Төрт Олимпиадаға қатысқан тұңғыш қазақ

Төрт Олимпиадаға қатысқан тұңғыш қазақ

Қазақ елі Тәуелсіздік алғаннан бері қарай дербес ел ретінде бес Олимпиада ойындарына қатысты. Соның ішінде, соңғы Лондонда өткен XXX жазғы Олимпиаданың орны ерекше. Осы дүбірлі додада ел намысын абыроймен қорғап, жеңістің биік тұғырынан көрінген жеңімпаздарымыз бен жүлдегерлеріміздің есімдері ел есінде мәңгі жатталып қалары даусыз.
Алайда, төртжылдық додадан жүлдесіз оралған кейбір саңлақтардың сағы сынып, келесі бәсекеге барудан бас тартатыны, тіпті, спортпен бір жола қош айтысып кететіндері қаншама?! Олар уақыт өте келе халықтың назарынан тыс қалып қойып жатады.
Ал жігерін тасқа жанып, алған бетінен қайтпай, бір емес, бірнеше Олимпиаданың көрігін қыздырған қыз-жігіттеріміз саусақпен санарлық. Міне, осындай азаматтардың бірі – Тәуелсіздік таңы атқалы бері төрт бірдей Олимпиадада өнер көрсеткен қазақтың қайсар ұлы Қайсар Нұрмағамбетов.

  www.inform.kz
Ол – байдарка мен каноэда ескек есу спортынан халықаралық дәрежедегі спорт шебері. 1996 жылғы Атланта (АҚШ), 2000 жылғы Сидней (Австралия), 2004 жылғы Афины (Грекия), 2008 жылғы Бейжің (Қытай) Олимпиада ойындарына қатысқан. Доха және Бангкок қалаларындағы жазғы Азия ойындарының чемпионы. Бірнеше дүркін Қазақстан чемпионы.
Бүгінде ол аталмыш спорт түрінен мемлекеттік жаттықтырушы қызметін атқарып жүр. Жақында Қайсар Елубайұлымен әңгімелеудің сәті түскен еді.
– Қайсар Елубайұлы, сіздей төрт Олимпиадаға қатысқан қазақ азаматы бар екенін көпшілік біле бермейтін көрінеді. Өзіңізді оқырманға қайта таныстырып өтсеңіз…
– Мен 1977 жылы қойнауы кенге толған Жезқазған қаласында дүниеге келгенмін. Байдарка мен каноэда ескек есу спортынан ұлттық құрамаға 1995 жылы қабылдандым. Ұлттық құрамаға іліккеннен кейін көптеген жарыстарда өнер көрсете бастадым. Ең бас¬тысы, төртжылдық додалардан 3 жазғы Азия ойындарына, 4 жазғы Олимпиада ойындарына қатыстым. Бірінші Жазғы Азия ойындарына тоқталсам. 1998 жылы Таиландта өткен XIII жазғы Азия ойындарында 1 алтын, 1 күміс медаль, 2002 жылы Бусанда 1 күміс, 1 қола медаль, 2006 жылы Дохада өткен Азия ойындарында 1 алтын олжалап қайттым. Көптеген халықаралық додалардан жүлдегер атандым. Ал Олимпиада ойындарына келсек, қатысқандарым – 1996 жылы Атлантада (АҚШ), 2000 жылы Сиднейде (Австралия), 2004 жылы Афиныда (Грекия) және 2008 жылы Бейжіңде (Қытай) өткен аламан додалар. Өкінішке қарай, Олимпиада ойындарында жолым болмады. Жүлде бұйырмады.
– Осы төрт Олимпиадағы ең жоғары көрсеткішіңізді есіңізге түсіре кетсеңіз?
– Өкінішке қарай, ауыз толтырып айтатындай жетістікке қол жеткізе алмадым. Бар биіктен көрінгенім – Сидней Олимпиадасында 11-орынға тұрақтағаным.
– Спорттың бұл түріне қашан, қалай келдіңіз?
– Бұл спорттың табалдырығын 11 жасымда, мектеп қабырғасында жүргенімде аттағанмын. Мектебімізге байдарка мен каноэда ескек есу спортынан бір бапкер келіп, «спорттың осы түрімен айналысамын дегендерің маған тіркеліңдер» деді. Ол кезде көңіліміз алып ұшып тұрған жас бала едік. Бірден келісім беріп, алғашқы жаттығуға кірісіп кеттім. Сол кезде үлкен спортшы боламын деп ойлаған жоқпын. Судың бетінде, күннің астында ойнағанға мәз болып жүрдік. Бірақ, ол бапкермен 2 жылдай ғана уақыт жұмыс істеп, бір себептерге байланысты арада біраз уақыт жаттығудан қол үзіп кеттім. Сол кезде өзімнің алдымдағы Алмас деген ағам басқа мектепте ескек есу спортына барып жүретін. Осы ағам мені қайта спортқа жетелеп алып барды. Ағам екеуміз бір-бірімізге серік бола жүріп, біраз жетістіктерге жете бастадық. Ары қарай спорт өзі жетелеп әкетті.
– Ол ағаңыздың қандай жетістіктері бар?
– Алмас институтқа түскеннен кейін спортпен қош айтысты. Сондықтан ол ауыз толтырарлықтай жетістікке жеткен жоқ.
– Өзіңіз спортты тастап, жаттықтырушылықпен айналысқаныңызға қанша уақыт болды?
– 2009 жылы спорттық карьерамды аяқтадым. Бейжің Олимпиадасынан кейін де көптеген жоспарларым болды. Гуанчжоу қаласында өткен Азия ойындарына қатыспақшы болғанмын. Алайда жолым болмады. Сосын, артымыздан еріп келе жатқан інілерімізге жол бердім. Содан бері бапкерлікпен айналысып жүрмін. Қазір мемлекеттік жаттықтырушымын.
– Төрт бірдей Олимпиадаға қатысуыңыздың өзі – бір ерлік. Осы төрт Олимпиададан не ұттыңыз, неден ұтылдыңыз?
– Ұтқаным – төрт жылдық додаға төрт рет қатысуым. Исі қазақ баласынан төрт Олимпиадаға қатысқан басқа қазақты көрген жоқпын. Ұтылғаным – осы төрт Олимпиададан бірде-бір рет жүлдеге іліге алмағаным.
– Мүмкін бағыңыз келіскенімен, бабыңыз келіспеген болар. Өзіңіз қандай себептермен байланыстырасыз?
– Оның себебі өте көп. Мен ең басты деген екі себебін айтайын. Бірінші себебі – елімізде әлі күнге дейін бірде-бір жаттығу жасайтын канал жоқ. Жаттығатын ортаң болмаса, қалай нәтиже болады?! Екінші себебі – ол менің дайындығым. Спортта жүргенде жанымды қатты қинап жаттығып көрмеппін. Үлкен додаларда сол дайындықтың жетіспеушілігі сезілетін. Ол кезде бала болдық та, көп нәрсеге мән бермеппін. Осы кезде, әсіресе жаттықтырушы болғаннан кейін барлығы көрініп, білініп жатыр. Ойласам, өкінетін кездерім өте көп. Кішкене жанымды қинап, шеберлігімді шыңдай түскенде, Олимпиаданың бір медальін алуға болар еді…
– Әлі күнге дейін ескек есетін бірде-бір канал жоқ деп айтып өттіңіз. Қазіргі балалар оқу-жаттығуын жиынын қайда өткізеді?
– Рас айтасыз, елімізде күні бүгінге дейін, ескек есетін бірде-бір канал жоқ. Біздің елдің спортшылары негізінен шетелде жаттығады. Соңғы жылдары көбінде Ташкентке барып жүрміз.
– Қазір елімізде салынып жатқан каналдар бар ма?
– Осы сұрағыңызға байланысты мәселелердің Астанада көтерілгеніне 2-3 жылдай уақыт болып қалды. Бірақ, әлі нәтиже жоқ. Қазіргі заман талабына сай ондай канал салу оңай шаруа емес. Каналдың ұзындығы кемінде 2-3 мың метр, ені 500 метрдей болады. Сондай-ақ, ол каналдың қасында қосымша тағы бір канал орналасуы керек. Ал, мұндай ірі кешенді салу көп қаржыны талап етеді.
– Егер мен қателеспесем, Шымкентте осындай бір канал салынғалы жатыр деп естіген едім…
– Иә, салынады деген болатын. Оны Шымкенттің әкімдігі де қолдаған. Алайда канал түседі деп жоспарланған жерде қорғасын зауыты тұрғандықтан ол мәселе де ары қарай шешімін таппай қалды.
– Осы байдарка мен каноэда ескек есу спортының басты қиындығы мен қызықты ерекшеліктеріне сәл тоқталып өтсеңіз?
– Кез келген спорт түрінің өзіндік қиындығы болады. Сол қиындықты жеңе білгенде ғана оның қызықтыратын қырлары мен сырлары ашыла бастайды. Бүгінгі таңда бізге қиындық тудырып отырғаны – өз елімізде каналдың жоқтығы. Балалар шетелге барғанда, кейде су бетіне шыға алмай, апталап жатып қалатын сәттері болады. Сосын қайтеді? Беттері қайтып қалған балалар ары қарай ұмтылғысы келмейді. Сондықтан, елімізге бір емес, бірнеше канал салу керек. Егер спортшыларымызға арналған жаттығу орны болса, бұл спортты дамытуға әбден болады.
– Алда, Кореяда Азия ойындарының уақыты жақындап қалды. Бүгінгі таңда сол додаға спортшыларды дайындау жұмыстарыңыз қалай?
– Жаман емес, бұйыртса, жоғары жетістікке қол жеткіземіз деген ойдамыз.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан: Күнсұлтан ОТАРБАЙ
«Алаш айнасы»

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста