Шөп шегу қатерлі ісікке шалдықтырады
Марихуана шегу аталық ұрық безі қатерлі ісігіне шалдықтырады. Оңтүстік Калифорния университетінің ғалымдары келешегіне бейжай қарамайтын ерлерді есірткі шөпті «қызық үшін» шегуден бас тартуға шақырады.
Америка онкология қоғамының хабарлауынша, ғалымдар ұрық безі қатерлі ісігіне шалдыққан 163 жас ер адамның мәліметтеріне талдау жасаған. Алынған нәтиже жасы мен ұлттық ерекшелігі әлгі адамдардікіне сәйкес келетін 292 сау ер адамның мәліметтерімен салыстырылды. Зерттеудің қорытындысы марихуанаға әуес ерлердің ұрық безі ісігіне екі есе көп шалдығатынын көрсетті. Дәрігер Виктория Кортесистің айтуынша, әзірше есірткі мен ұрық безі аурулары арасында нақты қандай байланыс бары белгісіз. Бірақ қатерлі ісік марихуана құрамындағы белсенді ингредиенттің ұрық өндірісіне жауапты жасушалар жүйесіне кері әсерінен болуы мүмкін деген болжам бар. Айта кеткен жөн болар, ұрық безі қатерлі ісігі 15 пен 45 жас аралығындағы адамдар арасында жиі кездесіп отыр.