Еліміз егемендік алып, нарық көшіне ілескен тұста ел экономикасы тоқырауға ұшырап, халықтың әлеуметтік жағдайы күрт төмендеді. Бірқатар өзге ұлт өкілдері іргесін көтеріп, өздерінің тарихи отанына қоныс аударды. Бұл аумалы-төкпелі, өтпелі кезең болатын. Мұндай жағдаймен Кеңес Одағынан бөлініп, Тәуелсіздік алған барлық республика бетпе-бет келді. Елбасымыздың «алдымен – экономика, содан кейін – саясат» деген қағиданы басшылыққа ала отырып, жұмыс істеуінің нәтижесінде, Қазақстанның экономикасы жедел қарқынмен өсті. Халықтың әлеуметтік жағдайы көтеріле бастады.
Егемендіктің алғашқы жылдарындағы қиындықтарға қарамастан, Елбасы әлемнің әр түкпіріне тарыдай шашылып кеткен қандаc бауырларымызды тарихи отаны – Тәуелсіз Қазақстанға көшіп келуге шақырды. Арнайы заң қабылданды. Көшіп келген қандастарымызға материалдық көмек беріп, тұрғын үймен қамтамасыз етті. Қазақстан мұндай батыл қадамға барған әлемдегі үш мемлекеттің бірі болды.
Ермек ХАСЕНҰЛЫ, Моңғолиядан келген оралман:
– Ата-бабаларымыз ғасырлар бойы аңсаған азат күнге жетіп, Тәуелсіздік туын көтерген күннен-ақ Қазақстан басшысы Н.Назарбаев шетелдердегі қазақтарды елге шақырды. Алғашқыда жүрексінгеніміз рас. Артынан тәуекелге бас тігіп, Қазақстанға көшіп келген қандастарымызға жасалып жатқан қамқорлықты естідік те, біз де отбасымызбен тарихи отанға көшіп келдік. Көшіп келісімізбен үй берді. Қорамызды да бос қоймай, бір сиыр мен он қой берді. Оған қоса ақшалай да, азық-түлікпен де көмек беріп тұрды. Қазір жағдайымыз жақсы. Ал бүгінгі шетелдерден көшіп келіп жатқан қандастарға жасалып жатқан жағдай өте жақсы. Қазір көшіп келген оралман отбасының әрбір мүшесіне 150-200 мың теңгеден ақша беріп жатыр. Балалардың жоғары оқу орнына түсуіне жеңілдіктер беріп, мемлекеттік гранттар тағайындап отыр. Мен бір нәрсені түсіндім, егер сен қазақ болып туған екенсің, ендеше, сенің Отаның, сенің елің, жерің ол тек қазақ елі болуы керек. Біріншіден, шетте жүрген ағайынды елге шақырып, атажұртына көшіп келуіне көмектескен Елбасына алғысым шексіз. Қазір Қазақстанды әлем таныды. Мұның барлығы – мемлекетіміздің дұрыс саясат ұстанып отырғанының жемісі. Атажұртқа келіп, бала-шағам осында тұрақтап, ел қатарлы жұмыс істеп жүргеніне қуаныштымын. Ендігі тілерім: елімізден береке кетпесін, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын!
Қазақстан экономикасы қарыштап өсе бастады. Өндіріс ошақтарының тамырына қан жүгірді. Бір кездері белең алған жұмыссыздық деңгейі төмендеді. Жалақы, зейнетақы, әлеуметтік төлемдер өсті. Осы тұста 90-жылдардың басында елден көшкен өзге ұлт өкілдері Қазақстан халқының тұрмыс жағдайының жақсарғанын, экономикасының өскенін, қазақ елінің ішкі, сыртқы саясатының дұрыс бағыт алғанын көріп, болашағына сеніп, қайта көшіп келді.
Наталия КОСЫГИНА, Қызылорда қаласының тұрғыны:
– Әкем Ресейдің Саратов облысында дүниеге келген. Ол 1950 жылдары Қазақстанға қоныс аударып, мен осында туып-өскенмін. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары қайта құру басталып, нарықтың қатал заңы белең алды. Әркім өз күнін күйттеп кетті. Сондай аласапыран кезде үй-жайымызды тастап, Ресейге көштік. Алайда ол жақта да жағдай өте ауыр болды. Қазақстан жаққа құлағымыз елеңдеп тұратын. Екі елде болып жатқан жағдайды салыстырып отыратынбыз. Ресейде көп тұра алмадық. Қазақстанның жағдайы жақсарғанын көргеннен соң ба, жоқ әлде, туған жердің топырағы тартты ма, әйтеуір, Қазақстанға мойнымызды соза бердік. Көп ұзамай Қызылордаға қайта көшіп келдік. Қазақ халқы өте мейірімді, қонақжай халық қой. Бізді ешкім, ешқашан орыссың деп шеттетіп, қысым көрсеткен емес. Қазір көшіп келгеніме өкінбеймін. Сол кезде өте дұрыс шешім қабылдаған екенмін. Қазақстанның болашағына сенемін. Қазірдің өзінде-ақ әлем таныды. Бұл елде түрлі ұлт өкілдері бір үйдің баласындай тату-тәтті өмір сүруде. Ешқандай алауыздық жоқ. Бірлікпен өмір сүрген елде әрқашан береке болады. Халыққа ең бірінші не керек? Әрине, тыныштық, жайлы өмір, тұрақты жұмыс қажет. Қазақстанда қазір осының барлығы бар. Мұның барлығы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың дұрыс саясат жүргізуінің арқасы деп білемін.
Бахадүр ИКРАМОВ, Түркістан қаласының тұрғыны:
– Мен Түркістан қаласында туып-өскенмін. Алайда 90-жылдары дүкен сөрелері бос қалып, зауыт-фабрикалар жабылып, «өз күніңді өзің көр» қағидасы етек алған тұста абдырап қалдық. Осындай қиын-қыстау кезде көрші елде тұратын ағайындар «көшіп келіңдер» деп ауыз салып, біз де Өзбекстанға көштік. Дегенмен ол жақтағы жағдай бұл жақтағыдан да ауыр екен. Ол жақта жағдайымыз оңала қоймады. Қазақстанда қалған ағайындармен хабарласып тұрдық. Көп ұзамай-ақ Қазақстандағы жағдай оңала бастады. Түркістандағы ағайындар да «қайтып келіңдер» деді. Сөйтіп, 2005 жылы қайтадан Қазақстанға көшіп келдік. Киелі шаһар – Түркістан қаласына қайта қоныстандық. Базарға шығып, сауда жасадық. Халықта ақша болмаса, сауда жүрмейтіні белгілі ғой. Алғашқы күндері не болар екен деп, күмәнмен қарап едік, байқасақ, базарда адам қарасы көбейіпті. Яғни халықтың жағдайы жақсарған екен. Тұрмыс жағдайымыз күн санап жақсара түсті. Бүгінде төрт құбыламыз тең. Біздің Отанымыз – Қазақстан. Сондықтан біз Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс айта отырып, бәріміз «бір жағадан – бас, бір жеңнен қол шығарып», ол кісінің саясатын қолдауымыз керек.
Бүгінде Қазақстан дамыған елдер керуеніне ілесті. Экономикалық даму көрсеткіштерімен талай елді тамсандырып, талай мықтыны мойындатты.
Қазіргі таңда көрші елдер азаматтарының Қазақстан азаматтығын алып, осы елде тұруға тілек білдіруі Қазақстанның болашағының кемел екендігінен сыр шертсе керек.
Иә, қазақ үшін халықтың санын көбейту – бүгінде ең маңызды мәселелердің бірі. Мұны Елбасымыздың Астанада өткен әлем қазақтары бас қосқан ІV құрылтайда айтқан «Қазақстан – дүниедегі әр қазақтың құбыласы! Қазақстан – әлемдегі барша қазақтың құтты қарашаңырағы! Қазақ баласы дүниенің қай түкпірінде жүрсе де, тұтас қазақ халқының бір бөлшегі екенін ешуақытта ұмытпауымыз керек» деген сөздерінен анық сезінуге болады. Егер біз бірлікте болсақ, өзгелермен тату-тәтті ғұмыр кешсек, онда Қазақстанның болашағы бұдан да кемелдене берері сөзсіз.
Ынтымағы берік елдің іргесі бүтін
Последние статьи автора