Тәуелсіздік үшін күрес тамырын тереңнен тартқан тарихтан басталатыны белгілі. Алайда бұл мәселені қазіргі жастардың көбі біле бермейтіні ащы да болса ақиқат. Олар үшін Тәуелсіздік 20 жыл бұрын ғана көктен келген сый секілді. Әрине, бұл, ақиқатында, Алланың бізге берген сыйы екенінде шек жоқ. Бірақ Тәуелсіздіктің білектің күшімен, найзаның ұшымен келгенін де ұмытпаған жөн. Осындай сананы мектеп оқушыларының санасына сыналап сіңдіру – үлкен шаруа. Оның орайын табу да қажырлы еңбекті талап етеді. Астанадағы №48 мектеп-лицейдің оқытушылары бұл мәселенің тәсілін тапқан екен.
Кеше Президенттік мәдениет орталығында осы мектептің 6-ншы және 5-сынып жетекшілері Айзада Әбуева, Назгүл Смағұлова, Гүлшат Қапшаева мен Президенттік мәдениет орталығындағы мұражайдың экскурсия ұйымдастыру бөлімі «Астана – Тәуелсіздіктің айшықты айғағы» атты шағын қойылымдық сабақ өткізді. «Бұл сабақ өзгелер үшін де сабақ боларлық екен» дедік. «Сабақтың мақсаты – өткен тарихымызға көз жүгірте отырып, болашаққа, яғни ата-бабамыз армандаған Тәуелсіздікке қалай қол жеткенін ұғындыру. Тәуелсіздіктің қасиетті ұғым екеніне көз жеткізу, болашаққа сеніммен қадам басу, жас ұрпақты отаншылдыққа, адамгершілікке, елжандылыққа, Отанына адал қызмет етуге тәрбиелеу. Тәуелсіздікті тәтті нәр дейміз. Осы нәрді сезіну – біз үшін үлкен ғанибет», – дейді 6 «б»-сынып жетекшісі Айзада Әбуева.
1723 жылғы «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламадан» бір сәттік көрініс ұйымдастырған оқушылар «Елім-ай» әніне салып, тоз-тозы шыққан көшті көрсетеді. Мұның артынан Махамбеттің «Жұмыр қылыш» күйімен сүйемелдеп, «Ереуіл атқа ер салмай, Егеулі найза қолға алмай» деп атқа қонған ерлерімізді еске алып, «Алаш туы астында, Күн сөнгенше сөнбейміз» деп азаттық жолында жандарын құрбан еткен Алаш арыстарының өлеңдерімен өреді. Сосын 1941 жылғы соғыс зұлматын жырларымен жалғастырып, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына тоқталады. «Желтоқсанда шындық жырын шырқаймыз деп шарқ ұрдық, Желтоқсанда егеменді ел болсақ деп талпындық» деп оқушылар Қайрат Рысқұлбековтің тағдырын сомдап, «Сүйінші!» деп Тәуелсіздік таңын өз жыр-шумақтарымен жырлайды. Осылайша түгел тарихты қысқа қайырған оқушылардың бұл сабақтан алған әсері де жаман болмады.
Есбол ҚАЛБАНҰЛЫ, 6 «ә»-сынып оқушысы:
– Мен осы іс-шарадан патриоттық рухты көтеретін, қазақтың намысын оятатын сезім алдым. Өйткені бағанағы көріністердің барлығынан Тәуелсіздіктің оңай келмегенін, Тәуелсіздік жолында қаншама қан, қаншама тер төгілгенін көресің. Міне, біз азаттық жолында күрескен ата-бабаларымыз әперген Тәуелсіздіктің жарқын ұландарымыз, бейбіт елдің бәйшешектеріміз.
Мадияр ТҰРАПОВ, 6 «г»-сынып оқушысы:
– Шын мәнінде, осы көріністерден қатты әсер алуға болады. Мен осы сабақтан Тәуелсіздіктің қандай қиыншылықтардан өтіп келгенін естіп, көрдім. Ал бүгінде еліміздің Президенті Нұрсұлтан Әбішұлына алғысым шексіз. Халық Нұрсұлтан Әбішұлын сайлағаннан бері еліміз көркейе түсті. Жиырма жылдың ішінде еліміз көптеген жетістікке жетті.
Ару СЕКСЕНБАЕВА, 6 «ә»-сынып оқушысы:
– Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына орай талай ашық сабақ өткіздік. Сол ашық сабақтардан Желтоқсан оқиғасының қандай болғанын білдім. Тәуелсіздік жолында баспалдақ болған Желтоқсан оқиғасында қаншама жастардың құрбан болып, қаза тапқанын білдік.
Айбат ТІЛЕУБАЙҰЛЫ, 6 «г»-сынып оқушысы:
– Өз басым Тәуелсіздіктің әрбір таңын үлкен қуанышпен қарсы аламын. Тәуелсіздікті Алланың берген сыйы деп қабылдаймын. Сондықтан да Тәуелсіздікке арналған шараларға қалмай қатысуға тырысамын. Сол арқылы Тәуелсіздігіме кішкене болсын үлес қостым деп есептеймін. Бүгінде дүниежүзінде 200-ден астам ұлт бар. Ал мемлекеттер саны тек 196-ақ. Қалғандарының бәрі бір мемлекетке бағынышты күйде өмір сүріп жүр. Бізге сондай бағынышты өмір бермегеніне Аллаға шүкір айтып, қуанамын.
Диана ОРЫНТАЙ, 5 «а»-сынып оқушысы:
– Мен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа алғысымды білдіргім келеді. Бүгінде еліміздің өзгелерге бағынышты болмай, өз алдына гүлденген мемлекет болып отыруымызға сол кісінің сіңірген еңбегі зор.
Азаттық қадірін ұландар да ұғынсын
Читайте также
Рухты оятар ән қайда?
Құқықтық мемлекет құруға қоғамның өзі мүдделі болуы тиіс
Тәуелсіздік сізге не берді, сіз Тәуелсіздікке не бердіңіз?
1991 жылы 16 желтоқсанда сіз қандай қызметте едіңіз және осынау қуанышты сол күні есте қаларлықтай атап өте алдыңыз ба?
Қазақ қалай шоқындырылды?
Астана – ең-ең...
Последние статьи автора