Алматыдағы "Сұңқар" халықаралық шаңғы тұғырлары спорт кешенінде өткен баспасөз жиынында даңқты шаңғышымыз, бүгінде "Астана" ПКСК бас директоры болып табылатын Владимир Смирнов өз сөзін қазақ тілінде бастады, деп жазады "Алаш айнасы".
Шаңғы спортының солтүстік түрлерінен өткен жасөспірімдер мен жастар арасындағы әлем чемпионаттарын қорытындылауға арналған баспасөз жиынында осыған куә болдық. Владимир Смирнов өзіне сөз берілгенде:
– Көп рахмет. Құрметті қонақтар және әріптестер, осында хош келдіңіздер! – деді қазақ тілінде.
Осылай, сөзінің әлқиссасын мемлекеттік тілде бастап, отырғандарды риза қылды. Ал аталған баспасөз жиынына Германия, Норвегия, Ресей және басқа да бірнеше мемлекеттің мамандары қатысқан еді.
"Астана" президенттік кәсіпқой спорт клубының Бас директоры Владимир Смирновтың туған елі мен мемелекеттік тілге деген бұл құрметі өздеріне сөз берілгенде орысша зуылдатып ала жөнелетін қазақ шенеуніктеріне үлгі болса дейміз. Ұлты қазақ шенеуніктер де өз сөздерін тым болмаса осылай қазақша бастаса, нұр үстіне нұр болар еді. Сол үшін осы видеоны назарларыңызға ұсынып отырмыз.