Конституция – құқықтық жүйенің іргетасы
– Қазіргі кезеңдегі өркениетті елдердің мемлекеттік құқықтық тәжірибесінде конституция нормаларының алатын орны ерекше болып табылады. Мемлекеттің қоғамдық, саяси өмірінде қоғам өмірінің негізгі салалары мен мемлекеттің түбегейлі мәселелерін реттейтін, сол арқылы қоғамдық дамуды жетілдірудің іргетасы болып табылатын конституцияға нормативтік құқықтық акт ретінде ерекше рөл беріледі. Конституция мемлекеттің өмір сүруінің басты тірегі болып табылады. Себебі конституция қандай да болсын елдің болашақтағы бағытын айқындайтын құқықтық идеялардан, мемлекеттік құрылысты, құқықтық жүйені бекітетін негізгі нормалардан тұрады.
Конституция мемлекет өмірінің негізгі бастауларын – мемлекеттің құрылысын, саяси және әлеуметтік-экономикалық жүйесінің негіздерін бекітеді, адамның қоғамдағы алатын орнын байқатады.
Конституция – тиісті елдің көпшілік азаматының мүдделерінде мемлекеттік және қоғамдық өмірдің басты ұстанымдарын бекітетін және мемлекеттің бүкіл құқықтық жүйесінің өзегі болып табылатын нормативтік акт. Жалпы, конституцияда конституциялық құрылымның бағалы мұралары, институттары мен нормалары ресми түрде бекітіледі. Олардың негізінде мемлекеттің құрылымы мен нысаны, билік тәртібі орнығады.
Қазақстан Республикасының қолданыстағы Конституциясы 1995 жылдың 30 тамызында қабылданды. Бұл Конституция еліміздің стратегиялық мақсаттарын анықтаған Ата Заң болды. Конституция Қазақстанды демократиялық, құқықтық, әлеуметтік және зайырлы мемлекет ретінде орнықтырумен қатар, мемлекеттің басты мақсаттарын, қызметінің түбегейлі қағидаларын, мемлекетіміздің ең жоғары құндылығы – адам, адам өмірі, құқықтары мен бостандықтарын белгіледі.
Егемен Қазақстанның тарихында орын алған 1993 және 1995 жылдардағы Конституциялар саяси реформалардың жалпыұлттық бағдарламасын іске асырудың, еліміздің құқықтық кеңістігінде терең өзгерістер жасаудың заңды нәтижесі болып табылды.
Бұл Конституциялар еліміздің экономикалық, әлеуметтік табыстарға жетуіне, саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуіне, қазақстандық әрбір отбасының әл-ауқатының артуы мен өмір сүру стандарттарының өсуіне, Қазақстанның демократиялық дамудың жаңа кезеңіне аяқ басуына берік тұғыр жасап берді.
Біз осы тұғырда біртіндеп ашық та демократиялық қоғамы бар құқықтық мемлекет қалыптастырып жатырмыз. Қазіргі кездегі Қазақстандағы құқық жүйесінің қалыптасуы елімізде құқықтық мемлекет құру бағытымен ұштастырылуда. Сондықтан еліміздің Ата Заңының мәні мен оның алатын орны барған сайын жоғарылауда.
А.Ж.ЖАРБОЛОВА, заң ғылымының кандидаты, мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасының доценті