгін шешіледі. «Төрт арыс бас қосқанда, Арғын аға деп» төбе билік тағы Тобықты құрығына ілінген. Абай кеш тұрып, өз тобын жиып, сейілге шыққанда оны Тәкежан жиналысқа шақырды. Абай жанына Асылбекті алып барды. Аңғарса, бұл өңкей Тобықтының жиыны екен. Болыстан Молдабай, Дүтбай мен Құнанбайдың бар баласы, билерден Оразбай, Жиреншелер және Тобықтының атқа мінерлері осында. Жиынның үлкені Байғұлақ Тобықтының, арысы Арғынның бағы асқанын айта келіп, Абайға төбе биді өзі таңдап, оязға бекітуді тапсырды. Біраз үнсіздік орнады. Аздан соң Абай: «Е, ағайын! Ортаңа сондай дәреже келсе неменеңе күмілжіп, тұнжырап қалдың? Әлде ел бірлігі мен бекемдігін тілің ғана айта ма? Сіздер менен Ырғызбайдан, Құнанбай нәсілінен біреуді атар дерсіз. Атамаймын. Атасам &ndash төбе би Асыл ағам, Асылбек болады. Ояз алдында тек соны қорғап сөйлеймін», - деді. Осы сәт Бөкенші Асылбек аталастары Күнту, Оразбай, Жиренше, Абыралылар «Бәрекелді» десіп қалды. 
Бұл жиыннан шыға Абай Базаралы шаруасымен оязға кіріп еді, ол қолынан келер шара жоғын, оның ісі өзінен жоғары кеткенін айтты. Лосовскиймен қоштаспай шыққан Абайды Жиренше мен Оразбай күтіп алып: «Атаның емес, адамның баласы болғаныңа разымыз, Абай!», - деп ықыласын білдірді. Бірақ Абайдың көңілі бос еді. Бұл топқа Базаралының тірлігі оңалмасын айтып, тысқары кете барды. 
Артынша «Мынау Абай ғой» деген дауыстан селт етіп бұрылды. Байқаса, жанына қарт-жатақ достары Дәркембай мен Дәндібай келіп қалған екен. Ол екеуімен хәл сұрасып, жанына ертіп, Ырғызбай адамдарының бөлек тобына беттеді. Бұл топ Абайдың төбе билікті Ырғызбайға емес, бөтен атаға бергенін сөз етісіп, кіжініп отырған. Шұбар көзінше ағалайтын Абайды сыртынан мысқылдап, үйреншікті әдетіне салып тұрды. Бірақ ол жақындағанда бәрі сап тиылды. Абай оңаша сөйлесу үшін Ырғызбай ішінен үш болысты тыс алып кетті. 
Дәркембай үш болысқа екі арыз айтты: Бірі, жатақтың былтырғы және биылғы егінін болыстардың малы таптағаны. Екіншісі, жеті бірдей атын ұрлағаны. Дәлелмен сөйлеген сөзге шыдамаған Тәкежан шатынап кетті. «Жалған. Қақпас не тантып отырсың», &ndash деп кіжінеді. Осы кезде Абай: «Егін мен жеті аттың құны толық төленбесе, қазір орнымнан тұра бере іске кірісемін», &ndash деп кесіп айтты. Бұл сөзден кейін Ысқақ, Тәкежан, Шұбар үшеуі де айылдарын жиып алды. Олардың ішінен бірінші ес жиғаны Шұбар болатын. Ол: «Жә, Абай ағамның кесімімен бұл сөзді тыныш қалдырайық», &ndash деп түйді. Абайдың «Сияз біткен соң сөз бұйдаға салып кетесіңдер. Үш күн ішінде малы алдына салынсын», &ndash деген бұйрығы да орындалды.
Мал түгенделіп, Дәркембайлар ауылдарына қайтты. Абай жанына ұры-қарыдан қорғай жүрсін деп Баймағамбетті қосып жөнелтті. Бұл уақытта Тәкежан да Серікбай мен Тұрсын атты ұрыларына малын қайтаруды тапсырды. Олар қыстың бір боранында жатаққа кеткен есесі қайтатынын серттесті.
Абай сияз басында билердің айтысқанын тамашалап, алаңсыз, сырт жүруге тырысты. Бірақ, Сыбан мен Керей қалауымен тағы бір дауға араласуына тура келді. Бұл жесір дауынан асып, барымта мен жаулыққа ұласқан, осы сияздағы ең үлкен дау &mdash Салиқа қыздың дауы еді.
Осы басты дауға Керей жақ Асылбекті Сыбанға күйеу деп, төбе билікке қоюға көнбей отырған. Абайдың төбе би таңдауы мен жатақ мәселесіндегі әділдігін естіген Керей мен Сыбан оның төбе би болғанын қалады. Ояз осыны жеткізіп еді, Абай да көп созбақтаған жоқ. Келісетінін айтып, қыздан түскен екі арызды оқып, осы күні кешкілік Найман-Сыбаннан Барақ төре, Жұмақан, Тәңірберді мен Керейден Тойсары, Бегеш, Тышқанбай сынды кісілерден алты кісі алдырды. Мәселенің басын ашып, қасына Оразбай мен Жиреншені көмекшілікке алатынын да осында айтты. Даулаушы екі топ кетісімен, Оразбай мен Жиреншені екі рудың ішіне жұмсап, жаулықтың бүге-шігесіне дейін білуді тапсырды. Осылай Салиқа қыз дауының бір жұмаға созылған тексеруі басталып кетті. 
Салиқа &ndash Қожагелді Керейдің Сыбанға ұзатылғалы отырған қызы еді. Бірақ биылғы жыл оның атастырылған күйеуі қайтыс болып, Сыбан қызды қайнағасына қаратты. Қайнағасы Сабатар бұл күнде екі қатыны бар, алпыстан асқан адам екен. Қыз теңім болмаса бармаймын деп, еліне өлеңмен арыз айтыпты. Бұл ән ел арасында көп шырқалып, Керейдің де біраз жігіттері қарындасымызды жылатпаймыз деп шыққан. Сыбанға оның артынан Салиқа өзге бір жігітпен көңіл қосыпты деген сөз де жетіп үлгерген. Атастырғанда бір, шалға тиер болды деп екі қалың алған Керейдің бұл ісі Сыбанның да жігіттерін желпіндіріпті. Жаулық &ndash содан. 
Жауласқан екі ағайынның адамдарын жинағаннан үш күн өткенде Абай алдына Салиқа қыздың өзін шақыртты. Созбақтамай тіке сұрады. 
- Арызыңдағы сөзің сөз бе?
- Айнымадым. Сөзім &ndash сөз, Абай аға, &ndash деп жауап берді қыз. Абай бұл әңгімеден Салиқа қыздың Сыбанды емес, тек Сабатар әмеңгерін өзіне тең көрмейтінін, өзі көңіл қосты деген Керей-Шақантай жігітінің осы жаулық басталған соң табылғанын аңғарды. 
«Шал сипаған етімді құрт жесін, аға» деп сөзін түйіндеген қызды Абай жылдам шығарып салды. Одан кейін Жиренше мен Оразбай арқылы бұл даудың анық-қанығына жетіп отырды. Сыбан қанша қалың берді, барымталарда қанша азамат жарақат алып, қанша қылқұйрық екі жаққа кезек өтті? Бәрін-бәрін хаттап қойған. Тек дау күні ғана Жиренше мен Оразбай басқа сөз бастады. Сыбан екеуінің аузын алып, Абайға сөз салыпты. «Қызды Сабатарға бұйыртып берсін. Содан соң дәл қырық атты Абайдың алдына салып береміз», &ndash деген екен. Абай бұл сөзге онша ашылмай: «Не қылайын?» &ndash деп екеуіне қарап еді, олар: «Сыбанның дегенін ет! Алмай жатқан би мен әкім жоқ!», &ndash деп сенімді сөйледі. «Оттапсың, екі төбет! Жеткен жерің осы екен ғой! Бар, аулақ!» &ndash деп Абай тұрып жүре берді. 
Дау екі жаққа да ыңғайлы боп шешілді. Абай қыздың басын Сыбаннан азат етті. Бірақ бұл үшін Керей Сабатарға екі қыздың қалың малын төледі. Одан кейінгі жаулықтағы алынған жылқы-түйе, барлығы бір-біріне тегіс қайтарылатын болды. Бұл шешім екі жақтан да дау тудырған жоқ. Тек бір Сыбан шал Абайға қарап: «Уа, Кеңгірбай! Кешегі азған қызға айтқан сенің жолың осы ма еді?», &ndash деп айқай салды. Абай күлді де, бұрылып жүре берді. Ал қарап отырған екі оязға шешім шын ұнады. Оны ұнатпаған бір халық болса, ол &ndash Тобықты еді. Олар Абайдың пара алмағанын кінәлады. Алдына келген малдан бас тартқанын ақымақтық санады. 
Оразбай мен Жиренше ел тарағанда Абайға келіп, ата жолымен сөз қозғап: «Кеңгірбай аты аталғанда қабырғаң қайысты ма? Өзің азып, елді де аздырдың», &ndash деп еді, Абай баяғы зілінен қайтқан жоқ. «Кеңгірбайдың халық қойған аты &ndash Қабан еді. Қарындастың қанын ішкені мен жемсауы үшін қойылған аты бұл», &ndash деп жүре берді. Оразбай мен Жиренше: «Адасқан екен! Тіленген екен!», &ndash деп бір іске тәуекел ете серттесіп қайтты. Сияз тарап, қайтар жолда Абайдың ашуы басылған болатын. Ол ескі достарымен ашық сөйлесуді қалап, арттарынан шауып барғанда екеуі де оны жанына жолатпайтынын анық аңғартты. Екеуінің де жанарында «жаумыз» деген сөз бар еді. 
Күз басында үш ат жегілген күймемен Абай Әбіш, Мағаш &ndash екі ұлы мен Күлбадан қызын қалаға оқуға алып бара жатты. Әбішпен ұзақ әңгіме айтып, Мағашқа ән айтқызып, екі күн дегенде қалаға жетті. Михайловтың ақылымен Мағаш пен Күлбаданды «Уездная школаға» берді. Екеуі екі бөлек оқыса да, адвокат Андреев тауып берген орыс әйелдің үйінде бірге жатты. Ал Әбіштің талабын байқаған Михайлов: «Бұл бала көп оқуға жарайды. Сондықтан биылғы қыс жеке мұғалімнен оқып, алдағы жылы Түменге оқуға барсын. Одан ары Питер деп үміт етейік», &ndash деп еді. 
Абай осы жолы қалада ұзақ жатып, Гоголь кітапханасынан күні-түні шықпады. Әр жұма балаларын алдырып әңгіме айтады. Әр он күнде Әбіш үйіне барып, оның сұлу жүзді, бурыл шаш «хозяйкасы» Анна Николаевнамен әңгімелесіп қайтады. Тағы бір кез Мағаш пен Күлбадан жататын екі ұл, екі қызын жалғыз оқытушылық ақысымен өсіріп отырған жесір Екатерина Петровнаның үйіне барады. Оған барғанда көбіне қойын сойып, ұнын да алып баратын. Биылғы жыл Абай тек өз балаларын ғана емес, ауылдан тағы бірнеше жетім балаларды алдырып, оқуға түсірді. Жетімдерді түсірмеске болмаған. Өйткені елдегі көп ата-ана «баламды орыс оқуына бермеймін» деп отыр. 
Қаладан қайтар кезінде Абай өзі оқуға алып келген балаларды өз балаларымен қосып жинап, бар ақылын соларға салды. 
«Жасымда ғылым бар деп ескермедім, 
Пайдасын көре тұра тексермедім...», &ndash деп бастап, біраз өкініші мен тұтас халқының қасіретін көрсетуге тырысты. Балаларға қарап отырып, сахараның болашағын солардың жанарынан көргендей болған. 
Абай елге қайтқанда қыс та түсті. «Биылғы қыс ол кітаппен қатар қағаз-қарындашты жиі ұстап, өзі де көп өлеңдерді құлақ күйдей, жан сазындай, күйлей толқып жүрген-ді. Бірақ бұл өлеңдердің иесі дегенде өзіне-өзі сенген аты жоқ. Өз ақындығына шала сенген сыншыл жанның көмескілеу айтылатын «Көкбай» деген ғана аты бар-ды».