Ата-бабаларымыз ежелден ат жарыстырып, балуан белдестірмей той-томалақ өткізуші ме еді?! Тіпті ас берсе де ат шаптырып, балуандарын күрестіретін қазекем Ұлыстың ұлы күні Әз-Наурыз мейрамын спорт жарыстарымен және сайыстарымен әсерлендіріп жіберетін.
Ғасырлар бойы Наурыз мерекесіндегі ұлан-асыр тойда ата-бабаларымыз өз өнерлері мен күш-қуаттарын, шеберліктері мен ептіліктерін, мергендіктері мен шапшаңдықтарын паш етіп келген. Мереке күндері көңіл көтеруге жиналған қауым ат жарыстары мен балуандар белдесуінде қиқу салып, бір жасап қалатын болған. Тізе берсек, бір айға созылатын Наурыз мейрамы кезінде өткізілетін спорттық жарыстар ұлан-асыр. Мысалы, мергендік шыңдаудың бір тармағы болып саналатын асық ойнауды қалайша спорт түріне жатқызбасқа?! Бүгінде тарихқа тереңнен үңіліп, соның бәрін саралай отыра, Наурыз мейрамындағы сол спорттық жарыстар мен сайыстарды «ежелдегі қазақтардың Олимпиадасы» десе де жарасатын сияқты. Ал қазір ше?
Қазір де Наурыз күндері алуан түрлі жарыстар өткізіледі. Еліміздің үлкенді-кішілі қалаларында да, шалғайдағы ауыл-аймақтарында да неше түрлі спорттық жарыстар ұйымдастырылады. Балуандар күресіп, сом білекті жігіттер қол тірестіріп, арқан да тартысады. Ат жарыспен қоса, жаяу жарыс та өткізіледі. Бұрындары қыз қуу, теңге алу, жамбы ату, көкпар тарту сияқты ұлттық ойындарымыз нақышына келтіріліп ұйымдастырылатын болса, қазір «елу жылда – ел жаңа» дегендей, әуедоп пен аяқдоп додалары да өткізіліп келеді. Ауылдық, аудандық, облыстық, республикалық, тіпті халықаралық жарыстар өткізілуде. Мысалы, футболдан еліміздің оңтүстік өңірінде жыл сайын халықаралық «Наурыз» турнирі өткізіліп келеді. Төл өнеріміз қазақ күресі мен басқа да ұлттық ойындарымыз бойынша әртүрлі деңгейде «Наурыз» турнирі ұйымдастырылып жүр. Тоғызқұмалақ секілді ақыл-ой сайысы тағы бар. Бұл тұрғыда қазір көбінесе шахмат пен дойбы майталмандары сайысқа түсіп жүр.
Бәрі де жақсы, бәрі де тамаша. Тек осылардың бәрінің басын біріктіріп, бағдарламасына бірнеше спорт түрі жарыстары (додалары) кіретін «Наурыз ойындары» деген сияқты дүбірлі дода өткізсек, қалай болар еді. Немесе халықаралық деңгейде өткізіліп жүрген турнирлердің мәртебесін өсіріп, солардың мән-мазмұнын, маңызын арттыра түссек. Бұл тұрғыда татардың «Сабантойын» еске алайықшы. Орыстар да қыс айларында бірнеше спорт түрінен «Русская зима» деген жарыстарын өткізіп жүр. Бұларды көпшілік біледі. Әлемнің көп елдері осы додаларға барып қатысады. Бізге тек қолда барды қадірлеп, Наурыз мейрамы кезінде ұйымдастырылатын жарыстар мен сайыстардың мәртебесін өсіру ғана қажет. Бүкіл ел білетіндей етіп дәрежесін өсірсек. Тек түркі елдері ғана келіп қатысса да, жыл сайын өткізіліп жатқан спорттық шаралардың маңыздылығын арттыру керек сияқты. Бәрібір жыл сайын қалалық, облыстық дене тәрбиесі және спорт басқармалары Наурызға дайындалып, сабылады. Олардың сол еңбектерінің де дәрежесін жоғарылататын кез келгендей. Осылай қазақтың ежелден спортты серік еткен жауынгер халық екендігін паш ету керек сияқты. Осылай Наурыз мейрамының ықылым заманнан бері спортпен егіз екендігін көрсеткен ләзім. Әйтпесе, біз көктем сайын өткізіп жүрген істерімізді лайықты деңгейде паш ете алмай келе жатқандаймыз. Жоғары деңгейде насихаталып жүр деп те айта алмаймыз.
Байыптап қарасақ, той-томалақтарын ежелден осындай спорттық сайыстармен тұздықтап жүрген елдер аса көп емес те сияқты. Батыстың алпауыт елдері болсын, басқа болсын, негізінен, өздерінің той-томалақтарында би кештерімен ғана шектемей ме? Ал қазақ жоғарыда айтқанымыздай, ең аяғы ас берсе де, ат шаптырып, балуан күрестіретін. Барымызды көрсетіп, өзіміз жылда атқарып жүрген істің саяси салмағын түйіндей түсу керек сияқты.
«Наурыз» мейрамындағы спорт жарыстарының мәртебесін өсірсек...
Последние статьи автора