Зейнолла Қабдолов ағамыздың өмір тарихына үңілген сайын «Ұстаз болу – өз уақытын аямау, өзгенің бақытын аялау» принципіне адал қызмет еткенін аңғарасыз. Ол кісінің қазақ үшін қалдырған мұрасы көп. Әдебиет пен ғылымнан бөлек, қаламгерді ілтипаттың асқарына, қошеметтің төріне қондыратын да осы ұстаздық ұстанымы секілді.
Жүзінен шуақ, әр сөзінен жылылық төгіліп тұратын ұлы ұстаздың дәрісін тыңдау бақыты бұйырған кез келген шәкірттің бүгін ұстазын сағынуы, оған жүрекжарды жылы лебізін білдіруі – заңдылық. Өмірінің 60 жылын арнаған бұл жол Зейнолла ағамызды шығармашылық тұлға есебінде ғана емес, өз кәсібінің кемеліне айналдырды. «Ең шәкірті көп ұстаз» атанған ағадан дәріс алған кешегі ұл-қыздардың өздері бүгін елге сыйлы, ғылымға, білімге, әдебиетке, жалпы рухани кеңістікке өз үлестерін қосып жүрген танымал талант иелеріне айналған. «Бейнеттің зейнеті» деген осы шығар, бәлкім.
Зейнолла Қабдолов ағамыздың үйіндегі Сәуле апайымызға хабарласқанымызда ол кісі: «Ағаларың жайлы мен кең көлемде, майын тамызып, әдемі естеліктер айта алмаймын, ал мен айтатын тар көлемге ол кісі сыймайды. Ағаларың бір үйдің ғана адамы болған жоқ. Бүкіл еңбегін Алаш жұртына арнады. Ағаң жайлы айтар естеліктердің де салмағының қалай болуы керектігін «Алаш айнасы» деген атаудың өзі айтып тұр. Ондай ауыр жүкті атқару мен сияқты сексен беске келген шынашақтай апаларыңның қолынан келмейді ау, айналайын. Ұлы тұлғаны ұлықтап жатқан бүкіл қауымға алғысым шексіз», – деді. Ініге қамқор, ағаға қолғанат бола білген кең жүректі азамат, білім-білігімен, парасат-пайымымен шәкірт жүрегіне жол сала білген ұстаз жайлы айтылар естеліктің жауапкершілігін сезінген Сәуле апайымыздың көрегендігі – ерін сыйлауға тиіс ел аруларына үлгі.
«Карьеризм – жалтыр мұз», – дейтін Зейнолла Қабдолов ағамыздың өз мамандығына адал, әрі ұзақ жылдар бойы қалтқысыз қызмет етуі Мұхтар Әуезовтей ұлылар салған ұстаздықтың мехнаты мен рахатын бүкіл болмысымен сезіне алуында шығар. Зейнолла ағадай сұңғыла ұстаздың өз мамандығын жанымен сезініп, алдына келген әр баланы өз баласындай бауырына басуы бүгінде шәкірттерінің арасында үлкен құрметпен айтылады. Шәкіртке дос, бауырдай қарау, талантты жасты танып, оны қанаттандыру секілді ең ізгі қасиеттердің бәрі осы құрметті профессор, Әуезов шәкіртінің есімімен тел ұғымдай қабылданады. Ұлы ұстаздың өмірлік мақсат-мұратының орындалғанын осыдан көруге болар. Замандас болған, қаламдас, қанаттас болған шәкірт, бауыр, достарының абзал аға жайлы естеліктері мен шығармашылығы жайлы айтылар әңгімелері де талай жылдарға жүк. Көзі тірі болса, 85 жасын тойлауға тиіс ұлы суреткер, қайталанбас талант, аяулы ұстаз бейнесі бүгін ағаның шәкірттерінің естеліктерімен тұлғалана түспек.
Өмірхан Әбдиманұлы, филология ғылымының докторы, профессор:
«Әр сабағы өзінше мектеп еді»
Зейнолла ұстаздың әр сабағы өзінше бір мектеп еді ғой. Бірінші курстың бірінші емтиханы «Әдебиеттануға кіріспе» пәнінен болды. Келесі емтихан қабылдаушылар «Зекеңнен үш алған, төрт алған балаға бес қоя алмаймыз» деп әзіл-шыны аралас ойларын ашық айтатын. Бұл, әрине, Зекеңнің сол кездегі беделі мен білігін танытатын, айбыны мен абыройының көрсеткіші іспетті нәрсе. Ал Зекеңнің ол кездегі білімге, ғылымға деген адалдығы берік болатын. Оның өзіміз куә болған бір дәлелі – бірінші курстың көктемінде өткен Студенттердің сәуір ғылыми конференциясы.
Мені бірінші курста Алма апай жетектеп әкеп Тұсынбек ағайдың ғылыми үйірмесіне қосқан-ды. Өзі ғылыми жетекшім болды. Тақырыбым «Біржан-Сара» айтысының зерттелуі» деп аталатын. Дайындық курсында берілген бұл тақырыпты алдында алғым келмей, басқа бір «жөні түзу» атақтылау тақырып сұрап барғанымда Алма апай: «Өмірхан, бұл тақырыптың қызықты жайлары бар. Айтыста «болды», «болмады» деген пікір-таластар өте көп, бәрін салыстыра қарастырып, бүгінгі сол айтыстан хабары бар адамдардан дерек жинап, өз ойыңды білдірсең, ұтары көп болады», – деп ақыл-кеңес берген-ді. Кейін тақырыптың ішіне енген соң көп нәрсенің байыбына жетіп, өзім де ізденіске түсіп кеттім. Әсіресе ұстазымыз Ыбырайым Мамановтан көп жайтқа қанықтым. Осы тақырыппен әлгі үлкен конференцияға шықтым. Студенттердің сәуір конференциясына кафедра меңгерушісі ретінде профессор Зейнолла Қабдолов төрағалық етті. Мұндай жиынға алғаш қатысуымыз, көңіл күпті, ертерек баяндамамызды жасап кетсек деген ойда жүрміз. Мен баяндамамды жасап болған соң, жиынның аяғын күтпей, Мұхтар Шахановпен болатын кездесудің дайындығына кетіп қалдым. Конференция біткен соң кездесуге курстасым Дос Көшім келіп, менің бірінші, өзінің екінші орын алғанын айтты. Бұл бірінші курс студенттері үшін үлкен табыс болатын. Қуанышымызда шек жоқ. Менің жұмысым жөнінде жетекшімнен басқа Тұрсынбек Кәкішев, Сейділда Ордалиевтер өте жақсы пікірлер білдіріпті. Қорытынды сөзінде Зейнолла ағай да көтермелеп сөйлеп, жоғары бағалапты. «Бірінші курстығына қарамай, осы балаға бірінші орынды берейік, талабы керемет, біраз жұмыс тындырыпты, алдағы ізденістеріне жол ашайық» деген ойларын алға тартыпты. Ұстазың солай бағалап жатса, қалай қуанбайсың.
Міне, ұстаздың шәкіртке деген адал көңілінің әсері қандай боларын осыдан көруге болады. Әсіресе ол Зекеңдей жұрт мойындаған ұлы ұстаз болса. «Ұстаздық – өзгенің бақытын аялау» деп өзі жиі айтатын қанатты сөздің сыры осында жатса керек-ті. Сол конференциядан кейін Зекең мені өзінің секциясы бойынша студенттер конференциясының хатшысы етіп алды. Төртінші курсқа дейін екі жыл әдебиетші студенттер конференциясы кезінде қасында бірге болдым. Сөйтіп, Зекеңнің жанында жүрмесек те, соңынан еретін бақытқа ие болдық.
Ол кісі мені еркелетіп: «Бұл біздің Вальдхайм ғой», – деуші еді. Сол кезде ООН-ның Курт Вальдхайм деген бас хатшысы болған, мені соған «теңеген» әзілі ғой. Ол да мен сияқты ашаңдау кісі болатын. Зекең не десе де бізге балдай жағушы еді. Ол кісінің әзілі әсте адамды кемсіту немесе кекету тұрғысынан айтылмайтын. Нені айтса да тауып айтатын. Көбіне әзіл-қалжыңы адамды көтермелеу үшін айтылатын іспетті еді. Қандай отырыс, мәжіліс болсын, айналасына, мерекелік дәстүрдің салтанатын шашып, жарқылдаған көтеріңкі көңілдің нұрын сеуіп отыратын еді. Бүгінде кезінде Зекеңмен жақсы дос, жарқын жолдас болғандардың біразымен аралас-құралас болып жүрміз ғой, солардың біреуінен «Зекеңе деген бір сәттік ренішін, болмаса біреудің көңілін қалдырыпты» дегенін естіген емеспін. Жаны жарық адам еді ғой ұстазымыз.
Жаңғара Дәдебаев, филология ғылымының докторы, профессор, академик:
«Ғылыми-шығармашылық ойлаудың дара һәм сара жолын салды»
Ақыл-парасат туралы әркімнің өз түсінігі бар. Әл-Фарабидің айтуына қарағанда, қатардағы қарапайым адамдар пайымдыларды ақылды деп есептейді, ал пайымдағыштықты, пайымдылықты ақыл деп біледі [2, 227]. Мәртебелі ұстаз кейбіреулердің пайымдағыш адамдарды дана деп атайтынына, ал даналықтың дүниеде бар үздік заттар туралы үздік білім екеніне назар аударады [2, 230]. Егерде үздік білім дегеніміздің өзі дүниедегі бар үздіктердің ең үздігі – адам туралы үздік білім болмаса, онда оған даналық болу міндетті емес. Мұны да әл-Фараби айтады [2, 231].
Екінші ұстаз қалыптастырған қағиданы дамыту арқылы Зейнолла Қабдолов әдебиеттің басты заңдылықтарын анықтады. Сол заңдылықтар негізінде әдебиет дегеніміздің халықтың ақыл-ойының, абыройының, ар-ожданының бейнеленуі екендігі, ал халықтың ақыл-ойын, абыройын, ар-ожданын шынайы бейнелеу ардың ісі екендігі, әдебиеттанудың халықтың ақыл-ойы, абыройы, ар-ожданы жайындағы ғылым екендігі туралы қағидаттар жүйесінің негізін қалады. Оны біз әдебиеттанудағы Қабдолов Зейнолланың заңы деп білеміз. Бұл, әрине, И.Кеплердің заңдарынан қымбат емес, И.Ньютонның заңдарындай құнды емес. Бірақ ол И.Кеплердің заңдарынан ардақты, И.Ньютонның заңдарынан аяулы. Олай болатын себебі – Кеплер мен Ньютонның заңдары секілді заңдар табиғат жаратылысы туралы білімге негізделген және табиғатта әу бастан бар. Барды танып, бағалай білудің өзіне де даналық керек.
З.Қабдолов сөз өнерінің теориясы мен әдіснамасы саласында өзіне дейін болған, бар тәжірибелік пайымдаулардың, теориялық қисындар мен қағидалардың, сондай-ақ талдау мен жинақтаудың, байқау мен бағалаудың, саралау мен даралаудың, ойлау мен ой дамытудың өзіне дейінгі барлық ұстанымдарының, әдістері мен тәсілдерінің толық білгірі ғана болып қойған жоқ, оларды өзінің зерттеу еңбегі үдерісінде асқан шеберлікпен пайдалана отырып, ғылыми-шығармашылық ойлаудың дара һәм сара жолын салды, әдебиеттің теориясы мен методологиясының негізін жасады, ой қорытудың, пікір түюдің, әдіснамалық ұстаным табудың үздік үлгісін қалыптастырды, өзі жасаған заң аясында әдебиеттің ғылыми және практикалық мәні айрықша зор түйінді, іргелі мәселелерін ешкімге ұқсамай, дара шешті, айрықша сапалы жаңа білім өндірді. Осының бәрі елдің игілігіне айналды.
Бағдат Кәрібозұлы, филология ғылымының докторы, профессор:
«Ұлы ұстаз ұлағаты»
Зекең шәкірттерімен қарым-қатынаста адалдық принципті қатаң ұстанатын. Өтірік айту, жылпостық, екіжүзділік оның бойына да, ойына да жат қылықтар болғандықтан, мұндай адамдардан алыстан жиреніп жүретін. Шәкірттерінің ішінде мұндай адамдар жоқ болғанымен, сөзге еру, топқа қосылу әрекеттерімен көзге түскен шәкірттеріне қатты ренжитін. Ондайлар өз қателерін тез түсініп, Зекеңнен дер кезінде кешірім сұраса, оларды риясыз көңілден кешіріп отыратын. Зекең кешірімшіл, кең. Жақсылық жасауға дайын тұратын оның мінезі босбелбеулік не принципсіздік емес, адамды жақсы көре білу, сыйлай, құрметтей алудан қалыптасқан дағды, әдет болатын. Ол ұят мәселесін әрдайым ескеріп отырар еді. Әр ісіңе егер орынсыздау болса, ұялып қалсаң, мұндай сәттерді Зекең байқамаған бола қалатын, сенің ұялғаныңның өзіне оның мән беріп үлгергенін кейін білер едің. Өте нәзік сыршыл Зекең адамның жан қалтарыстарындағы небір сырларды, жүрек түбіне жасырынған қазыналы құпияларды білуге, оқуға өте шебер. Айта алмай отырғаныңды алдын ала ұғып, сенің сырыңды ашып, ашық әңгімелесуге жағдай жасар еді. Осы сәтті пайдаланып, айтып қалайын дегендей өзің де бар сырыңды оған ақтара салып, ағыңнан жарылып, ағаңмен қалай сырласа бастағаныңды сезбей де қалар едің. Сарабдал сарбаз ұстаз дәл осындай сәттерде сыршыл досқа айналып, сенің бар тілеуіңді тілеп отырар еді. Мұның бәрі, меніңше, Зекеңдей ұлыларға ғана тән ерекшелік.
Ғарифолла Есім, философия ғылымының докторы, академик:
«Жақсы адам шырақ секілді»
Академик Зейнолла Қабдоловтың достық көмегі 1994 жылы докторлық диссертация қорғау барысында мейілінше көрінді. Менің жұмысым туралы қауесет сөздер шыға бастады. Ол ғылыми жұмыс емес, Абай туралы тек комментарий деген сияқты. Докторлық диссертацияның тақырыбы: «Абай дүниетанымындағы Алла мен Адам болмысы». Шынында, тосын тақырып. 1 шілдеде 45 градус капырыққа қарамай, қорғауға Зейнолла Қабдолов бастаған академиктер: Серік Қирабаев, Жабайхан Әбділдин, Әбдімәлік Нысанбаевтар қатысып сөз сөйледі. Ресми оппоненттерден кейін іле-шала мінбеге шыққан Зекең ағыл-тегіл сөз сөйледі, есімде анық қалғаны:
– Ғарифолла Есім философияны ұлттық рельске салды, бұл – ең басты табыс, ал ұлттық рельске нені, қалай салды, оны Канттың философиясын кантша шағатын, академик, мына отырған Жабайхан Әбділдин баға берсін, – деді.
«Жақсылық жалғасты болсын» деген болуы керек, Зекең мені Ұлттық ғылым академиясына мүше-корреспондент болып сайлануыма белсенді қызмет атқарды, одан бергіде Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған мәжілістегі еңбегі әрі адалдығы естен ешқашан кетпек емес. Осындай жақсы істі Зекең өзінің жүздеген шәкірттеріне, інілеріне жасағанының талай куәсі болдым, ал мен білмейтін ол кісінің айналасына жасаған жан жомарттығы қаншама?! «Жақсы адам шырақ секілді» деген рас сөз. Ол – алыстағы жарық, жақындасаң жылылық береді. Зекең өмірде сондай, жарық шамдай болған жан еді.
Қансейіт Абдезұлы, филология ғылымының докторы, профессор:
«Ұлағатты өнегесі мәңгі өшпейді»
Ұлы ұстаздың ұлағатты өнегесі мәңгі өшпейді. Туған әдебиетіміз бен әдебиеттану ғылымымыздың тұтас бір ғасырына пара-пар еңбек жасап, олжа салған қайталанбас ғасырлық тұлғаның ендігі бастау алар рухани өмірі мәңгілік болатынына кәміл сенеміз.
Зекеңнің алғаш студент атанып келген кезімізде кірген байсалды, мейірімді кейпі көз алдымызда. Ол кісі басқа мұғалімдердей әр шәкіртті қыдыңдап түгендеп, аты-жөнін атап, іздеп отырмайтын. Келе-сала бірден лекциясын бастап кететін. Бір лекциясына қатысқан шәкірт екінші рет өзі де ол кісінің дәрісінен қалмайтын. Зекең талантты балаларды бірден тани білетін. Балаларды ешқашан батыс, шығыс, оңтүстіктікісің деп бөлген емес. 60 жыл бойы ҚазҰУ-да табан аудармай еңбек етті. Оған әр баланың мінез-құлқы, қабілет-қарымы бірден белгілі болатын. Керемет суреткер кісі еді. Ол кісі сөйлегенде залда қанша студент отырса да, бір қыбыр еткен дыбысы естілмейтін...
Қазақ ғылымы мен білімінің, әдебиеті мен өнерінің айдынында қайталанбас қолтаңба қалдырып, қазақ қаламгерлері мен әдебиетші ғалымдарының тұтастай бір буынына көшбасшы болған академик жазушы Зейнолла Қабдоловтың дүниеден озуы жүрегінде ұлттық намысы бар әрбір қазақты бей-жай қалдырмады. Әдебиеті мен өнерін киелі санайтын, жүрегіне жақын тұтатын күллі қазақ жұрты бүгінде ұстаз рухының алдында бас иеді!
Амантай Шәріп, филология ғылымының докторы, профессор:
«Бүтін бітім»
Қазақтың арасында дүниеден қайтқан адам туралы «тірісінде қадірін білмеппіз» деген сөздер жиі айтылады. Бәлкім, бұл көңілді жұбатудың, жанды алдарқатудың, олқыны толтырудың, тағдырды жазғырудың немесе қимасты іздеудің дағдылы рәсімі де шығар. Бірақ біздер, Зейнолла ағаның ғылымға баулыған шәкірттері, ол кісінің, өзі айтпақшы, бүтін бітім екендігін ізіне еріп жүрген кезімізде-ақ білдік десек, өтірікші болмаспыз. Өзінің уақытын аямаған, өзгенің бақытын аялаған (тағы да өз сөзі) нұрлы жүректі ұстазды сырттай таласа иемденіп, іштей жеке-дара меншіктеуге ұмтылғанымыз кемде-кем. Оның жолын қуғанды, тәлімін көргенді мақтан тұтатынбыз. Бір ғажабы, сөйте тұра, оның ұстаздық мейірімі мен махаббаты, шуағы мен шарапаты айналасындағы бәрімізге түгел жететін. Өзі зор, ызғар жуытпайтын ығы да зор еді.
Әрбірімізді тек Зейнолла Қабдоловқа тән жылы, жұмсақ сөздерімен көтермелей бастағанда тап қазір қолтығымыздың астынан қанат өсіп шығып, көкке самғап ұшып кететіндей әсерде болатынбыз. Астарлы да андатпа лебізімен өзімізде жоқ қайсыбір тәуір қасиетті бойымызға әкеп таңып қойғанда да, ішімізден қысылып-қымтырылып отырып, ілгері ұмтылсын, білмесе, үйренсін, кемтігін сезінсін деп алдын ала адамшылық «аванс» беріп тұратынын түйсінетінбіз. Ол кісі кішік болған сайын қайталанбас ұлықтығын мойындаған үстіне мойындай түсетінбіз.
Бір замандасы Ескендір Зұлқарнайын патшадан: «Осы сіз әкеңіз Филипп ағзамға қарағанда ұстазыңыз Аристотельге көбірек ілтипат танытатын сияқтысыз. Соның сыры неде?» – деп сұрапты. Сонда әлемді аузына қаратқан даңқты қолбасшы: «Әкем менің тәнімді тәрбиелеп, жерге түсірді, ал ұстазым, жанымды тәрбиелеп, көкке көтерді емес пе?» – деген екен. Біз де ұстазсыз шәкірттің де тұл екенін түсіндік.