Зілтеміршілерімізге мақтау өтіп кеткен бе?
Ауыр атлетикадан Астана қаласындағы сәулетті «Сарыарқа» спорт кешенінде өтіп жатқан Азия чемпионатының да көмбесі көріне бастады. Әзірше Қазақстан зілтеміршілерінің нәтижелері өзіміз күткендей емес...
Азия чемпионатына сары құрлықтың 18 мемлекетінің зілтемірмен арпалысқан қыз-жігіттері қатысуда. Олардың арасында Лондон Олимпиадасының жеңімпаздары мен жүлдегерлері де бар екенін бұған дейін жазғанбыз. Солар бар, басқалар бар, Сарыарқа төсінде Қазақстан ауыратлеттеріне алтын тиер емес...
Құрлық біріншілігі қарсаңында баспасөз жиыны өтіп, оған Азия ауыр атлетика федерациясының бас хатшысы Әли Муради, отандық федерация президенті Қайрат Тұрлыханов, Штаттағы ұлттық командалар және спорт резерві дирекциясының директоры Болат Қырықбаев, спорттың осы түрінен Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Алексей Ни қатысты. Олар спорт түрінің бүгінгі тыныс-тірлігі мен соңғы жылдардағы Қазақстан зілтеміршілерінің ерен жетістіктеріне қысқаша тоқталып өтті.
ҚР ауыр атлетика федерациясының президенті Қайрат Тұрлыханов бұған дейін Алаш топырағында Азия чемпионаты екі мәрте өткенін атап өтті (2004 жылы Алматыда және 2009 жылы Талдықорғанда). Аталған екі Азия чемпионаты аса жоғары деңгейде ұйымдастырылып, Азия елдерінің барлығы дерлік қазақтардың қонақжайлылығы мен іскерлігіне риза болған. Ең бастысы, қандай істі қолға алсақ та, оны дөңгелетіп әкете алатынымызға көздері жеткен көрінеді. Сол себепті 2013 жылғы Азия біріншілігі мен 2014 жылғы лицензиялық әлем чемпионатын өткізу Қазақ еліне сеніп тапсырылған. Қайрат Болатұлы өз кезегінде осындай маңызды жұмыстарды ойдағыдай атқарып шығуға Спорт және дене шынықтыру істері агенттігі, Спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері конфедерациясы және бас демеушілерінің, яғни «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы мен «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының барынша қолдау көрсетіп отырғандығын баса айтып өтті.
Ал Азия ауыр атлетика федерациясының бас хатшысы Әли Муради Қазақстан зілтеміршілерінің соңғы жылдардағы қол жеткізген орасан зор табыстарын жіпке тізіп, тамсанатындығын білдірді. 2008 жылы Бейжің Олимпиадасында ауыр атлетикадан жалпы командалық есепте үшінші орын алғанымызды, одан соң үш бірдей әлем чемпионатында үздіктер қатарынан көрінгенімізді бір түйіндеп шықты. Содан Лондон Олимпиадасында Әнұранымыздың Тұманды Альбион көгінде төрт мәрте шырқалғанын сүйсіне айтып шықты. «Әрине, Қазақстанда әлеуеті зор зілтеміршілер бар екенін бұрыннан білетінбіз. Бұл спорт түрінен шежірелеріңіз де жеңіске толы. Десек те, дәл осындай тым биік белеске көтеріледі деп ешкім күткен жоқ еді. Өздеріңізді күллі әлемге түбегейлі мойындаттыңыздар» деп Ираннан келген мәртебелі мейман ақтарылды.
Өкінішке қарай, өз жеріміздегі Азия чемпионаты біз үшін көңілсіздеу басталды. Алғашқы күні сынға түскен спортшыларымыз сенім үдесінен шыға алмай, сан соқтырды. Әйелдер арасындағы 48 келі салмақта сынға түскен Галина Мамонова бесінші орында қалып қойды. Оның көрсеткіші – 167 (77+90). Бұл салмақта Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері, солтүстіккореялық Чин Хва Рианг 190 (80+110) келі көрсеткішпен топ жарды.
53 келі салмақта Маргарита Елисееваның жүлдеге ілігетіндей мүмкіндігі болып еді. Жұлқа көтеруде екінші орыннан көріне білген. Алайда серпе көтеруде жолы болмады. Сөйтіп, 183 (85+98) келі нәтижемен Елисеева төртінші орынды қанағат тұтты. Бұл салмақта бас жүлдені 202 (90+112) келі көрсеткішпен Қытай қызы Цзиньян Го олжалады.
Ерлер арасындағы 56 келі салмақ дәрежесінде Олимпиада ойындарының жеңімпазы Ом Юн Чолға тең келер ешкім болмады. Барлық қарсыластарын «шаңына» ілестірмегені былай тұрсын, тіптен ол серпе көтеруде әйгілі Халил Мутлудың әлемдік рекордын жаңартуға талпынды. Бірақ Солтүстік Корея спортшысының бұл әрекеті нәтижесіз аяқталды. Әйтсе де 286 (126+160) келі нәтижемен үздік шықты. Біздің құрама үкілеп қосқан, баршамыз зор сенім артқан Арли Чонтей серпе жаттығуда 135 келіні үш мүмкіндігінде көтере алмай, салы суға кетті. Жұлқа жаттығуда да қатырғаны шамалы. 115 келіні еңсеріп, алтыншы орынға тұрақтаған болатын.
56 келі салмақ дәрежесінде бақ сынаған Фархад Харки екінші орынмен шектелді. Көрсеткіші – 303 (138+165) келі. Ол Олимпиада ойындарының чемпионы, солтүстіккореялық Ким Ун Гукпен тайталаса алмады. Ол жұлқа көтеруде бәсекелестерінің бәрі өз мүмкіндіктерін түгесіп, сайысты аяқтағанда ғана ортаға шығып, 145 келіні екінші мүмкіндігінде еңсеріп, өзгелерден қара үзді. Серпе көтеруде де оның шоқтығы биік болды. Қоссайыстағы көрсеткіші – 315 (145+170) келі. Харкимен екеуінің әлеуетін осы көрсеткіштерімен-ақ салыстыра беріңіздер...
Жұма күні осылай аузымызды жалқы күміс жүлдемен «сүрттік». Екі алтын алсақ деген дәмеміздің күлі көкке ұшты. Сенбі күні тағы төрт медаль жиынтығы сарапқа салынды. Әйелдер арасындағы 56 келі салмақта бізден ешкім сынға түскен жоқ. Бұл салмақтағы шектен тыс тартысты бәсекеде бас жүлдені Тайпэйдің қайсар қызы жеңіп алып, Солтүстік Кореяның екі аруын сан соқтырып кетті.
Ерлер арасындағы 69 келі салмақта ирандық Жабер Бехроузидің бағы жанды – 323 (147+176). Біздің Әділбек Балқаев 292 (132+160) келі көрсеткішпен төртінші орынды қанағат тұтты.
77 келі салмақтағы сайыста да Парсы елінен келген Расул Тазиян үздік шықты. Қоссайыс қорытындысы бойынша 363 (163+200) келіні бағындырып, алтынмен апталды. Өкінішке қарай, «бір жүлде алар-ау» деп сенім артқан жігітіміз төртінші орынмен шектелді. Біздің Кирилл Павловтың нәтижесі – 346 (156+190) келі.
Сондай-ақ 63 келіде бақ сынаған Карина Горичеваның да жолы болмады. Жұлқа көтеруде 104 келіні еңсеріп, екінші орынға ие болғанымен, ол серпе көтеруде тағы да оңбай сүрінді. 122 келі зілтемірді үш мүмкіндігінде де көтере алмай, пұшайман болды. 20 жастағы талантты қызымыз осымен екінші рет еңсемізді түсіріп отыр. Жақында Перуде өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында да осылай беті күйген. Жұлқа көтеруде өзі тапсырыс берген 95 келіні үш мүмкіндігінде де көтере алмай, әлем біріншілігінен тыс қалған. Енді, міне, Арли Чонтей секілді соңғы орынға табан тіреп отыр. Біз Каринаның жеңісті күндері әлі алда деп сенеміз, тек жасымасын деп тілейміз. Жалпы, бұл салмақта тайпейлік Лин Цзу Чи озды. Көрсеткіші – 243 (110+133) келі.
Сонымен, сенбі күні ұртымыз мүлде майланбай, ұнжырғамыз түсті.
Жексенбі күні 69 келі салмақтағы Гүлназ Наурызоваға сенім арттық. Былтыр Азия чемпионатында қола медаль еншілеген қандасымыз бұл жолы бесінші орынды қанағат тұтты. Көрсеткіші – 218 (98+120) келі. Бұл салмақтағы бәсеке көрігін Солтүстік Кореяның қос аруы қыздырды. Құрлықтық сайыстардың жүлдегері Рио Ун Ху мен Олимпиада чемпионы Рим Ионг Сим арасындағы тартысты бәсекеде алғашқысының бағы жанды. Жеңімпаздың көрсеткіші – 263 (118+145) келі. Осылайша Лондонда саф алтынға қол жеткізген қыз 255 (112+143) келімен өзінің жас отандасына есе жіберіп алды.
Одан кейін ерлер арасындағы 85 келі салмақ дәрежесіндегі жігіттер сайысы басталып, еліміздің қос қыраны жүлдеге таласқан. Өкінішке қарай, Ербол Мейірманов алғашқы жаттығу барысында жарақат алып, қатардан шығып қалды. Жұлқа көтеруде 160 келіні еңсермек болып, зілтемір үстіне құлап, жарақаттанып қалды.
Бірақ кеше Қазақстан құрамасының бапкерлері отандық басылымдарға берген түсініктемелерінде «алаңдайтындай ештеңе жоқ, сүйектері аман, шынтағы шыққан екен, оны дәрігерлер орнына салды, үш аптадан кейін гипсті алады, содан кейін жаттығуды қайта бастайды» деп көңілімізді басты.
Бұл салмақта Евгений Евстафьев 341 (156+185) келіні бағындырып, қола медаль иеленді. Бас жүлде – 358 (158+200) келіні бағындырған парсы жігіті Сохраб Мурадиге бұйырды.
Сөйтіп, Азия чемпионатының бастапқы үш күні Қазақстан зілтеміршілері үшін сәтті болмады. Үш күнде бір алтынға қолымыз жетпеді. Әзірше Солтүстік Корея мен Иран спортшыларының қарқындары адам қызығарлықтай. Қытай мен Тайпей де қалысар емес. Айтпақшы, Азия чемпионаты қарсаңында біздің құрама сапында аздаған өзгерістер жүзеге асыпты. Бапкерлер 69 келі салмақтағы Жазира Жаппарқұлдың орнына Гүлназ Наурызованы, 75 келіде Анна Нұрмұхамбедованың қасына Анастасия Швабауэр қосылды.