Абайдың ақындық тәрбиесін көрген шәкірттерінің ішінде ұлы ақынның қасында ширек ғасырдай жүріп, інісі, досы болған ең талантты шәкірті, ақын, әнші әрі композитор Көкбай Жанатайұлы жайлы құнды құжат табылды. Абай мұражайының ғылыми қызметкерлері Мәскеуге барған сапарында сол елдегі мұрағаттан оның заманында би болғанын айғақтайтын нақты дерекке қол жеткізді.
Құнды қағазда 1891 жылдың 15 қаңтарында Көкбай Жанатайұлының Мұқыр болысының №8 ауылына би болып тағайындалғаны жайлы мағлұмат жазылып, оған сол кездегі Семей облыстық әскери генерал-губернаторының бұйрығы шыққан. Мұражай қызметкерлері құнды қағаздың көшірмесін Абайдың әдеби-мемориалдық қорық-мұражайына алып келді. Соған қоса, Омбы қаласындағы мұрағаттан Оспан мен Тұрағұлға қатысты да құнды қағаздар табылған.
Бұл туралы Абайдың әдеби-мемориалдық қорық-мұражайының директоры Жандос Әубәкір былай дейді:
– Биылғы жыл Абай мұражайы үшін табысты жылдардың бірі болды десек, артық айтқандық емес. Яғни біздің ғылыми қызметкерлер Омбы және Мәскеу қалаларындағы архивтерге барып, құнды құжаттарды қарау бағытында жаңа бір тың дерек табылды.
Бұл – биылғы жылы 150 жылдығы тойланғалы отырған Абайдың дарынды шәкірті Көкбай Жанатайұлына қатысты деректер. Көкбайды «біз әрқилы қызметтерде істеді, би болды» деп жатамыз. Бірақ оның барлығы құр ауызша естеліктерде келген болатын. Енді мынау біздің қолымыздағы деректер бойынша, Көкбайдың би болғандығы, және екі рет осы биге кандидат болып сайланғандығы белгілі болды. Ол 1890 және 1893 жылдары, яғни соған арналған арнайы мынау Семей облысының әскери губернаторының бұйрығы. Сонымен қатар, екінші бұйрық 1893 және 1896 жылдары осы Көкбай Жанатайұлының би болғандығы тұрғысында тың деректер қазір табылып отыр. Табылған құжат біздегі архивте сақталатын болады. Биылғы жылы біз осы Абай мұражайындағы қандай қолжазбалар бар, бізде қандай деректер бар, осының барлығы мынау зерттеушілерге белгілі болу үшін «Абай мұражайы қорының сипаттамасы» деген кітапты баспаға дайындап, ұсындық. Таяу арада келеді деп ойлаймыз. Сонда біздің қорда қандай мәліметтер жинақталған, қандай архив құжаттары бар – осының барлығы осы кітапқа енеді. Мынау да – табылған тың дүние. Осылардың барлығы өз зерттеушілерін, ізденушілерін тосып жатыр десек, артық айтқандық емес.
Көкбай Жанатайұлының бір ерекшелігі – ол Абайдың ақын шәкірттері ішіндегі ең бір импровизацияға жүйрік ақын болған. Сол дарынын бағалап, Абай Құнанбайұлы өз өлеңдерін Көкбайдың атынан таратқан. Бұған дейін Көкбайдың оқығандығы, арнайы ресми молда болып қызмет атқарғандығы туралы, соған қоса, земство мүшесі болғаны жайлы дерек табылған болатын. Айта кетейік, биыл – Көкбай Жанатайұлының туғанына 150 жыл. «Осы айтулы датаға орай, бұл құжат таптырмас сый болды», – дейді мұражай басшысы. Көкбай Жанатайұлының мерейтойы оның туған жері Абай ауданындағы Көкбай ауылында қыркүйек айының ортасында тойланады деп жоспарланған. Мерейтойға орай, ғылыми-танымдық конференция, республикалық ақындар айтысы, ұлттық ойындар сайысы өтеді. Соған қоса, Көкбай туған Тақырдағы мұражай экспозициясы қайта жаңартылып, Көкбай мұражайы болып ашылады. Көкбай жайлы табылған құжаттың бір көшірмесі енді сол мұражайға тарту етілмек. ХIХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басында, төңкерістерге толы заманда өмір кешкен, ұлы Абайдай қазақ поэзиясының асқар шыңының ақындық тәлімін алған, артына мол әдеби мұралар қалдырған, ел ортасынан медресе, мешіт ашып, ұстаздық қылып, молда атанған, қажы Көкбай Жанатайұлының әдебиет тарихындағы алар тұғыры әрқашан биік бола бермек.