Теңдессіз тұлға ел есінен кеткен жоқ

Теңдессіз тұлға ел есінен кеткен жоқ

Мезгілсіз қазасымен қалың елдің қабыр­ғасын қайыстырып кеткен білікті маман, текті аза­мат Нұртас Қазыбаев тірі болғанда бүгін 55 жас­қа толар еді. Қазақстан медицинасын инновациялық за­манауи технологиялармен жетілдіруге ұйытқы болған аса көрнекті басшы, ота жасаудың мін­сіз техникасын меңгерген теңдессіз хирург Нұр­тас Кәкімжанұлы осыдан бір жыл бұрын бақилық болды. Әріптестері мен шипалы қолының құдіретін сезінген сан мыңдаған адамдар оны «Алла берген абзал дәрігер», «халық академигі» деп жоғары бағалаған болатын. Отыз жылға созылған кәсіби жолында отыз мың ота жасап, мұның сыртында, өмір­ден күдер үзген 5 мың ауыр науқасты ажал­дан арашалап қалған осынау біртуар тұл­ғаның бүгінде орны ойсырап тұр. Нұртас Кә­кімжанұлы жөнінде еліміздегі зиялы қауым өкіл­дері мен әріптестерінің, сондай-ақ оны көр­ген, білген, шарапатын сезінген көпшілік қа­уымның айтары ешқашан таусылмақ емес. Жү­рекжарды сол естеліктердің бір парасы бы­лай­ша сыр шертеді...


Үкілі үзінділер
«Туған Алматым тартады да тұрады...»
(Нұртас Қазыбаевтың баспасөзде жарияланған сұхбаттарынан)

• ...Ер жі­гітке лайық – хирург мамандығын таңдадым. Міне, отыз жылға жуықтап қалды – осы маман­дық­тың отымен кіріп, күлімен шық­қа­ныма. Бірнеше рет жаңа жыл­­ды да операция үстелінде қарсы алуыма тура келген жағдайлар болды. Уақытыңды, ұйқыңды құр­бандыққа шалуың керек. Жауапкершілігі өте жоғары әрі өте ауыр еңбек болса да, осындай мамандық таңдағаныма еш өкінген емеспін. Хирургтің еңбегі – шахтер, оған қоса, математик және шахматшының еңбегімен пара-пар. Себебі әр жүрісіңді қатаң есептеп, үнемі бақылауда ұстауың керек.

• ...Ресейде, Швейцарияда, Фран­ция мен Германияда, Из­раильде тәжірибеден өтіп, жұмыс та істеп, операция да жасадым. Жақсы жалақы төлеп, барлық жағдайымды жасауға уәде ет­кенімен, ол жақтарда қала алма­дым. Өз Отаныңа, өз ошағыңа бә­рібір еш нәрсе жетпейді. Мені қай­да жүрсем де туған Алматым тартады да тұрады.

• ...Менің ойымша, өмірін сақтап қала алмаған әр науқаспен бірге дәрігер де «өледі». Ажалдан арашалап қала алмағаны үшін дәрігерлер мұндай жағдайды терең қабылдайды, жаны күйзеліп, қатты қиналады. Өйткені дәрігер науқастың барлық жағдайына сараптама жасап отырғандықтан оның жай-күйін біледі. Көп уақыт емдеп, онымен бірге әңгімелесіп жүргендіктен де дәрігерге науқасын ажалдан арашалай алмау өте қиын соғады. Дәрігер науқас үшін туысқандарынан да артық алаңдайды, қайғырады.

• ...Оқу орнын жаңа бітіріп, дипломын алып шыққан студент бірден дәрігер болып кете алмайды. Төрт-бес жылдық тәжірибеде төселіп, жолы болып, жақсы ұстазға жолықса, соның көрсеткендерін ерінбей-жалықпай үйреніп, өзіндік ізденіс жүргізсе ғана белгілі бір дәрежеде оқыған мамандығының мәнін түсінеді. Алдына келіп тұрған сырқаттың ауруын бірден байқай алатын дәрігерлік түйсікке, сезімталдыққа ие болады.

• ... Соңғы уақыттары денсаулық сақтау саласына қаражат көп бөлінуде. Бірақ соны қалай жұмсау керек? Бұл – басқа сауал. Бөлінген қаржының өзі пайдалы мақсатқа жұмсалмауы ықтимал. Мысалы, ақшамыз бар, соңғы заманауи аппараттарды шетелден сатып алуға болады, ал онымен кім жұмыс істейді? Бұл жерде тағы да айналып келіп кадр мәселесіне тірелеміз. Өйткені жоғары оқу орындарында студенттерді осы технологияға бейімдеп оқытсақ, олар оқуды бітіріп шыққанша әлгі аппарат ескіріп, оның орнын басқа жабдықтар алмастырады. Ортаңқол мамандар емес, кәсіби шеберлігі жоғары, өз ісіне адал кадрлар табу – өткір мәселе.


Көзкөрген
Адамгершілігімен емдейтін...
Көпжасар НӘРІБАЕВ, ҚР ҰҒА академигі:

Нұртас Қазыбаевтың қазасы өте ауыр қа­за болды. Өйткені Нұртас өмірден өте ер­­те кетті. Жақсы маман ретінде қалып­та­­сып, ел-жұртына танылған кезінде өмір­­ден озды. Өте өкінішті, әрине. Сон­дық­тан оның өлімі де еліне, жұртына, бә­рі­мізге өте ауыр болды. Бұл орны толмас, қай­ғылы қаза. Бұған Нұртасты шығарып сал­ғанда көзіміз жетті. Нұртасты тек әу­ле­ті, достары мен жақындары ғана емес, бү­кіл ел болып жоқтап, шығарып салды. Бұ­л енді Нұртастың тек өзінің әулетінің ға­на емес, елінің, бүкіл қазақтың ұлы екен­ді­гін, сондай дәрежеге көтерілгенін, хал­қы мо­йын­дағанын көрсетті. Шынын айт­­сақ, бү­кіл ел болып қатты қайғырдық, жоқ­тадық.
Ең бірінші, Нұртас өте керемет маман бо­латын. Көрген-білген жұрт оны «қолы ал­­тын хирург», «алтын қолды дәрігер» дей­­тін. Себебі ол сан мыңдаған адам­дар­ды ажалдан арашалап қалды. Солардың бә­рі Нұртасқа шын көңілмен алғысын ай­тып, қариялар болса, батасын беріп жа­татын. Солардың ішінде мен өзім де бар­мын. 2008 жылы Нұртас өз қолымен өті­­ме операция жасады. Құдайға шүкір, бә­­рі сәтті болып, жақсы аяқталды. Биыл кө­зіме операция жасағанда Нұртас бас­тан-аяқ қасымда болды. Өзі жасамаса да, опе­­рацияға дейін де, одан кейін де жо­лы­­ғып, «Аға, қалай болды, не болды?» деп қайта-қайта сұрап отырды. Бұл оның тек қана маман, дәрігер ғана емес, адами қа­сиеті жоғары азамат екендігін көр­се­те­ді.
Жалпы, көптеген дәрігерлер емдеген кезде дәрісін беріп, емін жасап, сонымен шектеледі ғой. Нұртастың керемет қасиеті – ол өзінің адамгершілігімен емдейтін, ауруға бар жан-тәнімен, ықыласымен, шын көңілімен қарайтын. Өзі өте кі­ші­пе­йіл бо­латын, қарапайымдылығы тағы бар. Адам талғамайтын, елдің бәрін шын пе­йі­лімен жақсы көретін. Менің өзімнің Нұр­тас­пен жеке қарым-қатынасым ерек­ше. Өйткені Нұртасты жастайынан бі­ле­мін. Ке­зінде он жылдан астам есікпе-есік көр­ші болып тұрдық. Нұртастың өсіп-же­тіл­генін, азамат болып қалыптасқанын, жақ­сы маман болып, елдің аузына ілін­ге­нін мен өз көзіммен көрген, өз құла­ғым­мен естіген адаммын. Нұртастың жетістіктеріне қуанған, кезінде құттықтаған адамдардың бірімін.
Адами қасиеті бар, маман ретіндегі мықтылығы бар, мұның сыртында Нұртас – өте бір текті әулеттің өкілі. Мен Нұр­тас­тың әкесі Кәкімжан ағамен көп жылдар қыз­меттес болдым, сол кісінің қа­ра­мағында істедім, ақыл-кеңесін тыңдадым, ша­рапатын, жақсылығын көрдім. Кәкім­жан ағамыз белгілі жазу­шы­­лығымен қа­тар, көрнекті мемлекет қайраткері бо­латын. Нұртастың әкесінен қа­былдаған ке­­ремет бір қасиеті – ол кісі де елге, ха­лық­­қа жақсылық жасап жү­ре­тін. Нұртаста әке­сінің сол қасиеті, тектілігі бар. Орынша жеңгеміз де жай адам емес, ұзақ жылдар ұс­таздық етті, көптеген адам­дарды тәр­бие­леді, жазушылық қы­ры да бар. Әрине, осын­дай тәрбиелі әу­лет­тен шық­қан адам да жай адам бол­майды. Нұр­тас осы үлкен әу­леттің сенімін ақ­тады, Қа­зыбаевтар әу­ле­тінің абыройын асырды, ме­рейіне ме­рей қосты. «Е, мы­нау Кә­кім­жан­ның бала­сы екен ғой, Қа­зы­баев екен ғой» дегендей үл­кен абы­ройға жетті. Осы әу­леттің құр­метіне ла­йық азамат болды. Жә­не тек қа­на әу­лет­тің емес, бүкіл халық­тың, елдің, қа­­зақ­тың азаматы болды. Суық хабарды ал­ғаш естігенде өзім қатты қи­налдым, бі­раз уақытқа шейін өз-өзіме келе алмадым. Се­бебі Нұртас нағыз жанып тұрған кезінде кетті. Енді жатқан жері жайлы болсын, нұры пейіште шалқысын. Оның Нұртас де­ген аты ешқашан ұмытылмайды. Өйткені Нұр­тастың қолы тиген, Нұртастың жақ­сылығын көрген, онымен кездесіп, сөй­лес­кен азаматтар Нұртасты еш уақытта ұмытпайды, әрқашан есінде сақтайды.
Қарап тұрсақ, Нұртас 1995 жылдан бас­тап ҚР Президенті Іс басқармасы Ор­та­лық клиникалық ауруханасында істейді екен. Оның ішінде 1996 жылдан бастап хи­рургия бөлімшесінің меңгерушісі бол­ған. Бұл аз уақыт емес. Соңғы кезде ау­ру­хана бас дәрігерінің орынбасары болды, бар­лық хирургиялық іс-шаралар, опе­ра­ция­лар Нұртастың қарауында, қам­қор­лығында болды. Қызмет істеген ұжымы, дә­рігер достары бар, Нұртасты есте қал­дыратындай шараларды жасауы тиіс. Мысалы, хирургия бөлімшесіне ме, бас­қа­ға ма, Нұртастың атын берсе жақсы бо­лар еді. Күнделікті көрген, білген, ара­лас­қан әріптестерінің естелігін жинап, кітап етіп шығарса жақсы болар еді. Қалай де­ген­мен де, Нұртасқа қандай атақ берілсе де, нендей сый-құрмет жасалса да артық емес.


Әріптестер айтқан сыр
Ағамдай арқа сүйейтін едім
Гүлзада НҮСІПБЕКОВА, Нұртастың курстас, қызметтес досы:

...Соңғы жиырма шақты жыл бойы біз Нұртаспен бірге қызмет істеп, тек дос қа­на емес, ағалы-қарындас қалпына еніп кет­­к­ен едік. Лауазымдарымызға қара­мас­тан, ол мені «Гулька» дейтін, мен оған ағамдай арқа сүйейтінмін.
Нұртастың дәрігер ретіндегі кәсіби шеберлігін бәрі жазып та, айтып та жатыр ғой. Мен өзім бір мысалды ғана еске алғым келеді. Туған әпкем Гүлмира ауыр халде ауруханаға түскен. Асқынған зоб дертіне ота жасау керек. Таңертең оны ота бөлмесіне алып кетті. Сол-ақ екен, Нұртас телефон соғып: «Гулька, сенің әпкеңе мен екі отаны бірден жасаймын, өтінде тас бар екен, қабынып тұр. Қалдырған күнде де бір жетіге жетпей қайтып келеді, соны ай­тып қояйын деп едім», – деді. Мен, әри­не, шошып кеттім: «Өліп қалмай ма? Жез­демді шақырып, рұқсат сұрайын», – деймін.
«Неге өледі, өлмейді, қорықпа. Сенің әпкеңді өлтіріп, қарап тұрады деймісің?!. Уа­қыт жоқ, науқас ота үстелінде, мен кет­тім!» – деді де, Нұртас тұтқаны қоя салды. Менде зәре жоқ. «Ұзақ ауырып, жүдеп-жадаған әпкем екі бірдей отаны көтере алмаса қайтем?» деймін, «бірдеңе болып кетсе, жездем мені қоса өлтіреді, құдай-ай, не болар екен?» деймін. Арада үш сағат өтті, хабар жоқ. Шыдай алмай, ота бөлмесіне қарай жүгірдім. Жете бер­ге­німде Нұртас өзі шыға келді, күліп келеді.
«Ә, қорықтың ба?! Айттым ғой, бәрі жақсы болады деп, бәрі дұрыс, қазір жан­­сақ­тау бөліміне әкетеді, көп ұзамай есін жия­ды, барып көр өзің», – деді де, ар­қам­нан бір сипап қойып жүріп кетті. Әп­кем есін тез-ақ жиды, палатада отыр­мын. Өзі бір әзілкеш, күлдіргі адам, бұ­рын да бір отадан өткен, сонда ұйықта­та­тын дәрі бе­рер алдында соңғы сөзін «Про­щай, Ро­дина», – депті. Кейін оны ес­ті­гендер күліп, «Прощай, муж» немесе «пр­о­щайте, де­ти», «прощай, мама» де­мей, бүкіл Роди­на­да нең бар?» десе: «Ен­ді осындай кезі келгенде советтік патрио­тизм­ді көрсетіп қалғым келген шығар», – деген екен.
– Бұл жолы Нұртасқа не дедің? – деп сұрадым күліп.
– Еш нәрсе деген жоқпын. Ең соңғы есім бар сәтте желкемнің астына қатты бір­деңе қойып, басымды шалқайтып, қа­йыр­ғанын білемін. «Құрбан шалатын қой сияқты бауыздайды екен-ау!» деген ой кел­ді. Одан кейін еш нәрсе білмеймін. Бір қызығы, еш жерім ауырған жоқ, жай­барақат бір тыныштықта, рахатқа ба­тып жатырмын. «Әй, осы мен пе­йіш­тің тө­рі­нен бір-ақ шыққан жоқпын ба?!» деп ой­лай­мын, – дейді әпкем. «Зоб ісі­гімен қоса, өтіңді тастарымен бірге алып тас­­та­ғанын білесің бе?» десем, «Оны мүл­де сезіп жатқан жоқ­пын. Ота де­ген­нен өл­ген­ше қорқушы едік, дәрігердің бәрі Нұр­тастай болса, денедегі артық нәрсенің бә­рін алдыра беруге болады екен», – деп күледі әп­кем. «Қолы қан­дай жеңіл еді. Нұртастың бір оқпен бірнеше қоянды атып ала бе­ре­тінін біл­ген­де «тамағымның ас­тын­дағы сал­бы­рап тұрған майды сы­лып алып, жа­ра­сатын жерге жапсыра сал­­шы» дейтін едім» – дейді. «Енді неге айт­па­дың?» деп күлген әйелдерге: «Ег­де­леу дәрігер бол­са ай­татын едім, «тә­те­леп» жүрген ба­уы­­рым­дай Нұртасқа әзіл­деуге аузым бармады» дейді. Бәріміз бұл әзілді әрі қарай қаз­ба­лап, неше саққа жүгіртіп, күлкіге бөлендік.
 Жалпы, ота деген оңай нәрсе емес еке­ні белгілі. Отадан өткен көп науқас­тардың қиналып қалатын кездері болады. Ал мына палатада жатқан науқастардың дені тазарған сияқты, көңілдері көтеріңкі, әзілдейді, күледі, дерттен арылған, өмір­ге деген үміті оянған. «Құдай сақта­ды» десе-дағы, қолымен бері тартып алған ота­шы дәрігерлердің ғажайып құдіретіне таңданады, ризалық білдіреді, «шебер дәрігердің шипалы қолы ауыр отаның өзін жеңілдете алады екен-ау» деп, Нұр­тас­­тардың барына шүкіршілік етеді. Дә­рі­­герге бұдан артық қандай құрмет бол­сын!
 Осы орайда, мен Нұртас дәрігердің тағы бір ерекше қасиетін атап өткім келе­ді. Ол орысша айтқанда, адамдардың «настрой», «настроение» деген сезім­де­ріне ерекше көңіл бөлетін. Анығырақ айт­қанда, науқастардың да, емшілердің де көңіл күйлерін бақылап, байқап жүретін. Науқас адам ем шараларына да, емші дәрігерлерге де сеніммен қараса, шын пе­йілімен қабылдаса, сенсе, ондай адам­ды емдеу де жеңілірек. «Ем – сенім­ге, се­нім – сезімге серік, бір-біріне са­бақ­тас ұғым­­дар» деп білетін. Сондық­тан да ол ең ал­дымен өзінің дәрігерлік білімін терең­нен тартып, бар ауқымымен бойы­на сі­ңір­­ген, кәсіби біліктілік қанына сіңіп кет­кен, көп отаны қолымен өткеріп, көп тә­­жірибені жинап үлгерген, шыңдалып біт­­­кен шымыр жан еді. Оның жүзінен еш­қа­­шан әлденеге абыржу, қобалжу де­ген­дер білінбейтін. Денесін тік ұстайды, ая­ғын нық басады, жайдары жүзі әрқашан жар­­қын, жұрттың бәрімен жылы аман­дасады, сергек жүреді, сеніммен, сендіре сөй­лейді. Оның жылы шырайы, ақжар­қын­ ашық көңілі, әсерлі әзілдері, табиғи та­ғы­лымы кез келген жүректі селт еткізіп, кез келген жанды өзіне тартып әкетер еді...

Жүзінде нұры тасып тұратын
Ғалия РАХМЕТОВА, Нұртастың әріптесі, гинеколог-хирург:
Нұртас – өте жоғары кәсіби деңгейі та­биғи тума талантпен ұштасқан бір ға­сыр­да бір туатын дәрігерлердің бірегейі. Ол адал, сәбидей ақжүрек болмысымен бір көрген жанды өзіне баурап алатын бек­зат болмыс иесі еді. Көрген адамның есі­­н­ен кетпейтін. Науқас адам дәрігердің дә­рісінен бұрын оның бір ауыз жылы сөзі мен жайдары қабағына мұқтаж болады. Сондықтан өзгенің жанын өзінен артық қоя­тын, мейірімді жаннан ғана Нұртастай дә­­рігер шығады. Әсіресе хирургтің өзге дә­рігерлерден екі есе мейірімді, екі есе жай­дары, екі есе адал болғаны абзал. Өйт­­кені әл үстінде жатқан адамдар дәрі­гер­­ге өз өмірін сеніп тапсырады ғой. Осы жағынан қарағанда Нұртас нағыз хирург еді. Дертіне дауа іздеп келгендер оны көргеннен-ақ өмірін сеніп тапсыратын. Ота жасаудың қас шебері болатын. Оның ота­лары өте сәтті шығып, талай жандар өмір­ге қайта келгендері үшін шынайы ықы­­­­ластарымен, куаныштан көздеріне жас алып Нұртасқа алғысын жаудыратын.
Біз кейде жайшылықта күпініп, мына жа­рық дүниеде мәңгі жүретіндей көреміз ғой. Қатты ауырып, шыбын жанымыз мұ­рын­­ның ұшына келгенде тіпті өзіміз дә­рі­гер бола тұра, кімге барарымызды біл­мей қа­ламыз. Сондайда сүйенеріміз Нұр­­тас еді. Ол өміріміздің араша­шы­сын­дай көрі­не­тін. Ол барда өзімізді биік қор­ған­ның қал­қасындағыдай се­зі­не­тін­біз.
Нұртас ешқашан қабақ шыту дегенді біл­мейтін. Біздің аурухананың басқа ем­деу орындарынан бір саты болса да жо­ғары тұратынын ескерсек, яғни бұрын мұн­­да депутаттар, ел тізгінін ұстаған аза­мат­тар, қаламгерлер, артистер секілді елі­­міздің беткеұстарлары ғана емделе ала­­тын. Соңғы он жыл көлемінде ғана қа­ра­­пайым адамдарға ақылы түрде қызмет көр­сетуге рұқсат етілді. Айтпағым, лауа­зы­мы жоғары, танымал адамдардың кө­бісі тәкаппарлау, өркөкіректеу келеді. Олар ауырғанда мінездері тіпті екі есе қиын­дап кетеді. Нұртас олардың әрқай­сы­сының көңілін тауып, ауруы жанына бат­­қанда көрсетіп қалған мінездеріне кү­ліп қарап, өзін бейне олардың баласы, бі­­рінің інісі, бірінің жақын сырласы ре­тін­де ұстайтын. Сондықтан ауруынан айық­қан­­дар алғысын жаудырып, оның жібек­тей мінезіне тәнті болатынына талай куә бол­дық. Адамдарды шен-шекпені, атақ-дә­режесі, байлығына бола бөле-жара қа­раған емес. Ол үшін адам деген бір ға­на ұғым болды. Науқастың өміріне қауіп төнсе, қолынан келгенше құтқарып қа­луға тырысатын. Ажалға арашашы бол­ға­нын ешқашан бұлдаған емес. Бұл – екі­нің бірінің қолынан келе бермейтін мәрт­­тік, адам деген атқа, арға, дәрігерлік кә­сіп­ке адалдық. Біреу сенер, біреу сен­бес, шын­ды­ғында, Нұртас Кәкім­жан­ұлы­ның әр тір­лігіне адам сүйсінетін. Қандай іс­те де ба­рын, жанын салатын. Не нәрсеге болсын жүр­дім-бардым қарау оның бол­мысына жат еді. Қолға алған жұмысын кә­сіби дең­гейде орындап шығатын. Қа­рап отырсам, Нұр­тас үшін тығырық деген ұғым бол­маған секілді. Өзі өмірге құштар жан бол­ған­дықтан, кез келген қысылтаяң шақтан жол тауып шығатын.
Нұртас жамандыққа өзгені емес, өзін кі­­нәлайтын, әр адамның өмірі үшін қай­ғы­рып, әр адамның амандығы үшін қуа­на­тын санаулы деген ізгі жандардың қа­та­рынан болды. Ол ешқашан «мен іс­­те­дім, мен аман алып қалдым, сол үшін сен маған қарыздарсың» деген емес. Жай дәрігер мен нағыз дәрігердің айыр­ма­шы­лығы, міне, осында.
Қызмет бабынан тыс та біз Нұртаспен от­басымызбен жақын араластық. Де­ма­лыс­қа, алыс сапарға, қонаққа барсақ та екі отбасы қатар жүретінбіз. Нұртас бізден бір­­­шама жас кіші болғандықтан, кі­ші­пе­йіл­дік танытумен ылғи көзге түсетін. Тіп­ті бі­реудің қателігін көріп тұрса да, «олай емес, қате­ле­сесіз, былай» деп көр­ген емес. Күні кеше ғана көз алдымызда жай­да­­­ры күл­кісімен, жібектей мінезімен сүй­сін­­­діріп жүрген азаматымыздан айы­ры­лып қала­мыз деп ешқайсымыз ой­­­ла­­мап­пыз. Қаншама жыл қасында жүр­сек те, оның тым құрыса бір рет «жү­ре­гім» де­генін естімеппіз. Сон­дықтан да Нұр­­­тастан айырылып қаламыз-ау де­ген ой еш­қайсымыздың үш ұйықтасақ тү­сі­міз­­ге кір­мепті.
Өмірде барша адамның атына заты сай бола бермейді. Нұртас десе дегендей-ақ, жүзінен нұры тасып тұрған жан еді. Егер «Жаннатта өмір сүретін адам қандай бо­луы керек?» деп сұраса, мен еш ой­лан­бастан Нұртасты атар едім...


Бетті дайындаған Роза Қараева

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста