Тоқтар СЕРІК, әнші: Бекет ағамның жоқтығы білініп тұрады
– Мен білетін Бекет аға қазақтың «сегіз қырлы, бір сырлы» деген теңеуіне сайма-сай, өнер десе өнері бар, әнші, сазгер, өзі мықты әдебиетші, керемет тарихшы, табиғаттанушы, этнограф, тұла бойына қасиетті өнердің бүкілі дарыған ғажап адам еді. Музыка аспаптарымен қатар, ат әбзелдерін, басқа да тұрмыстық бұйымдарды өз қолымен жасайтын шеберлігі қандай еді десеңізші! Ол кісі туралы өткен шақта айтудың өзі сондай ауыр. Өйткені Бекеттей асыл азаматтың елге сіңірген еңбегі, жалпы, жасаған жақсылығы көп. Мен ол кісінің 2-3 өлеңін айтамын. Соның ішінде «Өмірге сауал» деген әні ерекше әсерлі. Мұнда әлдебір өкініш, өксік бар. Күні үшін дос болатын адамдардың әрекетінен жабыққан сыңай байқалады.
Мен ең алғаш ол кісіні ертеректе «Жігіт сұлтанына» қатысқан кезінде көрдім. Бірақ ол – тым жас кезім, аса зер салып қарамағам. Кейіннен бір жігіттермен демалып қайтуға Балқаш жаққа бара жатқанымызда ол кісі де сол топтың ішінде болды. Менің көзіме Бекет аға әуелден батыр болып көрінді. Сол жолы Балқашқа жеткенше ән салып, әңгіме айтып бардық. Былай қарасаң, күнде үйде бірге ән айтып, дайындалып жүрген адам сияқтымыз. Мен домбырамен қай өлеңді айтсам да, ол кісі гитарамен қосылып отырды, бәрін біледі өзі. Ол кезде ел мені білмейді. Бекет аға: «Тоқтар, сен кейін жұлдыз боласың, бірақ мені танымай кетпеші» деп күледі. Өзі сондай қалжыңқой кісі еді. Бұл, әрине, сәуегейлік емес, менің өнерімді танығандығы ғой. Айтса-айтқандай, кейіннен елге танылып, «Тоқтар» болдым. Сол кезде әдейілеп үйіне бардым. «Бекет аға, мен жұлдыз емеспін, баяғы Тоқтармын» десем, қарқылдап күліп құшақтайтын. Мен ол кісіні «ең үлкен досым» деп құрметтейтінмін. Шынымен де біз нағыз досша сырласатынбыз. Қазір қатты іздеймін, сағынамын. Кейде әртүрлі жағдайлар болып жатады, біреуге арқа сүйеп, ақыл-кеңес сұрағың келетін кездер болады. Сондай сәттерде Бекет ағамның жоқтығы білініп тұрады. Мен әлі күнге дейін ұялы телефонымдағы ол кісінің телефон нөмірін өшіргім келмейді, ол кісіні «жоқ» дегім келмейді.
... Ол өзі өте адал жігіт болатын. Көңілі қалса шын қалатын, жыласа шын жылайтын, күлсе шын күлетін. Өзінің туған жері – Қаратау өңірін ешқашан аузынан тастамайтын. Ол десе, ішкен асын жерге қоятын. Әр түп ағашын, көдесін, жусанын, тобылғысын, қарағанын соншалықты құрметтейтін, сүйетін. Бүкіл Қазақстанға «Бүркітші» атымен танылған Бекет ағаның қыран құсты баптау шеберлігі – өз алдына бөлек әңгіме. Сол сияқты ол кісі қазіргі күні «Қызыл кітапқа» енген қазақы төбет пен халқымыздың жарма құлақ тазысын көбейтуге де қыруар үлес қосты, соларды қазақ даласына таратты. Бекет ағадан алған бірнеше қазақы төбеттер, тазылар қазір менің ауылымдағы көптеген шаруа қожалықтарына, жылқышыларға тарап кетті.
1998 жылы таныстық та, содан бастап қатты араластық. Көп сырын маған айтатын. Екеуміздің ұқсастығымыз да бар. Ол кісі даланы сүйеді, мен де даланы сүйемін. Ол кісі туған ауылын қатты құрметтейді, мен де ауылымды қатты құрметтейтін қазақпын. Екеуміз ауылымызды теңестіретінбіз. «Мен Қаратауда, сен Шыңғыстауда туғансың» дейтін. Мен де «Иә, аға, сіз – Қаратаусыз, мен – Шыңғыстаумын» дейтінмін.
Негізі, Бекет ағаның тұла бойындағы керемет қасиеттерінің бәрі бірдей халыққа танылып үлгерді деп айта алмаймын. Жақын араласқан іні досы ретінде айта берсем, ол кісі туралы естелік таусылмайды. Дүниеден қайтарынан 10 күн бұрын шетелге сапарға жүріп бара жатқанымда екеуміз жолығып, 4-5 сағат сөйлестік. Сонда әлі еш жерге жазылмаған, айтылмаған бір әдемі ән орындап, «Мұның атын «Күйші қыз» деп қоямын» деді. Өте бір керемет ән еді. Соны жаттап алып қалмағаныма әлі өкінемін. Дәтке қуат етерім, ағамыздың артында қалған ұл-қыздары бар. Өнерін жалғастыратын да солар болатын шығар деп үміттенемін.