Не үшін журналист мамандығын таңдадыңыз?
Айша КЕҢЕСБАЙ, «Асыл арна» телеарнасының журналист редакторы:
– Ата-анам мен туысқандарым менің дәрігер болғанымды қалады. Ал өзім журналист болғым келді. Кейін ата-анамның қалауы жеңіп, медицина мамандығын таңдадым. Бірақ қандай да бір құдірет мені үнемі журналистика мамандығына тартты да тұрды. Қаншалықты ауыр болса да, журналистік мамандықтың өзіне тартатын құдіретті күші бар. Оның үстіне, барлық нәрсені білсем, көрсем деген қызығушылық, құштарлықтан ақыры журналист болып шықтым. Сондықтан не үшін журналист мамандығын таңдағанымды білмеймін, анық білетінім – журналистік мамандықтың адамды еріксіз тартатын сиқырының бар екені.
Айнұр ШАМШЕЙТОВА, Қазақ радиосының әдеби бағдарламалар жүргізушісі:
– Студент кезімізде жатақханада шетелден келген қыздармен бірге тұрдым. Мен күндіз-түні Қазақ радиосын тыңдайтынмын. Қасымдағы қыздар да қай хабар қай уақытта шығатынын біліп алып, Қазақ радиосын тыңдайтын. Тілі бөлек, салты мен дәстүрі басқа қыздар біздің қазақ жұртының салт-дәстүрлеріне, Қазақ радиосының танымы мол хабарларына қызығатын. Ол кезде мен халықаралық қатынастар факультетінде оқитынмын. Уақыт өте келе Қазақ радиосы өзіне тартты да тұрды. Сонымен өзім ұнатқан мамандыққа қызметке баруды алдыма мақсат етіп қойдым. Оқуымды бітіріп, Алматыға келген соң қайтадан халықаралық журналистика факультетіне құжаттарымды тапсырдым. Дипломды ала сала Қазақ радиосына бардым. Жалақысына, басқасына қарамастан, тек өзім сүйетін қызметте істеуді мақсат еттім. Қазір алты жыл болыпты, сүйікті қызметімде жүргеніме. Ең алғаш эфирді «Қайырлы таңнан» бастаған болатынмын, қазір «Әдеби-саз» редакциясында «Замандас» бағдарламасын, «Әдебиет әлемі» радиосайысын, «Армандастар» жастар сағатын тікелей толқында жүргіземін.
Гүлжан РАХМАН, «Мәдениет» журналының тілшісі:
– Кішкентай кезімде қандай да бір әділетсіздік көрсем, «қайтсем де қоғамдағы әділетсіздіктерді әшкерелеп, жамандықты жоятын маман боламын» деп ойлайтынмын. Сөйтіп жүріп журналист мамандығын таңдадым. Қазір шамамыздың келгенінше қоғамымыздағы кемшін түсіп жатқан нәрселерді дер кезінде байқап, үн қатып, ұлттың жоғын жоқтауға тырысып жүрміз. Бірақ жоғары жақтан журналистердің үніне тіл қатып, соны іліп әкетіп, журналистердің жанайқайына құлақ түріп жатқан құзырлы орындардың жоқтығына қынжыламын.