Есті сөз бен өнегелі өлеңге сусап қалған жырсүйер қауым Астана төріндегі Конгресс-Холл сарайында дүбірлеген думанды кештің куәсі болды. Кеңес дәуірінде кенжелеп қалған төл өнеріміз – терме жанрын қазақпен қайта қауыштырған Әзірет Сұлтан мешіті өткен жылдың қараша айында республикалық термешілер сайысын өткізген еді.
ХХ ғасырдың орта тұсын ала бере кесірткенің құйрығындай шорт кесілген термешілік пен өсиет өлеңнің ауылы қазақ баласынан көп жырақтап кеткені жасырын емес. Жоғымызды бір түгендеп, кеткеніміздің орнын толтыруға бұл бәйгенің қосқан үлесі орасан болды. Алпыстан асса да, аталы сөз айта алмаған бірсыпыра ақын ағаларымыз сылдыр сезім мен қу құлқынның қамын күйттеп, жастарды имандылыққа шақырудың орнына өздері жастардың аузына телмірген кезді де көзіміз көрді. Осындай олқылықтың орнын толтыру мақсатында ұйымдастырылған бәйгеге еліміздің түкпір-түкпірінен бас-аяғы 300-ге жуық шығарма түскен екен. Соның ішінде 20 ақынның термесі қазақ мәдениетінің қоржынын толықтырды. Аузы дуалы ақындарды имандылыққа шақыратын терме жазуға итермелеген, ең бірінші, сайыстың талабы немесе берілер жүлде қоры емес, Хақты таныған жүректері деп білеміз.
Кешке жиналған қауым қазына толы алтын сандық тауып алғандай қуанғанын бал-бұл жайнаған көздерінен, иман ұйыған жүздерінен байқау қиын емес. Белгілі айтыскер ақын Еркебұлан Қайназаровтың «Не жақсы, не жаман?» атты термесі мен «Нұр» Қазақ-Египет Ислам мәдениеті университетінің 2-курс студенті Роман Бұрқаштың «Кішкентай» атты термесі көпшіліктің көзайымына айналды. Жамағаттың жүрегін шымырлатып, көзіне жас алдырған Арман Бердалин мен Жәкен Омаров болды.
Өрілген өлеңнің ішкі өзегін беру, сүбелі сөздің сөлін татыру, нақыл мен өсиеттің мәйегін бір шумаққа, кейде тіпті бір жолға сыйғызу – терменің негізгі талабы. Терме жазуға ниеттенген ақындарға да қойылған талаптың тура осындай болғанына жеңімпаздарды марапаттау кезінде көзіміз жетті. Сонымен, үздік деп танылған 20 ақынның ішінде: Жамбыл Дүйсенов, Батырболат Айтболатұлы, Қанат Ибрагимов, Алмас Темірбай, Амандос Қаршалов, Тоқтарәлі Таңжарық, Тынымбай Досбатыр, Медетбек Шәбденбекұлы, Сырым Әуезхан, Бауыржан Қарағызұлы, Тілеген Әділов, Серікзат Дүйсенғазин, Мырзан Кенжебай секілді елге танымал ақындар ынталандыру сыйлығымен қоса, «Умра» қажылығына баратын жолдамаға ие болды.
«Үздік мақам» аталымын жеңіп алғандар қатарында Оңтүстік Қазақстаннан келген сазгер-термеші Жақып Сыпатаевтың, ақтөбелік жыршы Әділбек Сарин мен қызылордалық сазгер-жырау Жарқынбек Тұрымбетовтің мақамдары әуезділігімен, ырғақтылығымен ерекшеленді.
Ерік Жақсығұлов, Еркін Шүкіманов, Данияр Сүлейменов секілді күміс көмей, жез таңдай әншілеріміз өз таланттарының тұғырын тағы бір биіктетіп, үздік орындаушы атағына ие болды. Жоғарыда аталған «Үздік орындаушы» және «Үздік мақам» аталымдарының жүлдесі 150 мың теңге көлемінде.
Жүлделі үшінші орынға табан тіреп, 500 мың теңге ақшалай сыйлықты қанағат тұтқан ақындар: Жұманазар Сомжүрек, Серік Қалиев, Бекмұрат Анарбаев. Ал екінші орынға Еркебұлан Қайназаров пен Қалқаман Сарин тұрақтап, әрқайсысы 750 мың теңгеден ақшалай сыйлықты қанжығаларына байлады.
«Текті сөздің төресі – терме» байқауының бірінші орны және 1,5 млн теңге ақшалай сыйлығын «Кішкентай» атты терме авторы Роман Бұрқаш иеленді. Республикалық термешілер байқауының бас бәйгесін, сонымен қатар «Skoda» автокөлігін «Жоқ іздеп жүрмін» деген термесімен айтыскер ақын Арман Бердалин жеңіп алды.
Қазақ термесімен қайта қауышты
Читайте также
Шоқан шындығы неде?
«Артық туған Абылай...»
Жақсылық Грек-рим күресінен Олимпиада жеңімпазы, әлем чемпионы Жақсылық Үшкемпіровтің бозкілемдегі бейнеті мол жылдары туралы
Ұзақбай Құлымбетовті ұмыту – тарихымызды естен шығару деген сөз...
Жер жүзіне палуандықпен атын жайған... қазақтың Қажымұқаннан басқа кімі бар?
Сарқыты сарқылмайтын аға
Последние статьи автора