Найзағайындай намыстың...

«Ғалымның хаты, жақсының аты өлмейді» деген қағида осындайда өзінің өміршеңдігін дәлелдей түседі. Аға буынның тағдыры, тарихы, өткені ортақ болса да, олардың арасында елінің намысы үшін, ұрпағының саулығы мен Алаш баласының амандығы үшін атойлаған Сафуандай ерлер санаулы ғана. «Құлдықтан қорынбаған халық шіріп өлсе – сауап»(Асқар Сүлейменов) ұраны намысшыл жастарды алаңға алып шыққанда, әділетті шешімді талап еткен жастар аяусыз қырылған осы тұста, қазаққа «ұлтшыл» түсінігі айдарлана бастағанда Жұбан Молдағалиев, Сафуан Шаймерденовтей аға буын өкілдері жастарына қарлығаштай қанатын жайды, көңілі күпті елін жұбатты. Жазушы, қайраткер Сафуан Шаймерденов сол кезде «Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады...» (Әлихан Бөкейхан) қаупінен қазақты аман алып қалуға қарекет етті. «Колбин жолдас! Мен сізге менімен бірге көшеге екеуміз ғана күзетсіз шығуды ұсынамын. Қазақта ұлтшыл адам жоқ. Сенбесеңіз, екеуміз көшеге бірге шы­ғайық, егер сізге біреуі қол көтеретін болса, көзіңізше дәл сол жерде өзіме керосин құйып өртеп жібе­рей­­ін…» деген оның ерлікке пара-пар әрекеті 86-ның ызғарында елін «ұлтшыл» деген жаладан аман алып қалды, Тәуелсіздік басталар тұста қазақ тілінің мемлекеттік тіл статусын алуына түрткі болды.


Қазіргі қазақ тарихы ежелгі жоңғар шап­­қыншылығынан көрген зобалаңға көп басымдық беріп жүр. Бірақ қазақтың(әр кезеңдердегі) орыс саясатынан көрген нәу­беті де аз болмағаны ақиқат. Өкінішке қа­рай, ел тарихы жайлы айтылған, жазыл­ған тұста бүгінгі әдебиет, тарих,қазақ киносы бұл тақырыпты назардан тыс қалды­румен келеді. Қылышынан қан тамған кезеңдердің бірі есебінде айтылатын, қазақ­ты қудалау­дың дәуірі жүріп тұрған кезеңнің өзінде Сафуан Шаймерденов Колбинге елдің осы күйін еш тайсалмастан жеткізген: «Қазақ­стан БЛКЖО Орталық Комитетіндегі баян­да­маңызда ұлтшылдық туралы көп айтылды, ал шовинизм туралы бір сөз жоқ. Бұл – Қазақстанда шовинизм жоқ дегенді білдіре ме? Сіз «жоқ оны білдірмейді. Қазақ­станда шовинизм бар. Біз ол туралы баяндамада ұмытып кетіппіз» деп жауап бер­діңіз. Бірақ бұл жердегі сіздің ұмытшақты­ғыңызда қандай да бір заңдылық жатқан жоқ па? Сіздің «шовинизм туралы ұмытып кетіппіз дегеніңіз не сөз? Бұл деген сіздерде, Қазақстан Ком­пар­тиясының Орталық Комитетінде ұлт­шылдықтың шығуымен күресудің арнайы жоспары бар да, шови­низмнің шығуымен күресетін терең ойлас­тырылған нақты жос­пары жоқ. Міне, сіздің жауабыңыздан кейін осындай көңіл көн­шімейтін, адамды жабырқататын қоры­тын­дыға келдім» үл­гі­сі нағыз тарихи фильм­нің сценарийіне жүк емес пе еді? Бұл – бүгінгі тәуелсіз жұрт­тың санасында жаңғырып тұрған, дәл қа­зір қажетсініп отырған, бүгінгі зиялысынан көре алмай отырған ерлік.
«Хан емессің, қасқырсың! Қас албасты басқырсың. Дұшпаның келіп табалап, Дос­тарың сені басқа ұрсын!» деген Махамбеттегі өрлікті 86-да: «Сіз қазақ тілін үйреніп жатырмын деп, қазақ тілін білмейтіндерге жақсы үлгі көрсеттіңіз. Алайда сіз аудито­рияға және көрермендерге жауап бермес бұрын, алдыңыздағы қағазға бір көз жүгір­тіп алып, қатты қарқылдап күл­діңіз. Осы сәт­те үйде, теледидардың алдында отыр­ған менің денем түршігіп кетті. Өйткені бұл күл­кілі сұрақ емес еді. Бірде Расул Ғамзатов былай деген еді: «…Егер менің тілім ертең жоға­латын болса, мен бүгін өлуге дайынмын». Енді қалай? Тілің жоғалған соң, өмір сүрудің қандай мағы­насы бар? Тілі жоқ кез келген адам, мейлі, ол кім болсын – патша немесе шаруа, оқымысты ғұлама немесе алыпсатар – ешкім емес. Ал сіз болсаңыз, қарқылдап күл­діңіз. Маған сіздің осы күлкіңіз түсініксіз. Сіз Қазақстанға келгелі жұрт­­­шылықпен жиі кездесіп жүрсіз. Оны теледидардан біз де қарап отырамыз. Сонда байқаға­ным: сіз осы жұртшылықтың алдында неге ыржың­дап күле бересіз? Көпшілік сізге мазақ па? Әлде халықты балаша алдағы­ңыз келе ме? Осыған жауап беріңіз­ші?» деген қайсар­лығымен Сафуан қайта­лады деседі көрген жұрт.«Сафуан өмірде де, өнерде де жасанды үлкендікке ұмтыл­маған. Биіктігіне қара­мастан, қата­рынан бойын асыруға тырыс­паған. Өзінде бармен көзге ұрып, өз­геден артылам демеген» дейді академик Зейнолла Қаб­долов өз естелігінде. Расымен де, біз өткеніне үңілген сайын ол кісінің еңсесі де биіктей береді. Оның жазушылы­ғынан бөлек, азамат­тық, қайраткерлік ұста­ны­мы­нан «Еділ үшін егестік, Жайық үшін жан­дастық» дейтін бабалар ерлігін, баба­лар батыр­лығын көреміз. «Елін, жерін, ұлтын, ұланын сүюдің ең биік үлгісі осындай болса керек-ті» деген тұжырымға бекисіз. Біз жоғалтқан, біз іздеп жүрген, бізге бүгін ауадай қажет қасиет те осы секілді...

Үкілі үзінділер

«Егер сен халық тағдырындағы көкейкесті мәсе­лелерді көтере алып, соны оқыр­ман көңілінен шығарар болсаң, әне, талантыңның күш-қуаты – сонда. Ал күйкі тір­ліктің болымсыз күйбеңімен айналысып, жазғаныңды оқырман көкейіне қондыра алмасаң – бейшаралығың».
                                                      
(С.Шаймерденов. «Әдеби толқындар»)
* * * * *
Сөз орынын тапса, төңірегіне нұрын шашып тұра­ды. Ал орынын таппаса, төңірегіндегі жарқы­рап тұрғандардың өзіне де көлеңкесін түсіріп, көмескі­лен­діріп жіберерін бекер дей алмайсың ғой. Шамаң келсе, өз орныңды тауып, төңірегіңе нұрыңды шашып жүргеннен артық не бақыт бар өмірде?!
                                                                  
(С.Шаймерденов, «Сөздің нұры»)
* * * * *
Жүріп келем. Ойлап келем: жыланның бар жазығы – менің жолымды кесіп өткені. Айбат шексе, жасаған шабуылы емес, көрсеткен қарсылығы ғана. Олай болса, неге өңмендедім? Оның қаруы – уы болса, сенің қаруың – қолың. Батыр болсаң, жекпе-жекке шық. Әйтпесе өз жолымен кетіп бара жатқан тіршілік иесінде не шаруаң бар еді? Ол жан екеш, жәндік бола тұрып, өлімді қасқайып тұрып қарсы алды. Ал сен болсаң?..
...Айтуға аузың бармайды...
                                                          
(С.Шаймерденов, «Үріккен даналық»)
* * * * *
...Күтуші әйелдің сөзі біздің де қабырғамызды қайыстырды. Көзімізге мөлтеңдеп жас келді. Ойлап қарасаң, керемет қой. Иманжановтың жантәсілім қылардағы сөзі «рақмет» болған.
Қай күні дүниеден өтеріңді кім біліпті... Ал сонда дүниеден өтердегі соңғы сөзің не болмақ? Өзіңді қай қырыңнан көрсетерсің? Дүниеге келгеніңе рақмет. ...Жақсы адамдарға рақмет!..
Жақсы адамдар?.. Олар қайда? Ана көзінің жасын көл етіп тұрған күтуші әйел жақсы адам ба? Жақсы адам болса, өліп жатқан басқалар үшін неге егілмейді?
Жоқ, жақсы адам – сенің кеудеңде. Жақсы адам сенің қан тамырларыңның соғысында. Жақсы адам сенің мінез-құлқыңда.
Жақсы адам...Сен жақсы болсаң ғана жақсы...
                                                                 
(С.Шаймерденов, «Өлердегі сөз»)

Төлен Әбдік, жазушы:
– Сапекең – қазақ әдебиетінің үлкен тұлғаларының бірі. Оның жазушылық, шығармашылық ауқымы кеңдігі, тереңдігі – өз алдына жеке әңгіме. Адамгершілік, азамат­тығы – бір төбе.Сапекең бүкіл қазақ жазушыла­рының ішіндегі ең батыр, пікірін ашық айтатын азаматтық жауапкершілігі өте биік жазушы еді. Кешегі Желтоқсан кімнің кім екенін көрсетіп берді. Жазушылармен кездесуінде Колбиннің бетіне қатты батырып айтқан екі адам болды. Оның бірі Жұбан Молдағалиев болса, екінші­сі осы Сафуан Шаймерденов еді. Әрине, Жұбанның сөзі – өз алдына. Өте сезіммен сөйледі. Сапекеңнің де сөй­леген сөзін бәріміз тыңдап отырдық. Ол кісі пышақпен тілгендей қылып айтты. Тіпті Колбиннің өзіне: «Сіз неге ыржалақтай бере­сіз?» – деді. Сол кезде біздің жүрегіміз дірілдеп қоя берді. Бәріміз іштей «енді қалай болады?» дедік. Кеңес өкіметінің қылышынан қаны тамып тұрған кезі. Мен ол кісінің соншалықты ұлтжандылығы мен сауат­тылы­ғына қайран қалдым. Жазушылар одағының есеп беру жылдық қорытындысында ақын, жазушылардың еңбектерін қатты сынайтын. Ақиқатын еш бүкпесіз айтатын. Қазіргі қоғамда Сафекеңдей адам ауадай қажет болып тұр. Мұндай ерлік – қазір дефицит. Бізде, рас, ақы­нымыз жетіп жатуы мүмкін, білімдіміз жетіп жатуы мүмкін. Бірақ бізге бүгін Сафуанның ерлігі жетіспейді.

Смағұл Елубай, жазушы:
– Сафағаны біз бұрын қазақ әдебиетінің үлкен бір тұл­ғасы ретінде білетін болсақ, 1986 жылы ол кісіні хал­қы­ның қасынан көрдік. Сол күндерден кейін ол кісі маған хабарласып: «Жүр, жастарымызды анау Первомайканың арғы жағына апарып, төгіп, көміп тастапты. Соны көзі­міз­бен көрейік», – деді. Бірақ біз ол жерге барып, ары із­деп, бері іздеп, балаларды таба алмай пұшайман болып қайттық. Бұл қадамы ол кісінің ұлты үшін, ұрпағы үшін көзсіз майданға кіретінін көрсетті. Біз ағалы-інілі болып араластық. 1989 жылы «Мемлекеттік тіл – қазақ тілі бол­сын» деп хат жазып, Сафағамен бірге екі ай бойы орыс, кәріс, неміс, украин секілді ұлт өкілдерінің үйіне кіріп жүріп, қол жинадық. Өзіміздің ақын, жазушы, әнші, актерлердің арасында да, тіпті сол кезде министр болып тұрған ағамыздың өзі осы бастаманы қолдамай, ат-тонын ала қашқандары болды. Бірақ Сафуан аға оған мойыған жоқ. Ол бастамамен жазылған басқа ұлт өкілдерінің де қолы бар хат «Қазақ әдебиеті» газетіне басылды. Бұл қазақ тілінің мемлекеттік тіл болып қабылдануына үлкен түрткі болды. Ұлттың намысы шүберекке түйілген сәтте іш­кен асын жерге қоятын. Ол кісінің одан өзге де жекелеген азаматтық әрекеттері де жетеді. Бірақ жұрт алдымен мақтанышпен айтатын Сафағаның ерекше қайраткерлігі осы екі оқиғалардан айқын көрінді.

Қабдеш Жұмаділов, жазушы:
– Жа­зу­шы­­­­ның жүріс-тұрысы, киім киісі, сөйлеу мәнеріне дейін – жұрт­шылық назарында. Ал біз сияқты сөзбен «ауырған» жас таланттар­ға жазушының сырт тұлғасы­ның өзі­нен оның шығарма жазу мәнері көрініп тұрғандай әсер етуші еді. Мәселен, Мұхтар Әуезовтің тұла бойындағы ұлылық, ғұламалық, маңғаздық, тереңдік, ерекше ауыр салмақ оның шығармаларында қағаз бетіне сол күйі түсетіні кү­мән тудырмайтын. Сәбит Мұқа­нов бойындағы қара­пайым­дылық, мі­незіндегі ашықтық, тура­шыл­дық оның жазғанда­рынан да ап-анық көрініп тұратын. Ал ұлы Ғабеңнің – Ғабит Мүсіре­пов бо­йындағы паңдық, кербездік, тә­каппарлық – оның жазу мәнерінде сол күйі қайталанғандай әсер қалдырушы еді. Баяғыда Қызыл­жар өлкесінде сал-серілерден бө­лек, паң Нұрма­ғамбет деген кісі өтіпті. Ғабең маған сол паңдар­дың бүгінге жеткен сарқыты сияқты көрінуші еді…

Сол паңдар елінде туып-өскен Сафуан ағамыздың тұлғасынан да бір тектілік, сүйекке біткен сері­лік пен ірілік байқалып тұратын. Қа­шан көрсең, сол сырбаз да сал­қын, салмақты қалпы. Сындардай сұң­ғақ бойы қандай! Иілмей-бүгіл­мей, тіп-тік болып жүретін еді… Сафе­кең 60 жасқа тол­ғанда ақын ағамыз Ғафу Қа­йырбе­ковтің оған арнаған өлеңі бар. Сол өлең­дегі «сорайған сол­түстіктің қара­ғайы» деген бір жолға Шаймерденов тұлғасы тү­гел сыйып тұрғандай. Сафуан Шаймерденов­тің ту­ра­­шылдығы, шыншылдығы, кім­нің алдында болсын, өз пікірін бетке айтатын батылдығы небәрі екі жарым жыл билік басында отыр­ған Колбин кезінде жарқы­рап кө­рінді. Әйгілі Желтоқсан қозғалысы қазақ зиялысын сы­нақтан өткі­зетін қыл­көпір болды ғой. Қонаев орнынан түсіп, Колбин келгенде «Мен осы өзгерісті қан­ша жыл күттім» деп оның алдына барып бас ұрған қазақ қаламгерлерін де білеміз. Бұлардан басқа сол екі жыл ішінде Кол­биннің алдын босатпай, онымен ауыз жаласып, достасып алғандар қан­шама! Колбин сол екі жылда Жазушылар одағына екі рет келді. Қан­ша дегенмен, арты қуыс адам ғой, жазушылардан қатты қаймы­ғатын. Сол кездесулерде оған екі жазушы мықтап тойтарыс берді. Олар Сафуан Шай­мерденов пен Жұбан Мол­дағалиев еді.
Бұл күнде Алматының батыс жағын­дағы коттедждер қала­шы­ғында «С.Шаймерденов көшесі» деген көше бар. Бұл – жазушы Сафуан Шаймерденовке беріл­ген көше ме, әлде даңқты спортшы, КСРО спорт шебері, КСРО-ға ең­бек сіңірген жат­тық­ты­ру­шы, кө­гал­дағы хоккейден әлем чемпионы, Сафуанның ұлы Саян Шаймерденовке берілген көше ме – ол жағын ары-бері өткен былайғы жұрт біле бермейді.
Бәлкім, әкелі-балалы екеуіне бір көше жетеді деген шығар. Даңқ көшесі, Талант­тар көшесі, Шай­мерденовтер көшесі… Сол көшеде менің Жәнібек деген кенже ұлым тұрады. Сол көшемен баламның үйіне барған сайын Сафуан ағаны еске аламын. Көз алдымда – естен кетпес, әлі күнге дейін Петропавл деген аттан құтыла алмай жүрген Қызылжар өлкесі. Ақ қа­йыңды алқаптар, қа­рағайлы қапталдар…

Сайын Есмағи, С.Шаймерденовтің ұлы, журналист:
– Қазақтың Сәбит Мұқанов, Тахауи Ахтанов, Зейнолла Қабдоловтай ақын-жазушылары үйден үзілмейтін. Әкемнің арқасында мен осындай қазақтың зиялы, ұлы тұлғаларын көріп өстім. Әкем үнемі «жазушы тек қана көрген-білгенін қағазға түсіріп отырмауы керек, жазушы – халықтың рухани көсемі» деген сөзді айтып отыратын.Мен ол кісі өмірден озғанға дейін қасында болдым. Ол кісі осы қағидасынан ешқашан қайтқан емес. Халқының басына қандай қиын­дық туса, сонда папам жүретін. Елді алаң­датқан кез келген мәселе болсын, папам міндетті түрде соған араласып, өзінің үнін қосып, соның шешілуіне үле­сін тигізетін. 1986 жылғы оқиға кезіндегі папамның әрекетін көпшіліктің бәрі біледі. Мен осы оқиғадан соң бірнеше жыл өткеннен кейін: «Папа, Саян – атақ­ты спортшы. Саянға кесірім тиіп кетеді деп ойламадыңыз ба? Қалай соған бардыңыз?» – деп сұраймын. Сонда әкем: «Сайын, осындай сын сағатта әркім өзінің, бала-шағасының болаша­ғын, ертеңін ойлайтын болса, онда біз баяғыда-ақ құрып кетер едік. Қазақ бүгінге жетпес еді. Халқының басына нәубет төнген кезде«елім, жерім, ұл­тым» дейтін азамат елімен бірге болуы тиіс. Қарашы, біздің елде қаптап жүрген шешен, шүршіт, неміс, кәрістер қайдан келді? Олардың да басына осындай нәу­бет төніп, «мыналар ұлтшыл» деп, олардың ту-талақайын шығарып, жер аударып жіберген жоқ па?! Қазақ­тар­ға1986 жылы дәл осындай «ұлтшыл» деген айдар тағылып кеткенде біздің де күніміз күн болмай, не жерге иелік ете алмай, босып кетер едік. Қазақ ұлтшыл болса, неге біздің екі бірдей қаршадай қызымыз Ұлы Отан соғысына қатысып, ерлікпен жанын қиды? Неге олар ұлт­шыл болса, Кеңес Одағының батыры атанады?! Менің кішкене ғана 70 үйден тұратын ауылымнан 100-ден астам адам осы соғысқа аттанып, Отанын қор­ғап, қаза тапты. Бұл қазақтың ұлтшылды­ғы ма деп жүріп, қазақты жаладан ара­ша­ла­дық. Сендер өздеріңе бұйырған нәсіпті, бұйырған тағдырды көресіңдер», – деді. Одан бөлек, 90-жылдары қазақ­тың тіліне қауіп төнгенде (папам­ның 70-тегі кезі) ол кісі қасына Смағұл Елубай­ды ертіп алып, көше-көшеде жаяу жүріп, қол жинап, мемлекеттік тілге ара түсті.Кең­ес кезінде жазушыларды үлкен сая­сатқа араластырды, саяси ойынға пайдаланды. Соған лайық оларға кезексіз үй берілді. Сол кезде, мысалы, КСРО-ның он дүркін чемпионы ұлы Саян үш бала­мен бір жарым бөлмелі пәтерде тұрды, мен пәтер жалдап, әр жерде жүр­дім. Сонда үлкен шешем: «Ей, Сафуан, балалар үйден қиналып жүр. Саяның – анау, Сайының – мынау. Мемлекеттік сый­лықтың иегерісің, Халық жазушысы деген атағың бар. Үлкен жаққа барсаң­шы, балалардың жағдайын жасап бер­сеңші», – дейтін. Шынымен, мен де сол кезде (балалықтан болар) ренжитінмін. Өйткені кейбір ақын-жазушылардың балаларының қос-қостан пәтер алып жа­та­тынын көретінмін. Әкем сонда: «Әй, Бағдат, мен қазір пәтер сұрап барсам, бастықтар сөзімді жерге тастамайды, үйін береді. Содан кейін өзінің сөзін айтқызады, өзінің саясатына араластырады. Елдің көңілінен, менің көңілімнен шықпайтын сөздерді айтқызады. Сонда ол ел алдындағы менің қай азаматтығым болады?! Ол менің ұстанымыма қарсы. Балалар өз несібесін өздері тауып үй­ренсін. Оның бәрі – ертең өзі-ақ ең­бек­пен келетін нәрсе», – дейтін. Қазір мен әкем­ді мақтан тұтамын. Сол кезде кеңес өкіметін мақтап, жағдайын жасаған ақын-жазушылардың қазір аттары да аталмайды. Ал менің әкемнің есімі бүгін азаматтық жайлы айтылған әр әңгімеде, әр естелікте аталады. Бұл біздің кеудемізге мақтаныш толтырады. Менде балаларыма осындай естелік қалдырғым келеді. Бұл – менің әкемнің салған жолы.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста