Абылай ханның 300 жылдық мерейтойына арналған ат спорты түрлерінен өткен жарыста жүлдеге алты бірдей жеңіл көлік қойылды. Ауа райы тосын мінез танытып, жаңбыр шелектеп құйса да, мерекелік шараға келген халықтың көңілі көтеріңкі болды. Тек ат жарыс басталған сәттерде ғана жаңбырдың сап тыйылғаны елді бір желпінтіп тастады. Ұйымдастыру комитетінің мүшелері де жіті қимылдап, сайысты лезде бастап жіберді.
Алдымен 2400 метрлікке ашық жарыс өтетін болды. Оған 11 үміткер қатысты. Шу деп сөреден аттанғандардың ішінде Павлодар қаласы «ҚазАТ» ат клубының екі бірдей сәйгүлігі алға шықты. Атбегі П.Корабельников баптаған қара айғырмен шапқан шабандоз Еділ Құсайынов 2 минут 45 секунд ішінде мәреден өтіп, осы қашықтықтың жеңімпазы атанды. Екінші орын осы клубтың тағы бір мүшесі Тұрат Саттаровқа бұйырды. Ақтөбелік шабандоз Дастан Ишинбеков (атбегі З.Хатков) үшінші жүлдені еншілеп қайтты.
Мұнан соң жанкүйерлер назарына 7000 метрлік құнан бәйге ұсынылды. Дәл осы жарыс басқасынан өзгерек болды десек артық айтпаспыз. Өйткені қатысушылардың көптігі жарыстың да белсенді өтетінінен хабардар етіп тұрды. Үш айналымнан тұратын бәсекеде Алматы қаласы өкілдерінің жолы болды. Атбегі Н.Шаршембаев баптаған «Стелла» жирен айғыры мен «Бүркіт» торы айғыры (шабандоздары – Марсель Марсұлы, Елшат Берменқұлов) алғашқы екі орыннан көрінді. Ақмола облысының намысын қорғаған шабандоз Нұрғазы Еркімбек «Баян» атты жирен байталымен үшінші жүлдегер атанды.
Тоқ бәйгеге қатысушылар 16 000 метрлік қашықтықта бақ сынасты. Сайысқа қатысқан 40 шақты тұлпар сөреден топталып аттанғанымен, біразға дейін бір топ шоғыры сейілмеді. Екінші айналымнан соң ғана топ тізгінін Астана, Магнитогорск, Алматы қалаларының шабандоздары бастады. Шу дегеннен алда жүрген үшеудің арасынан астаналық Фархад Казаков «Достық» торы айғырымен мәре сызығын 20 минут 45 секунд ішінде қиып, «Нива» автокөлігін олжалады.
Аламан бәйге 25 шақырым, яғни 10 айналым болды. Бұл қашықтықты бабы келген сәйгүліктер ғана шауып өтетіні белгілі. Шу дегеннен Петропавл қаласының шабандозы Диқан топ бастады. Әйтсе де айналым аяқталған сайын Астана қаласы мен Алматы, Қарағанды облыстарының өкілдері арасында жарыс қыза түсті.
Аламан бәйгеге бас жүлде, яғни оның екеуі жеңіл көлік екенінен хабардар шабандоздар атбасын тарта отырып, соңғы екі айналымда көсіле шапты деуге болады. Бұл жолы Алматы облысы Жамбыл ауданына қарасты «Ақ қайнар» ауылында тұратын атбегі Ғабит Үмбетовтің қуанышында шек болмады. Диас Үмбетовтің «Қарақұс» атты бес жастағы қара айғыры мәре сызығынан жеке дара өтті. Оның уақыты жарыс хаттамасында 37 минут 56 секунд болып тіркелді. Оның жеңісі «Джип» автокөлігімен марапатталды. Екінші орыннан көрінген Астана қаласының өкілі Төрел Тоқталеев (ат иесі – А.Әмірханов, атбегі – С.Арынов) «Лада» жеңіл көлігінің кілтін алды. Үшінші-бесінші орындарды өзара бөліскен Астана қаласы, Қарағанды облысы Нұра ауданы мен Алматы облысы Қаратал ауданының шабандоздары ақшалай сыйлықтарға ие болды. Өкінішке қарай, оңтүстік астанадан келіп, мәре сызығынан бесінші болып өткен «Ерсұлтан» жирен айғыры зорығып кетті. Өкінішті-ақ!
Бәйге жеңімпаздары мен жүлдегерлерін Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары Светлана Жалмағамбетова, Жабал Ерғалиев, Владислав Косарев, Серік Үмбетов, Қазақстан Республикасы ардагерлер кеңесі орталық комитетінің төрағасы Өмірзақ Озғанбаев және Ақмола облысының әкімі Қосман Айтмұхаметов құттықтап, өз қолдарымен жеңіл көліктердің кілттері мен ақшалай сыйлықтарын табыс етті.
Тойдың көркі – ат жарыс
Последние статьи автора