Оркестр қашан пайда болған?
Оркестр жайлы жалпы мағлұмат білгім келеді. Оркестр сөзінің мағынасынан бастап, пайда болуы және түрлері жайлы жазсаңыздар.
Қазына Еркін, Қызылорда
«Орхестра» сөзі көне грек елінде театр сахнасы мен көрерменнің ортасындағы жартылай дөңгелек ашық алаңды білдірген. Эсхил, Софокл, Еврипид пен Аристофанның тұсында ол ашық алаңда драмалық қойылымдардың ажырамас бөлігі хор орналастырылатын болған. 1702 жылдан бастап ол қазіргі сипатына жақындаған, яғни опера айтушы адамның жанында музыкалық аспаптар орындайтын топты солай атай бастайды. Алғашында оркестрдің құрамы қазіргідей музыкалық аспаптарға бай және тұрақты болған жоқ.
Тек ауқатты ақсүйектер ғана өздерінің көңілін көтеретін музыканттар ұстап, өз дәулетінің деңгейіне қарай құрамын, яғни аспап түрлерін қосып отырса керек. Солайша біртіндеп симфониялық оркестр дүниеге келді. Бұл К- В. Глюк, Л. Боккерини, Гайдн, Моцарт сынды аса дарынды музыканттар өмір сүрген классицизм кезеңінде жүзеге асты. Себебі олар әрбір дыбысты нотаға түсіріп, қай дыбысты қай аспаптың орындағаны дұрыстығын ретке келтіріп, рөлін анықтаған еді. Тұңғыш симфониялық оркестрде орындалған шығарма «Орфей».
Бүгінде оркестрдің мынадай түрлері бар:
1.Симфониялық оркестр;
2. Үрмелі аспаптар оркестрі;
3. Шертпелі аспаптар оркестрі;
4. Ұлт аспаптар оркестрі;
5. Эстрадалық оркестр;
6. Джаз оркестрі.