Найзағайындай намыстың...
«Ғалымның хаты, жақсының аты өлмейді» деген қағида осындайда өзінің өміршеңдігін дәлелдей түседі. Аға буынның тағдыры, тарихы, өткені ортақ болса да, олардың арасында елінің намысы үшін, ұрпағының саулығы мен Алаш баласының амандығы үшін атойлаған Сафуандай ерлер санаулы ғана. «Құлдықтан қорынбаған халық шіріп өлсе – сауап»(Асқар Сүлейменов) ұраны намысшыл жастарды алаңға алып шыққанда, әділетті шешімді талап еткен жастар аяусыз қырылған осы тұста, қазаққа «ұлтшыл» түсінігі айдарлана бастағанда Жұбан Молдағалиев, Сафуан Шаймерденовтей аға буын өкілдері жастарына қарлығаштай қанатын жайды, көңілі күпті елін жұбатты. Жазушы, қайраткер Сафуан Шаймерденов сол кезде «Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады...» (Әлихан Бөкейхан) қаупінен қазақты аман алып қалуға қарекет етті. «Колбин жолдас! Мен сізге менімен бірге көшеге екеуміз ғана күзетсіз шығуды ұсынамын. Қазақта ұлтшыл адам жоқ. Сенбесеңіз, екеуміз көшеге бірге шығайық, егер сізге біреуі қол көтеретін болса, көзіңізше дәл сол жерде өзіме керосин құйып өртеп жіберейін…» деген оның ерлікке пара-пар әрекеті 86-ның ызғарында елін «ұлтшыл» деген жаладан аман алып қалды, Тәуелсіздік басталар тұста қазақ тілінің мемлекеттік тіл статусын алуына түрткі болды.
Қазіргі қазақ тарихы ежелгі жоңғар шапқыншылығынан көрген зобалаңға көп басымдық беріп жүр. Бірақ қазақтың(әр кезеңдердегі) орыс саясатынан көрген нәубеті де аз болмағаны ақиқат. Өкінішке қарай, ел тарихы жайлы айтылған, жазылған тұста бүгінгі әдебиет, тарих,қазақ киносы бұл тақырыпты назардан тыс қалдырумен келеді. Қылышынан қан тамған кезеңдердің бірі есебінде айтылатын, қазақты қудалаудың дәуірі жүріп тұрған кезеңнің өзінде Сафуан Шаймерденов Колбинге елдің осы күйін еш тайсалмастан жеткізген: «Қазақстан БЛКЖО Орталық Комитетіндегі баяндамаңызда ұлтшылдық туралы көп айтылды, ал шовинизм туралы бір сөз жоқ. Бұл – Қазақстанда шовинизм жоқ дегенді білдіре ме? Сіз «жоқ оны білдірмейді. Қазақстанда шовинизм бар. Біз ол туралы баяндамада ұмытып кетіппіз» деп жауап бердіңіз. Бірақ бұл жердегі сіздің ұмытшақтығыңызда қандай да бір заңдылық жатқан жоқ па? Сіздің «шовинизм туралы ұмытып кетіппіз дегеніңіз не сөз? Бұл деген сіздерде, Қазақстан Компартиясының Орталық Комитетінде ұлтшылдықтың шығуымен күресудің арнайы жоспары бар да, шовинизмнің шығуымен күресетін терең ойластырылған нақты жоспары жоқ. Міне, сіздің жауабыңыздан кейін осындай көңіл көншімейтін, адамды жабырқататын қорытындыға келдім» үлгісі нағыз тарихи фильмнің сценарийіне жүк емес пе еді? Бұл – бүгінгі тәуелсіз жұрттың санасында жаңғырып тұрған, дәл қазір қажетсініп отырған, бүгінгі зиялысынан көре алмай отырған ерлік.
«Хан емессің, қасқырсың! Қас албасты басқырсың. Дұшпаның келіп табалап, Достарың сені басқа ұрсын!» деген Махамбеттегі өрлікті 86-да: «Сіз қазақ тілін үйреніп жатырмын деп, қазақ тілін білмейтіндерге жақсы үлгі көрсеттіңіз. Алайда сіз аудиторияға және көрермендерге жауап бермес бұрын, алдыңыздағы қағазға бір көз жүгіртіп алып, қатты қарқылдап күлдіңіз. Осы сәтте үйде, теледидардың алдында отырған менің денем түршігіп кетті. Өйткені бұл күлкілі сұрақ емес еді. Бірде Расул Ғамзатов былай деген еді: «…Егер менің тілім ертең жоғалатын болса, мен бүгін өлуге дайынмын». Енді қалай? Тілің жоғалған соң, өмір сүрудің қандай мағынасы бар? Тілі жоқ кез келген адам, мейлі, ол кім болсын – патша немесе шаруа, оқымысты ғұлама немесе алыпсатар – ешкім емес. Ал сіз болсаңыз, қарқылдап күлдіңіз. Маған сіздің осы күлкіңіз түсініксіз. Сіз Қазақстанға келгелі жұртшылықпен жиі кездесіп жүрсіз. Оны теледидардан біз де қарап отырамыз. Сонда байқағаным: сіз осы жұртшылықтың алдында неге ыржыңдап күле бересіз? Көпшілік сізге мазақ па? Әлде халықты балаша алдағыңыз келе ме? Осыған жауап беріңізші?» деген қайсарлығымен Сафуан қайталады деседі көрген жұрт.«Сафуан өмірде де, өнерде де жасанды үлкендікке ұмтылмаған. Биіктігіне қарамастан, қатарынан бойын асыруға тырыспаған. Өзінде бармен көзге ұрып, өзгеден артылам демеген» дейді академик Зейнолла Қабдолов өз естелігінде. Расымен де, біз өткеніне үңілген сайын ол кісінің еңсесі де биіктей береді. Оның жазушылығынан бөлек, азаматтық, қайраткерлік ұстанымынан «Еділ үшін егестік, Жайық үшін жандастық» дейтін бабалар ерлігін, бабалар батырлығын көреміз. «Елін, жерін, ұлтын, ұланын сүюдің ең биік үлгісі осындай болса керек-ті» деген тұжырымға бекисіз. Біз жоғалтқан, біз іздеп жүрген, бізге бүгін ауадай қажет қасиет те осы секілді...
Үкілі үзінділер
«Егер сен халық тағдырындағы көкейкесті мәселелерді көтере алып, соны оқырман көңілінен шығарар болсаң, әне, талантыңның күш-қуаты – сонда. Ал күйкі тірліктің болымсыз күйбеңімен айналысып, жазғаныңды оқырман көкейіне қондыра алмасаң – бейшаралығың».
(С.Шаймерденов. «Әдеби толқындар»)
* * * * *
Сөз орынын тапса, төңірегіне нұрын шашып тұрады. Ал орынын таппаса, төңірегіндегі жарқырап тұрғандардың өзіне де көлеңкесін түсіріп, көмескілендіріп жіберерін бекер дей алмайсың ғой. Шамаң келсе, өз орныңды тауып, төңірегіңе нұрыңды шашып жүргеннен артық не бақыт бар өмірде?!
(С.Шаймерденов, «Сөздің нұры»)
* * * * *
Жүріп келем. Ойлап келем: жыланның бар жазығы – менің жолымды кесіп өткені. Айбат шексе, жасаған шабуылы емес, көрсеткен қарсылығы ғана. Олай болса, неге өңмендедім? Оның қаруы – уы болса, сенің қаруың – қолың. Батыр болсаң, жекпе-жекке шық. Әйтпесе өз жолымен кетіп бара жатқан тіршілік иесінде не шаруаң бар еді? Ол жан екеш, жәндік бола тұрып, өлімді қасқайып тұрып қарсы алды. Ал сен болсаң?..
...Айтуға аузың бармайды...
(С.Шаймерденов, «Үріккен даналық»)
* * * * *
...Күтуші әйелдің сөзі біздің де қабырғамызды қайыстырды. Көзімізге мөлтеңдеп жас келді. Ойлап қарасаң, керемет қой. Иманжановтың жантәсілім қылардағы сөзі «рақмет» болған.
Қай күні дүниеден өтеріңді кім біліпті... Ал сонда дүниеден өтердегі соңғы сөзің не болмақ? Өзіңді қай қырыңнан көрсетерсің? Дүниеге келгеніңе рақмет. ...Жақсы адамдарға рақмет!..
Жақсы адамдар?.. Олар қайда? Ана көзінің жасын көл етіп тұрған күтуші әйел жақсы адам ба? Жақсы адам болса, өліп жатқан басқалар үшін неге егілмейді?
Жоқ, жақсы адам – сенің кеудеңде. Жақсы адам сенің қан тамырларыңның соғысында. Жақсы адам сенің мінез-құлқыңда.
Жақсы адам...Сен жақсы болсаң ғана жақсы...
(С.Шаймерденов, «Өлердегі сөз»)
Төлен Әбдік, жазушы:
– Сапекең – қазақ әдебиетінің үлкен тұлғаларының бірі. Оның жазушылық, шығармашылық ауқымы кеңдігі, тереңдігі – өз алдына жеке әңгіме. Адамгершілік, азаматтығы – бір төбе.Сапекең бүкіл қазақ жазушыларының ішіндегі ең батыр, пікірін ашық айтатын азаматтық жауапкершілігі өте биік жазушы еді. Кешегі Желтоқсан кімнің кім екенін көрсетіп берді. Жазушылармен кездесуінде Колбиннің бетіне қатты батырып айтқан екі адам болды. Оның бірі Жұбан Молдағалиев болса, екіншісі осы Сафуан Шаймерденов еді. Әрине, Жұбанның сөзі – өз алдына. Өте сезіммен сөйледі. Сапекеңнің де сөйлеген сөзін бәріміз тыңдап отырдық. Ол кісі пышақпен тілгендей қылып айтты. Тіпті Колбиннің өзіне: «Сіз неге ыржалақтай бересіз?» – деді. Сол кезде біздің жүрегіміз дірілдеп қоя берді. Бәріміз іштей «енді қалай болады?» дедік. Кеңес өкіметінің қылышынан қаны тамып тұрған кезі. Мен ол кісінің соншалықты ұлтжандылығы мен сауаттылығына қайран қалдым. Жазушылар одағының есеп беру жылдық қорытындысында ақын, жазушылардың еңбектерін қатты сынайтын. Ақиқатын еш бүкпесіз айтатын. Қазіргі қоғамда Сафекеңдей адам ауадай қажет болып тұр. Мұндай ерлік – қазір дефицит. Бізде, рас, ақынымыз жетіп жатуы мүмкін, білімдіміз жетіп жатуы мүмкін. Бірақ бізге бүгін Сафуанның ерлігі жетіспейді.
Смағұл Елубай, жазушы:
– Сафағаны біз бұрын қазақ әдебиетінің үлкен бір тұлғасы ретінде білетін болсақ, 1986 жылы ол кісіні халқының қасынан көрдік. Сол күндерден кейін ол кісі маған хабарласып: «Жүр, жастарымызды анау Первомайканың арғы жағына апарып, төгіп, көміп тастапты. Соны көзімізбен көрейік», – деді. Бірақ біз ол жерге барып, ары іздеп, бері іздеп, балаларды таба алмай пұшайман болып қайттық. Бұл қадамы ол кісінің ұлты үшін, ұрпағы үшін көзсіз майданға кіретінін көрсетті. Біз ағалы-інілі болып араластық. 1989 жылы «Мемлекеттік тіл – қазақ тілі болсын» деп хат жазып, Сафағамен бірге екі ай бойы орыс, кәріс, неміс, украин секілді ұлт өкілдерінің үйіне кіріп жүріп, қол жинадық. Өзіміздің ақын, жазушы, әнші, актерлердің арасында да, тіпті сол кезде министр болып тұрған ағамыздың өзі осы бастаманы қолдамай, ат-тонын ала қашқандары болды. Бірақ Сафуан аға оған мойыған жоқ. Ол бастамамен жазылған басқа ұлт өкілдерінің де қолы бар хат «Қазақ әдебиеті» газетіне басылды. Бұл қазақ тілінің мемлекеттік тіл болып қабылдануына үлкен түрткі болды. Ұлттың намысы шүберекке түйілген сәтте ішкен асын жерге қоятын. Ол кісінің одан өзге де жекелеген азаматтық әрекеттері де жетеді. Бірақ жұрт алдымен мақтанышпен айтатын Сафағаның ерекше қайраткерлігі осы екі оқиғалардан айқын көрінді.
Қабдеш Жұмаділов, жазушы:
– Жазушының жүріс-тұрысы, киім киісі, сөйлеу мәнеріне дейін – жұртшылық назарында. Ал біз сияқты сөзбен «ауырған» жас таланттарға жазушының сырт тұлғасының өзінен оның шығарма жазу мәнері көрініп тұрғандай әсер етуші еді. Мәселен, Мұхтар Әуезовтің тұла бойындағы ұлылық, ғұламалық, маңғаздық, тереңдік, ерекше ауыр салмақ оның шығармаларында қағаз бетіне сол күйі түсетіні күмән тудырмайтын. Сәбит Мұқанов бойындағы қарапайымдылық, мінезіндегі ашықтық, турашылдық оның жазғандарынан да ап-анық көрініп тұратын. Ал ұлы Ғабеңнің – Ғабит Мүсірепов бойындағы паңдық, кербездік, тәкаппарлық – оның жазу мәнерінде сол күйі қайталанғандай әсер қалдырушы еді. Баяғыда Қызылжар өлкесінде сал-серілерден бөлек, паң Нұрмағамбет деген кісі өтіпті. Ғабең маған сол паңдардың бүгінге жеткен сарқыты сияқты көрінуші еді…
Сол паңдар елінде туып-өскен Сафуан ағамыздың тұлғасынан да бір тектілік, сүйекке біткен серілік пен ірілік байқалып тұратын. Қашан көрсең, сол сырбаз да салқын, салмақты қалпы. Сындардай сұңғақ бойы қандай! Иілмей-бүгілмей, тіп-тік болып жүретін еді… Сафекең 60 жасқа толғанда ақын ағамыз Ғафу Қайырбековтің оған арнаған өлеңі бар. Сол өлеңдегі «сорайған солтүстіктің қарағайы» деген бір жолға Шаймерденов тұлғасы түгел сыйып тұрғандай. Сафуан Шаймерденовтің турашылдығы, шыншылдығы, кімнің алдында болсын, өз пікірін бетке айтатын батылдығы небәрі екі жарым жыл билік басында отырған Колбин кезінде жарқырап көрінді. Әйгілі Желтоқсан қозғалысы қазақ зиялысын сынақтан өткізетін қылкөпір болды ғой. Қонаев орнынан түсіп, Колбин келгенде «Мен осы өзгерісті қанша жыл күттім» деп оның алдына барып бас ұрған қазақ қаламгерлерін де білеміз. Бұлардан басқа сол екі жыл ішінде Колбиннің алдын босатпай, онымен ауыз жаласып, достасып алғандар қаншама! Колбин сол екі жылда Жазушылар одағына екі рет келді. Қанша дегенмен, арты қуыс адам ғой, жазушылардан қатты қаймығатын. Сол кездесулерде оған екі жазушы мықтап тойтарыс берді. Олар Сафуан Шаймерденов пен Жұбан Молдағалиев еді.
Бұл күнде Алматының батыс жағындағы коттедждер қалашығында «С.Шаймерденов көшесі» деген көше бар. Бұл – жазушы Сафуан Шаймерденовке берілген көше ме, әлде даңқты спортшы, КСРО спорт шебері, КСРО-ға еңбек сіңірген жаттықтырушы, көгалдағы хоккейден әлем чемпионы, Сафуанның ұлы Саян Шаймерденовке берілген көше ме – ол жағын ары-бері өткен былайғы жұрт біле бермейді.
Бәлкім, әкелі-балалы екеуіне бір көше жетеді деген шығар. Даңқ көшесі, Таланттар көшесі, Шаймерденовтер көшесі… Сол көшеде менің Жәнібек деген кенже ұлым тұрады. Сол көшемен баламның үйіне барған сайын Сафуан ағаны еске аламын. Көз алдымда – естен кетпес, әлі күнге дейін Петропавл деген аттан құтыла алмай жүрген Қызылжар өлкесі. Ақ қайыңды алқаптар, қарағайлы қапталдар…
Сайын Есмағи, С.Шаймерденовтің ұлы, журналист:
– Қазақтың Сәбит Мұқанов, Тахауи Ахтанов, Зейнолла Қабдоловтай ақын-жазушылары үйден үзілмейтін. Әкемнің арқасында мен осындай қазақтың зиялы, ұлы тұлғаларын көріп өстім. Әкем үнемі «жазушы тек қана көрген-білгенін қағазға түсіріп отырмауы керек, жазушы – халықтың рухани көсемі» деген сөзді айтып отыратын.Мен ол кісі өмірден озғанға дейін қасында болдым. Ол кісі осы қағидасынан ешқашан қайтқан емес. Халқының басына қандай қиындық туса, сонда папам жүретін. Елді алаңдатқан кез келген мәселе болсын, папам міндетті түрде соған араласып, өзінің үнін қосып, соның шешілуіне үлесін тигізетін. 1986 жылғы оқиға кезіндегі папамның әрекетін көпшіліктің бәрі біледі. Мен осы оқиғадан соң бірнеше жыл өткеннен кейін: «Папа, Саян – атақты спортшы. Саянға кесірім тиіп кетеді деп ойламадыңыз ба? Қалай соған бардыңыз?» – деп сұраймын. Сонда әкем: «Сайын, осындай сын сағатта әркім өзінің, бала-шағасының болашағын, ертеңін ойлайтын болса, онда біз баяғыда-ақ құрып кетер едік. Қазақ бүгінге жетпес еді. Халқының басына нәубет төнген кезде«елім, жерім, ұлтым» дейтін азамат елімен бірге болуы тиіс. Қарашы, біздің елде қаптап жүрген шешен, шүршіт, неміс, кәрістер қайдан келді? Олардың да басына осындай нәубет төніп, «мыналар ұлтшыл» деп, олардың ту-талақайын шығарып, жер аударып жіберген жоқ па?! Қазақтарға1986 жылы дәл осындай «ұлтшыл» деген айдар тағылып кеткенде біздің де күніміз күн болмай, не жерге иелік ете алмай, босып кетер едік. Қазақ ұлтшыл болса, неге біздің екі бірдей қаршадай қызымыз Ұлы Отан соғысына қатысып, ерлікпен жанын қиды? Неге олар ұлтшыл болса, Кеңес Одағының батыры атанады?! Менің кішкене ғана 70 үйден тұратын ауылымнан 100-ден астам адам осы соғысқа аттанып, Отанын қорғап, қаза тапты. Бұл қазақтың ұлтшылдығы ма деп жүріп, қазақты жаладан арашаладық. Сендер өздеріңе бұйырған нәсіпті, бұйырған тағдырды көресіңдер», – деді. Одан бөлек, 90-жылдары қазақтың тіліне қауіп төнгенде (папамның 70-тегі кезі) ол кісі қасына Смағұл Елубайды ертіп алып, көше-көшеде жаяу жүріп, қол жинап, мемлекеттік тілге ара түсті.Кеңес кезінде жазушыларды үлкен саясатқа араластырды, саяси ойынға пайдаланды. Соған лайық оларға кезексіз үй берілді. Сол кезде, мысалы, КСРО-ның он дүркін чемпионы ұлы Саян үш баламен бір жарым бөлмелі пәтерде тұрды, мен пәтер жалдап, әр жерде жүрдім. Сонда үлкен шешем: «Ей, Сафуан, балалар үйден қиналып жүр. Саяның – анау, Сайының – мынау. Мемлекеттік сыйлықтың иегерісің, Халық жазушысы деген атағың бар. Үлкен жаққа барсаңшы, балалардың жағдайын жасап берсеңші», – дейтін. Шынымен, мен де сол кезде (балалықтан болар) ренжитінмін. Өйткені кейбір ақын-жазушылардың балаларының қос-қостан пәтер алып жататынын көретінмін. Әкем сонда: «Әй, Бағдат, мен қазір пәтер сұрап барсам, бастықтар сөзімді жерге тастамайды, үйін береді. Содан кейін өзінің сөзін айтқызады, өзінің саясатына араластырады. Елдің көңілінен, менің көңілімнен шықпайтын сөздерді айтқызады. Сонда ол ел алдындағы менің қай азаматтығым болады?! Ол менің ұстанымыма қарсы. Балалар өз несібесін өздері тауып үйренсін. Оның бәрі – ертең өзі-ақ еңбекпен келетін нәрсе», – дейтін. Қазір мен әкемді мақтан тұтамын. Сол кезде кеңес өкіметін мақтап, жағдайын жасаған ақын-жазушылардың қазір аттары да аталмайды. Ал менің әкемнің есімі бүгін азаматтық жайлы айтылған әр әңгімеде, әр естелікте аталады. Бұл біздің кеудемізге мақтаныш толтырады. Менде балаларыма осындай естелік қалдырғым келеді. Бұл – менің әкемнің салған жолы.