Ұлтына ғұмырын арнаған ұлы тұлға

Ұлтына ғұмырын арнаған ұлы тұлға

Кемеңгер қоғам қайраткері, ұлт ұстазы, ғалым, ақын А.Байтұрсыновтың туғанына –140 жыл, «Қазақ әліпбиінің»  жарық көргеніне – 100 жыл

Кемеңгер қоғам қайраткері, ұлт ұстазы  Ахмет Байтұрсыновтың туғанына бүгін 140 жыл толды. 1929 жылы  12 мамырда НКВД-ға бер­ген түсініктемесіне қоса, өз қолымен жазған  өмірбаянында толық көрсетілген. Сонда Ахаң «мен 1872 жылы 5 қыркүйекте, мешін жылы тудым» деп  айтады. Соңғы уақытта анықталған Ахаңның туған жылы мен күні туралы бұл деректің  шындыққа сәйкес келетіндігін Ахмет Бай­тұрсыновтың  өмірі мен мұрасын зерттеушілердің бірі Рәбиға Сыз­дықова да  айтқан еді. Сондықтан осыған дейін 1873 жылғы 28 қаң­тар «Ахаңның туған күні» делініп келсе, оны Ахаңның өз қолымен жазыл­ған өмірбаянындағы күнге ауыстыру туралы  осыдан бірнеше жыл бұрын  рес­публикалық баспасөзде  бірнеше мақала жариялап едік. Ел тари­хын­­дағы осындай маңызды мәселеге тиісті министрліктің  осы күнге де­йін немқұрайдылық танытып, жеткілікті көңіл аудармай келе жат­­қаны  кім-кімді де таңғалдырады.   Сондай-ақ жаңа заман ағартушылығына бастау болған Ахаңның  «Қазақ әліпбиінің»  1912 жылы Орын­бор қаласынан басылып шығып, елінің қолына тигеніне  100 жыл тол­­мақ.

Ахаң туған  жер
Жоғарыда аталып өткендей, Ахмет Бай­тұр­сынов атамыз  қазіргі Қостанай облысы­на қа­рас­ты Жангелдин ауданының Сартү­бек деген же­рінде 1872 жылы 5 қыркүйекте дүниеге  кел­ген. Сартүбекпен  Аққұм және Алла таға­ланың Арқаның төсіне таққан маржанындай болған айдынды Ақкөл қапталдасып жатыр. Әр көктем сайын  Ұлытаудан бастау алатын Жыланшық өзенінен  кенері  толығып, екінші шетіне көз жетпейтіндей  марқайып,  күмістей жарқы­рап жатушы еді. Бұл Ақкөл тарих таразы­сы­нан өткен талай тарихи оқиғаның да куә­сіндей еді. Сонау  елді бордай тоздырып, еңі­реткен жоңғар шапқыншылығында қал­мақтар  Арқа жеріне дейін еніп,  осы  Ақкөл, Торғай бойында қоныстаныпты. Со­дан Абылай хан үш жүздің басын біріктіріп, қалмақтарға қарсы соғыс ашады. Басы қосылған қазақ әскері қалмақтарды жеңіп, оларды оңтүстікке қарай ысырғанда, Абылай бастаған әскер осы Ақкөлді бойлап өткен екен. Ұлытауда Абы­лайды ақ киізге орап, хан көтергенде де  кіші жүз бен Арқаның басты билері, батырлары  осы Ақкөлді асып барған екен сонда. Қазақ елінің азаттығы үшін ақ патшаның   әскері­мен талай айқасқан Кенесары хан да Тор­ғай жерінде көп тұрақтай алмай, Жетісуға қарай бет алғанда әскерімен  осы  Ақкөлде бірер күн аялдапты. Ахмет Байтұрсынов өзінің  өлеңдері мен әндеріне де  осы Ақкөл мен Аққұмды ар­қау еткен.
Патшаның бұйрығымен 1843 жылы негізі қаланған Торғай бекінісінің картасы бойынша қарағанда Аққұм, Ақкөл жері Торғай өзенінің арғы бетінен шығысқа қарай жайылып, бір шеті Бетпақдаламен шектесіп жатса, Ахаң туған Сартүбек, Аққұм, Ақкөл аймағының бер­гі шеті Торғай өзенімен, Тосын құмымен  жаға­ла­сып жатыр. Бұл жерлерді  негізінен үмбетей руы мекен еткен. Ахаңның үлкен атасы Шошақ, одан туған Ақтас, Байтұрсын, Данияр (Саба­лақ), Ерғазы, Ермағанбет аса бір дәулетті адамдар болмағанымен, ел арасында беделді кісілер болған. 
1885 жылы Қарғалы байланыс бекетінде өтіп жатқан  болыс сайлауына уезд бастығы Яковлев арнайы келіп қатысады.  Болыстыққа Дәуітбай ұрпағы өтеді. Содан тас салушы сайлаушылар алдында дау туындайды. Сол даудың ортасында жүрген Шошақұлы Байтұр­сын  уезд бастығынан   сайлаудың қайтадан әділдікпен  өткізілуін  талап етеді.  Яковлев Бай­тұр­сынды тыңдағысы келмей, дөрекі  сө­з­дер айтып,  жүріп кеткісі келіп атын тебініп қалады, сол кезде намыс қысқан Байтұрсын  қолындағы шыбыртқыны  сілтеп қалады. Оның  бір ұшы Яковлев­тің мойнын орап, Байтұрсын  шыбырт­қыны қайта тартып қалғанда,  уезд бастығы атынан ұшып түседі. Бұл орыс патшасының  өкілі үшін, оның қасына ерген  атты казактар үшін  бұрын- соңды  көрмеген мас­қара  оқиға болды. Сол кезде  болыс сайла­уы­на келген қазақтар үшін  де  таңғалдырған оқиға болға­нымен,  Шо­шақ ұрпақтары үшін  бұл істің арты қайғылы оқиғаларға жалғасты. 1886 жылы сот шешімімен Ақтас, Байтұрсын, Данияр (Сабалақ)  15 жылға Сібірге жер аударылатын болды.
Кейін Ахмет Байтұрсыновтың «Оқ тиіп он үшімде, ой түсіріп, Бітпеген жүрегімде  бар бір жарам... Адамнан туып, адамның ісін етпей, Ұялмай не бетіммен көрге барам?!»  деп жазғаны бар еді. Балалық шағынан  сұмдық әділетсіздіктің  куәсі болып, жүрегі жараланған Ахаң  өлеңіндегі осы сөзін  ғұмырының соңына дейін қағида қылып ұстады, орыс отаршыл­да­рына қарсы, еліміздің Тәуелсіздігі үшін  күресті  және  халқының көзін ашып, сауаттандырып, мәдениеті дамыған елдер қатарына қосу үшін жан қиярлықпен қызмет етті. Ұлы ұстаз Ахаң өз еңбегінің алғашқы жемісін   көзімен көрді де. Өзі ғылыми түзген «Қазақ әліпбиі», грамматикасы, «Әдебиет танытқышы» жарық көріп, кезінде оқу орындарында оқытылды.
Ахмет Байтұрсынов – отаршылдыққа қарсы күрестің бастаушысы, дем берушісі
Қазақ жерінде  оқыған азаматтардың ара­сын­да төңкерістік ойлардың  ұрық шашуы  ХІХ ғасырдың аяғы еді. Оның  бастауында осы Ахмет Байтұрсынов тұрды десек, артық айтқандық  болмайды. Сөзімізді дәлелдеу үшін Сәкен  Сейфуллиннің  «Еңбекші қазақ» газеті­нің 1923 жылғы   19 қаңтардағы нөмірінде жарияланған А.Байтұрсынов туралы мақала­сын­дағы сөзін келтіруге болады: «...Өзге оқыған мырзалар шен іздеп жүргенде қорлық­қа шыдап, құлдыққа көніп, ұйқы басқан қалың қазақтың ұлт намысын жыртып,  ұлттың арын жоқтаған патша заманын­да жалғыз-ақ Ахмет еді». Сондай-ақ 1923 жыл­ғы  4 ақпандағы  «Ақ жол» газеті де:  «...Ұлт қамы дегенді көк­сеген адам болмай, қазақ құлшылыққа кез болғанда, бостандыққа жол көрсеткен Ақаң еді», –  деп А.Байтұрсыновтың отаршылдыққа қарсы төңкерісшілдік  рухтағы қызметін атап көрсеткен. 
1900 жылдан бастап Ахаң  сөз түсінетін қазақты сөзбен ширатуға кірісті. Осы мақсатта И.Крыловтың мысалдарын аударуды бастады. А.Байтұрсыновтың өмірі мен шығармашы­лы­ғын сонау Кеңестер Одағы кезінде зерттеген Рымғали Нұрғалиев өзінің «Алып  бәйтерек» атты мақаласында бұл туралы: «Қалай да ха­лықты ояту, оның санасына, жүрегіне, сезіміне әсер ету  жолдарын іздеген... Кісілердің мінезі, өмір ағысы, тағдыр сабағы, заман қабағына қатыс­ты көптеген жайттарды, әсіресе патша отар­шыларының зорлық- зомбылығы, жуан­дардың тепкісі, елдің азып-тозуына байланыс­ты сарындарды Ахмет Байтұрсынов жұмбақ­тап, тұспалдап, кейде ашық жеткізеді», – дейді.  «Қырық мысал» баспадан шыққаннан кейін ел арасында көптеп тарады, Ахаң ойлағандай кітап өзінің насихаттық рөлін атқарып шықты.
Патша қазақ жерінде Сібір  жерлері тәрізді Ресейге біржола қосып алу және халқын шоқын­дыру саясатын біртіндеп жүзеге асыра бастаған еді.  А.Байтұрсынов патша отаршыл­да­ры­ның бұл саясаты қазақ халқының келешегі үшін өте қауіпті екенін жүрегімен сезді, білді.  Ахаң ол кезде Қарқаралыда қызмет етіп жүр­ген. Жан ұшырып, жергілікті басқару әкімшілігі­нің  қазақ­тарға жасап отырған қиянаттарының заңсызды­ғын айтып, петиция жазуға ұйғарды. Ол пети­ция­ға Қарқаралыдағы көптеген қазақ оқы­­­ған­­­дары қол қойған. Оған «Мыңдаған адам қол қойды» деген дерек те бар. Бұл 1905 жыл болатын (Ресейде «Қанды жексенбі» болған жыл).
Содан бір жыл бұрын, А.Байтұрсынов Ресей Думасына қазақтар   тарапынан депутат болу туралы  ел арасында сөз қозғап, (орыстың сол  кездегі отар елдері арасында Думада тек қазақтан ғана депутат жоқ екен)  Думаға қа­зақ­тан бір өкіл өткізулеріне көмек сұрап, баш­құр­лардың, татарлардың, өзбектердің белді өкіл­дері­не хат жазады. Сөйтіп, патшалық Ресей Думасына қазақтан депутат болуын арманда­ған, сол үшін көп ізденген, содан қазаққа бір жеңілдік болар деп үміттенген бірінші қазақ  осы А.Байтұрсынов атамыз еді. С.Сейфуллиннің «...сонау патша заманында ұлты үшін дауыс көтер­ген кісі еді» дейтіні сол себептен еді.
Ахмет  Байтұрсынов – қазақ  әліпбиінің,  грамматикасының  және әдебиет теориясының  ғылыми негізін  қалаушы
Қазақ елін  сауаттандыруда  тарихи рөл атқарған Ахмет Байтұрсыновтың «Қазақ әліпбиінің» Орынбордан басылып шыққанына   биыл 100 жыл толып отыр. Араб графикасына бейімделген, бар болғаны  28 қаріптен тұратын  бұл әліпби әдістемелік оқулығымен бірге 1912 жылы елдің қолына тиіп, ауылда балалардың сауатын ашу үшін сол жылдан бастап қолданы­ла бастады. Аталмыш оқулықта оқыту әдісі көрсетілгендіктен  бір жағынан, оқытушыларға да жеңіл болды, екінші жағынан, оқушы балалар бір жылда хат тану мүмкіндігіне ие болды. Бұрын араб қарпімен  молдадан оқи­тын шәкірттер үш жылда хат тануды әрең игере­тін. Ал кирилл қарпімен оқығандар өзінің қазақ қалпынан алыстай  бастайтыны байқал­ды. Соның бір мы­салы ретінде айта кетейін, сол кезде Торғайдағы орыс-қазақ мектебінде оқы­ған Әліби Жан­гелдинді  кезінде миссио­нерлер  Ресейдің хрис­тиан­дық діни орталығына жіберген  еді.
1913 жылы  төте әліпбиді игергендер саны­ның көбеюіне байланысты Ахмет Байтұр­сынов  Орынбор қаласынан  осы әліпбимен «Қазақ» газетін шығара бастады. Ахаң «Қазақ әліп­биіне»  қоса, оны оқытуға арналған бірне­ше әдістемелік  оқулық та әзірледі. Олар  кеңес үкіметі тұсында  ашылған мектептерде пайда­ла­нылып, 1929 жылға дейін қолданыста бол­ды.  Елдің сұранысы мен кеңес тұсындағы қазақ мектептерінің қажетіне орай, «Қазақ әліпбиі­нің» оқулықтары  сол тұста тоғыз рет бас­падан басылып шықты. ХХ ғасырдың алғаш­қы кезеңінде «Қазақ әліпбиін» дүниеге әкелген Ахмет Байтұрсынов қазақ тарихында тағы бір ұлы қадам жасады. Ол  сонымен бірге қазақ тілі грамматикасын (фоне­тикасын, мор­фологиясын, синтаксисін  және тер­минология­сын) жүйелі түрде ғылыми  түзеген. Бағамдап қарағанда, бұлар – бірнеше адам ғылыми зерттеп қана жүзеге асыра алатын  филология  ғылымының төрт саласы. Сөйтіп, ұлы Ахаң   қазақтың  дыбыс жүйесін, сөз жүйесін, сөйлем жүйесін, терминологиясын  толық зерт­теп, қазақ тілі грамматикасының негізін салды. Ахмет Байтұрсыновтың лингвистика саласын­дағы бұл ғылыми еңбектерін  кезінде Орта Азия, бүкіл түркі әлемі  мойындап, қолдады және Ахаңның лингвистика саласындағы зор жетіс­тіктерін өздерінің грамматикасында пайдалан­ды. 1929 жылдан кейін кеңес үкіметі саясатымен Қазақстандағы мектептер  әуелі  латын, одан кейін кирилл  қарпіне көшірілге­німен, Қытай мен Моңғолиядағы 2 миллионға жуық қазақ осы күнге дейін Ахаңның 28 қаріпті емлесі мен грамматикасын қолданады. 
ХХ ғасырдың  20-жылдары  қазақ  оқыған­да­ры, интеллигенциясы, жазушылары, ақын­да­ры  болып қазақ мәдениетінің, әдебиетінің, өнерінің іргесін қалап, бекітіп жатқан кез еді ғой.  Ал Ахаңның   сол кезде жазылған  «Әде­биет таныт­қы­шы»  қазақ мәдениетін, әдебие­тін, ғы­лы­мын тағы бір жаңа  биікке көтеріп тас­тады. Кеңестер өкіметі кезінде Ахмет Байтұрсыновтың өмірі мен шығармашылығын зерттеп жүрген ғалым Рымғали Нұрғалиевке осы «Әдебиет танытқыштың» алғашқы нұсқаларының бірін берген КазГУ-дың профессоры Бейсенбай Кенжебаев екен. Кітапты 40 жыл сақтаған ол кісі «бұл кітаптың шарапаты тиетін күн келеді, ол күнді мен көрмеспін, сендер көрерсіңдер» деген екен. Мұндай адамды қазақта әулие дейтін. Бірақ «кітаптың соңғы тарауы болмаған екен» деген сөз бар.
«Ахаң «Мәдениет тарихын» да жазды»  деген дәлелді деректер бар. Бірақ Ахаңның бұл кітабы жоғалып, сақталмаған. Мұны әлі де зерттеу  – ғалымдардың еншісі.
Жалпы, әдебиет теориясын оқулық пәні ретінде жазып шығу үшін  әлемнің философия, психология, әдебиет теориясы ғылымдарының тарихын терең білу қажеттігін кез келген адам пайымдайды. Ең кереметі, ХХ  ғасырдың бірінші жартысында қазақтың көзі енді ашылып келе жатқан кезде жарық көрген Ахмет Байтұрсынов­тың «Әдебиет танытқышын» сол кезде «қазақ әдебиетінің қалыптасуының басында жүрміз»  дейтін ақын-жазушыларды былай қойғанда, көрші Ресейдегі, Орта Азиядағы, түркі тілдес елдердегі  әдебиет, филология мамандары да   мойындады. Олар әдебиет тарихтарында, эн­цик­лопедияларында А.Байтұрсыновтың еңбектерін атап өтті.
Ахаңның «Әдебиет танытқышы» әрбір сауатты адам түсінетіндей  түрде жазылған. Онда әңгіме, роман, өлең жанрларының көптеген түріне ғылыми-теориялық  терең сипаттама берілген. Мұнда да Ахаң көптеген қазақы терминді қолданған және оны оқып отырып, Ахаңның сөз түрлендіргіш қасиетіне таңғаласың. Ахаңның  тіл оқулықтары мен әдебиет таныт­қыш­тағы сол терминдері  өмірде жатырқанбай қабылданды. Терминология да – ғылымның бір саласы. Қазақта осы ғылымның негізін салған – тағы Ахаң.  Шағын мақалада оқулықты толық шолып өту мүмкін емес және қажет те емес. Бірақ Ахаң осы «Әдебиет танытқышта» әдебиет­тің ауыз және жазба  әдебиет болып бөлінгені туралы біршама тоқтам айтқан. Ол әдебиетте қалыптасып отырған бұл көзқарастың жазба әдебиетті ауыз әдебиетінен көтеріп көрсету үшін, ауыз әдебиетін төмендету үшін  істелгенін айтады. Ахаңның ғылыми-теориялық көзқарасы бойынша, «ауыз әдебиеті де, жазба әдебиет те шығармаға жатады, олардың  құндылығы айтыл­ған ойына, мәніне байланысты анықтала­ды». Ал біз ауыз әдебиеті, жазба әдебиет деп әлі күнге дейін бөліп, жазба әдебиетті дәсердей етеміз. Керісінше, қазіргі уақытта жастар арасын­да  жазба әдебиеттен гөрі,  ХVІІІ-ХХ  ғасырларда­ғы ауыз әдебиеті өкілдерінің  шығармалары зор ықпал ете бастаған тәрізді. Осыған қарап та,  Ахаң­ның «Әдебиет танытқышындағы» ауыз жә­не жазба әдебиет туралы  теориялық байламы өте дәл бағамдалғанына көзіңіз жетеді. 
Ахмет Байтұрсынов мұраларының ғылыми бағамдалуы
Ахмет Байтұрсынов – патша өкіметі мен  кеңестер үкіметі тұсында да қоғамдық және мемлекеттік қайраткер деңгейінде қызметтер атқарған тұлға. Сондай-ақ ол – шығармашылық адамы: ақын, жазушы журналист, композитор. Шығармашыл болған адамның өз еңбегінің қоғамда қандай деңгейде бағаланғанын білгісі келетіні рас. Бұл – заңдылық. Өз еңбегінің нәти­жесін көрмей де, талай дарынды өмірден өтті. Ал Ахмет Байтұрсынов атамыз  халық үшін істе­ген қызметтерінің, шығармашылығының баға­сын өзінің 50 жылдық мерейтойы Тәшкенде, Орынборда аталып өткен кезде қазақ елінің басында жүрген мемлекет және әдебиет қайраткерлерінің аузынан естіп, баспасөз беттерінен оқыды. Той кезінде айтылған бағалы, құнды пікірлер  осыған дейін  орыс патшалығы тұсында екі рет сотталып, кеңес үкіметі тұсында  өкімет басындағылардан психологиялық қысым көріп келе жатқан Ахаңның мерейін көтерді. Сонда С.Сейфуллин: «Оқығандардың арасынан шыққан, өз заманында патша арам қулықты  атарман-шабармандарының қорлығына, маза­ғы­на түскен халықтың намысын жыртып, дауы­сын шығарған кісі... Қалай болса да, жазушысы аз ғана, әдебиеті нашар қазақ жарлыларына  оқу-тіл құралдарымен қылған қызметі таудай», – деген-ді.  Мұхтар Әуезов пен Смағұл Сәдуа­қас­ов та Ахаңның халқына сіңірген қызметтеріне жоғары деңгейде баға берді. Бұл 1922-23 жылдардың арасы еді. «Ол кезде ауылдағы есі кірген баладан бастап, еңкейген кәріге дейін Ахметтің есімін білуші еді» деп айтып отыратын үлкендер. Олай дейтіні,  ол уақытта қыстық қант-шайын қамдау үшін шыққан базаршылар, ауқаттылар мен саудагерлер қалаға барғанда  басқа қажеттерімен бірге, Ахаңның «Қырық мысалын», «Масасын», «Әліпбиін» алып қайта­ды екен. Кешке отбасында ағайындар жиналған­да немесе ораза кезіндегі ауызашарда үй ақса­қа­лы сауатты балалардың біріне Ахаңның мы­сал­дарын, «Ерсайынын»  оқытып, жиналған­дар рухани  рақаттанысып қалады екен. Үлкен­дері «осының бәрін қалай біле берген» деп, мәз болып, бастарын  шайқасады. Мысалдардың мәнін түсінгендері «данышпан екен, ә» деп  таңданысады. «Елу жылда ел жаңа, жүз жылда – қазан» деп айтушы еді данышпан қазақ,  сол  «қазанымыз» осы біздің заманымыз шығар. Ахмет Байтұрсынов есімі халқымен  қайта қауыш­ты. Оның артында қалған орасан зор мұра­сы – халқына  таусылмас қазына. Ұлы тұл­ға­ның әлі де ашылмай, көрінбей жатқан қырла­рын зерттеу – ғалымдардың міндеті. 20-жыл­дар­дың бас кезінде Ахаңның еңбектері туралы ең алғаш ғылыми пікір жазғандар – М.Дулатұлы, Шо­нанұлы, І.Омаров (Ученая деятельность Бай­тұр­сынова. 1927ж.)  және т.б.
Ал Ахмет Байтұрсыновтың өмірі мен шығармашылығын Кеңестер Одағы тұсында зерттеген ғалымдар, Рымғали Нұрғалиев пен Рәбиға Сыздықова болды. Қазақстан Тәуелсіздік алған жылдардан бастап Ахмет Байтұрсыновтың өмірін, саяси қызметін, ақындық шығармашылы­ғын және ғылыми еңбектерін  ғалымдар жеке-жеке алып, салаларға бөліп, зерттеу жұмыстарын бастады. Осы  көштің  басында  тұрған жоғарыда  аталған ғалымдармен бірге, ғалымдар З.Қабдоловтың, С.Қирабаевтың, Ә.Қайдаровтың, Ө.Айтбайұлының, Т.Кәкішевтің  ғылыми зерттеу­лері   ахметтануды  биік белеске көтерді. Ахаң­ның еңбектерін терең зерттеуші ғалымдар қатары көбейіп келеді. Оның ішінде ғалым Ө.Әбдимановтың «Ұлттың рухани көсемі», «Ұлт азаттығын ұлықтаған ақын», «Қырық мысал  –төл туынды», «Азатшыл ойға көшбасшы басы­лым», «Қазақ тілінің ұстазы – Ахмет Байтұрсын­ов» тәрізді көптеген зерттеулерін атап өтуге бола­ды. Өткен жылы Алматыдағы Ахмет Бай­тұр­сынов мұражайының директоры Р.Имахан­бето­ва­ның «Ғасыр саңлағы Ахмет Байтұрсын­ұлының шығармашылық өмірбаяны» атты кітабы баспадан жарық көрді. Бұл да ахметтануға қосылған зор үлес болды. Ахаңның артында қалдырған мұрасы бұлақтың көзі тәрізді. Көзін ашсаң, жарқырап жаңа қырынан көріне береді. Дегенмен осы күнге дейін жазылған ғылыми зерттеулер Ахмет Байтұрсыновтың  отаршылдық­қа қарсы, еліміздің Тәуелсіздігі үшін күрескен ұлт қайраткері, ақын, қазақ әліппесі мен граммати­ка­сының, терминологиясының  және әдебиет тео­риясының негізін қалаушы ұлы ғалым, аудар­­машы, фольклорист, журналист  публи­цист, сондай-ақ композитор  екендігін дәлелдеп шықты.
Жұмат ӘНЕСҰЛЫ


КСРО неге қателесті?
Ахмет Байтұрсынұлы жайлы ақпараттық қызықты деректер көп. Солардың бірі – 1974 жылы Мәскеудің Шығыс әдебиеті бас редакциясы тарапынан түркітанушы ғалым А.Н.Кононовтың редакторлығымен жарық көрген «Био­би­блиографический словарь отечественных тюркологов» атты жинақ. Осы кітаптың 115 бетінде Ахмет Байтұрсынұлының өмірі  мен қызметі туралы нақты мәліметтер берілген.
Алаш арысы жайлы кітапқа анықтамалық беру былай тұрсын, оның атын атағандардың соңына шам алып түсетін тұста мұндай «мыр­залық» жасау – таңғаларлық құ­былыс. Тіміскіленіп, тырнақ асты­нан кір іздейтін кеңес билігі мұны қалай ғана байқамады екен? Ахаңның аяулы есімі әлі ақтала қоймаған 1981 жылы тамыздың 31-і күні танымал ғалым Сейітбек Нұрханов Байтұрсынның немересі Самырат Кәкішевке аталған кітапты сыйға тартыпты. Қолтаңбада: «Қадірлі Сәке (Самырат Кәкішұлы)! Халқымыздың ар-иманы атанған ардагер Ахаң туралы ресми рұқсат етілген аз ғана деректі өзіңізге марқұмның оң көзі деп құрметпен ұсынушы – жерлес ініңіз Сейітбек. Ал­маты қаласы, 31 август, 1981 жыл» деп жазылған. Ол кез Ахаң жай­лы жазбақ түгіл, айтуға рұқсат бе­ріл­меген, қазақ арасында аңду­лы шақтың сарыны сақталған кезең бол­ған. Сейітбек Нұрхановтың «Ахаң туралы ресми рұқсат етілген азға­на дерек» деуі де сол сақтық ама­лы болса керек. Тілші ғалымның «хал­қымыздың ар-иманы атанған ар­дагер Ахаң» деп сөз саптауынан-ақ Ахметке деген ұлы құрметті аң­ғаруға болатындай. Осы бір елең еткізер дерек жөнінде өз аузынан естімекке Сейітбек ақсақалға хабарласқанда, ол: «Бұл кітап қолыма 1981 жылдардың алдында түскен еді. Дәл қай жылы екені есімде жоқ. Ахаң жайлы мұндай өмірбаянның Мәскеу кітабында жарияланғанына  қатты қуандым. Сол уақыттың өзінде алашордашы­лардың ұрпақтарымен арагідік пікір алмасып тұратынбыз. Ахаңды ақталады деп ойлаған жоқпыз ғой. 1981 жылы Кавказда демалып, қай­тар жолымда Самырат Кәкіш­ұлымен бір ұшақпен келдік. Сол жолы ол кісіге Кононовтың Ахаң жайлы жазғанын айтып, артынша кітапты сыйға тарттым», – деді.
Енді сол ғылыми сипаттамалық өмірбаянға тоқталсақ. Алақандай мәтінде Ахмет туралы мол мағлұ­мат қамтылған. Жинақ құрастыру­шысы оның туған күнін «28.1.1873 жыл» деп көрсеткен. Ал ахмет­тану­шылардың деректеріне сүйенсек, А.Байтұрсынұлы 1972 жылы қыр­күйектің 5-і күні дүниеге келген. Сон­дай-ақ Кононов қайраткердің өл­ген жылына үлкен сұрау белгісін қойған. Бұл білмегендіктен емес, керісінше «дерек бердім, қалғанын іштерің білсін» деген ишараты болса керек...
Қанат БІРЛІКҰЛЫ


Ұлы ұстаздан жеткен марапат
Қазақстанның Жоғары оқу орындары қауымдастығы біраз жылдан бері еліміздің жоғары білім беру жүйесінің дамуына қосқан зор үлесі, жаңа буын мамандарын даярлаудағы жаңашыл идеялары мен инновациялық ұстанымдары үшін елеулі тұлғалар мен ұйымдарды Ахмет Байтұрсынов атындағы медальмен марапаттап келеді.
Биылдан бастап бұл марапат санатына А.Байтұрсынов атындағы орден қосылып отыр. Қауымдас­тықтың мұндай игі бастамаларына еліміздің Білім және ғылым ми­нистр­лігі жан-жақты қолдау көрсе­тіп келеді. Осы жылдың маусым айында Алматыдағы ғылым орда­сында өткен министрліктердің ке­ңей­тілген алқа мәжілісінде ҚР білім және ғылым министрі Бақыт­жан Жұ­мағұлов Ахмет Байтұрсынов атын­дағы орденнің тұңғыш иегері атан­ды.
Бұл марапатқа министр білім-ғылым саласын дамытуға айтар­лық­тай үлес қосып, оқу орындарын мемлекеттік тілді базалық оқулық­тармен қамтамасыз етуді күн тәрті­біне қойып, күрмеуі қиын мәселе­лер­дің ойдағыдай шешілуіне мүм­­кіндіктер жасағаны үшін лайық деп танылған болатын.
Білікті ғалымдардан құралған арнайы комиссияның шешіміне сәй­­кес Жоғары оқу орын­дары қа­уым­­дас­ты­ғының президенті Рах­ман Алшановтың өзі табыс ететін марапаттар бұдан соң да өз иелерін тапты. Биылғы оқу жы­лы­­ның ал­ғаш­қы күндері Құрманғазы кон­сер­ваториясының ректоры, әйгілі музыка шебері Жәния Әубәкіроваға Ахмет Байтұрсынов атындағы алтын медаль табыс етілді. Сондай-ақ іскер басшы, өнер саң­лағы бас­қаратын Құр­ман­­ғазы атындаға Қа­зақ ұлттық кон­сер­ваториясы А.Бай­­тұрсынов ор­де­німен марапат­тал­ды. Бұған қоса өнер зерттеу­шісі Таңатар Қоңырұлы өнер саласына жоғары дәрежелі мамандарды да­йындаудағы көп жылдық нәтижелі еңбегі үшін А.Байтұрсынов атын­да­ғы күміс медальді омырауына тақ­ты. Бұл ма­ра­паттарды қауым­дас­тық прези­денті Рах­ман Алшанов ұлттық кон­сер­ва­торияның Үлкен залында оқу жы­лының басталуына орай ұйым­дас­тырылған салтанатты кеш­те табыс етті.


Бұдан кейін марапаттау шара­лары 3 қыркүйек күні еліміздің ал­дың­ғы қатарлы жоғары оқу орын­да­рының бірі – Қазақ ұлттық уни­верситетінде жалғасын тапты. Білім қара шаңырағында өткен үл­кен ректорат мәжілісі барысында про­фессор Рахман Алшанов Әл-Фа­ра­би атындағы Қазақ ұлттық уни­верситеті А.Байтұрсынов орде­німен  марапатталғанын жария етті. Өз кезегінде университет ректоры Ғалым Мұтанов бұл марапаттың ұлт­тық университет үшін орны ерек­ше болатындығын атап өтті. Сонымен қатар жоғары білім жүйе­сінің дамуына қосқан зор үлесі жә­не жоғары оқу орындарына оқу­лықтар жазудағы көп жылдық нә­ти­желі еңбектері үшін универ­си­тет ғалымдары, профессор Өмір­хан Әбдиманов – А.Байтұрсынов атын­дағы алтын медальмен және до­цент Бірлікбай Есжанов А.Бай­тұрсынов атындағы  күіміс медаль­мен марапатталды.
Білімділер мен біліктілерді ын­та­ландыруға бағытталған осынау игі бастамалар ұлы ағартушы Ах­мет Байтұрсыновтың 140 жылды­ғы­на орайластырылып отыр. Жоға­ры оқу орындары қауымдастығы еліміздің білім-ғылым саласына серпін беретін мұндай жобалар алдағы уақытта да жалғасын табатындығын айтып отыр.
Алмат ИСӘДІЛ

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста