Мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру – заман талабы
Қазақ елі күллі әлем алдында өз Тәуелсіздігін мойындататын сындарлы кезеңді артта қалдырды. Бүкіл әлемдік қоғамдастыққа саяси-әлеуметтік, саяси-экономикалық табыстарымен танымал болу, сыртқы саясатта халықаралық беделге қол жеткізу, аз-ақ уақыттың ішінде демократиялық құндылықтарға толығымен жауап беретін мемлекеттік басқару жүйесін қалыптастыру кез келген мемлекет үшін оңай шаруа емес. Қуанарлығы сол – біздің Тұңғыш Президентіміз сауатты саяси қадамдары арқылы жалпы халықтың көңілінен шығатын мемлекеттің іргетасын берік етіп қалап берді.
Парламентаризм
Үш ғасырға жуық отарлау саясатының тепкісін көрген елдің бірден демократиялы тәуелсіз елге айналып кетуі – оңай шаруа емес. Ұлттық мемлекет құру жолында мемлекет құраушы қазақ ұлтымен, елдегі өзге диаспора өкілдерімен және сыртқы күштермен ортақ диалогке келу керек. Ал ол ортақ диалогке парламентаризм институтын қалыптастырып, заң шығарушы органның беделін арттыру арқылы ғана қол жеткізуге болады. Себебі тәуелсіз елдің барлық қадамы, бүкіл шешімі заң шеңберінде шешілмесе, мемлекеттің шаңырағы шайқалары белгілі. Осыны түйсінген Елбасымыздың бастамасымен 1995 жылы референдум өткізіп, жаңа Конституциямызды қабылдадық. Сол Ата Заңда тұңғыш рет парламент түсінігі ресми бекітілді. Қазақстан екі палаталы парламенттік жүйеге таңдау жасау арқылы ТМД елдері ішіндегі алғашқы унитарлы мемлекетке айналды. Осылайша қысқа мерзім ішінде геосаяси кеңістік жүйесінен өз орнымызды белгілеп, ұлттық-мемлекеттік мүдделерімізді қорғай алатын дәрежеге жеттік.
Көппартиялылық
Әрине, Тәуелсіздік алып, парламентаризм институты қалыптаса бастаған соң, елімізде ондаған партия құрылды. Кейбірі тарап, енді біреулері бірігіп үлкен саяси күшке айналды. Оларды түгендеп жату мүмкін емес. Сондықтан да жалпы көппартиялық жүйе партиялардың ресми санымен емес, олардың қаншалықты дәрежеде саяси билікке ықпал ете алуымен өлшенетінін айтсақ та жеткілікті. Мысалы, партиялық жүйенің қалыптасуына елдің экономикалық даму деңгейі, әлеуметтік-таптық күштердің арақатынасы, қоғамдық қатынастардың пісіп-жетілуі, халықтың этникалық құрамы, тарихи және діни дәстүрлер және т.б. әсер етеді. Демек, көп партия бар жерде пікір алуандығы да мол болады деген сөз. Демократиясы дамыған елдердің көзқарасымен қарасаңыз, қазір Қазақстан сол пікір алуандығынан ортақ ой шығаратын мемлекетке айналу үшін бар күш-жігерін жұмсауда.
Мысалы, V шақырылымдағы ҚР Парламенті Мәжілісінің сайлауына жеті бірдей саяси партияның қатысуы, соның нәтижесінде «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы (80,99%), Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы (7,47%), Қазақстанның Коммунистік халық партиясы (7,19 %) пайызбен жеңіске жетуі, мұның сыртында Қазақстан халқы Ассамблеясынан тоғыз депутатқа мандат берілуі – осының айғағы.
Құқықтық реформа
Әрине, мұнан кейін біздің алдымызда заңға бағынатын һәм азаматының бәрі тең құқылы ел болу мақсаты тұрды. Оған жету үшін мемлекеттік басқару жүйесінің басты құндылықтары белгіленуі тиіс еді. Қазақ-стан тәуелсіздіктен кейін сол басты құндылықты адам мен оның бостандығы деп танып, кешенді түрде құқықтық реформа жасауға кірісті. Мысалы, 1994 жылы қабылданған құқықтық реформа жөніндегі мемлекеттік бағдарлама түзілсе, 2002 жылғы Құқықтық саясат тұжырымдамасы қабылданды. Осындай бастамалар жалғасын тауып, 2020 жылға дейінгі Құқықтық саясатты дамыту тұжырымдамасын әзірледік. Бұл орайда көптеген шетелдік және отандық сарапшылар құқықтық саясатты жүзеге асыру бағытындағы Мемлекет басшысының еңбегін жиі айтады. Себебі, біріншіден, қазір соңғы жылдары жүргізілген құқық қорғау органдарын реформалау жұмысы өз жемісін бере бастады. Екіншіден, азаматтық құқық пен қылмыстық құқық бойынша базалық институттар дүниеге келді. Үшіншіден, әкімшілік құқық саласы да бірізділікке түсті. Демек, еліміздегі нарықтық қатынастар қалай жылдам дамыса, құқықтық жүйеміз де солай даму үстінде.
Халық қалауы
Мемлекет парламентаризмнің іргетасын қалады, нәтижесінде ой алуандығы әртүрлі болғанымен, мақсаты бір көппартиялы қоғам пайда болды. Мемлекет құқықтық реформаны жүйеледі, бұл билік ісін халықтың таңдауы шешетін демократиялық жүйеге бет бұрғызды. Әрине, отарлаушы санадағы ел жарыққа шыға салып, біржақты көзқараспен түрлі пікірлер айтуы мүмкін. Бірақ елімізде өткен әкімдер сайлауы белгілі бір дәрежеде билік жүргізу ісі халыққа қарай ойысқанын көрсетеді. Бұл сайлауда әкімдерге халық сайлаған мәслихат депутаттары дауыс берді. Демек, болашақта бұл тізгінді бұқара ұстайтын болады деген сөз. Әкімді халық сайласа, оның жергілікті жұртшылық алдындағы жауапкершілігі арта түсері сөзсіз. Қазірдің өзінде мемлекетіміз бен халқымыз әкімдерге үлкен міндет артып, ауылдық деңгейдегі әкімдерге дербес табыс көздерін қалыптастыру құқығын берді. «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңға сәйкес, аудан әкімі жергілікті тұрғындар арызы негізінде сайланған әкімді жұмыстан шығара алады. Әрине, мұндай өзгерістер қоғамға бірте-бірте еніп, халықтың қалауы орындала бастады.
Мемлекеттік қызметшінің міндеті
Демократия салтанат құрған ел мемлекеттік қызметшінің адалдығы мен іскерлігіне баса назар аударатыны белгілі. Елбасының жүйелі реформалары негізінде біз сол іріктеу сатысына дейін көтерілдік. Мысалы, білікті қызметкерді «А» корпусына өткізу арқылы мемлекеттік қызметтегі элитаны қалыптастыру ісін қолға алдық. Бұл кешенді шаруа «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы жобасы бойынша жүзеге асырылып жатыр. Демек, біздің ел қазірдің өзінде АҚШ, Канада, Ұлыбритания, Франция, Германия секілді әлемнің 30-дан астам дамыған елі қолданған тәжірибені жүзеге асыруға кірісіп кетті.
Түйін
Демократия қай кезде орнығады? Бұл сұраққа кез келген сарапшы «халық билігі мемлекетке иелік еткенде ғана» деп жауап береді. Мұндай дәрежеге жету үшін, біріншіден, мемлекеттік билік заң шығарушы, атқарушы және сот билігінен бөлінуі, екіншіден, саяси алуан түрлілік бір мүддеге тоғысып, жергілікті өзін-өзі басқару саласы қарқынды дамуы, үшіншіден, халық жоғарғы биліктің басты иесі ретінде мойындалуы тиіс. Қуанарлығы сол, біз осы мақсатқа жету жолында барлық істі бір мезетте атқардық. Егер де осы айтқандарымыздың бірі кейін қалып, енді бірі ілгері кеткенде бүгінгі саяси даму болмас еді. Мұның бәрі мемлекеттік басқару жүйесін заман талабына сай жетілдіріп отырған Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтің арқасы деп білеміз. Сіз не дейсіз?
Маман пікірі
Мақсат ЖАҚАУ, саясаттанушы:
– Мемлекеттік басқару жүйесін қалыптастыруда біз әкімшілік реформаны жүйелі жүргізе білдік деп ойлаймын. Бұл үлгіні жүзеге асыруда сингапурлық тәжірибеге сүйендік. Бір кездері Сингапурда «ақ жағалылар реформасы» жасалып, балаларын шетелдегі озық оқу орындарында оқытты. Екіншіден, сол оқып келгендерді іріктеп, мемлекеттік қызметке тартты. Біздің еліміз де осы үрдісті жаңғыртып, білікті жас мамандарға бар мүмкіндікті жасауға тырысуда. Меніңше, мемлекеттік кадрлық саясатты жүйелеу кезең-кезеңімен жүзеге асып жатыр. Мысалы, қазір біздегі әкімшілік реформа мемлекеттегі кадрлық саясатқа серпін бере бастады. Енді кадрлық саясатымыз бен әкімшілік реформамыз толық нәтижесін бергеннен соң тағайындалмалы мемлекеттік қызметкерлердің бәрі сайланбалы жүйеге өтуі керек. Онан кейін елімізде кешенді түрде конституциялық реформа жүргізіледі деген сөз.