Сезімтал адамдар келешек тағдырын түсінде көре алады
Адамның әрбір 22 мыңыншы көрген түсі келешектен хабар береді. Кейбір аса сезімтал адамдар аян беретін түстерді бұдан да жиі көруі мүмкін. Мұндай мәлімет Хартфордшир университеті ғалымдарының шынайы өмірде орындалатын түстер табиғаты туралы зерттеу еңбегінде айтылады.
Daily Mail-дың хабарлауынша, Ричард Уайзман бастаған психологтар тобы әзірше аян беретін түстердің сырын анықтай алған жоқ. Дегенмен мыңдаған адамның түсіне талдау жасап, тың мәліметтерге қол жеткізді. Ғалымдардың айтуынша, мұндай түстердің 80%-ы келеңсіздіктерді алдын ала «ескертеді». Зерттеуге алынған мұндай жайттардың дені адамның жақындары немесе елге белгілі тұлғалардың қазасына, сондай-ақ ауқымды төтенше оқиғаларға қарай көрінген. Ал өмірде қуанышты сәттердің болатыны адамның түсіне аян түрінде өте сирек енеді екен. Мұндай түстер көрінсе де, адамның есінде қала бермейді. Жалпы, түстің адамның өңінде қайталануы әрбір 22 мың жағдайда болатын көрінеді. Мамандардың сөзіне қарағанда, адамның ақыл-ойы не нәрсеге көбірек алаңдайтын болса, оның түсіне де сол мәселенің келешек тағдыры енуі ықтимал. Сәуегейлік түстер көбіне өте сезімтал адамдарға тән.