Тәуелсіздігімізге тәубе дейік
Қазақ елі – Тәуелсіз мемлекет, дербес, азат ел. Егемен ел болғанымызға 21 жыл толып отыр. Тарих үшін бұл әрине, қас қағымдай сәт. Бірақ жер бетінде тәуелсіздігін сақтай алмаған, азаттықты аңсап жүрген қаншама елдер бар. Олар дербестік алып, әлемге танылмақ түгіл, әлі күнге дейін бостандығын ала алмай жүр. Ал қазақ елі 21 жыл ішінде іргелі, айбынды мемлекетке айналды. Бүкіл әлем таныды, тамсанып, таңғалып келеді. Бұған тәубе деуіміз керек. Біз бұл тақырыпта тәуелсіздігін сақтай алмаған және азаттықты аңсап жүрген елдер төңірегінде аз-кем тоқталғанды жөн көрдік.
Этнографтардың пайымдауынша, әлемде 3,5 мыңнан аса ұлт бар екен. Бірақ Біріккен Ұлттар Ұйымының қатарында бүгінде 193 мемлекет қана бар. Әрине, БҰҰ құрамына тек Тәуелсіздігі танылған мемлекеттер ғана мүше бола алатыны белгілі. Енді әлемде тәуелсіздігі танылмаған қанша мемлекет барын осыдан-ақ бағамдай беріңіз. Тіпті 50 миллионнан аса халқы бар күрдтер де, 20 миллионнан аса ұйғырлар да әлі күнге дейін дербес ел бола алған жоқ. Шотландиялықтар да Ұлыбританиядан тәуелсіздігін алғысы келеді. Олар тәуелсіздікке қатысты референдумды 2014 жылы өткізуді жоспарлап отыр. Венеция халқының да Италиядан бөлінгісі бар. Бавария Германиядан тәуелсіздік алғысы келетінін ашық жеткізіп жүр. Корнуолл халқы, Джерси аралы Ұлыбританиядан дербестікті аңсаса, Палестина халқы Израильден бөлініп, егеменді ел болғысы келеді. Австрияның қарамағындағы чехтар, словактар т.б. ұлттардың кейбірі автономия сұраса, енді бір ел дербес мемлекет атануды аңсап жүр. Санамалай берсек, әлемде тәуелсіздігін ала алмай жүрген, азаттықты аңсап, дербестікке қол жеткізе алмай жүрген елдер өте көп. Онымен қоса, тәуелсіздік алғанымен оны мойындата алмай отырған мемлекет те қаншама?! Мәселен, Африка құрлығында Сомали территориясындағы Сомалиленд, Пунтленд, Галдумуг, Нортленд елдері, Пәкістандағы Вазиристан, Мьянмадағы Шан және Ва елдері өз тәуелсіздігін мойындата алған жоқ. Кейбір елдердің тәуелсіздігі әлемдік қауымдастықтың бір бөлігінің тарапынан мойындалды. Мысалы, Сахара араб демократиялық республикасын – 49 ел, Палестинаны – 97 ел, Косовоны – 60 ел, Тайваньды – 23 ел, Абхазия мен Оңтүстік Осетияны екі ел ғана мойындап отыр. Ал кейбір елдер өзара бір-бірінің тәуелсіздігін мойындамайды. Израиль мемлекетінің тәуелсіздігі көптеген Араб елдерінің тарапынан таныла қойған жоқ. Сол секілді Қытай Тайваньның, Чехия мен Словакия Лихтенштейннің, ал Лихтенштейн Чехия мен Словакияның тәуелсіздігін мойындай қойған жоқ.
Камал БҰРХАНОВ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
– Әлемде 193 мемлекет бар. Оның үстіне, АҚШ, Канада, Жаңа Зеландия, Австралия секілді елдер ұлттың негізінде емес, жан-жақтан жиналған эмигранттардың есебінен құрылған. Сондықтан тәуелсіз мемлекеттер әлемде 193 емес, одан да аз деп есептеймін. Сондай-ақ кезінде түрлі жағдайларға байланысты тәуелсіздігінен айырылып қалған мемлекеттер бар. Мәселен, Үндістан, Пәкістан, Бангладеш, Африка елдері, Бразилия, Индонезия, Оңтүстік Америка т.б. көптеген елдер дербестігінен айырылып, өзге елдің боданында болды. Кейін түрлі жағдайларға байланысты қайтадан азаттық алды. Сол секілді біз де кезінде тәуелсіздігімізден айырылып, Кеңес одағының қарамағында өмір сүрдік. Соңғы ханымыз Кенесары хан неге қиын жағдайда қайтыс болды? Басы Петербургте, денесі Бішкекте қалып қойды. Өйткені ол екі жақпен қырқысты. Солтүстіктен орыс патшасы, оңтүстіктен Қоқан ханы қыспаққа алды. Біздің ел Қоқан әскерін Қызылордадан Бішкекке дейін қуып шықты. Өкінішке орай, Кеңес одағы кезіндегі тарихнамада осы қақтығыста «қазақ пен қырғыз соғысты» делінген. Ол дұрыс емес. Қазақ қырғызбен емес, Қоқан хандығымен соғысты. Ал қырғыздар Қоқан ханның құрамында болды. Осындай қиын-қыстау кезде біз тәуелсіздігімізден айырылып қалдық. Алайда кейін келе-келе етек-жеңімізді жинап, егемендігімізді алдық. Бұл аралықта қаншама көтеріліс, ұлт-азаттық қақтығыстар орын алды. Бірақ тәуелсіздікке қол жеткізіп, егеменді ел болғанымызға 21 жыл толды. Тарихта талай-талай ауыртпалықты бастан кешірсе де, ешкімге басын имеген қазақ халқы қазір әлемдік дүбірге қосылып, әлем елдерімен иық тіресуде. Ендеше әрқашан да әрқайсымыздың кішкене отбасымыздан басталатын кең байтақ ұлы Отанымыздың тәуелсіздігі нығая берсін, көк аспанымызбен астасқан көк туымыз әрдайым биіктен желбірей берсін дегім келеді.
Шынында да, Тәуелсіздігіміздің арқасында Қазақстан қарыштап дамыды, барлық жағынан ел абыройы әлемге асқақтады. Шетелден миллионға жуық қандастарымыз көшіп келді. Тәуелсіздік болмаса, олар қалай көшіп келер еді. Бүгінгі күні Қазақстан әлемдік саясатта, экономика мен өмірдің өзге де салаларында өзіндік орны мен күші бар мемлекетке айналды. БҰҰ, ЕҚЫҰ, ШЫҰ, ИКҰ сияқты көптеген халықаралық ұйымдардың мүшесі, тіпті төрағалық та етті. Осының барлығы да – Тәуелсіздіктің арқасында қол жеткізген жетістіктеріміз.