Жырақта жүрген қазақ спортшылары

Жырақта жүрген қазақ спортшылары

Естеріңізде болса, «Ақ желкен» журналының өткен жылғы №10 санында жат жердің ауасымен тыныстап, өзге елдің намысын қорғап жүрген спортшыларымыз туралы жазған болатынбыз. Қытайдағы балуан Ерланбек Кәтейұлы, Австралияның сұрмергені Дина Аспендиярова, Түркиядағы таэквондошы Жансәуле Дениз туралы аз-кем мағлұмат бердік. Ал бұл жолы шетелде жүрген ережесіз жекпе-жек шебері Жұмабек Тұрсын, Өзбекстандағы балуан Елмұрат Тасмұратов, Германиядағы хоккейші Данияр Жүнісов туралы жазуға оқталдық…
Миллиардтарды мойындатқан жігіт


Қытайда Жұмабек Тұрсын деген мықты қазақ тұрады. Мықтылығы сол, ережесіз жекпе-жектен миллиардтың ішінде топ жарған. Ол аздай АҚШ-тағы атақты UFC (Абсолютті жауынгерлік чемпионат) додасына тұңғыш қатысқан қазақ.
Жұмабек 1986 жылы Іле Қазақ автономиялы облысының Күнес ауданында дүниеге келген. Лақап аты – «Айбарлы жолбарыс».
«Спортқа бала кезімнен ынтық болдым. Мектепте жүргенде футбол ойнадым, күрестім, бокс қолғабын да кидім. Бертін келе еркін күреспен де шұғылданып көрдім. Күрестен Іле Қазақ автономиялы облысының чемпионы болдым. Ішкі Қытайға барып, жасөспірімдер арасындағы ел біріншілігінің қола жүлдесін де ұтып алдым. Алайда, ересектер арасындағы сында жеңіліп қалдым. Содан соң, күреспен қоштасып, бағымды ережесіз жекпе-жектен сынап көргім келді», – дейді Жұмабек.
Ережесіз жекпе-жекте Жұмабек барлығы 28 жекпе-жек өткізіп, бәрінде жеңіспен аяқтады. Екі мәрте Азия додасының «Алтын белдігін» жеңіп алды. Қытайдың ғана емес, Тайланд, Оңтүстік Африка, Ресейдің «мықтыларын» тізе бүктірді.
Біздің балуан туралы қытайлық басылымдар: «Жұмабек Тұрсын дене бітімі кішкене болғанымен, нағыз күштің иесі. Көп кездесулерде өзінен әлдеқайда денелі қарсыластарын тізе бүктірген. Жұмабек қазақтың баяғы батырларындай сайыс алаңына шыққанда көкжал қасқырды елестетеді. Ол бокс пен күрес техникасын жетік меңгерген, сондай-ақ тек қара күштің ғана емес, керемет шеберліктің де иесі», – деп те жазды.
Міне, осындай қара күш иесінің белдесулерін UFC мамандары арнайы іздеп келіп тамашалапты. Тіпті, ұсыныс білдіріп, Жұмабекпен 2 жылға келісім-шартқа отырыпты.
Былтыр жазда Қазақстанға келіп Ардақ Назаров бастаған «Alem Fighters» кәсіпқой спорт клубында тәжірибе алмасып қайтты. «Alem Fighters» клубының мақсаты – қазақтың қайсар жігіттерін спортқа баулу. Осы мақсатта кәсiпқой спорт мектебiнде күрес, дзюдо, бокс, таэквондо, каратэ, грепплинг, джиу-джитсу сынды бірнеше спорттық үйірмелер жұмыс істейді. Спорт мектебiнің филиалы Қытайдың Құлжа қаласынан да ашылған. Ол жақтағы мектептің жетекшісі – осы Жұмабек Тұрсын.
Данияр бір ойында бас қаһарман атанды


Даниярдың әкесі Айғали – Атыраудың жігіті. Жиырмаларға келгенде Алматының шет тілдер институтына түскен. Институтта оқып жүріп Берлиннің Гумбольд университетінде оқуын жалғастырған. Кейін неміс қызына үйленіп, сонда қалып қойыпты. Сөйтіп, 1987 жылдың 12-наурызында дүниеге Данияр келген екен.
Бала Данияр 8 жасынан бастап хоккеймен айналысыпты. Қақпашылық таланты мен шеберлігін көрсетіп, мықты командалардың назарына ілігіпті.
Бұл жайында Даниярдың өзі былай дейді: «Бала кезімде чех қақпашысы Доминик Гашекті үлгі тұттым. Гашектің ойын мәнеріне қатты қызығатынмын. Қақпашы болуыма осы чех ойыншысының әсері болды. Бала кезімде он жыл бойы «Эйсбарен Берлин» клубының төменгі құрамасында ойнадым. Сонда жүріп балалар мектебінен жастар құрамасына өттім. Он сегіз жасымда «Эйсбарен Берлин» клубының негізгі құрамына шықтым. Үш жыл бойы осы клубта ойнап, кейін «Гамбург Фризерс» клубынан шақырту алдым. Бұл құрама сапында бір жыл ойнап, артынша «Вольсфбург Гризли Адамс» клубына ауыстым».
Данияр Жүнісов соңғы үш жылдан бері осы «Вольсфбург Гризли Адамс» командасының намысын қорғап жүр. Осы жыл ішінде команда Германия хоккей чемпионатында топ бастапты. Германия кубогының иегері болған. 2010 жылы Неміс лигасының күміс медалін жеңіп алған. Ал 2011 жылы Давоста өткен Шпенглер кубогында Канада құрамасын ұтқан. Осы ойынның бас қаһарманы біздің Данияр болған екен.
Данияр еліміздің ұлттық құрамасының негізін құрайтын Астананың «Барыс» клубы мен Қазақстанның ұлттық құрамасының ойынын қалт жібермейді. Болашақта «Барыс» сапында ойнап, ұлттық құраманың қақпасын қорғағысы келетінін де білдіріп жүр.
Елмұрат Өзбекстанға неге кетті?


Елмұрат Тасмұратов – Өзбекстанның Шыршық қаласының тумасы. 2004-08 жылдары Шымкенттегі Саттарханов мектебінде оқыған. Осы кезден бастап күреске шындап ден қойған. Иә, Елмұрат шеберлігін Қазақстанда жүріп шыңдады. Алайда, Шымкентте оқыса да Өзбекстанның азаматы болғандықтан, көп жарыстардан шеттетіліп қалып жүрді.
Елмұрат Қазақстан ұлттық құрамасына алынатын кандидаттардың бірі болатын. Бірақ, оның тағдырын 2008 жылы Дәулет Тұрлыханов атындағы турнир шешті. Турнирде жеңілген Елмұрат ұлттық құрамаға қабылданбады. Осы кезде қазақтың абыройын қорғау мүмкіндігінен айырылған жігітті Өзбекстанның құрамасы өздеріне шақырды. Осылайша, 2010 жылы Елмұрат өзге елдің абыройын қорғауға мәжбүр болды.
«Көп жарыстарда мен №2 балуан болдым. Менің салмағымдағы №1 балуан сыныптасым Асқар Сәлтебаев еді. Үнемі Асқардың көлеңкесінде қалатынмын. Тұрлыханов турнирінде де жолым болмады. Осы кезде өзбектерден ұсыныс түсіп, Азия чемпионатына қатысуға мүмкіндік алдым. Бір қызығы, Ташкентте өткен турнирде алғашқы қарсыласым осы Асқар болды. Қарсыластарымды шетінен ұтып, көзге түстім. Содан бері өзбек құрамасы алақанына салып отыр», – дейді Елмұрат.
2012 жылы Елмұрат Өзбекстан атынан Лондон олимпиадасына қатысты. Жүлдеге ілінбесе де, жоғары нәтиже көрсетті. 2013 жылы Делиде өткен халықаралық жарыстың алтын медалін жеңіп алды. Осы жылы Будапеште өткен әлем чемпионатында қола медальға қол жеткізді. Мына қызыққа қараңызшы, қолаға таласта Елмұрат өзінің қандасы, Қазақстан ұлттық құрамасының балуаны Алмат Кебісбаевты ұтты. Осылайша, кеше ғана қазақтың құрамасынан шеттетілген Елмұрат өзбектердің ұпайын түгендеп берді.
Былтыр Астанада өткен Азия чемпионатында, Ташкентте өткен әлем біріншілігінде қола медальді мойнына тақты. Өкініштісі, Ташкентте өткен бұл чемпионаттан Қазақстан құрамасы құралақан қайтты. Тіпті, таудай үміт арқалаған Нұрмахан Тінәлиевтің өзі ширек финалда сан соғып қалды. Ал Өзбекстан құрамасы сапындағы Елмұрат Тасмұратов бұл кезде екінші жыл қатарынан әлем чемпионатының қола жүлдесін жеңіп алды. Кім біледі, Елмұрат Қазақстан құрамасы сапында болғанда, қола медаль өзбектің емес, қазақтың қоржынына түсер ме еді?
Қазақтың қоржыны дегеннен шығады, Елмұраттың өзі де атажұртқа келуді армандап жүргенге ұқсайды. «Әкем маған «Қазақстанға барып, атажұрттың абыройын қорға» дегенді жиі айтады. Өзім де Қазақстанның абыройын қорғағым келеді. Алайда, қазір елге келсем Рио Олимпиадасына қатыса алмайтын түрім бар», – дейді Елмұрат.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста