Тіл тағдыры – ел тағдыры
Тілдің тұғыры – халық болса, халықтың рухани, басты байлығы тілі. Бабаларымыз осы қасиетті, киелі қазынамызды қастерлеп, ғасырдан ғасырға, ұрпақтан ұрпаққа аманаттап жеткізген. Халықтың ұлттық ерекшелігінің басты белгісі тілі, түрі, ділі, діні болса керек. Сондықтан тілдің жай-күйі қай заманда да ұлт көсемдерін алаңдатып отырған. Қазақ халқы небір нәубетті, зұлматты жылдарды, замандарды бастан кешірді. Тарихқа көз жүгірткен адам сол сұрапыл жылдардан аман өткен халықтың қайсарлығына бас иері сөзсіз. Аман өтіп қана қоймай қаншама ұлттық құндылықтарын қаз-қалпында сақтап, мұртын бұзбай, қылау түсірмей қадірледі. Халқымыздың осындай қастерлілерінің бірі тілі. Жер бетінен қаншама ұлт, тіл жойылып кетті. Кейбір ұлттардың жұрнағы қалғанымен, тілі жоғалды. Ал тілін жоғалтқан халық жеке ұлт ретінде сақталып қала алмайды. Міне, қасіреттің ең үлкені осы. Осы тұрғыдан қарағанда біз тіл мәселесіне келгенде тәуба деуіміз керек. Әрине, қазір де тіл тағдырына алаңдап, тіліміз үстемдік құра алмай жатыр деп, осы мақсатта күресіп жүрген қайраткерлер баршылық. Ол- заңдылық. Осындай алаңдаушылықтар болмаса тіл жойылып кетпесе де қадірі қашып, жұтаңданып кетер еді. Осы мәселеге келгенде мемлектімізде қабылданып, іске асып келе жатқан бағдарламалардың көтерген жүгі мың батпан. Осындай бағдарлама болмаса қанша жерден байбалам салғанымызбен тіліміздегі сансыз мәселелер шешілмей қалар еді. Тіпті тілдің құлдырауы мен қадірі қашуы жалғасып кете беруі де мүмкін.
Ал біздің бағымызға орай елімізде тәуелсіздік алған жылдардан бастап тіл мәселесі мемлекеттің жіті қадағалауымен, басты назарда ұстауымен қайтадан түлеп келе жатыр десек артық айтқандық емес. Өйткені Кеңес одағы тұсында тіліміз де көп тепіреш көргені белгілі. Еліміздің астанасы болған Алматының өзінде бір ғана қазақ мектебінің болғандығынан-ақ көп нәрсені бірден аңғаруға болар. Тіпті, сол заманда қазақ тілін мүлдем ұмытып, тек қана орыс тілінде сөйлейтін ұрпақ қалыптасты. Сол кезде тілінен ажырап қалған толқынның зардабын әлі тартып келеміз. Олар сол кезде қалыптасқан көзқарастарынан әлі де өзгермей қалып қалды. Міне сондықтан қазақша білмейтін қазақ баласына тіпті де таңғалмаймыз. Тіпті қалыпты жағдай ретінде қалыптасып, етіміз өліп кеткен. Мән де бермейміз. Ал ол жағдай бұлай кете беретін болса үлкен мәселе тудырады. Ұлттың тілінен айырылуы осыдан барып басталады. Сол кезенде қалада туып, қалада өскен ұрпақтың көпшілігі қазақ тілін бімейді деуге болады. Оның ішінде қазақтың үлкен тұлғаларының ұрпақтары да бар. Басқа салада еңбек еткен адамдарды айтпас бұрын қазақ тілді ақын-жазушылардың балаларының өзі ана тілін білмей өскендегі қайран қалдырады. Сонда олар қазақ тілінде жазылған басқа шығармалардан бұрын әкесінің жазған шығармасын да өз ана тілінде, яғни тұпнұсқа қалпында оқи алмайды деген сөз ғой. Бұдан өткен қасірет бола ма? Ал ондай ұрпақтан не күтуге болады? Ондай жандар қазыналы қазақ тілінің бай мұрасын түсінбек тұрмақ, күнделкіті қолданатын сөздердің өзін ұқпайды ғой. Сонда кеңестік кезеңде өмір сүрген тұлғаларымыздың көпшілігі қазақ тілінің болашағынан күдер үзіп қойған ба деген заңды сұрақ туындайды. Тіліміздің болашақта қолданыстан шығып қалатынына, барлық қазақтың орысша ғана сөйлейтініне, тіпті тіліміздің жер бетінен жойылатынына кәміл сенгені ғой. Осылай ойлауға тура келеді. Өйткені ұрпағың ана тілін білмей, орысша ғана сөйлей алатын адам ретінде қалыптастырған адамда басқа ой болуы мүмкін емес қой.
Міне ұлттың тамырынан ажырауы деп осыны айтады. Ал тамырынан ажыраған жанды дүние қурап, семіп қалады. Егер еліміз тәуелсіздік алмай КСРО құрамындағы өміріміз жалғаса бергенде сөзсіз солай болар еді. Соның зардабымен әлі күресіп келеміз. Әлі қаншама жылдар бұл күрес жалғаса берер екен. Тіпті жалғасқан күнде нәтижесі қандай болады? Тілімізді ұмытып қалғандардың ұрпағы қазақ тілінде сөйлеп кете ме? Осы тұрғыдан алғанда қазір кезең-кезеңімен іске асырылып жатқан мемлекттік бағдарламалардың атқарар ісі қыруар. Осы жобалар арқылы жоғымызды түгендеп алуға күш салуымыз керек.
Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011 - 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында тәуелсіз Қазақстанда оңтайлы әлеуметтік-лингвистикалық кеңістік құру тіл саясатын кезең-кезеңмен іске асыру арқылы жолға қойылып отырғаны айтылған. Сонымен қатар, бағдарламада бұл міндетті іске асыруға қоғамдық санада мемлекеттік тілде сөйлеушінің беделді бейнесін қалыптастыру мен орнықтыру арқылы қол жетеді. Осы бағыттағы негізгі рөлге пиар-технологиялар ие болады. Бұл үшін мемлекеттік тілді көпшілікке тарату мен насихаттау жөніндегі арнайы жұмыстарды ұйымдастыру көзделетіні жөнінде нақты тапсырмалар берілген. Ал бұл жобалардың барлығы бағдарлама қабылданған күннен бастап, қоғамда қолдауға ие болып, нақты іс-шаралар арқылы біртіндеп іске асып келеді. Осылай жалғаса берсе, нақты діттеген мақсаттың орындалатыны анық. Өйткені белгілі бағыт-бағдары бар, мақсаты мен мұраты айқын бағдарламаның қазірдің өзінде атқарған жұмыстары шаш етектен. Осының арқасында қаншама келелі мәселелер оң шешімін тауып тіліміздің бары бағаланып, жоғы түгенделіп сәтті жалғасып келеді.
Елбасымыз, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы «Ана тіліміз – бізді ғасырдан ғасырға, заманнан заманға аман жеткізген бірден-бір барымыз да, нарымыз да» деп, тіл туралы келелі ойларын үнемі айтып келеді. Тіліміздің тұғырына қайта қонуы жолында Елбасымыздың атқарған істері қыруар. Ұлттық құндылықтарымызды, соның ішінде тіл мәселесін үнемі назардан тыс қалдырмай, әр жолдауында, әр мақаласында атап айтып, дамуына нақты бағдар беріп отырды. Осы үрдіс жалғасын тауып, қазір де Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев тіл мәселесін басты назарда ұстауда. Мемлекет басшысы «Egemen Qazaqstan» және «Aiqyn» газеттеріне берген сұхбатында «– Қазақтың тілі – қазақтың жаны! Халқымыздың тарихы да, тағдыры да – тілінде. Мәдениеті мен әдебиеті де, ділі мен діні де – тілінде. В.Радлов айтқандай, қазақ тілі – ең таза әрі бай тілдің бірі.
Тіл өткен тарихпен ғана емес, бүгін мен болашақты байланыстыратын құрал. Меніңше, тілдің тұғыры да, тағдыры да бесіктен, отбасынан басталады. Отбасында ана тілінде сөйлеп өскен бүлдіршіннің тілге деген ықыласы терең, құрметі биік болады. Осы тұрғыда, балабақшаларда, мектептерде мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруді назарда ұстау қажет.
Біз мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру бағытындағы жұмыстарды үздіксіз жалғастыра береміз» – деп атап өткен болатын.
Сондықтан тіліміздің бағыты айқын болашағы жарқын болатынына жұртшылықтың сенімі мол. Десек те өз тілінен ажырап қалған қандастарымызды біртіндеп өз тілін меңгеруге қарай бағыттауды жылдамада берген жөн болар еді. Әрине олардың қазақ тілін меңгеруіне қазіргі таңда бар мүмкіндік қарастырылған. Соған қарамастан ана тілінен ажыраған қандастарымыздың ынтасы өз тілін үйренуге төмен болып тұрғанын қалай түсінуге болады. Мүмкін тіл үйренуді талап ретінде қойса қалай болады? Қалай десекте үйірінен адасқан құландай болып қалған қандастармыздың бетін бері қаратудың нақты жолдары қайта қаралып, қазіргі уақытқа сай әдіс-тәсілдер қолданылса деген ой тілге аландайтын кез-келген замандастың көкейінде жүргені рас. Қалай болғандада үш тұғырлы тіл бағдарламасының іске асуы жолында қазақ тілінің орыны төрде болып, қоғамда нақты қажеттілік тудыратындай болуы керек. Осы жолда кещенді жұмыстар бағдарлама аясында іске асып жатқанымен, қоғамдағы отансүйгіш азаматтардың өзі де, тіліміздің мерейі үстем болуы жолында қадамдар жасап, өз ұстанымын жан-жағындағы адамдарға кедергі келтірмей-ақ, дау тудырмай-ақ парасаттылықпен іске асыруды жалғастыра берсе. Сонда мемлекетіміздің бағдарламалары іске асуына қарлығаштың қанатымен су сепкендей болса да кез келген азаматтың септігі тиер. Мүмкін ана тілі туралы қанатты сөздерді өз тілін білмеудің қандай қасірет екенін тілінен ажырап қалған қандастарымыздың санасына жеткізе түсу үшін үш тілде жазып көрнекі жерлерге іліп қойса қалай болар еді. Сонда орыс немесе ағылшын тілінде сөйлейтін қаракөздеріміздің жүрек түкпіріндегі туған тілге деген сезімдері оянып, ана тілін үйренуді өздігінен қолға алар. Әлде басқа да жолдары бар ма? Осы мәселеге алаңдайтын қазақ азаматтарының көкейінде түрлі ой-пікірлер жүргені анық. Мүмкін соларды саралап барып қажеттісін бағдарлама аясында іске асырып көрерміз. Ондай пікірлерді әлеуметтік желіге көз салған адам көптеп кездестірері сөзсіз. Мысалы белгілі журналист Жолымбет Мәкіштің өз парақшасында жариялаған жазбасына назар аударып көрейікші. «Бізде қазір қазақша білмейтіндердің арасында екі топ бар: біреуі тіл білгісі келсе, екіншісінің қазақша үйренуге мүлдем құлқы жоқ. Олардан қазақша сөйлеуді талап етіп жүрген біз де ақымақпыз. Үйренсе – өздері үшін үйренеді, үйренгісі келмесе – қыстамай-ақ қою керек. Қазақстанға Біріккен Араб Әмірлігінен үлгі алу керек. Олар да өстіп елге арабша үйретеміз деп шаршаған. Сосын бәріне қолын бір-ақ сілтепті. БАӘ-де арабтардың саны 12-ақ пайыз. Қалған 88 пайызы – шетелдіктер. Олар қайтті? Мемлекеттік мекемедегі іс-қағаздың тілін өз тіліне көшіріп, бәрін арабшалап жаза бастаған. Егер бір арыз-өтініш жазғың келіп немесе бір құжатты рәсімдеуің керек болып қалса, онда барып аудармашылар орталығының қызметіне жүгінесің. Сондағы жастар келіскен ақшаңа кез келген құжатты арабшаға аударып бере салады. Олар өстіп жүріп екі проблеманы шешіпті. Біріншісі, жыл сайын қазынаға 50 миллион доллардай ақша түсіп, жастарға жұмыс тауып берген. Жаңағы аударма орталықтарында 20 мыңнан астам жас жігіттер мен қыздар жұмыс істеп, айына олар 3000 доллардай табады екен. Күрмеуі қиын мәселені арабтар осылайша табыс әкелетін салаға айналдырған. Бізге де сөйту керек. Ол үшін бүкіл құжатты мемлекеттік тілге көшірсек болды, түк қиындығы жоқ оның! Есесіне бюджетке қосымша ақша түсіп, екі тілді бірдей білетін қазақ жастары жұмыс тауып кететін еді. Тіл үйренуге ынталандыру деп осыны айтады!» – деп жазыпты журналист. Ойлап қараған адамға сөзінің жаны бар емес пе?Жолымбет Мәкіш қоғамдағы өзекті мәселелерге әрдайым осылай пікір білдіріп жүрген азамат. Адамға ой салатын мұндай ұсыныс пікірлерді көптеп келтіруге болады. Бірақта олардың бәрін тізбелемей-ақ қоялық. Айтар ойымызға тұздық болсын дегеніміз ғой. Осындай қажеттілік тудырған жағдайда тілге бет бұру жылдамдай түсер еді. Ал өз жерінде үстемдік етпеген тіл, басқа елдің босағасынан да сығалай алмайды. Оны біз ғана емес ел басқарған тұлғаларымыз әрдайым айтып келеді.
Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011 - 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасындағы Тіл мәдениетін жетілдіру туралы жолдарға назар салып көрейікші. «Қазақстандықтардың тіл мәдениеті деңгейін көтерудің қажетті құрамдас бөлігі тіл мәдениетін дамыту болуы тиіс.
Айтыстар, мүшәйра, пікірталас турнирлерін және жыраулар мен жыршылар конкурстарын ұйымдастыру және өткізу осы бағыттағы негізгі шаралар болып табылады.
Қазақ жазуын одан әрі жетілдіру сауаттылықты көтеруге конкурстық іс-шаралар кешенін ұйымдастыру мен өткізу арқылы іске асырылатын болады. Сонымен қатар мемлекеттік тіл мәселесімен айналысатын мерзімді баспа басылымдарын мемлекет тарапынан қолдау талап етіледі.
Сонымен қатар, ақпараттық-анықтамалық электронды тілдік қызметті одан әрі дамыту және элективті, қосымша курстарды ұйымдастыру арқылы мемлекеттік тілдегі іскери ресми жазба дағдыларына оқыту жүйесін ұйымдастыру жоспарланып отыр.
Толерантты тілдік ортаны сақтау қажеттілігі - тіл мәдениетін жетілдіру жөніндегі міндеттердің сөзсіз өзегі. Қажетті шаралар қатарына - жұртшылықты, мәдениет және өнер қайраткерлерін, БАҚ өкілдерін кеңінен тарта отырып, мемлекеттік тіл күнін ұйымдастыру және өткізу, түркі жазбаларына арналған іс-шаралар кешенін ұйымдастыру, сондай-ақ тіл мәдениетін насихаттауға бағытталған іс-шараларды өткізу дәстүрін жалғастыру жатады», - деп бағдарламада нақты жазылған. Ал осылардың барлығын іске асыру жағыда барынша жүргізіліп келеді. Іске асқан жұмыстарды біз өз ойымыздан шығарып отырған жоқпыз. Ол туралы әр облыстағы, аудандардағы тілдерді дамыту басқармалары атқарып жатқан іс-шараларды көргенен кейін айтып отырмыз. Ол шаралардың қандай денгейде өткенін жиі жариялап келеміз.
Осындай ойларды саралай келе біздің өзімізде ұлтымызға деген сүйіспеншілік, тілімізге деген құрмет болмаса бәрі бекер болатынына көз жеткіземіз. Тіл үйрену, өз тілін дамыту әр адамның бойындағы ұлттық рухқа тікелей байланысты. Өйткені мемлекетіміз барлық мүмкіндікті жасап, нақты бағдарлама аясында іске асырып, барлық жағынан қамтамасыз етіп отыр. Соған қарамастан ана тіліміздің айбарын арттыра алмай отырған өзіміз кінәліміз. Сондықтан тіліміздің мерейі үстем болуына барлығымыз жауаптымыз.
Нұрлы Еділов