Конституция елдің келбеті мен бағыт-бағдарын айқындайтын ең маңызды құжат екені даусыз. Осыдан 18 жыл бұрын Қазақстан халқының 90 пайыздайы референдум арқылы Ата Заңымызды қабылдады. Қызу талқыланған Ата Заңымызды талқылауға үш миллионнан астам азамат қатысып, 30 мыңнан астам ұсыныс-ескертпе енгізген екен. Соның барысында Ата заң жобасының жартысынан астамына, яғни 55 бабына 1100 түзету мен қосымша енгізілген екен. Біз мемлекеттік рәміздердің авторларын құрметтеп жатамыз. Ал осынау ел тағдыры мен болашағын айқындайтын жауапты құжатты әзірлеуге ат салысқан ғалымдар мен заңгерлер қауымын білеміз бе?
1993 жылы қабылданған алғашқы Ата Заңымызды қабылдауға академик Салық Зиманов, академик Сұлтан Сартаев, 1995 жылғы Конституцияны дайындауда Нағашыбай Шәйкенов бастаған ғалымдардың еңбегі зор. Сарапшылар қауымы мемлекеттің іргесін бекемдеу үшін сан алуан үлгінің ішінде франциялық үлгіні қош көреді. Осы үлгі өміршеңдігін көрсетті. Әрине, Конституция қатып қалған нәрсе емес, уақыт талабына сай өзгеріп отырады. Заңгер ғалым Өмірәлі Қопабаев айтқандай, адам өмірі мен оның құқығы мәселелеріне ерекше назар аударылған. Конституциядағы 39 баптың тұтастай адам құқығына арналуы осының айғағы. Бұл – бүгінгі Конституцияның маңызды ерекшелігі мен артықшылығы. Заңгер ғалымдардың пікірінше, АҚШ Конституциясының атасы Джеймс Мэдисон, Франция Конституциясының дем берушісі және идеологы генерал Шарль де Голль десек, 1995 жылғы Конституцияның дем берушісі Ел мен Елбасы деп айтуға болады.
Қабдолсамих Айтқожин, заң ғылымының докторы:
– Елбасы Ата Заңды әзірлеу барысында 20 елдің конституциясының конспектісін жасады. Президентіміздің өзі Конституцияның авторы халық деп айтты. Себебі 1995 жылы Атаң Заңымыз бүкілхалықтық референдум арқылы қабылданған болатын. Сонымен, Конституцияның авторлары ретінде халық пен Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев деп айтуға болады. 1995 жылы мамыр айында Ата Заң жобасын дайындау бойынша сарапшылық-консультативтік кеңес құрылып, оның құрамына елдің білікті заңгер ғалымдары Ю.Г. Басин, В.А. Ким, К.А Колпаков, А.К. Котов, Б.А.Мұхамеджанов, Е.К.Нұрпеиісов, Г.С.Сапарғалиев, М.К.Сүлейменов, Н.А. Шәйкенов, шетелдік сарапшылардан ресейлік белгілі құқық теоретигі С.С. Алексеев, Франциядан Жак Аттали мен Ролан Дюма секілді мықты ғалымдар кірді. Конституция жобасы бойынша талқылаулар болып, 19 мыңдай ұсыныс келіп түскен. Бұл Конституция жобасын талқылаудан сол кездегі қалыптасқан ахуалға орай бүкіл Қазақстан халқын ортақ идеяға, ортақ құндылықтарға біріктіру мәселесі алға қойылды. Себебі 20 миллиондай өзге ұлт өкілі елден көшіп кетті. Ұлтаралық татулықты нығайту үшін 1995 жылы наурыз айында Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. Біздің конституциямыз Франция үлгісінде жасалды, сол себепті білікті француз заңгерлерін шақырттық. Ресейдің 1993 жылы қабылдаған конституциясында да франциялық үлгінің белгілері бар. Оны әзірлеуге академик Алексеев қатысқан болатын. Сол себепті ол шақырылды. Біз неге франциялық үлгіні таңдадық? Бізде парламенттік үлгіні қабылдаудың негізі жоқ еді, өйткені бізде толықтай азаматтық қоғам қалыптаспады. Көрші қырғыз ағайындар парламенттік республика құрамыз деп Конституция қабылдады. Ешқандай нәтиже жоқ. Бізге Президенттік үлгідегі республика қажет болды. Президенттік үлгінің негізінде президент- парламенттік басқаруға көшуге негіз жасалатын болады. Әлемдік дағдарыс капитализм мен социализмнің ең озық сипаттамаларын біріктірген неолибералды демократияның қажет екенін көрсетті. Мысалы, еліміздегі әлеуметтік жаңғыруға бағытталған реформалар оны айқын аңғартып отыр.
Ата Заң қалай жазылды?
Читайте также
Рухты оятар ән қайда?
Құқықтық мемлекет құруға қоғамның өзі мүдделі болуы тиіс
Тәуелсіздік сізге не берді, сіз Тәуелсіздікке не бердіңіз?
1991 жылы 16 желтоқсанда сіз қандай қызметте едіңіз және осынау қуанышты сол күні есте қаларлықтай атап өте алдыңыз ба?
Азаттық қадірін ұландар да ұғынсын
Қазақ қалай шоқындырылды?
Последние статьи автора