Мұхтар өзінің 1991 жылы Тәуелсіздікке қол жеткізген күні туғанын есейген соң ғана сезінген. Ата-анасы отбасындағы жалғыз баланың Қазақстан Тәуелсіздігінің құрдасы екенін мақтаныш етеді. Мұхтардың өзі келешекте осы атқа кір келтірмеуді ойлайды.
Мұхтар Пернебеков – С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің студенті. Мәдениеттану мамандығы бойынша білім алып жатыр. Ол Павлодар қаласында туып-өсті. Бала кезінен оқу-білім мен спортқа құштар болды. Камал Мақпалеев атындағы №4 жалпы орта білім беретін мектепті тәмамдаған. Оқушы кезінде құқықтану пәнінен қалалық олимпиадада және дзюдодан жасөспірімдер арасында өткен қалалық біріншілікте жүлделі орындарды иеленген. Он жасында Павлодар қаласында Тәуелсіздіктің түйдей құрдасы ретінде марапатталып, сол кездегі Үкімет басшысы Даниал Ахметовтің қолынан компьютерге ие болды.
Мұхтар ПЕРНЕБЕКОВ, С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің 2-курс студенті:
– Бұрын бала кезімде 16 желтоқсанды жай мереке деп қана білетінмін. Қадірін онша сезіне қоймаппын. Кейін есейе келе бұл күннің айрықша маңызын түсіндім. Маған бәрі, әсіресе, ата-анам Тәуелсіздіктің құрдасы деп қарайды. Бұл – ерекше жауапкершілік. Сондықтан мен Қазақстанмен бірге өсіп-жетіліп, ата-анамның үмітін ақтауым керек. Қазір еліміздегі жағдай бір кездегідей қиын емес, оқимын деген адам оқи алады, жұмыс істеймін деген адамға жұмыс бар, бұл – халқымыздың бірлігі мен Елбасының дұрыс стратегиясының арқасы. Ал Қазақстанның болашағы – біздің қолымызда. Еліміздің көркеюі, гүлденуі, шарықтап, биіктерден көрінуі біздің ісімізге байланысты. Сол себепті біз оқуымызды жақсы оқып, азамат болуымыз қажет.