Қайтыс болған адамның мұрасы мен міндеті мұрагерлікпен беріле ме
Жеке тұлғалардың банкроттығын қарастыратын заң жобасында борышкер қайтыс болған жағдайда, оның міндетін мұрагерлік ету тәртібі қарастырылмаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Заң жобасында міндеттемелерді мұраға алу тәртібі көзделмегенін ескере отырып, жеке тұлға банкрот деп жарияланған жағдайда, оның мүлкі мен міндетін Азаматтық кодекске сәйкес мұрагері қабылдайды», - деп жазылған Қаржы министрлігініңҚазАқпараттың ресми сауалына берген жауабында.
Қаржы министрлігі түсіндіргендей, азаматтық кодекске сәйкес міндеттемелерге кредит бойынша борыштар да жатады. Яғни өсиет немесе заң бойынша мұраны қабылдауға өздері келісім берсе, онда барлық міндет мұрагерлерге көшеді. Қазақстандық сақтандыру компанияларының бірі хабарлағандай, несие сақтандырылған жағдайда оны өтемеуге болады. Дегенмен ескеретін жайттар бар. Сақтандыру компаниясымен жасалған шартта сақтандыру жағдайының болуы, яғни қарыз алушының қайтыс болуына қатысты арнайы тармақ болуы тиіс. Тұлға қайтыс болған жағдайда сақтандыру полисі болу қажет. Егер барлық процесс уақытында жасалса, онда қарыз толық көлемде жабылуы мүмкін. Ресми ақпаратта берілгендей қарызды жабу бірнеше факторға байланысты. Атап айтқанда, тұлғаның қайтыс болу себебі, құжаттардың толық тізімінің болуы және тағы басқа. Министрліктің дерегінше, екінші деңгейдегі банктер қарыз алушыны сақтандыру шартын жасасуға міндеттей алады. Дегенмен банк қарыз алушы мен кепіл берушіні сақтандырушыны таңдауда шектей алмайды. Сондай-ақ, банктік қарыз шарты арқылы қарыз алушыға өз өмірін немесе денсаулығын сақтандыру міндеті жүктелмейді. Еске сала кетсек, бұған дейін елімізде төлем жасауға мүмкіндігі болмай қалған жеке кәсіпкерлерді, мекемелерді, кәсіпорындарды банкрот деп тану туралы заңның тәртібі мен рәсіміне қатысты жазған едік.