Қасым туралы көркем фильм неге жоқ?
Алаш арыстары ғана айта алған ащы шындықты кеңестік кезеңде қаймықпай айтқан бір адам болса, ол – ақын Қасым Аманжолов. Біз өзіміз көрмесек те, көргендердің сөзі, одан бұрын ақынның өз сөзі – өлеңдерінен ұққанымыз, Қасым – ақиқатты ашып айтқан, бетке тура басып айтқан нағыз ақын. Заманында «осы Қасымның несі басым?» деген сыпсың сөз шыққанға ұқсайды, сонда Мұқағали: «Ақынмын деп қопаңдап жүргендердің әммесінен Қасымның десі басым», – деп, ол дауға әдемі нүкте қойғандай. Міне, сол десі Дегерестің шаң жұқпаған тұлпарындай ақынды тура мағынасында біздің буын, бізден бұрынғы әкелеріміздің буыны да көрген жоқ. Жас кеткені жазмыш десек, енді ақын бейнесінің не драматургия, не кинематографияда әлі күнге болмауы – тірі пенделердің ісі емей немене?
Сонымен, әңгіме Аманжол Рақымжанның Қасымы туралы неге әлі күнге бір мардымды туынды жоқтығы жайында. Бұл – бүгінгінің сұраушысы, бүтіндей бір ұрпақтың алдыңғы толқын ағаларға, оның ішінде өнер саласында жүргендеріне қояр сұрағы.
Абылай мен Абайларды экрандай алмай жүргенде, Қасекеңдерге қайда?..
– Жалпы, Қасымның насихатталуы кем болып келді ғой, – деп бастады әңгімесін сыншы, кезінде еліміздің мәдениет саласын басқарған, жалпы, өнерде көрген-білгені, көкейге түйгені мол ағаларымыздың бірі – Әшірбек СЫҒАЙ. «Басымды кессең де, айтқаным – айтқан» деген қайсар мінезді Қасымдар қай қоғамда да бар. Бірақ дәл сол үшін олардың жолын кесіп, алдынан ашылғалы тұрған сан есігін жауып тастап отырады. Қасым ағамыздың да кезінде бағы ашылмай, қудалау көріп, бір орында байыз таппағаны, мінекей, осы бүкпей тура айтқан мінезі үшін дер едім. Сол үшін де Қасымға өз бағасы берілмей, Қасымның шынайы тұлғасы мойындалмай, ол жайлы ешкім ештеңе жасамаған сияқты. Ал Қасымның аяқталмай қалған «Досымның үйленуі» атты пьесасын ақынның поэзиядағы інісі іспетті Қуандық Шаңғытбаев аяқтап, режиссер Жақып Омаров 70-жылдары Әуезов театрында қойды.
Ол туынды бертінге дейін жүрді. Ал енді шындап келгенде, Қасым – қалай мақтасаң да, соған тұратын ақын. Күні кеше 80 жылдығын дүрілдетіп өткізген Мұқағали Мақатаевтың өзі Қасымды ұстаз тұтқан. Жұмекен Нәжімеденовтің де «Маған Есениннің де, басқаның да керегі жоқ, Қасым болса болғаны» деген мағынада өлеңі бар. Өз тұстастары, ағалары, інілері өресін мойындаған, тіпті алдына жүгінген Қасымның, өкінішке қарай, насихаты кем болды. Енді соның есесін ақынның 100 жылдығында қайтара ма деп жатырмыз. Бірақ, меніңше, осы мерейтой қарсаңында Қасым өмірі жайлы бір деректі фильм түсірсе де жақсы еді ғой, әйтпесе Абайды, тіпті одан арғы Абылайдай ханымызды түсіре алмай жүргенде, Қасекеңдерге қайда?... Тұқым аузына таянған осы кезде кім де болса керемет көркем фильм түсіре қояды дегенге өз басым сенбеймін...(күрсінді). Әйтпесе киноға сұранып тұрған тұлғаларымыз жетеді ғой.
Қасымтанушылардың қарап жатуға қақысы жоқ!..
«Жалпы, кісімсігендердің аспандағы кілтіне қол жеткізуге құмар емес еді» дейді Қасымның көзін көргендер. Әлгіндейлердің әділ жазасын Жаратқанға қалдырған ақын да тек отты өлеңімен болды, поэзиясын періштедей қорғап, соған селкеу түсірмеуді ғана ойлаған сыңайлы. Сондықтан өзін жақтырмай, шеттеткен ортадан ол да алыстау ұзағандай. Қасымның байыз тауып, байсалды, байыпты, қай жағынан алсаң да, мазмұнды тұлғаға айналған жылдары Оралда өмір сүрген кездері екен. Қалған уақытының бәрінде кемшілік, жоқшылық, қиын-қыстау жолдармен өткен тұлғаның өмірі ең құрығанда бір қаламгердің қалам ұшына оралмады, ең құрығанда бір киногердің объективіне ілікпеді екен? Бәлкім, кезінде сценарий ұсынып, онысы көркемдік кеңестен өтпей қалды ма? Бұл туралы, бәлкім, бір білсе, кезінде «Қазақфильмде» сценарийлермен жұмыс істеген жазушы Смағұл ағамыз білер деген оймен қаламгерге қоңырау шалдық.
Смағұл ЕЛУБАЙ, жазушы, киносценарийші:
– Фильм мәселесіне келсек, рас, мен сол «Қазақфильмде» өмір бойы жұмыс істеп жүргендердің бірімін деуге болады. Жалпы, киноның тақырыбы боларлық тұлғалар бізде өте көп. Мысалы, Алаш арыстары енді ақталған тұста алдымен Мағжанның «Батыр Баян» поэмасының желісі бойынша көркем фильмнің қолға алынғанын білесіздер. Ойлап қарасақ, Мағжанның өз өмірі де киноға татырлық қой?.. Сондай-ақ Әуезовтің, Сәкеннің өмірлері де қандай күрделі, көркем фильмге сұранып тұр. Ахмет Байтұрсыновтың өмірі, Халел мен Жанша Досмұхамедовтердің де өмірі сұмдық, осылардың бәрі киноға да, театрға да арқау болуға тұрарлық тақырып екеніне дау жоқ. Әрине, әрқайсысы жайлы жазылуға тиіс, көрсетілуге тиіс. Алайда олай болмай жатыр ғой. Екінші бір жағынан, тұлғалардың бәрі түгел көркем фильмге арқау болуға міндетті де емес. Кейбіріне деректі фильмдер түсірілді, бірақ ішінде Қасым жоқ. Көркем фильм түсіру өте қымбат болғандықтан, оған жол ашылмай отыр деуге болады. Қаржы бірінші фактор болса, екінші жағынан, қазіргі саясат, көрермен, осындай үш бірдей үлкен фактор, төртінші жағынан, автордың білігі де жетіспей тұр. Осындай себептерден Қасымның өмірі тіптен деректі фильмге де арқау бола алмай қалыпты. Экран деген қазір әлемді билеп тұр. Ең алдымен Қасым туралы деректі фильм керек. Ал деректі фильмді түсіруге тіптен кәсіби сценарийші болудың қажеті де жоқ, кез келген ғалым оны қолға ала алады. Міндетті түрде кинорежиссер емес, телережиссерлердің де қолынан келеді. Сондықтан қасымтанушылардың қарап жатуға қақысы жоқ дер едім.
Расында, әуелі Қасым өмірінің тал бесіктен жер бесікке дейінгі аралығын қамтитын мазмұнды бір деректі фильм түсірілсе ғой... Газетіміздің шілде айындағы нөмірлерінің бірінде біз «Қазақстан» ұлттық арнасының бастамасымен «Дариға, сол қыз...» атты Қасым өлеңдерінің желісі бойынша тележоба жасалғанын жазғанбыз. Бірақ ол тек ақын өлеңдерімен көмкерілген соғыс жайлы дүние, бірақ соның өзін алдағы бір дүмпудің алғашқы белгісі деп қабылдау керек сияқты. «Қасым жайлы неге не бір деректі, не бір көркем фильм жоқ?» деген сауалды біз «Қазақфильмнің» қазіргі бас редакторы, жазушы Дидар Амантайға да қойғанымызда, көркем фильмнің қолға алынбағанын, алайда деректі фильмнің соңғы нүктесі қойылуға дайын тұрғанын айтты. Қасымның осы қыркүйекте Қарқаралыда болатын торқалы тойына бұл да болса бір тарту. Алайда біз бәрібір жарқ еткен жай бір жасын емес, гүрс ете түскенде жүректі жаналқымға алып келетіндей найзағай мінез, найзағай жырдың, дәл солай буырқанып бірде ойға, бірде қырға бастаған дауыл-тағдырдың иесі Қасым Аманжоловтың қайталанбас бейнесінің киноэкран арқылы тірілгенін, қазақтың тамырына қан жүгіртіп, рухына қанат бергенін қалар едік. Мүмкін, мелодрама, мүмкін, трагедия, жанр жағын режиссер шеше жатар, бірақ біздің айтарымыз, бүгінде, әйтеуір, көркем фильм түсіруге дарыны да, қарымы да жететін шығармашылық иелері, техника, технология бәрі де бар.