Мемлекеттік тілді дамыту үшін жасалынған байыпты қадамдар оң нәтиже берді
Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында тілге қатысты барлық мәселе кеңінен сараланған. Сонымен қатар тіл саласының барлық сатыларына жекеше талдау жасалынып, бағдарлама қабылданар алдындағы қоғамда қалыптасқан жағдайды ескере отырып уақыттың өзі тудырып отырған мәселелердің шешілу жолдары да анықталған. Онда мемлекеттік тілді оқытудың бірыңғай әдіснамасы мен стандарттарының жоқтығы және қазақ тілі мұғалімдері мен мамандарының даярлық деңгейінің көңіл көншітпейтіндігі басты себеп ретінде айтылып өткен болатын. Бұл сол уақыттың ащы шындығы еді. Сондай-ақ, мемлекеттік тілді оқыту инфрақұрылымы қызметінің бірыңғай ережелерінің болмауы, мемлекеттік тілді меңгеруді ынталандыру және меңгеру үдерісіне мониторинг жасау жүйесінің жоқтығы да нақты көрсетілген.
Осы түйткілдерді кезең-кезеңімен шешудің жолдары тайға таңба басқандай айқындылықпен жоспарланып, іске асыру тетіктері арқылы жөнге келтірілді. Сондықтан қазақ тілінің дамуы қалыпты жағдайда жүре бастады.
Адамның мәдениеті мен білімін, жалпы зиялылығын айқындайтын не нәрсе дейтін болсақ алдымен тіл байлығы, сөйлей білу өнері дейтін едік. Ана тілінде таза сөйлеп, ойын емін-еркін, жеткілікті деңгейде жеткізе алатын, сондай-ақ қажет болған жағдайда шет тілінде сөйлеп, өзге тілдердегі өзіне керекті мағлұматтарды ала білу жаңа заман адамының жарқын бейнесі. Ондай адамды дамыған толыққанды адам деп айтуға болады.
Жалпы адамның біліктілігі тіл арқылы ғана білініп, айтқан сөздері мен ойы елдің ортақ игілігіне айнала алады. Ал кейде бұндай қадамға тілге байланысты ертеден қалыптасқан керітартпа көзқарастар мен заңдылықтардың да кедергі келтіретінін ұмытпаған дұрыс. Кейде нақты кедергі тіл мамандарының заман ағысын жете түсінбеуінде, тың өзгерістерді толық қабылдай алмауында болатын жағдайларда кездеседі. Атап айтсақ олар тіл жүйесі мен заңдылықтарының бұзылмауын талап етеді, онсыз тіл мәні мен мағынасын жоғалтады, өзгеріп кетеді деп ойлайды. Дегенмен бұл көзқарастың кейбір қырлары дұрыстығын мойындай отырып, тілдің тірі ағза екенін, ол заманмен бірге жетілетін, технологиялық үдеріс кезіндегі қарым-қатынас құралы екен айтып өткенді жөн санаймыз. Міне осыдан барып жаңа көзқарастағы жас мамандар толқыны ұсынатын тілді дамытудың заманауи модельдеріне зейін қойған дұрыс екенін уақыттың өзі дәлелдегенін мойындау керегін алға тартқымыз келеді. Мемлекеттік тіл бағдарламасында да мұны былайша атап көрсеткен: «Қоғамдық пікірді қалыптастыру жөніндегі жұмыстардың маңызды элементінің бірі - мемлекеттік тілді қолдану мәселелеріндегі ұнамсыз таптаурындарды бейтараптандыру көзделеді».
Мамандар кейбір жастардың ойын еркін жеткізе алмайтын, дұрыс жаза алмайтын жағдайға жете бастағанын айтып, мәселе көтерілгені белгілі. Осы ретте жас ұрпақтың көпшілігінің бойында дұрыс жазып дұрыс сөйлеу дағдысы қалыптаспай қалғаны белгілі бола бастады. Сөздің дұрыс айтылып, дұрыс жазылып, дұрыс қолданылуы болмаған жағдайда айтылатын ой көмескі тартады. Ой айқын болмаған жерде еш нәтиже болмайды. Адам баласы өз ойын көпшілікке дұрыс жеткізе алмаудан асқан қиындық болмайтын шығар, сірә. Бұл көптеген қиындықтың бастауы десек те болар. Міне осындай көптеген мәселелер ескеріле отырып білім саласына да бірқатар өзгерістер жасалынды. Соның бірі оқу сауаттылығы мен жазу сауаттылығының қолға алынуы деуге болады. Осы жағдайдың айналасында да көптеген талқылаулар болып, кемшін тұстары қалыпқа келтіріліп, артықшылықтарының игілігі көріне бастады. Сондықтан мектеп оқушыларын эссе жазуға дағдыландыру оқу бағдарламасына енгізілді. Соңғы екі-үш жылдың айналасында мектеп бітірушілерге аттестат сынағына эссе жазу талабы енді. Міне бұл қадамның арқасында балалар ойын дұрыс жеткізіп жазуға дағдылана бастады. Эссе жазудың тіл дамытудағы рөлін көптеген мамандар жоғары бағалап отыр.
Тілді оқыту, дамыту үшін жасалынған мұндай істер қолдауға лайық. Жіберілген кемшіліктер бірден ескеріліп, жөндеу жағы бірден қолға алынатыны да нағыз біліктілік. Білім бағдарламаларындағы бұрынғы әдістемелік құралдар әрдайым жаңартылып, өңделіп жатқандығын заман талабына қарай жасалған сәтті істер деп қабылдаған дұрыс. Сөйлем мен сөздің айтылымын меңгеру арқылы өз ойын тыңдаушыға жеткізуді меңгерген, тыңдалым арқылы қабылдауды, жете түсінуді үйреніп, жазылым арқылы арқылы сауатты жазуды меңгерсе мамандар жан-жақты болып шығады.
Тағы бір атап өтерлік нәрсе, бағдарламада елдің әлеуметтік-коммуникативтік кеңістігіне мемлекеттік тілдің жеткіліксіз енгізілуі де талданып, кемшіліктер анықталған. Олар мемлекеттік тілді қолданудың мәртебесін арттыра отырып, оны отбасы құндылығы ретінде қалыптастырудағы кейбір кедергілер және де маңызды мәселелер мен тіл саласындағы бірнеше келеңсіз жайттардың, керітартпа көзқарастар мен орынсыз пікірлердің болуы да негізгі қиындықтардың қатарынан екені де айтылып өткен. Олқы кеткен жерлері айқындалған жағдайда кез келген іс алға басатыны анық. Сондықтан, халықаралық коммуникациялар, демалу мен ойын-сауық саласында мемлекеттік тілді белсенді қолдану аясының кеңеюіне, қазақ тілін заңның, ғылымның және жаңа технологиялардың тілі ретінде дамытуға байланысты жасалынған қадамдар жақсы нәтиже беріп жатыр.
Жалпы қоғамдағы тіл мәдениетінің төмендеуі жөнінде лингвистикалық кеңістіктің одан әрі дамуына терминология, антропонимика және ономастикадағы мәселелермен қатар, сөйлеу мәдениеті мен жазу жүйесін жетілдіру, сондай-ақ толерантты тілдік орта құру қажеттігінде айтарлықтай қиындықтар туындағанына да көңіл бөлінген. Ал бұл мәселелерді шешуге қатысты басым қажеттілік пен нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру бағдарламаның мынадай мақсаттары мен міндеттеріне өзек болып отыр. Ол осы кемшіліктерді жою тетіктері бойынша іске асады. Біріншіден мемлекеттік тілді оқыту әдіснамасын жетілдіру мен стандарттау қолға алынады. Тілді оқыту әдістемесін алға бастыру үшін, ең алдымен, оқытудың тиісті стандарттарын дамыту мен үздіксіз білім беру моделі арқылы мемлекеттік тілді меңгеруді бағалау жүйесін енгізу көзделеді. Жасалған стандартты жүйенің негізінде мемлекеттік тілді оқыту әдіснамасының негізін, соның ішінде мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін де әзірлеу қарастырылады. Екіншіден тілді меңгеру үлгілерін жетілдіру мен жаңғырту да жолға қойылды. Мемлекеттік тіл толығымен күнделікті қам-қарекеттің және кәсіптік қарым-қатынастың тіліне айналуы керек. Осы ойды жүзеге асыру жолында тоқтаусыз білім беру моделі арқылы қазақ тілін оқытудың стандарты негізінде оқытудың жаңа әдістемелерін әзірлеуде шығармашылық педагогикалық ізденістің тұрақты үдерісі айқындалды.
Тіл туралы бағдарламаның талаптарына сәйкес қазақ тілі оқытушыларын оқыту мен біліктілігін арттыру құрылатын жүйенің қажетті құрамдас бөлігінің біріне жатқызылып мектеп, жоғары оқу орындарының ұстаздары үнемі аттестациядан өтіп, білім жетілдіру курстарына қатысуда. Білім берудің жаңа бағдарламаларын осындай тиімді тетіктер арқылы іске асыру өз нәтижесін көрсетері белгілі. Білімді, білікті, айтар ойы мен дәлелін дұрыс әрі шебер жеткізе білетін ұрпақ тәрбиелеу үшін ұстаздар жаңа әдіс-тәсілдерді алдымен өздері дәйектеп меңгергеннен кейін барып үйретуді жолға қойған. Бұндай тәсілдер білім жүйесіндегі тоқтаусыз іске асырылатын әдіс. Осындай игі істер облыстық, аудандық тілдерді дамыту басқармаларының ұйытқы болуымен тілдерді дамыту мен қолданудың 2011 - 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында жасалынып жатыр.
Сөз соңында айтарымыз осы бағдарлама қабылданып қолданысқа енгеннен бастап, тіл мәселесіндегі күрмеуі қиын түйткілдер тиімді жолмен шешілуде. Сонымен қатар, әрбір азамат қазақ тілін одан ары дамыта түсу, тіл байлығын молайту, тіл тазалығын сақтау үшін өз үлесін қоса жүрсе нұр үстіне нұр болар еді.
Нұрлы Еділов