Мемлекеттің басты тұғыры ретінде конституцияны жеткілікті деңгейде насихаттау үшін не істеу керек?
Жақсыгүл МАХАМБЕТОВА, Маңғыстау облыстық Азаматтық альянсының президенті:
– Конституция мен заңнаманың маңыздылығы қазақстандықтарға, жастарға жыл он екі ай үздіксіз айтылу қажет. Бұл тек Конституция күні қарсаңында айтылатын мәселе емес. Әсіресе мектеп қабырғасындағы, білім ошақтарындағы оқушылар мен студенттерге мықтап сіңірсек, мемлекетіміздің әлеуеті алға басатыны анық. Әр азамат өзінің құқықтарымен қоса, міндеттерін жақсы білгені қоғам үшін де, мемлекет үшін де, өзі үшін де бірдей тиімді. Сондықтан бұл науқандық шара емес. Әрбір мекемеге кірген кезде сол мекеменің жұмыс аясына қатысты баптарды іліп қойсын. Мысалы, емхананың кіреберісінде конституциядағы денсаулық сақтау саласына қатысты бап ілініп тұрсын. Алғашқы тегін медициналық көмек алуға құқығы бар екенін жазып қойсын. Білім ошағында білімге қатысты, әскери орында қорғанысқа қатысты баптар жазылсын. Осылай біртіндеп сіңіруге болады.
Дархан ЖИЕНБАЙ, заңгер, «Болашақ» бағдарламасының стипендиаты:
– Қарапайым халық арасында Конституция мен заңнама мемлекеттік құрылымдарға, заң органдарына ғана қажет құжат ретінде қабылданатыны бар. Ең алдымен осы түсініктен арылту үшін БАҚ-пен жұмыс жасау қажет. Заң – жұмыскердің, жұмыс берушінің, кәсіпкердің, мемлекеттің, қысқасы, кез келген азаматтың құқығын қорғайтын құжат. Конституция ел азаматтарының құқына кепілдік болып отыр. Бірақ шарты сол, оны құрметтей білу керек, мойынұсына білу керек, меңгере білу керек, игере білу керек. Ол үшін мектептегі, ЖОО-дағы құқықтық сауат ашатын пәндерді барынша күшейту қажет. Қазір еліміз өтпелі кезеңді бастан кешіп жатыр. Осындай сәттерде елімізде заңдық сауат ашатын тегін курстар ашылса да артық болмас еді. Ауыл-ауылды аралап, әсіресе кәсіпкерлердің заңдық біліктілігін арттыру керек. Көп жағдайда кәсіпкерлер өзінің құқын білмегендіктен түрлі органдардың орынсыз талаптарына ұшырап жатады. Конституцияға деген құрмет өзіңнің жеке құқыңа деген құрмет екенін әрбір азаматқа осылай жеткізу қажет.
Алтай ТАЙЖАНОВ, философия ғылымының докторы, профессор, академик:
– Конституцияны білу әркімнің еркінде деп қысқа қайыруға болмайды. Ол міндетті болуға тиіс. Кеңестік заманда «марксизм-ленинизм» идеологиясы қалай оқытылса, бүгінгі конституциямызды білу де сондай міндет болуы керек. Ол үшін Конституция күнін де кең көлемде атап өту қажет. Жұрт оны шын мәнінде мереке ретінде сезінгені жақсы. Қазақстан құқықтық мемлекет атануға ұмтылып жатқаны белгілі. Бұл мақсатқа жетудің басты жолы – азаматтардың заңды құрметтеуінде жатыр.