«Адамға ең әуелі білім емес, тәрбие берілуі керек. Онсыз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген екен ұлы ғұлама, Әбу Насыр әл-Фараби. Қазақ – текті халық. Ұлттық тәрбие деген тіркестің өзі – қазақ халқы үшін қасиетті ұғым. Өйткені нағыз қазақ ол – тек қазақтың салт-дәстүрімен сусындаған, осы ұлттың тәрбиесімен жетіліп, туған тілімен санасы оянған азамат. Қазақ халқының бойында Жер жүзінде теңдесі жоқ адалдық, кеңпейілділік, ақкөңілділік, қонақжайлылық сияқты адами қасиеттер бар.
Қазақы тәрбие
«Бала тәрбиесi – бiр өнер, өнер болғанда ауыр өнер, жеке бiр ғылым иесi болуды тiлейтiн өнер». Ал Мағжан Жұмабаев атамыз «Қазақ баласының тәрбиесі қазақ тұрмысына қабысуы мақұл» деген еді. Демек, ұлттық тәрбие – аса қастерлі ұғым. Алайда қазақы тәрбие дегенді қазір әркім әртүрлі түсінеді. Ал бұл – ең әуелі ата-анасын, үлкенді және қоғамды, яғни өзі өмір сүріп жүрген ортаны сыйлау. Осы айтылғандарды сыйлап өскен, ата көрген бала тәрбиесіз болмайды.
Мағжан атамыздың мына сөзіне назар салсақ, «Баланы тәрбиешісінің дәл өзіндей қылып шығармай, келешек заманына лайық қылып шығару керек» дейді. Қазір ХХI ғасыр білім мен ғылым заманы екенін жұртшылық жақсы біледі. Бірақ бар күшімізді білім мен ғылымға салып, тәрбиені елеусіз қалдырсақ, ұтарымыздан ұтыларымыз көп болатындығын ортағасырлық бабамыз ғұлама әл-Фараби нықтап айтып кеткен ғой. Ендеше, әуелі тәрбие, содан соң барып басқа қажеттіліктер, білім, ғылым, әдебиет, мәдениет. Мәдениет демекші, тәрбиелі қауым мәдениетсіз болуы мүмкін емес. Ал білім, ғылым, мәдениет нағыз қазақы тәрбиемен арқауланса, өркениеттің шыңына даңғыл жол салынбақ.
Қазақы тәрбиенің басты тармақтарының бірі – қазақы қанның немесе қарашаңырақтың ұл балалар арқылы жалғастығы және әрі қарай өніп-өскен сабақтастығы. «Қызға қырық үйден тыйым», «Қыздың жолы жіңішке» деген қисынды қағидасы. Өйткені ұл бала қазақ халқының намысы болса, қыз бала ар-ожданы, ұяты. Ұят демекші, бабаларымыз ұятты өлімнен күшті санаған.
Тағы да Мағжан атамызға құлақ түрсек, «Ұлт тәрбиесі баяғыдан бері саналып келе жатқан тастақ жол болғандықтан, әрбір тәрбиеші сөз жоқ, ұлт тәрбиесімен таныс болуға тиіс. Сол ұлт тәрбиесімен тәрбие қылуға міндетті» деп қалың қазағын қазақы тәрбиені жоғалтып алмауға міндеттейді. Ал біздің бүгінгі отбасыларымыз бен балабақшаларымызда, мектептеріміз бен жоғары оқу орындарында қазақы тәрбие беріліп жатыр және Үкіметіміз қазақы тәрбиеге дендеп көңіл бөліп отыр деп айтуға бола ма? Кесіп айту қиын. Алайда осыдан «Балапан» телеарнасының ашылғандығы, «Қазақстан» ұлттық телеарнасының барлық бағдарламаларын таза қазақ тілінде жүргізе бастағандығы және жуырда «Мәдениет» телеарнасының ашылғандығы – Үкіметіміздің қазақы тәрбиеге шындап бет бұрғандығының айғағы.
Мектептегі бала тәрбиесі
Көреген Мағжан атамыз бір сөзінде: «Қазақтың тағдыры, келешекте ел болуы да мектебінің қандай негізде құрылуына барып тіреледі...» – депті. Осы ой бүгінгі күні өзекті мәселе болып тұр. «Мектебімізді таза, берік һәм халықтың жанына үйлесетін негізде құра білсек, келешегіміз үшін тайынбай-ақ серттесуге болады» деп арыстан атамыз Мағжан сұрғылт заманның сұрқия саясатынан қаймықпай айтқан екен.
«Шүкір» деуге болатын шығар. Қазір елдің барлық жастарын бір тудың астына жинап, дұрыс та айқын даму жолына бастайтын «Жас ұлан» балалар ұйымы бар. Бұл – бүгінгі қоғамның бел ортасында жүріп, жарқын болашаққа қадам басатын қозғаушы күш. Ал оның қатарында білімді, өнерлі, талапты, болашағынан зор үміт күттірер өрелі жастар бар. Бүгінде олардың саны 1 миллионға жеткен. Елдің әр түкпірінде жүрсе де, оларды бір мақсат, бір тілек байланыстырады. Сондай-ақ жасұландықтар қасиетті қазақ жерінде туып-өскендіктен, олардың тәрбиесі, ой-өрісі бірдей деуге болады. Бірақ күн санап зымырап, зулап, құбылып жатқан бүгінгі қоғам тәрбиені де өз ырқына қарай көндіріп, өзгертіп жатқаны анық байқалады. Өркениетке қол созып, шетелдің игілігін аламыз деп жүргенде өзге елдің мәдениеті де, өнері де, жақсы-жаман әдеті де дендеп енді. Ең алдымен, оның бәрін енгізген де, елге жайған да жастар болды. 2009 жылы жүргізілген санақ бойынша, 14 пен 28 жас аралығындағы жастарымыз саны – 4 044 660 екен. Ал бұл Қазақстан халқының төрттен бірі. Демек, кез келген жағдайға, ортаға тез бейімделгіш жастар, басқаларға да оңай ықпал жасай алады. Ал, ең бастысы, олар елдің келешегі болғандықтан, ертеңгі ұлттың келбеті осы жастардай болары түсінікті. Қазір қоғамда, әсіресе алдыңғы буын мен қарттар арасында жастар туралы теріс пікір туа бастады. Қыз-жігіттерді сөгіп, сын тағушылар көбейді. Оның себебі де жоқ емес. Сондықтан қазақтың қыз-жігіттері туралы жағымды пікір туғызу қажеттілігі туды. Бұған да «Жас ұлан» ұйымы бірден-бір себепкер бола алады. Өйткені талапты, өр мінезді жастардан құралған ол тек игі істердің ортасынан көрініп, өзгелерге үлгі бола алады. Ал 6 мен 17 жас аралығындағы осы жеткіншектерді отансүйгіш, ұлтына, халқына, еліне адал етіп өсіру үшін тағы да ұлттық тәрбиеге ораламыз.
Ұлттық тәрбие
Ұлттық тәрбиенің көздері – фольклор, ауыз әдебиеті, ұлттық әдебиет, әдет-ғұрып, салт-дәстүр, ұлағатты қағидалар, шешендік сөздер, өнеге-өсиеті бар мақал-мәтелдер, туған топырағымызда дүниеге келген ойшыл ғұламаларымыздың еңбектеріндегі тәрбие қағидалары. Сонымен бірге отбасы тәрбиесінің ұлттық ерекшеліктері, туыстық қарым-қатынас, жеті ата туралы түсінік, перзенттік парыз бен қарыз, ұлттық намыс, ұлттық сана-сезім, ұлттық адамгершілік, отансүйгіштік, еңбексүйгіштік қасиеттер, ізгілік сынды сапалық белгілер ұлттық тәрбиенің негізгі бағыттары болады.
Иә, ұлттық тәрбие – ұлттық сана-сезімі жоғары болашақ маман жастарды тәрбиелеуге негізделген білім беру жүйесінің құрамдас бөлігі. Мақсаты – ұлттық сана-сезімі қалыптасқан, ұлттық мүдденің өркендеуіне үлес қоса алатын ұлттық құндылықтар мен жалпыадамзаттық құндылықтарды өзара ұштастыра алатын ұлтжанды тұлғаны тәрбиелеу. Міндеті – мәдени-әлеуметтік өзгермелі жағдайдағы ұлттық тәрбиенің діңгегі – ана тілі болып қалатынын негіздеу, қазақ тілі мен тарихын, мәдениеті мен ділін, салт-дәстүрі мен дінін құрметтеу рухында жастардың ұлттық интеллектуалдық мінез-құлқын қалыптастыру, бүгінгі қазақ елінің индустриалдық-инновациялық жүйесінің дамуын қамтамасыз ететін жоғары парасатты ұлттық сипаттағы белсенді іс-әрекетке тәрбиелеу. Білім және мәдени-рухани тұрғыда басқа өркениеттермен бәсекеге қабілетті болуын қамтамасыз ету, қоғам мен адам, адам мен табиғат қарым-қатынасының өркениеттілік сана-сезімін ұлттық рухта қалыптастыру болып табылады.
Мемлекеттік тілді дамыту
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев: «Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттік тілді меңгеру – Қазақстан Республикасының әрбір азаматының парызы», – деп айтқандай, мемлекеттік тілді дамытуда, қоғамдық ортада әлеуметтік қолдану аясын кеңейтуде біраз шаралар жүзеге асырылды. Ал 1990 жылы «Тіл туралы» Заң қабылданған соң ғана қазақ тілін басқа ұлт өкілдеріне оқыту мәселесіне көңіл бөлініп, өрістетуге жол ашылды. Қазіргі таңда тіл үйренушілерге қазақ тілінен арнайы мұғалімдер сабақ жүргізіп, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге, ұлттық тәрбиемізді дамытуға зор үлес қосып жүргенін мақтаныш етеміз. «Кез келген өркениетті елде көп тіл білу басты мақсат екенін балабақшаның даярлық тобы да, мектеп оқушылары да жақсы біледі. Жақын болашақта мемлекеттік тілді меңгермеген баласының ертеңі бұлыңғыр болатынын әрбір ата-ана сезінуі керек. Бұдан артық қандай қажеттілік (стимул) болуы мүмкін», – деп филология ғылымдарының докторы, профессор Әлімхан Жүнісбек айтқандай, біздің Республикамыздағы мектептерде ұлттық тәрбиені мемлекеттік тілдің негізінде оқытудың жандана бастауы – қуанарлық жайт. Тіл үйренушілер белсенді түрде, өзін жан-жақты терең зерттеп, өзгелермен араласу жолдарын меңгеруі керек. Күнделікті шығармашылықпен жұмыс істеу, адамдармен қарым-қатынас жасау қажет. Мемлекеттік тілді меңгеру – бүгінгі күннің талабы.
Ұлттық тәрбиені жаңғырту – заман талабы
Ұлттық тәлiм-тәрбие мәселесi бойынша кейiнгi жылдары iргелi зерттеулер жүргiзілiп, ғалымдардың назарынан түскен емес. Қазiрде соңғы педагогикалық тәжiрибелер, сондай-ақ психологиялық-дидактикалық және қолданбалы педагогикалық озық технологияларға сүйене отырып, ұлттық тәрбие мәселесiн одан әрі ғылыми негiздеп, қайта жаңғырту мен дамыту бүгiнде өмір талабы болып отыр. Ұлттық тәлiм-тәрбие мұраларын мектептегi оқушылар ұжымдарының iс-әрекеттерiнде барынша пайдалану – қазiргi кездегi педагогикалық талаптардың бiрi. Замана жетiстiктерi негiзiнде тіл үйренуші ұрпаққа сапалы бiлiм берудi мақсат еткен көпшiлiк қауым, ата-бабаларымыз сан ғасырлар бойы сақтап, жинақтап келген халық педагогикасының асыл мұралары арқылы саналы тәрбие берудi әрқашан жадынан тыс қалдырған емес. Соңғы жылдары өткiзiлiп жатқан ғылыми-практикалық конференциялар мен ҚР Президентінің Жарлығы, ҚР Заңдары, ҚР Үкіметі қаулылары, ҚР Білім және ғылыми министрлігі құжаттары мен зерттеушi ғалымдардың еңбектерiнде этнопедагогика мұраларының назарға iлiнуi – аталмыш проблеманың көкейкестiлiгiн айқындап отыр. Болашақта гүлденген Қазақстанның одан ары қарыштап өркендеуiнiң негiзгi тұтқасы болатын демократиялық қоғамды құратын парасатты, бiлiмдi тұлғаларды дайындауда мектептегі тіл үйренушілер ұйымы арқылы ұлттық тәлiм-тәрбие жұмыстарын ұйымдастырудың маңызы зор екенi даусыз. Озық жетiстiктерге негiзделген бiлiм нәрiмен қатар, ұлттық тәрбие құндылықтарын бойына сiңiрген ұрпақтар ғана ұлт тағдырын тереңiнен таразылап, болашағын барынша болжайтын тұлға ретiнде танылатыны анық.
Тәрбие теориясы
Тәрбие теориясына байланысты әл-Фарабидің «адамға, ең алдымен, білім емес, тәрбие беру керектігі» жөніндегі нақыл сөзі бар. Я.А.Коменскийдiң ойынша, ұлттық тәрбиенiң негiзгi ошағы отбасы дәстүрi мен тіл үйренушілер қауымдастықтары ата-баба тағылымдарынан бастау алғанда ғана, оларға бiлiм берудiң тиiмдiлiгi мен сапалылығы және қоғам үшiн қажеттiлiгi арта түседi деп санаған. Ұлы гуманист Иоганн Генрих Песталоццидiң ойынша, адамзаттың тәлiм-тәрбиелiк құндылықтары, ұрпақтарының түрiне, нәсiлiне, қабiлетiне және әлеуметтiк-таптық ерекшелiктерiне бөлiнбей, «Ата-аналар тағылымдары – Книга матерей» деген бiртұтас тәлiм-тәрбие жүйесi ретiнде игiлiктенуi керек» деп санаған. Ал Ж.Ж.Руссо тәрбиенiң негiзгi көзi ата салтында деп қараған.
Тәрбие теориясын К.Д.Ушинский: «Тәрбиенің ғылым үшін де, біз үшін де ең керегі – нағыз адамды қалыптастыру. Адамның мінез-құлқы кәдімгі топырақ болса, халықтық құндылықтар сол топырақ арқылы тамырын жаяды...»,– деп өзінің терең ойын білдіреді.
Тіл үйрену әдістемелері мен ерекшеліктері
Тіл үйренушілерге ұжымдық қауымдастық негiзiнде жан-жақты ұлттық тәрбие беру жөнiндегi: тіл үйренетін ұжымда жүргізілетін тәрбие жұмыстарының әдістемелері мен ерекшеліктерін Н.И.Болдырев, В.А.Сластенин, Л.Р.Болотина және басқа да ғалымдар зерттеді. В.Лебединский зерттеуінде тіл үйренушілер ұжымындағы ұлттық тәрбие мәселесін педагогика ғылымының бір саласы ретінде қарастырған. Н.Болдырев: «Тіл үйренушілер ұйымының негізгі көрсеткіші – жалпы идеялық ортақ әрекет, тіл үйренушілер арасындағы тығыз қарым-қатынас, жалпыға ортақ басқару жүйесі, көпшілікке ортақ жауапкершілік пен ұжымның әр мүшесіне қойылатын ортақ талаптар болмақ», – деді. В.Коротовтың ойынша «ұжымдық ынтымақтастықтың негізгі күші тіл үйренушілер арасындағы саналы тәртіп» делінген.
В.Галузинский: «... тіл үйренушілер ұжымындағы қоғамдық пікірдің қалыптасуы ұжым, топтар арасындағы көсемдер (көшбасшылар) қарым-қатынасына байланысты», – деген. Ә.Жұмахановтың пікірінше, ұлттық тәрбие мектептегі тәрбие жұмысында жетекші орынға айналуы шарт деп санайды. З.Жақыпов «тіл үйренушілер ұжымы арқылы қазақ тілі сабақтарында ұлттық тәрбиеге бағытталған педагогикалық іс-шаралар жан-жақты дамыған жаңа адамды тәрбиелеп шығарудың кепілі болмақ» дейді. Қазақстанда тіл үйренушілер ұйымының ұлттық тәлiм-тәрбиеге негiзделген жаңа моделі, ұлттық тәлiм-тәрбиенiң асыл арналары болып табылатын ізгілік, имандылық, парасаттылық ұғымдары өзiнiң бастауын қасиеттi Құран жазбаларынан, тотемдiк-мифологиялық ұғымдар мен таңбалардан, пайғамбарлар мен ғұламалар өсиеттерiнен, киелi «Авеста» шежiрелерiнен, мақал-мәтелдер мен тыйым сөздерден және дала данышпандарының нақыл сөздерiнен бастау алады. Алтай тауларының қақпа тастарына (IV-V ғ.ғ.) ойып жазып кеткен Күлтегiн мен Тоныкөк бабаларымыздың артына тәлімдік мұра қалдырды.
Ұлы бабалар ұлттық тәрбие жайлы...
Асан қайғы айтқан асыл тас – табиғат ортасы, асыл сөз – адамзат парасаты, жел мен ой толқыны тылсым кеңістіктің таңғажайып құпиясы болып табылады. Ы.Алтынсарин орыс-қазақ мектептеріне арнап қазақтың ұлттық бай мұраларын орыс тіліне аудару арқылы қазақтың халық педагогикасын басқа ұлт өкілдеріне білдірді. Абай ұлттық тәрбие мәселесіне арнайы тоқталмаса да, қазақи тәлім-тәрбие дүниесінің ерекшеліктерін өзінің жыр жолдары мен қарасөздері арқылы шебер жеткізе білген.
М.Жұмабаев: «Әрбiр тәрбиешінің қолданатын жолы – ұлт тәрбиесі. Әрбiр ұлттың бала тәрбиесі қылу туралы ескiден келе жатқан жеке-жеке жолы бар», – деген. Т.Тәжiбаев: «Қазақтың мәдени өмiрiнде фольклор, музыка, қол өнерi және халықтың тәрбиелiк дәстүрлерi басты рөл атқарған», – деді. Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» кітабын (1975) қазақ халық педагогикасының әліппесі деп айтуымызға болады.
Қазақстандық А.Мұхамбаеваның ойынша, «жас ұрпаққа халықтың сан ғасырлар бойы жинақталып келген салт-дәстүрлері негізінде тәрбие беруді алдымен салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптардың халық тұрмысындағы пайда болу генезисін тіл сабақтарында анықтап алудан бастау керек». Қ.Сейсембаев «Отбасы тәрбиесінде балаларды мектепке даярлаудағы қазақ халық педагогикасы» атты еңбегінде халық педагогикасының негізгі компоненттерінің бірі ұлттық тәрбие екенін атап көрсетеді.
Қазақ халық педагогикасы мұралары негізінде тіл үйренушілер ұйымы арқылы тілі сабақтарында ұлттық тәрбие жұмыстарын ұйымдастыру жалпы адамзат мәдениетінің біртұтас бөлігі болып табылатын ұлттық рухани-мәдени қазыныларымыз жөнінде мол мағлұматтар алуымызға мүмкіндік береді. Оған мемлекет тарапынан қолға алынып жатқан қазақстандық патриотизм мен республикамыздағы тіл үйренушілер ұйымдарының шығармашылық әрекеттері негіз бола алады.
Тұжырым
Осы айтылған тұжырымды қорытындылай келе, біз алдымен қазақ халық педагогикасының ұрпақ тәрбиесінде ғасырлар бойы қалыптасқан тәжірибелерін зерделей келе, жалпы, адамзаттық рухани құндылықтар мен ұлттық мәдениетке негізделген «жаңа типтегі тіл үйренушілер ұйымының моделін» қалыптастыруымыз қажет деп санаймыз.
Мектеп өмірінде ұзақ жылдар бойы қалыптасқан озық тәжiрибелердiң тиiмдiлiгiн ескерген ғалымдар педагогикалық еңбектерiнiң көп бөлігін тәрбие мәселелеріне арнауды жөн санады. Оның басты себебi – мектеп практикасында тіл үйренушілерге жан-жақты тәрбие берудiң осы уақытқа дейiн көптеген дәстүрлi әдiс-тәсiлдер жиынтығы жинақталғаны белгiлi.
Бүгінгі таңда жас ұрпақты өз халқының тарихын, тегін, салт-дәстүрін, тілін, білімін, адамзаттық мәдениетті, адами қасиетті мол, терең түсінетін шығармашылық тұлға етіп тәрбиелеу – өмір талабы, қоғам қажеттілігі.
Қазақстан Республикасы Білім туралы заңында жас ұрпаққа жан-жақты білім мен тәрбие берудің мемлекеттік саясатының негізгі ұстанымдарын айқындап береді. Олар мыналар: Қазақстан Республикасының барлық адамзатының білім алуға тең құқылығы, әрбір адамзаттың интеллектуалдық дамуы, психо-физиологиялық және жеке басының ерекшеліктері, халық үшін білімнің барлық деңгейіне кең жол ашылуы.
Яғни білім заңында әрбір азаматтың білім алуға құқылығын негізге ала отырып, оқушы бойына ұлттық құндылық қасиеттерін қалыптастырып, құрметтеуге тәрбиелеуде дидактикалық шарттар, яғни оқыту, тәрбиелеу, дамыту, қалыптастыру үрдісін жан-жақты қамту қажеттілігі туындайды. Оқушы бойына ұлттық құндылықтарды қалыптастыру үшін ұлттық мәдениет, салт-дәстүр, халық тағылымдары және т.б. мәселелеріне тоқталып өткеніміз жөн.
Қазақ мәдениеті – ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық мәдениет. Ол ұлттық тәлім-тәрбиенің негізінде дамып, қалыптасты. Ұлттық тәрбие сол ұлттың мәдениетін дамытудың қозғаушы күші болып табылады. Әрбір халықтың тарихи тіршілігі мен рухани тәжірибесі бар. Халықтың тұрмыс-тіршілігіндегі рухани тәжірибелері арқылы қалыптасқан тәрбиелік және дүниетанымдық көзқарастарын біз халық педагогикасы дейміз. Халық педагогикасы – халықтың мәдени мұрасы. Халық педагогикасы сол халықтың (ұлттық) этностық ерекшеліктеріне байланысты дамып, қалыптасқан.
Ал ұлттық тәрбие мәселесі – адамзат тарихынан өн бойына ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан ұлы мақсат. Бүгінде адамзат өркениеттің өзгеше биігіне көтерілген, үшінші мыңжылдыққа қадам басқан кезеңінде де жас мемлекетіміз үшін рухани асыл мұрат болып, Қазақстандық патриотизм, азаматтық парыз, тұлға бойындағы ұлттық құндылықтар мен ар тазалығы және тағы басқа қасиеттерді жатқызамыз.
Жас ұрпаққа ұлттық тәрбие берудің бағдарлы идеялары еліміздің Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Қалың елім, қазағым» атты жинағында мемлекеттік идеология мәселесін ұдайы есте ұстауымызды ескерте келе, былай деп жазады: «Бес арыстарымызға арналған тарихи зерде кешенінде мен қазақстандық отаншылдық сезімін тәрбиелеуге көңіл бөлген едім. Қазақстанда тұратын әрбір адам өзін осы елдің перзенті сезінбейінше, оның өткенін біліп, болашағына сенбейінше, біздің жұмысымыз ілгері баспайды. Олай болса, қазіргі кезеңде мектеп табалдырығынан бастап білім беруде ел тарихын терең қозғап, тәрбие сағаттарында қазақ зиялы қауымының еңбектерін, қоғам дамуына қосқан үлесін айтып түсіндіру арқылы оқушылардың адами құндылық қасиеттерін қалыптастыра аламыз. Сондай-ақ ұлттық салт-сананың өмірдегі қолданылмалы көріністері: рәсімдер, рәміздер, ырымдар, тыйымдар, жөн-жоралғылар, діни уағыздар, сенімдер, кісілік рәсімдері, перзенттік парыз, адамгершілік борыш, ұрпақтық міндет арқылы іске асырылып, ұлттық қасиеттерге айналады.
Оқушының ұлттық қасиеттеріне меймандостық, кісілік, сыйласымдылық, имандылық, кішіпейілділік, кеңпейілділік, салауаттылық, тіршілікке бейімділігі, өнерпаздық, шешендік, ақынжандылық, сыпайылығы, мәдениеттілігі т.б. қасиеттері арқылы ерекшеленеді.