Қайраткерлік қағидасы
«Ақиқат басшы деп өзінің мемлекетті басқару қабілеті арқылы мемлекет тұрғындарын ақиқат бақытқа жеткізуді алдына мақсат етіп қойған тұлғаны айтуға болады. Өйткені басқару өнерінің мәні мен мақсаты да осы – адамдарды шынайы бақытқа жеткізу», – дейді әлемнің екінші ұстазы, адамзаттың ұлы ойшылы әл-Фараби «Фусул әл-мадани» – «Мемлекет қайраткерінің даналығы» еңбегінде.
Ендеше, жаңа мемлекеттің бастауында тұрған, өзінің көрегенділігі мен басқару шеберлігі арқылы замананың небір қиын тұстарында мемлекетті қатал сындардан алып өткен, халқын ақиқат бақытқа бастап келе жатқан ел Президенті шынайы мақсатқа жету жолында сенімді көмекшілерін маңына шоғырландыра білгені баршамызға аян. Қиын шақтарда Елбасының маңынан табылып, адалдықты серік еткен ат төбеліндей сол атпал азаматтардың бірі Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев десек еш қателеспейміз. Оның іскерлік қабілеті, кісілік келбеті, адами болмысы, сезімталдылығы мен өзіне де, өзгеге де талап қоя білетін мәрттігі осы ойға еріксіз жетелейді. Ұлы ғұлама әл-Фараби ел басқаратын адамға 12 түрлі талап қойған екен. Ең алдымен, ол табиғатында басқаруға бейім, бүгінгіше айтсақ, тумысынан лидер болуы керек. Енді ұлы ойшыл айтқан тұжырымдаманы ой елегінен өткізіп, Сапарбаев жүріп өткен өмір соқпағын бойлай зерделесек, ғұлама Фараби талап еткен лидерлік қасиет Бекең тұлғасына берік ұялағанын аңғармау мүмкін емес.
Тумысында лидер
Фараби айтқан «Тумысында лидер» ұғымының түп тамыры тектілік атты қасиеттен бастау алып жатқаны белгілі. Тектілік қарызға алатын немесе базарда тұратын бұйым емес. Ол – туа біткен қасиет, Алланың берген сыйы. Бірақ қаныңда бар, сүйекке сіңген сол асыл қасиетті аялай білмесең, көзін аршып кеңейтіп отырмасаң, арнасынан адасқан тасқын судай ие бермей кететіні тағы бар. Тектілікті шыңдай білу де – өнер, оған да ақыл керек. Ең бастысы, оның түпқиянын жүрекпен түйсініп, сезіне білу керек-ау. Бір сөзбен айтқанда, тектілігіңді жұрт тану үшін алдымен өзіңді-өзің тануың абзал. Сапарбаевта осы қасиет басым. Бұл жайында Бекеңнің өзі не дер екен?
Бердібек САПАРБАЕВ: «Жер бетіне шыр етіп түскен пенде өмір бақи өзін-өзі танумен өтеді. Бізге дейін де осылай болған, бізден кейін де осылай бола бермек. Адамның өмірге келудегі басты миссияларының бірі де осы болар деп ойлаймын. Өйткені адам өзін-өзі зерттеу арқылы ғана мына дүниені жақсылыққа қарай жылжыта алады. Сондықтан да өзін де, өзгені де сыйлай білетін адамның бұл сұрақ төңірегінде ойланып жүретіні хақ.
Несі бар. Айшықты ой. Өзіңді танымай жатып өзгеге ақыл айтып өзеуреу әбестік боларын меңзегендей ме, Бекең. Дегенмен өзіңді-өзің тану үшін де өре керек емес пе?! Ал оның кілті қайда? Түйсіктегі ойдың түйінін шешетін жауапты Сапарбаев халықтың өзінен, әкенің сөзінен іздейді. Бір басылымға берген сұхбатында ол былай дейді:
«Халық – ұлықтың ақылын аздырмайтын, сезімін сөндірмейтін ұлы күш. Қазақ атам айтудай-ақ айтып кеткен: «Халық деген – Құдайдың бір аты».
Әкем Машбек ылғи құлағыма құйып отыратын: «Әкім – халықтан әулие емес. Басшы елден үйрене отырып, соны өзінің ми қазанында қайнатып, белгілі бір жағдайда дұрыс шешім қабылдауы қажет».
Әке өсиетінің өресін терең түсінген Бекең халық жүрегін жаулар күре жолды адал еңбекпен ғана бұзып өтерін ерте ұққан тәрізді. Сондықтан болар, Сапарбаев өзіне сеніп тапсырылған кез келген саланы, кез келген қызметті абыроймен атқарып келеді. Шаруасы қисайған Қызылордаға қан жүгірткен, шырмауы көп Шымкентті ширатқан, енді, міне, бүгін осы уақытқа дейін өксіп келген Өскеменді өрге сүйреп, шығыстың шырайын келтіріп келе жатқаны оның адал еңбегі мен іскерлігінің арқасы шығар. Шығыс демекші, бұл шығыс кімді көрмеді? Агроном әкімді де, мұғалім әкімді де, инженер және шенді әкімді де көрді. Осы мезгілдерде өңірде не өзгерді? Олардың да еңбектерін мүлде жоққа шығарғанымыз әбестік болар, дегенмен де көпшілігі өзіне жақын саланың пұшпағын илеп, тұмсықтың ұшы, аяқтың астындағыдан ары аса алмады. Өзгелерге қарағанда ой-өрісі өзгешелеу пішілген, іс-қимылы ауқымды Сапарбаевтың алғашқы қадамынан-ақ шығысқа керек адамның енді келгенін түсінді жұрт. Өйткені ол еңбек пен іскерлікті мансап үшін тәрк етіп етіп, жадағай су кешуге құмар емес. Бекең ойпаңда жүріп иек астындағы қырдың басын шалуға ұмтылмайды. Биіктен толғап, кең пішкенге құмар. Бір сөзбен айтқанда, креслоның қалқасынан, ауылдың алқасынан аса алмайтындар қатарында жоқ. Ұлттық өлшемде, мемлекеттік өреде ой өреді. Ең бастысы, ол санасында піскен ұлан-ғайыр істерді аяғына жеткізгенше тыным таппайды және бәрінің басы-қасында өзі жүреді. Өзі жүріп қана қоймайды, жұртты да жұмылдыра біледі. Соның арқасында шығыс өңірдегі қазақ ауылдарындағы баяғыда ұмыт қалған мәдениет ошақтарына жан бітті. Облыс бойынша апаттық жағдайдағы 43 мектептің 26-сы жаңартылды. Мектепке дейінгі мекемелер жүйесінің тынысы кеңейді. Балаларды мектепке дейінгі мекемелермен қамтуда облыс көрсеткіші республикалық көрсеткіштен (86 пайыз) әлдеқайда жоғары тұр. Ал денсаулық сақтау саласына облыс бюджетінің 20 пайызы бағытталған. Соңғы жылдары өңірде 10 миллиард теңгенің 12 нысаны салынып, пайдалануға берілген. Үш ірі нысанның құрылыс жұмыстары жүруде. Олар: облыстық онкологиялық диспансердің радиологиялық орталығының үшінші кезегі, 300 орындық көпсалалы аурухана, 80 орындық балалардың туберкулезге қарсы емханасы, Өскемен қаласындағы облыстық қан орталығы.
Индустриализация картасы бойынша облыста 41 миллиард теңгені құрайтын сегіз жоба іске асу үстінде. Атап айтсақ, Жарма ауданындағы цемент зауыты, Семей қаласындағы медициналық өнімдер шығаратын зауыттың жаңғыртылуы, Жарма ауданындағы әктас өндіру, Аякөз ауданындағы алқапты тамшылатып суаруды енгізу мен картоп сақтайтын қойма құрылысы, Семей қаласындағы құс фабрикасының ет өндіруге бағытталуы. Энергетикалық сала мен ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруде де ауқымды істер атқарылды. Ауылдық жерлерде мал шаруашылығымен айналысамын деушілер үшін және мал басын көбейтуге ынталы жандар үшін «Жайлау» бағдарламасы үшінші жыл жүзеге асуда. «Ауызсу» өңірлік бағдарламасын жүзеге асыру барысында 50-ге тарта сумен қамтамасыз ету нысандары іске қосылды. Бұлақ су электр стансысының құрылыс жұмысын қолға алу көзделуде. Облыста ірі қара мал санын арттыру мен асылдандыру жұмыстары жүргізілуде. Бұл – облыста атқарылып жатқан ұланғайыр істердің тоқ етері ғана. Әйтпесе тізбелей берсек, бірер атанға жүк боларлық әңгіме бар.
Әділ басшы һәм саясаткер
Әл-Фараби саясаткер болу үшін «әділетсіздік пен озбырлық және осылардың иелерін жек көру керек; жақындарына да, жат адамдарға да әділ болып, жұртты әділеттілікке баулып, әділетсіздіктен зардап шеккендердің залалын өтеп, жұрттың бәріне өз білігінше жақсылық пен ізгілік көрсетіп отыруы қажет; әділ болу керек, бірақ қыңыр болмау керек, әділеттілік алдында нойыс мінез көрсетіп қасарыспау керек, бірақ әділетсіздік пен пасықтық атаулыға мүлдем рақымсыз болу шарт; өзі қажет деп тапқан істі жүзеге асырғанда шешімпаздық көрсетіп, бұл ретте қорқыныш пен жасқану дегенді білмейтін батыл, ержүрек болу керек» дейді. Елбасы Н.Назарбаевтың да тұтқа ұстаған шенділерден талап етіп келе жатқан көкейкесті мақсаттарының бірі осы емес пе?!
Ел билейтін есті адамға ұлы ғұлама мен Елбасы алға тартқан бұл талаптардың атан түйенің жүгіндей ауыр салмағы бар. Өйткені әділ болу оңай шаруа емес. Күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмей, маңдай теріңді бес төгіп жасаған қайратыңа кейбір қаскөйлер кесе көлденең тұрып озбырлық көрсетіп жатса, мінез танытпай бұғып қалу қайдан оңай болсын. Шебер болсаң, рақымсыздық пен қасарыспаудың шекарасын ажыратып көрші. Бұл жерде өкпенің ырқына көнбейтін рақымшыл бауыр мен жасқанудан ада таза жүрек керек-ау, шамасы. Жалпы, әділдік атаулының кең ұғым екенін естен шығармайық. Адамдар арасындағы қарым-қатынастағы әділдік, қызметтегі әділдіктен бөлек, тарих алдындағы, ұлттық құндылық алдындағы әділдік атты ұлы міндет бар емес пе? Сапарбаев осы міндет үдесінен шыға білді. Өзіне дейін болған талай әкімдердің жүйкесін титықтатқан ұлттық мәселелер шырмауы шусыз болмаса да, шеберлікпен шешіліп келеді. Ең бастысы, Өскеменде ғұлама Абай ескерткіші ашылған кезде қазақ рухының өр Алтайдың басына ту болып тігілгенін жан жүрегімізбен сезіндік. Әрине, оңай болған жоқ. Қапиядан қисын іздеп, тер төккендігі айдан анық. Ешкімге жалынған да жоқ, ешкімнен сұранған да, шарасыздықтан қорланған да жоқ. Тұйықтан саңылау тапты, бүйректен сирақ шығаратындардың мысын басты. Риза болмаған ел қалмады. Тұтас бір ұлт болып, ат төбеліндей аз жұрттың ығына жығылып ғұламамызға ескерткіш орната алмағанымыз сүйекке таңба болды-ау деп Тәңірден сауға сұраған жұрт «әділдік деген осы екен-ау» десті. Қазақ деген тұтас халықтың көкейін тесіп, жүрегіне тікен болып қадалған өткеннен қалған отаршылдық сананың сеңін бұзып өтіп, рухани әділдікке қол жеткізген дәл бұл қимылды батылдық, ерлік һәм ептілік деп қалай айтпайсың! Ұлттың жоғын жоқтаған әділдіктің көкесі осындай-ақ болар, шамасы! Бірақ Бекең бұл ерлікке дандайсыған жоқ, мен сөйтіп едім деп міндетсінген жоқ. Жүрегіне жаққан істің қалауын тапқанына тәубе деді. Бұл ойға алған үлкен мақсаттар жолындағы тар жол, тайғақ кешулер еді. Тірліктің тұрлауы аз мына заманда діттеген мақсатқа жетуде саяси жігер болмаса, құр тыраштанған құр далбаса кімге керек?! Тентектің тілін таппағаннан, жуасты жүнше түткеннен салиқалы саясаткер шықпайтыны белгілі. Оның үстіне «Әр елдің салты басқа, иті қара қасқа» деген де бар емес пе?! «Итің қара қасқа екен, біздің ауылдікі сары қасқа еді» деп кергуге тағы болмайды. Бекең қай өңірде жұмыс істемесін сол жердің тұрғындарының жүрегіне саңылау іздеуден жалыққан еместей көрінеді маған. Саясаткер Бердібек Сапарбаев: «Адамның жан дүниесінен ауыр еш нәрсе жоқ. Мына қамшының сабындай қысқа өмірде адамдардың бір-бірімен сыйласып, ауызбіршілікте жүргеніне не жетсін. Сайтаннан сұрапты дейді: «Сен неден қорқасың?». Ол айтқан екен: «Мен бір-ақ нәрседен қорқамын: адамдардың ауызбіршілігінен». Меніңше, осында көбіміз мән бере бермейтін үлкен философия жатыр».
Рас-ау, «төртеу түгел болса, төбедегі келеді» демеуші емес пе еді атам қазақ. Бекең де осы төртеуді түгендеймін деп талай түн ұйқысын төрт бөлген болар. Бірақ бес саусақтың бірдей болмайтыны тәрізді, көптің ішінен «жер астынан жік шығаратындар аз болмайтыны хақ. Қазақи мінез-құлыққа тұнып тұрған Шымкенттің ара ағайын арасындағы өнбес өкпенің тігісін жатқызу инемен құдық қазғанмен бірдей болғанын көпшілік жақсы біледі.
«Мықты болсаң, оңтүстікті басқарып көр» деп артында қалжың аралас сөз қалдырған Сапарбаевты шығыста да «дайын асқа – тік қасық» күтіп тұрмаған еді. Тұралап қалған өңір экономикасын өрге сүйреу міндетімен қоса, тағы да саясаттың сар майын шайқауға тура келді. Ел болған соң арасынан естісі де, есері де кездесетінін өмір заңдылығынан іздеуіміз керек шығар. Бес саусақ бірдей емес қой. Өз жұдырығымызға жұмыла алмай жүрген берекесіз бес саусақтан басқа шалыс кетсең, көзіңді шұқып аларға дайын тұрған өзгенің жат саусағы тағы бар емес пе?!
Тұлпардан тұғыр озбас шабылса да,
Оған да үкі, тұмар тағылса да.
Қыжыртпай мені сырттан жүре
алмайды,
Кім желігіп, қай шеттен қағынса да.
Күшік ит бөрі ала ма жабылса да?
Тәңірі сақтар, табандап тап ұрса да
Арсыз адам арсаңдап, арсылдайды.
Әр жерде-ақ керегеге таңылса да.
Құтырды көпті қойып азғанасы,
Арызшы орыс — олардың олжаласы,
– деп Абай айтпақшы, ауыз аңдыған мен сөз қуған әкіреңбайлардың, кежегесі кері тартқан кержақтардың кесірі талай іске тұсау болғанын ішіміз сезеді. Бірақ ол қыңырлыққа емес, рақымшыл ымыраға ырық берді. Ет жүрегі қанша қан жұтса да, амалсыздан ананың да, мынаның да бетінен қаққан тұстары да болған шығар. Соқпағы мол тар жолдан «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай» аман алып шығу қайдан оңай болсын. Бекең тағы да ақылға жүгінген болар, жүректе салмақтап көрген болар. Бір білеріміз: білгенге арқа сүйеді, білмегенге ұқтырды, білгісі келмегенді ықтырды. Оңай болған жоқ, әрине. Тер төкті, қиялай шауып, қисынын келтірді. Алғашқыда «қар көрмеген әкім» атанып, «артынан қалауын тауып қар жандырған» Сапарбаев алда-жалда «Шын мықты болсаң, шығысты басқарып көр» деп әзіл айтып жатса, қалжың болса да сөзінде жан бар-ау деп ойлаңыз. Сөз түйіні біреу. «Бойындағы Құдай берген қабілетін жүзеге асыруға деген ерік-жігері мол, алға қойған мақсатынан таймайтын «саяси жігерге» ие тұлға болуы тиіс» деп Фараби қойған талаптың үрдісінен шығып келе жатқан Сапарбаев – сарабдал саясаткер, әділ басшы.
Қарымды қайраткер
Білген жұртқа саясаткер ұғымының да ауқымы кең-ау. Жалпы, саясаткер деп кімді айта аламыз? Менің түсінігімде саясаткер ұғымының екі ұшы бар. Ат төбеліндей топтың мүддесін көздеген күйбелең саясаткер немесе қарақан басының күйін күйттеген өлермен саясаткер, қала берді, күн жаумай су болған атойлаған жадағай саясаткерлерден санамыз сарғайған. Соған қарап саясат деген жарықтыққа сенімсіздеу қарайтынымыз да рас. Ал, шын мәнінде, елдің елдігін шыңдауды мақсұт еткен шаң баспаған шынайы саясат пен сыпсың сөзден биік сарабдал саясаткер бар емес пе?! Ел басқарған соң саясатпен айналыспай тағы болмайды. Сол шақта шындықтың шырайына селкеу түсірмей, саясат – сайқалдың сиқырынан сүрінбей суырылып шыққан сұңғылаларды қайраткер десек жарасатын шығар. Топырақты елегенде елеуіш түбінде қалатын азғана алтын түйіршіктей кіршіксіз тұлғалар қатарына осы Бекеңді жатқызуға болар-ау, сірә. Халық қашан қалыс айтушы еді, мен естіген көпшіліктің пікірі Бекеңді қайраткер деуге саяды. Бұл ретте пірәдәр Фараби не дейді екен? Ғұламаның пайымдауынша, саясаттың биік сатысына көтерілген адам «табиғатынан зерек, жаңалықты тез қабылдайтын алғыр, өткеннің сабақтарын, атадан қалған заңдарды жақсы білетін, яғни өткенге ілтипатпен қарайтын дәстүршіл, әр сөзін өзгенің санасына жеткізе алатын шешен, білімге құштар, ойшыл, ертеңді болжай алатын тұлға, яғни қайраткер болуы тиіс».
Ал Сапарбаев былай дейді: «Өзімнің ақылға салып, құлық қойған ісім менің бойымдағы сезімді анық оята алатын халық түйсігімен астасып жатқанда ғана әркез дұрыс шешім қабылдағандай сезінемін».
Байқайсыз ба, Бекеңнің өз сөзіне жүгінсек, ол ойға келген істің тұрлауын халық түйсігінен іздейді. Түсінген адамға Бекең шылбыр ұстаған басшыға сезімге байлау болар тұтқа халық түйсігінде екендігін меңзеп тұрған жоқ па? Сапарбаев айтып отырған сезімнің ұясы жүрек емес пе? Ендеше, жүрек пен сезімге ақыл арқылы ырық берген «Сапарбаев сезімі» алдымен кісілік қасиеттің қайнар көзінен нәр алып барып, өткенге ілтипат, ертеңге салауат атты түсініктерге ұласып жатыр. Қатпарын жазып тұңғиықтан ой тартқан, қиялай шауып келер күннің тамырын дәл басқан қайраткер Сапарбаев өз сезіміне барар жолды осылайша халықтың тамыр соғысынан іздейді де, сезімінің алданбауына алаңдайды.
Ал, менің ойымша, Бекең сезімі алдаған жоқ. Дәл бүгінгі күні Елбасы мен халық сенімін ақтап отырған Сапарбаев ісінің оң екендігіне ешкім дау айта алмас. Шығыс өңірінің «мен қазақпын» деген азаматының түйсігінде туған өлке топырағына ұлттық болмыс пен қазақи қасиет еккен ерлігі сайрап жатыр. Шығыстың тізгінін қолына алған сәтте тұсаукесерінің «бісмілләсін» Абай ұрпақтарын іздеуден бастады. Халқымның қадірін ұлықтап, өнеріне жан бітірді. Шығыс бұлбұлдарының үнін естіртіп, туған жердің топырағын күрсіндірді. Кіндік қаны тамған жерде ақындарын арқа-жарқа табыстырып, жазушысына жігер бере дүр сілкіндірді. Серісінің сәні, талаптының әні түзелді. Балуаны белбеу байлап, желаяғына жал бітті. «Туған жерге тағзым», «Шығыс жұлдыздары», «Топжарған» байқаулары тәрізді шаралар арқылы ел мен ердің шөліркеген сезімдерін бір арнаға тоғыстырды. Күні кеше ғана Абай ақындық мектебінің айшықты өкілдері Ақылбай мен Көкбайдың 150 және Шәкірдің 100 жылдығын аламан бәйгемен, ақындар сайысымен, балуандар белдесуімен дүбірлі той жасап берді. Дәстүрге жақ, ұлтым деген әр іске сақ, ділге ақ, көзбояушылыққа жоқ. Түнектен саңылау іздеп, қазаққа керек нысана көздеді. Бердібек Сапарбаев: «Мен өзім қазақ екенімді мақтан тұтамын. Мұны, құдай үшін, қызыл сөз деп қабылдай көрмеңіздер. «Мен – қазақпын» деген әрбір қандасымыздың жүрек төрінде жатқан, бірақ айтылатын жерінде ғана айтылатын қастерлі сөз екеніне күмәнім жоқ» деп ағынан жарылуының түптөркінінде нәзік сыр жатыр. Даңғаза мақтан мен арзан атақтың қыр соңынан етек-жеңдері далақтап, «қазақ, қазақ» деп делбегей шауып жүргендер өресінен өзгешелеу ойда далбаса дабырадан гөрі сабырмен жүріп, сағымды ілген іскерлік белгісі атойлап тұр. Оның қолымен істегенді мойнымен көтере білетін мәрттігі де жоқ емес. Бастаған істің түбіне жетуге құмар. Қандай бастама көтерсе де, осының пәлесі маған қалады-ау деген бақай есепке бармайтын тәуекелшіл көрінеді. Естуімше, ол қаншалықты бауырмал болса, соншалықты мысты, қаншалықты жанашыр болса, соншалықты талапшыл. Сондықтан оны халқы тұлға ретінде, қайраткер ретінде құрмет тұтады және қолдайды.
Мәңгілік заңы
Бердібек Сапарбаев: «Грузин жазушысы Нодар Думбадзенің «Мәңгілік заңы» деген романын оқығаным бар. Сонда адамның жаны оның денесінен жүз есе ауыр екенін жазады. Адам баласы өмір бақи өз жанын өзі көтеріп жүре алмайтын көрінеді, сондықтан мен – саған, сен – оған, ол – тағы біреуге, біреу – басқа біреуге, сөйтіп, шексіз жалғастыра отырып, адам баласы бір-бірінің өмір сүруіне моральдық тұрғыдан көмектесуі керек. Соны жазушы «мәңгілік заңы» деп атапты. Қандай ұшқыр ой».
Тартымды әрі тілеулес ой. Денеңде жан болғанда ғана сен адамсың. Өмірге адам боп келіп, адам боп қайту – міндетің. Міндеттің сауабы – адамға қол ұшын беру. Әйтпесе бұл өмірдің тұрлауы жоқ. Думбадзенің меңзеп отырған заңдылығының түп-төркіні ұрпақтан-ұрпаққа жалғасар қамқорлық мәні хакім Абайдың «Атаның баласы болма, адамның баласы бол» қағидасымен астасып жатқандай. Адамның баласы болу – әркімнің талайына жазбаған тірлік. Ал пешенеңе сол қасиет жазылған екен – кей кезде басыңдағы қуаныш пен қайғыңды елдің тірлігі үшін тәрк етіп жіберуге тура келеді. Бекең басында қуаныш та, реніш те болған шығар. Қайғылы қаза кешіп, өмірден баз кешкен уақыт та болған болар. «Адамның басы – Алланың добы» демекші, ол да маңдайға жазылған дүние ғой. Тірліктің ұлы заңы солай болған соң көнбеске шара жоқ. Бірақ бұл кезеңде де Бекеңнің майысса да, сынбағанын жақсы білеміз. Жігерін жел қайық қылып, елі үшін толқынға қарсы жүзіп келе жатқан Бекең ертең 60-қа келер, 70-ке, 90-ға келер, мәселе онда емес. Жас санау – жасықтың, іс санау – ердің тірлігі.
Абай былай дейді:
Өлсе өлер табиғат, адам өлмес,
Ол бірақ қайтып келіп, ойнап-күлмес.
«Мені» мен «менікі»-нің айырылғанын,
«Өлді» деп ат қойыпты өңкей білмес.
Ұлы хакімнің «менікі» деп отырғаны – біздің денеміз ғана. Ал «мені» өмірдің – рухани жемісі. Артыңа қалар сөзің, ұрпаққа қалар өнегең. Сондықтан пендешілікпен «менікіні» емес, кісілікпен «менді» ойлайтын Сапарбаев ісі «мәңгілік заңына» сай жалғасын табатынына сенімдіміз.
М.ЕРАЛИН