«Ұстаздық дастанның» болашақ педагогтарға берер ұлағаты мол немесе А.С.Макаренконың кітабы жайлы эссе

«Ұстаздық дастанның» болашақ педагогтарға берер ұлағаты мол немесе А.С.Макаренконың кітабы жайлы эссе

 Жанар Шағалақова,
Абай атындағы ҚазҰПУ магистранты

 

Азамат соғысынан кейінгі тұрақсыздық, әлеуметтік-экономикалық дағдарыс ел еңсесін езіп тұрған кезде А.С.Макаренко губерниялық халық ағарту бөлімінен ерекше тапсырма алады. Ол тапсырма бойынша Александр Макаренко ата-анасынан айырылған, көше кезіп, қалтаға түсетін ұры-қарылардың, қала ішін шулатып тәртіпсіздік жасайтын панасыз сотқарлардың, жетім-жәутіктердің күрт көбейіп кетуіне орай, оларды тезге салатын арнайы колония ашуға тиіс болатын. Шын жүйрік қамшы салдырмас, оқиғаның одан ары қарай өрбуіне түрткі болған бұл тапсырма Макаренконы өзінің тәрбиеленушілерімен бірге алдағы өмірдің асау толқындарына аяусыз лақтырады, бірде тереңге тастайды, бірде қайта көтереді, бірақ білікті маманның білімі қашанда қиналған жерде қорғайтын қалқанына, қажет кезде қаруына да айналды. Жалпы қызығы мен шыжығы мол сол жылдардағы колонияның жыры "Ұстаздық дастанды" кез-келген оқырман бір деммен оқып шығады. Бұл шығарма үш бөлімнен тұрады. Бастапқыда педагогтық ардан аттап өте алмай, кітап етіп шығаруға батылы бармай тартыншақтаған Макаренкоға ұлы жазушы М. Горький үлкен қолдау көрсетті. Макаренко өз сөзінде "Көп ойландым, алғашында естелік түрінде жазғым келді, алайда, оны тек ұстаздар ғана оқиды, демек ұстаздар ғана оқитын әдістемелік құрал болып қалмақ, ал оның оқырман аясы тар, одан да кітап етіп шығаруды жөн көрдім" дейді. Әрі "Ұстаздық деңгейден нашар жазушы атағын алам ба деген үрей де жоқ емес еді" дейді өзінің естеліктерінде. Бірақ қолжазбаның аяқталған алғашқы бөлімін оқып шыққан М.Горький мұндай тамаша туындыны еш тоқтатуға болмайтынын қатаң ескертіп хат жазады. Қаламы қарымды жазушының өзінен осындай хат алып қанаттанған Макаренкоға енді ешнәрсе кедергі бола алмады.
"Ұстаздық дастан" кітабының бірінші бөлімі колонияның құрылуы мен оған келіп түскен тәрбиеленушілердің тәртібі жайлы өрбіді. Шынайы өмірден алынған оқиға желісі оқырманды бірден баурап алады. Алғашқы колонистер Задоров, Бурун, Волохов, Бендюк, Гуд және Таранецтер жоқшылықтың зарынан емес, баршылықтың буынан масаттанып, түзу жолдан тайқыған кәдуілгі қанқұйлы қылмыскерлер еді. Тірі жанды көзге ілмеу, місе тұтпау, сыйламау, бассыздық, басқалары былай тұрсын, кісі өлтіріп, адам тонау оларға түк те емес еді. Ақырында, іште қайнаған ашу-ыза, шыдамның соңғы тамшысын сарқыды, ұстаз қанша қатерлі болса да, өзінен әлдеқайда күшті, әрі тәжірибелі Задоровты аямай соққыға жықты. Бұл үш төрт ай бойы сабыр мен ақылға кезек беріп келген, әбден жәбірленген, қорланған ұстаздың жан ашуы еді. Бұл "түзелмес адам болмас" деген түзу пікірді ту еткен ұстаздың "нағыз адам" тәрбиелеу жолында өзін құрбан етуге де еш тайсалмайтындығын білдіретін батыл қадамы еді. Бұл алған бетінен айнымайтын адал жанның алғашқы айғайы еді. Және мұны колонистердің қате түсінетін еш себебі де қалмады. Олар бірауыздан Макаренконы мойындады. Білекке емес, білімге, алдарында өздерінің досы, зіңгіттей Задоровты ұрып құлатқан шынайы ізгілікке негізделген білім иесіне бас иді.
Колония ұжымы өмірдің қатал сынағын үздіксіз өткеріп отырды. Колония қызметкерлері тәрбиеленушілермен қоса, бірде оңбай опық жесе, енді бірде жеңіске жетіп отырды. Раисаның өз баласын өзі өлтіруі, сөзде тұрмау, сүзектің салған әлегі, антисемиттік көзқарас, әлімжеттілік сияқты оқиғалар шиеленісе түседі. Сондай-ақ автор халыққа қызмет етуден гөрі, қара бастарының қамы маңыздырақ "пайдакүнемшіл" қызметкерлер Дерюченко мен Родимчикті, мемлекет қазынасынан күн көруді ар санамайтын "жұмыртқадан жүн қырқатын" сараң кейіпкерлерді, жоғары креслода отыратын Шарин сияқты біліксіз мамандарды қоғамның қашаннан бері келе жатқан жазылмас дерті дейді. Ұстаз осы дерттің диагнозын шынайы оқиға желісін суреттеумен-ақ ашып отырады. Сарказм, юмор, жатық тілде баяндау тәсілі, бәрі-бәрі алдағы қызықтарға жетелейді.
Екінші бөлімде қалыптасқан коллективтің ортақ еңбектері мен жеткен жеңістері жайлы баяндалады. "Көппен көрген ұлы той" демекші, бұл жерде енді тәрбиелеу жүгі жеке адамдарға емес, топқа түседі. Алғашқы бөлімдегідей жоқтан бар жасау, адамнан адам шығару іспетті күрделі педагогикалық процестерді Макаренко өзі тәрбиелеп шығарған еңбегінің өнімі Приходько, Чобот, Сорока, Леший, Глейзер, Шнайдер сияқты шетінен сен тұр мен атайындармен бірге атқарды. Ал бұл кезде алғашқы алты колонист Макаренконың сүрінгенде сүйеу, құлағанда демеу болар ет жақын жандарына айналған еді. Макаренко өз шәкірттерін театрды сүюге тәрбиелейді. Адал ағартушының өз шәкірттеріне қояр талабы да таудай болды. Театрда қойылатын қойылымдарды сомдағандары үшін колонистердің қыруар еңбек етуіне, түн демей, күн демей жанкешті жұмыс істеуіне тура келсе де, олар бұл істері үшін мемлекет қазынасына қол жайған жоқ. Өз шаруашылықтарын өздері дөңгелете білген олар театр жұмысына зор шығын кетсе де намысқа тырысып бақты, бірде-бір билеттің сатылмауын қатаң қадағалады. Осылайша меңгеруші Макаренко жолдас кешегі индивидтерден әлеуметтенген тұлғаларды жасап шығаруға бар күш-жігерін салды. Оған диірменшілердің командирі Осадчий, темірші Белухин, сиыршы Опришко, етікші Гуд, жылқы бапкері Братченко, балалар командирі Георгиевский, агроном көмекшісі Оля Воронова сөзіміздің айқын дәлелі. Оқиғаның шырқау шыңы Оляны сән салтанатымен ұзатуда, әрбір колонистің арманы – рабфакқа біліммен қаруланған ең мықты түлектерін шығарып салуда көрініс табады. Ұстаз жүрегі балапанын баптаған қыран кейпіндегідей күй кешеді. Колониядағы қайнаған өмір мұнымен тоқтамайды.
Үшінші бөлімде қаланың дәл ортасында орналасқан Куряждағы берекеті кеткен жетім балалар үйіне қоныс аудару мәселесі баяндалады. Куряждағы қыңыр, нас, кертартпа жасөспірімдер саны 400-ден асып жығылса, оларға көзсіздікпен көшіп келуді дұрыс деп тапқан колонистер саны 100-ге де жетпейтін еді. Бұл ұжым қызметкерлерінің соншама жылғы еңбектеріне төнген қатерлі қадам іспетті. М.Горький атындағы колонистердің "Куряждықтарға" жұтылып кету қаупі анық болатын. Алайда А. С. Макаренко өз қызметкерлеріне және колонистріне үлкен сенім артты. Соған орай басшылыққа да батыл талап қоя білді. Ол жердегі тәрбиешілерді түгел қызметтен кетіріп, өзінің санаулы қызметкерлерінің жалақысын екі есе көтеруді ұсынды. Және өзі басқаратын бұл мекемеге сырттан ешкімнің нұсқау бермеуін өтінді. Педагогикалық диалектика заңдылығы осындай қадам жасауды талап етті олардан. Басшылық өзіне нық сенімді маманның қандай талабын болса да орындау керек екенін түсінді. Себебі олардан талап етіп отырған адам өз сөзін белгілі бір уақыт аралығында іс жүзінде дәлелдей білген білікті маман еді. Талап қатты, бірақ қала тыныштығы бәрінен тәтті, келісімге келді. Колонистердің өміріне өзгеріс енді. Алайда еңбекшіл халықтың алдағы өмірі түрлі сыйларға толы еді. Қай қоғамда болмасын, күншілдік, көреалмаушылық көптеп кездеседі. Тіпті қоғам жақсылық пен жамандықтың алма-кезек жеңісіне негізделіп құрылғандай. А.С. Макаренконың да жаман мінез-құлықты сіңірген замандастарына да жеңістік беретін кезі жетті. "Әулие" Чайкин және оның "ғұлама" достары есеп беру жиналысында А.С.Макаренконы "кеңес үкіметіне кереғар білім беруде" деп күстаналады. Макаренко жұмыстан кетті. Бірақ М.Горькийдей жазушыны қарсы алу даярлығына мұның салқынын да тидірген жоқ. Білікті ұстаз өзінің қызметтен кетуін құпия ұстады. Колонистерге М. Горькийдің арнайы қамқор ниетпен келуі үлкен рух берді.
Қалай десек те, А.С.Макаренконың "Ұстаздық дастаны" тек қана маман мұғалімдер оқитын материал емес, ол жұрт болып жаппай оқуға лайықты, сұранысқа ие, заман көшінің алдыңғы орнын бермеуге тиіс ұлы шығарма деп ойлаймын. Себебі ол - шындыққа негізделген болмысты, мәңгілік тақырып адамды қалай тәрбиелеп шығуға болатындығын және ол үшін жаттанды білім мен теория соғудың, немесе қырғын кәсіптің құлағын ұстаудың еш қажеттігі жоқтығын түсіндіргендей. Ақ ниетпен келген ағартушы әр баланы жалғызындай жүрекпен жақсы көреді, қайғысына жүрекпен жылай біледі. Педагогикалық құзіреттілігі басым А.С.Макаренконың шығармасынан сол кездегі дүрілдеп тұрған Қызыл империяның идеологиясын алып тастасаңыз да, кітап өз мазмұнынан айырылмайды. Себебі ол кезеңдік, өтпелі идеологияларға емес, мәңгілік қағидаға – гуманизмге құрылған туынды.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста