Ескі әндерді естен шығармай, жаңа патриоттық әндерді жаттап жүрейік!

Ұлы Отан соғысы жылдары өрімдей жастар, жігерлі жігіттер, айбынды ел ағалары майданға аттанғанда оларды Ұлы Жеңіске жетелеп, намыстарын жани түсуде рухты әндердің маңызы күшті болғаны анық. Ал тылда қалған әйелдер қауымы майдандағы жарларына, әкелеріне, аға-інілеріне деген сағынышын әнге қосып, бесіктегі сәбилерін мұң мен үмітке толы жырлармен тербетті. Бүгінде сонау қаһарлы жылдарда және одан кейін де туған соғыс жайлы ән-жырлар өнер тарихының үлкен бір кезеңін қамтитын інжу-маржанға айналды. Міне, Ұлы Жеңіске 67 жыл толып отырған қазіргі таңда сол туындылардың кейбірі уақыт өте келе көмескіленіп, бүгінгі ұрпақтың санасынан өше бастаса, енді бірі сөнбес жалындай жүректерде сақталып келеді.
Соғыс жайлы тек фильмдерден көріп, үлкендерден естіген әңгімелерден, кітаптардан оқып, білген ұрпақтан соғыс туралы әндерді сұрасаңыз, көбінесе Ұлы Отан соғысының әнұранына айналған «Священная война», «Катюша», «В землянке», «Синий платочек», «День Победы» секілді белгілі орыс әндерін тізбектей бастайды. Ал майданда туған немесе соғыс тақырыбын арқау еткен қазақ әндерінен ең бірінші болып ауызға ілінетіні – Р.Елебаевтың «Жас қазағы» мен М.Төлебаевтың «Кестелі орамал» әндері. Ал кейіннен туған әндердің қатарында «Әлия» мен «Соғыстан қайтқан солдаттар» әндері ел құлағына әбден сіңісті болып қалған. Алайда бізде осы аталған әндерден басқа соғыс жайлы ән жоқ екен деген түсінік болмауы тиіс. Тек сонау сұрапыл жылдарды ән мен жырға қосқан ақын-сазгерлердің шығармаларын тыңғылықты зерттеу, насихаттау кемшін түсіп жатады. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында Ұлы Жеңістің 65 жылдығында Халық әртісі Нұрғали Нүсіпжанов біршама еңбектеніп, майдан тақырыбындағы әндерді жинақтап, концерт ұйымдастырған болатын. Осы концертте Әйткеш Толғанбаевтың «Түн сарыны», Ғали Әбеновтің «Жауынгер сағынышы», Мәлік Жаппасбаевтың «Сәлем», Смағұл Көмекбаевтың «Майданға» әндері мен М.Ибраевтың Бауыржан Момышұлының сөзіне жазылған «Аңсау» романсы сияқты бұрын-соңды ешкім естімеген 14 ән орындалды. Нұрғали ағаның айтуынша, бір ғана Әсет Бейсеуовтің өзі соғыс тақырыбына арнап 22 ән жазған. Сондай-ақ Нұрғиса Тілендиевтің соғыс туралы 10 шақты әні бар көрінеді. Одан басқа Ә.Еспаев, С.Мұхамеджанов, Б.Байқадамов, Ш.Қалдаяқовтардың да азаттықты аңсаған, өршіл рухты ту еткен шығармалары жетерлік. Сондықтан біз әр жыл сайын Ұлы Жеңіс мерекесінде «Әлия», «Батыр Бауыржан», «Менің Мәншүгім», «Жас қазақ», «Дубосеково зиратында», «Болмасын соғыс, болмасын», «Сөнбесін, әже, шырағың» әндерін шырқап, өз мерейімізді өзіміз көтергеніміз абзал. Қазақ халқының майталман әншілері Әлібек Дінішев, Роза Рымбаевалардың репертуарынан ойып тұрып орын алатын соғыс, майдан тақырыбындағы әндер, патриоттық әндер өнерде жүрген кейінгі жастарға да үлгі болса екен дейміз.
Қарасай САЙЖАНОВ, композитор, дирижер:
– Мен бала кезімнен соғыс жайлы әндерді тыңдап өстім. Өзімнің әкем де – майданға қатысқан адам. Соғыс, Ұлы Жеңіс жайлы рухты әндерді ата-анам және олардың майдандас достары ылғи шырқайтын. Өне бойыңды шымырлататын шығармалар шырқалғанда соғыс деген суық ызғар жүрегіңді қарып өткендей болады. Адам баласының кез келген көңіл күйін жеткізуде әннің құдіреті шексіз ғой.
Мен өзімнің «Батыр Бауыржан» әнімді жеті айдай жаздым. Қайсарлығы халқына аңыз болып, рухының асқақтығы дұшпанын тұқыртқан батыр бабамыз жайлы ән жазу, әрине, оңай шаруа емес. Алайда қазақ халқында кез келген патриоттық әнге арқау боларлық тұлғалар көп. Біздің мақсатымыз – осындай өр тұлғалы батырларымыздың ерлігін әнге арқау етіп, ұрпаққа насихаттау.
Егеменді елде бақытты ғұмыр кешіп жатқан бүгінгі ұрпақ Отанға, еліне, жеріне деген сүйіспеншілігін патриоттық әндермен айшықтай түссе, рухымыздың аласармайтыны анық. Ендеше, ескі әндерді есімізден шығармай, жаңа патриоттық жырларды жаттап жүруге тырысайық. Бүгінде екінің бірі орындайтын мән-мағынасыз әндер қазақ эстрадасының абыройын төмендетіп тұрған шақта отаншылдық рухты биіктетер ана тіліміздегі патриоттық әндерге деген зәрулік байқалады. Болашақта әскердегі және әскери оқу орындарындағы ұландарымыз мағынасы терең, әуені рухты әндермен шерулесін деп тілейік. Жер бетіндегі тыныштықты қарудың үні бұзбасын, әлемді соғыстың өрті шарпымасын! Әр шаңырақта шаттық әні шырқалып, қуаныш күйі төгілсін!





