Әйгілі Ванганы өз халқы көріпкел санамайды
Болгар халқының дені өз ұлтынан шыққан әйгілі Ванганың көріпкелдігіне әсте сенбейді. Жуырда жүргізілген сауалнама зағип кемпірдің болжамдарына иланып келген жұртшылықты елең еткізіп отыр.
/12.jpg)
«Двери православия» сайтының мәліметінше, болгариялықтардың арасындағы сауалнама Вангелия Пандева Гуштерованың бір ғасырлық мерейтойына орай жүргізілді. Әлеуметтік зерттеу нәтижесінде болгарлардың 80%-дан астамының оның әулиелігі мен көріпкелдік болжамдарына сенбейтін болып шықты. Жергілікті халықтың тек 10,73%-ы ғана оны шынымен де қасиетті кісі санайды. Зерттеушілер мұны Ванга еңбегінің ел ішінде толық дәріптелмегендігінен көреді. 1911-1996 жылдар аралығында өмір сүрген зағип Ванга Болгария, Грекия және Македония мемлекеттерінің шекаралас аймағындағы Петрич елді мекенінде дүниеге келген. Кезінде оның Чернобыль апаты мен КСРО-ның ыдырайтыны туралы айтқаны айнымай келгендіктен кеңес жұртшылығы қарияның сәуегейлігін мойындауға мәжбүр болған еді.