Әлемді түтінге бөктірген исландиялық жанартаудың атын дүниежүзінің 320 мың тұрғыны ғана жаңылмай айта алады екен. Бұл – ғалам халқының 0,005 пайызы. Ал сіз «эйяфьятлайокудль» деп оңай айта аласыз ба?
Америкалық лингвистердің есебінше, Исландия мұздақтарынан атқылаған жанартаудың атын айтуға екінің бірінің тілі келмейді. Оны айта алмайтындар исландиялықтардың арасында да жеткілікті екен. Әлем тілдерін зерттеумен айналысатын Global Language Monitor ұйымының басшысы Пол Джей-джей Пэйяктың айтуынша, «эйяфьятлайокудль» сөзі өзге тілдердің кірме сөздер сөздігіне де енбеуі мүмкін. Өйткені сөздіктердің біразы адамның тілі келетін, айтуда қиындық туғызбайтын, қолданыстан түспейтін тілдік элементтерді ғана қамтиды. Тіпті бұл сөз келешекте ауызекі тілде де қолданылмай, басқа, мейлінше жеңіл атаумен ауыстырылуы ықтимал. Алайда Пэйяктың скептицизміне қарсы шығушылар да бар. Олардың уәжінше, атышулы жанартау аты, керісінше, көпшіліктің қолданысына ие болып, танымал атауға айналды.