Қасымның көркем аудармасы жүйелі түрде зерттелуі тиіс
Қазақ өлеңінің өртке тиген дауылы – Қасым Аманжолов – қазақтың қайсар рухты ақыны ғана емес, ұлттық әдебиеттің дамуына жанашыр болған қаламгер де. Оның бұл еңбегі көркем тәржіма саласына қосқан үлесінен аңғарылады. Қасым аудармалары – қазақтың сөз өнерін әлем әдебиеті үлгілерімен сабақтастырған тың соқпақ.
Поэзияның құдіретін бойына дарыта отырып, өлеңімен тәкаппар дүниені өзіне қаратқан Қасым ақын ұлыларды көп оқыды, ұлылықтан сусындады. Мұнсыз өнерде даралану, өзгені табындыру мүмкін емес. Ақын өз шығармаларында Гәнжәуи мен Руставелиге, Абай мен Пушкинге, Лермонтов пен Горькийге, Шевченко мен Маяковскийге табынып, олардың поэзиясына құрметін білдіреді. Қасым батыс пен шығыстың әдебиетін меңгере жүріп, солардан үлгі алды, әлем әдебиетінің жауһарларын қазақ сөз өнеріне әкелуге талпынды, классикаға қазақтың үнін қосты, қазақ өлеңінің кереметін паш етті. Ақынның бар көркем аудармасы өзіндік сипатымен ерекшеленеді. Ол Маяковскийді, Пушкинді, Лермонтовты, Некрасовты, Шевченконы, Твардовскийді, Байронды, Мирасаид Миршакарды, Низами Гәнжәуиді аударды. Қасымның жаһанды жалғаған көркем тәржімаларынан ақынның әдебиетші ретіндегі қызметі мен мақсатын түсінуге болады. Ақын әлемдік поэзияның кесек үлгілерін олардың қазақ сөз өнеріне тигізер пайдасын көздеп, әдейілеп аударған. Өзі «аударылған дүние сенің өз мүлкің болуы керек» деген сөз жазып қалдырған. Қасым Байрон ақынға дүниежүзілік даңқ әкелген әйгілі «Чайльд-Гарольдтың қажылығы» поэмасының үзінділерін қазақша жырлады. Ақын танымал шығарманың сегіз қиыр шартарапты кезіп жүріп, өзінің өмірлік дәйек-тұжырымдарына дәлел іздейтін кейіпкерінің әрекеттері мен пәлсапасын қазақы оқырманға жақындатқысы келді. Чайльд-Гарольд өзінің терең психологизмімен «байрондық кейіпкер» деген ұғымды өмірге әкелсе, Қасымның аудармасынан да болмысы бөлек қаһарманды танимыз және ол қазақтың өр ақынының өзіне ұқсас. Елімен қоштасқан кейіпкерін ақын
«Мен жалғызбын, толқындардың
Арасында кемем келеді» деген жолдармен дәл Қасымша суреттейді, сөйтіп, бізге Гарольдты не Байронды емес, Қасымды танытады. «Ышқына соққан дауылға, Құмартушы ем жасымда» дейтін Аманжолов қашан да әдебиеттегі талғамының жоғары екенін байқатқан. Ол, негізінен, дүниежүзі поэзиясындағы алыптардың алпауыт саналған туындыларын аударды. Пушкиннен бір топ өлең мен әйгілі «Полтаваны», Лермонтовтан «Маскарадты», Твардовскийден «Василий Теркинді», Гәнжәуиден «Ләйлі-Мәжнүнді» алды. «Ләйлі-Мәжнүннің» Қасымға дейін талай қазақша жырланып, тәржімаланғаны белгілі.
Бірақ ақын белгілі хикаяның мазмұнын тағы бір баяндауды мақсат етпейді, ол шығыстық жыр дәстүрінде өз мүмкіндіктерін көрсетуді, дастан жазуда түпнұсқа авторымен іштей сынасуды және ең бастысы – махаббат хикаясын өз заманына жақындатуды көздейді. Ақынның Ләйлісі мен Мәжнүні біз үшін ежелгі дәуірдің емес, өткен жылдардың ғашық жастары секілді. Лермонтовтан аударылған «Маскарад» – өлеңмен жазылған төрт перделі драма. Ол – Қасым тәржімаларының ішіндегі ең сүбелісі. Аудармашы мұнда өнерді синкретті ете білудің шебері ретінде көрінеді. Бұл шығармада қимыл-әрекет те, поэтика да, өзіндік ырғақ пен әуез де, проза да бар. Аманжолов Лермонтов туындысының табиғатын дәл беру үшін сегіз буынды жырды да, қара өлеңді де қолданады, шығармада динамикадағы кейіпкерлердің оқыс диалогтері, қысқа, толымсыз жауаптар, атаулы сөйлемдер, бәрі жарасымды көрініс табады, ешқайсысы ырғақтан ажырамайды. Екінші көріністің бірінші сахнасындағы Баронессаның сөзі:
«Не үшін өмір сүреміз бұл дүниеде?
Жалынып, жалбарынып әлдекімше,
Құл болып өту үшін жүрміз бе біз?
Жорж Санд ғибратында бар-ау негіз!» – деп, өлеңнің толымды буындары мен ұйқасы сақталып берілсе, шығарманың ендігі бір жерінде князь бен бетперде киген әйелдің сөйлесуі бұл қалыптан ауытқиды:
«Бетперде: Жақсы білем...
Мен сені!
Князь: Білсе білер бұл тегі».
Маяковский жырларынан қуат алып, онымен рухтас екенін жасырмайтын Қасым оның да көп шығармасын аударды. Атышулы «Прозаседавшиеся» «Мәжілісқорлар» болып тәржімаланды. Қасым Аманжолов көркем аудармаларының бір үлкен шоғыры – лирикалық поэзия. Қасым өлең сөзге өз өрнегін салып, өзгеден жеткен көркем ойды меншіктеп алады. Пушкиннің «Қысқы кешіндегі» көк дүлей боран суреттелетін
«То по кровле обветшалой
Вдруг соломой зашумит,
То, как путник запоздалый,
К нам в окошко застучит» деген жолдар
«Тозған лашық қамысындай
Суылдайды кей уақыт;
Түн қатқан бір жолаушыдай
Қағады әйнек бейуақыт» болып, көз алдымызға келеді. Сол сияқты Джордж Байроннан Лермонтовқа жеткен «Еврей сазының» «Я говорю тебе: я слез хочу, певец, Иль разорвется грудь от муки» деген сезімге толы поэтикалық айшығы Қасымның «Келеді бір жылағым, абзал жыршым, Тұрғанда көкірегім қарс айырылмай» деген қазақы лирикаға айналып кетті. Қасымның көркем аудармаларын шолып шыққан кезде, халық әніне айналған «Ах, Самара, городок!» өлеңіне тоқтала кеткенді жөн көрдік.
«Орамалым батар-батпас,
Қалқып қана ағады,
Сүйген жарым сүйер-сүймес,
Уақыт өтіп барады.
Қайырмасы: Ах, Самара, жас қала
Барамын сөнгелі,
Барамын сөнгелі
Жұбатшы сен мені».
Қазақ мәдениетінің ақ маңдайлысы Роза Бағланова нақышына келтіре орындаған бұл әннің Қасым аударған нұсқасы бүгінгі әншілердің репертуарына қосылып жатса, нұр үстіне нұр болар еді.
Сонымен, Аманжолов шығармашылығының бір үлкен саласы – көркем тәржіма. Ақын жаһан әдебиетінің көрнекті тұлғалары мен шоқтығы биік туындыларын ұлттың көркемсөз мұрасына жақындатуды және, керісінше, әлемдік әдебиет дәстүрлеріне қазақы реңк беруді нысана еткен. Оның бұл бағыттағы еңбегі жүйелі зерттеуді қажетсініп тұр.
Зинол-Ғабден БИСЕНҒАЛИ, әдебиеттанушы, филология ғылымының докторы, профессор:
– Қасымның көп аударған ақыны Маяковский болды. Маяковский сол жылдар әдебиетіндегі үлкен фигура еді. Одан аударған өлеңдері 1941 жылы «Бар дауыспен» деген атпен жарық көрді. Бұдан кейін оның орыс әдебиетіне жалтақтауы бірте-бірте жүйеге түсе бастайды. 1947-1948 жылдары Пушкиннің көп шығармасын аударады. Пушкинді аудару үстінде Қасым ұлы орыс ақынының дүниетанымындағы құпияларды меңгеру қажеттігін аңғарады. Ол Белинскийдің Пушкин туралы жазған атақты мақаласымен танысып, соны жүйелі түрде оқиды. Пушкин поэзиясының негізгі арналары жайлы терең оқып білуі кейін оны аударуға көп мүмкіндік берген. Қасымның өте жақсы аударған ақыны – Лермонтов. Бұл екеуінің шығармашылық тұлға ретінде мінездері ұқсас болатын. Орыстың еркіндікті аңсаған ерке көңілді ақынын аударуда Қасым талай шеберлікті меңгереді. Біз «Қасым керемет, Қасым керемет» деп көп айтамыз. Бірақ оның несімен керемет екенін ойланып айтуды ұмытып кетеміз. Қасым – көркем аударма саласына зор үлес қосқан адам. Ал әлі күнге дейін оның аудармаларын зерделейтін бірде-бір еңбек жазылған жоқ.