Жанар АЙТЖАНОВА, экономикалық даму және сауда министрі:
– Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі дамуының стратегиялық жоспарының басты бағыттарымен сәйкес, еліміздің үдемелі индустриялық-инновациялық дамуының 2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы (ҮИИДМБ) әзірленді. Бағдарлама әртараптандыру арқылы экономиканың тұрақты өсуін қамтамасыз етуге және оның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған. Осы бағдарламада қаншалықты алға жылжығанымызды байқауға болатын индикаторлар әзірленген. Индикаторлар, негізінен, халыққа қолжетімді және түсінікті. Мәселен, аталмыш бағдарламада инновациялық белсенді кәсіпорындардың санын қолданыстағы кәсіпорындар санынан 10 пайызға арттыру; 2014 жылға қарай халықаралық қабылданған патенттердің санын 30-ға дейін жоғарылату; 2014 жылға қарай енгізілген жаңа технологиялар мен жасалған тәжірибелік-конструкторлық жұмыстардың санын 200-ге арттыру; 2014 жылға дейін қолда бар инновациялық инфрақұрылымды дамыту көзделген.
Тоқтамыс МЕҢДЕБАЕВ, техника ғылымының докторы, профессор:
– Тәуелсіздік алғалы бері біз біраз экономикалық өрлеуге қол жеткіздік. Тұрақты өсу үстіндегі мемлекет екендігімізді бүгінде әлем елдері мойындады. Әйтсе де біз әлі де болса жер ресурстарының байлықтарын ұқсатуға, шикі өнімді өңдеуге, инновациялық экономикаға бет бұруға күш салғанымыз абзал. Еліміздің тұтастығын, жеріміздің байлығын сақтаймыз десек, болашақта біз ғылым саласына айрықша көңіл бөлуіміз керек. Отандық өнертапқыштарымызға көңіл бөлінуі қажет. Бәсекеге қабілетті ел боламыз десек, мемлекетіміздегі әрбір адамның мүмкіншілігін, дарынын орнымен пайдалануға күш салуға тиіспіз. Болашақта қазба байлықтардан құралған экономикаға тәуелділіктен арылып, ғылыми негізі бар экономикаға сүйенсек, дамуымыз тұрақты болады деп сенемін.
Сағындық САТЫБАЛДИН, экономика ғылымының докторы, ҰҒА академигі:
– 1997 жылы біз, біраз экономистер, Малай елінің экономикалық жүйесін тереңдеп білу мақсатында оқуға бардық. Сол кездері Малай елінде 2020-ның бағдарламасының негізі жасалып жатты. Елге келген соң, біз осы бағдарлама турасында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа баяндама жасадық. Осыдан кейін біздің елде экономистердің көмегімен 2030 деген бағдарлама жасалды. Бұл 2030 бағдарламасының негізгі көздегені – жерасты байлықтарын дұрыс пайдаланып, соны ұқсату. Сондай-ақ биотехнология, нанотехнологиялардың көмегімен елде жоғары технологиялық қуатты зауыттар, өндіріс орындарын салу. Осы әдіс арқылы отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру. Қазір біз өзі соған келе жатырмыз. Уран өндірісін, мұнай-газ саласын, атом өнеркәсібін дамытуды біз бүгінде мықтап қолға алып жатырмыз. Келешекте осы саладағы ғылыми жетістіктеріміздің көзі молайсын деп тілейік. Бізде биотын көзі, уран легі, атом энергиясы, мұнай, ядро-отын ауқымы мол. Тек бізге болашақта қолда бар байлықты ұқсатып, өзіміздің мүддемізді өзгеге жібермеуді үйренген абзал. Мен өз тарапымнан қазақтың мерейі үстем, болашағы кемел болады деп болжам жасаймын.
Оразәлі СӘБДЕН, экономика ғылымының докторы, профессор:
– Әрине, әу баста Тәуелсіздік алған жылдары біраз қиыншылықтар болды. Ол уақытта мен Жоғарғы Кеңестің депутаты едім. Сол кездері Тәуелсіздік алғанда «ата-бабаларымыздың арманына біз жеттік» деп көзімізге жас алып тебіреніп, толқыдық. Қиыншылықтар болды. Елде жаппай жұмыссыздық орнады. Елдің арасында сенімсіздік ұялады. Міне, осындай тығырықтан халықты алып шығу оңай болмады. Қазір осы қиыншылықтардың барлығын артқа тастадық. Жалпы, экономист ретінде айтарым, кейінгі жылдары Қазақ елі өзінің экономикалық өрлеу жолындағы ел екенін танытты. Әлемді жайлаған дағдарыстан да экономикамыз тұрақты өсіммен шықты. Дағдарысқа қарсы ірі-ірі бағдарламалар жасауымыздың арқасында қарапайым халыққа дағдарыстың салқыны аса біліне қоймады. Болашақта жалпы ішкі өнімнің өсімі 7,5 пайызды құрайды деп отырмыз. Ал қазірде елдегі өндіріс көлемі 10,5 пайызға артқан, қайта өңдеу саласы 18 пайызға өсім берген. Бұл – үлкен жетістік. Ендігі мақсат осы жетістікті әрі қарай жетілдіру болуы керек...
Тәуелсіздік және экономикалық өрлеу хақында...
Последние статьи автора