Әнге айналған өлеңдер
ҒАШЫҚ ЕТКЕН...
Өзіңе ғашық еткен,
Мөп-мөлдір жанарың ба?
Көруге асық еткен,
Ай көркі ажарың ба?
Бір жүрген сол күндерден
Қалыппын бауыр басып.
Жаным-ау, сені көрсем,
Қуанам көңілім тасып.
Сүрініп кейде өмірде,
Аяқты бассам шалыс.
Дем беріп қам көңілге,
Кетпедің менен алыс.
Жаңылсам күдер үзбей,
Мән-жайды сараладың.
Мінімді жіпке тізбей,
Барымды бағаладың.
Өзіңсің жалғыз менің
Ән-жырым шаттық үнді.
Жаным-ау, сүйдім сенің
Ақ сезім пәктігіңді.
Сен барда көңілім көктем,
Ардағым бас иетін.
Өзіңе ғашық еткен,
Адамдық қасиетің.
ӨМІРГЕ САУАЛ
Табам деп әділдікті,
Соғылды тасқа маңдай.
Арылтар ауыр жүкті,
Қиналдым дос таба алмай.
Қайырмасы:
Ебін тапқандарға,
Жылмың қаққандарға,
Арын сатқандарға
Сен өмір оңай ма едің?
Жала жапқандарға,
Судай аққандарға,
Дәуге жаққандарға
Неге өмір қолайлы едің?
Тура айтсаң туғаныңа,
Жақпассың деген халық.
Сондықтан менің сақам,
Алшы боп түспесі анық.
Адамдық арын сатпай,
Өлсем де, тірі есебім.
Тірлікте дамыл таппай,
Сол үшін күресемін.